Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аңшылық: саят құстарын ұстау мен баулу

2254
Аңшылық: саят құстарын ұстау мен баулу - e-history.kz

Қазақ халқының саятшылық дәстүрі өз алдына бір бөлек жол қалыптастырған іргелі дәстүр. Соның ішінде саят құстарын ұстау мен бағып-баулу тәсілдері кісі қызығарлықтай өзгеше. Ұзақ жылдар бойғы бақылау, зерделеу тәжірибесінен жинақталған осы бір қызықты салттарға қарап отырсаңыз – тәжірибелі саятшылар бейне табиғатпен тікелей тілдесіп тұрғандай әсер етеді. Оны ұстаудан тартып, аңға баулып қайыруы, соңында қансонарда томағалап алып шыққанға дейінгі бүркіт пен адам арасындағы қарым-қатынас тіпті сырлас достан да артық көрінеді.

Бүркіт, қаршыға, сұңқар, қырғи, лашын қатарлы құстарды ұстап, оларды бағып-баулудың өзі үлкен өнер, қыры мен сыры мол қызықты мектеп. Қазақ халқы қыран құстарды ұстауда көбіне қолбауыр (тор), қақпан, тұзақ, бұғалық сияқты жабдықтарды пайдаланады және қырандар ұя салып, балапан шығарған мезгілдерін барлап-бақылап жүріп, балапан ұядан ұшар кезде алып, оларды өз мақсат-мүдделеріне қарай әр түрлі әдіс-амалдармен бағып-баулып, өз еріктеріне бағындырып алады.

Қолбауырмен ұстау.

Құс ұстайтын қолбауырлар әр түрлі жіптерден, мысалы, кендір жіп, жүн жіп, мақта жіп т.б. тоқылады. Алайда, қолбауырдың көздері бір сүйемнен, яғни 15-17 сантиметрден кең болмауы керек. Ал қолбауырдың ұзындығы 10-15 метр, ені 2-5,1 метр мөлшерінде балықтың ауы секілді тоқылады. Торды тоқып болған соң, оны бүркіт-қаршығалардың көзіне тез шалынатын дөңестеу немесе маңайы бұта-бүргенді, селдір қамысты, бүркіт-қаршығалар үнемі ұшып өтетін орындарға құрады.

Қолбауырды құру әдісі: ұзындығы 2-5,1 метрдей, жуандығы торды емін-еркін көтеріп тұрарлықтай 5-6 шыбықты ұстап дөңгеленте шаншып (шыбықтардың ұшы аша болса тіпті жақсы) қолбауырдың бас-аяғындағы шыжым жіптерді шыбықтардың бастарына іліп, аяқтарына байлап, шыжым жіптің артылған ұшын тордың іргесінен бір мықты қазық қағып, соған мықтап байлап тастайды. Сонда торға түскен құс торды алып кете алмайды.

Торды құрып болған соң, оның дәл ортасына тағы бір қазық қағып, қазықтың басына емін-еркін айналып тұратын бір білік ағаш орнатып, оның бір басына тиын, қоян, түлкі тектес аңдардың терісінен жасалған шырғаны, екінші басына қарға, сауысқан сияқты тірі құс немесе сол құстарға ұқсатып қатырылған шырғаларды байлайды. Сонда шырғалар көктегі қыранға бірін бірі қуалаған табиғи аң-құстарға ұқсап көрінеді де, қырандар қолбауырға оңай түседі. Қолбауырға түскен құстарды шошытпай ұстап, үйге жайлап бөлеп апарады. Олай етпегенде албаты далбырлап жазым болады немесе адамға қауіп-қатер тудырады.

Әдетте қолбауырлар жазда барандау, қыста ақ болғаны жөн. Қолбауырға байланған шырғаларға жіңішке жіп тағып жіберіп тартып, жіберіп тартып алыстан көрінбей қозғап отырса да болады. Басқалай да әдіс-тәсілдер жасалады.

Шаппа тұзақпен ұстау.

Әдетте шаппа тұзақтар жылқының қылынан, кендірден және басқа әр түрлі жіптерден бір жарым да, екі құлаш ұзындықта ширатылады да, бір жақ ұшын күрмеп, 80 сантиметрдей жерінен жіңішке жіппен сынық сүйемдей тұйық баулық тағып, тұзақтың артқы жағындағы 50 сантиметрдей жерінен ауырлығы 2-3 килограмдай тоқпақ байланады да, бүркіттің үнемі қонып отыратын немесе кеште қонақтайтын жеріне ағаш немесе жіңішке темірден имек бас шот ағаш немесе темір тағып әрі құс отыратын ағаштың алдынан пышақпен кертіп, 20 сантиметрдей шырпының жоғарғы басын керткен жерге кіргізіп, төменгі басын шот тиекке беттестіріп, жоғарыдағы сынық сүйемдей тұйық баудың тұйығына бір сантиметрдей шырпыны қыстырып әкеліп арқалық пен (құс қонатын ағашпен) шот ағаштың басын іліп тиектеп, тұрақты құс қонатын жерге құрып болған соң, тұзаққа байлаған тоқпақты жоғарылау бір аша бұтаққа асып салақтатып қояды. Сонда бүркіт келіп қона қалғанда нәзік тиек ілмектен ағытылып кетіп, тоқпақ сол сәтте лып етіп төмен тартып кеткенде, тұзақ бүркіттің аяғына түсіп, бүркіт ағаштың басында далбырлап аспақталып қалады. Алайда, тұзақты аңдып тұрып, құсты дереу ұстап алмаса, құс жараланып, тіпті өліп қалуы мүмкін.

Бұғалықпен ұстау.

Бұл әдіс мынадай: бүркіттер кеште қонақтайтын жерлерді аңдып жүріп, қараңғы түскенде, бүркіт алаңсыз ұйықтап отырғанда 5-6 метр ұзын құрықтың басына қыл, кендір сияқты әр түрлі жіппен ширатылған тұзақты байлап алып, түн қараңғысын жамылып жалаңаяқ немесе байпақшаң дыбыс шығармай барып құстың мойнына тұзақ салып ұстап алады. Бұл әдістің қауіп-қатері аз, біршама сенімді болғандықтан, құс та, адам да жараланбайды. Міне бұл «бұғалықпен ұстау» деп аталады.

Тұзақпен ұстау.

Жай тұзақ әдетте бүркіт алғашқы шабытында аң алып, енді жей бастаған қызылтұмсық кезінде, оны алған аңынан айырып алып, айырып алған аң өлексесін арт жағы құс бара алмайтындай бітеу, алды ашық бұта-бүрген секілді нәрселердің арасына жүгіртіп жіберіп, бүркіт келетін ашық аузына тұзақ құрып қойса, қызылға көзі тұнған аш бүркіт бұта-бүрген арасындағы жемді жемекші болып барғанда тұзаққа түсіп қалады. Бірақ тұзақтың маңайынан кетпей аңдып отырмаса, тұзаққа түскен бүркіт бұлқынамын деп буынып өліп қалады.

Тоят кезінде ұстау.

Тоят кезінде ұстауда, әдетте бүркіттер үнемі мекен еткен және қонақтайтын маңайларды аңдып жүріп, әсіресе, ертең ерте тұрып жүріп алғашқы шабытында алған аңдарын обырлана жеп, әбден сіреп тойғанша аңдып отырып, олар әбден тойып 10-15 минут өтіп, жемсауларындағы жем сілекейлерімен әбден шыланып бөртті-ау деген кезде, тұйықсыз қиқу салып тап берсе, тынысы тарайып, денелері ауырлаған бүркіт 4-5 километр жерге дейін әрең ұшып барады да, одан әрі ұшуға шамасы келмей, топ етіп жерге түсіп, екі қанатын жия алмай екпетінен жатып қалады. Әне сол кезде қуған адам оны аттан қарғып түсіп, шапанымен орап ұстап алады да, шалқасынан жатқызып, жемсауындағы бөрткен жемді дереу сығып шығарып тастайды. Олай етпесе бүркіт ауруға шалдығады.

Кигіз қақпанмен ұстау.

«Кигіз қақпан» деп әдетте темір қақпандардың екі шаппа жақтауына (аузына) кигіз орап пайдаланғанды айтады. Кей жерде оны «орама қақпан», кей жерде «жұмсақ қақпан» деп атайды. Кигіз қақпандар көбінде әдеттегі темір қақпандардың екі шаппа жақтауына (аузына) ұстайтын аң-құстардың аяғының жуан-жіңішкелігіне қарай кигіз, шүберек, орап немесе тігіп жасалады да, оны бүркіттер қонақтайтын және ұнемі қонып отыратын мекенді жерлері мен шала жеген аңдарының өлексесі маңына құрып, сол маңнан алыстап кетпей, қақпанды таяу маңда күзетін отырады. Олай болмағанда, қақпанға түскен бүркіт бұлқынамын деп аяғын бұрап сындырып алады. Ең абзалы бүркіттерге құрылатын қақпандардың серіппелері жұмсақтау болғаны жөн.

Шеңгелдестіріп ұстау.

Түз бүркітін шеңгелдестіріп ұстау үшін қолдағы қайрып аңға салып жүрген құсты пайдаланады. Яғни қолдағы құсты түз құсына салады әрі салу алдында қол құсының балақ бауына бір жапырақ аң терісін немесе бір кесек ет байлап қоя береді. Сонда қол құсы өз тектесімен қатар ұшуды аңсап самғаса, түз құсы оның аяғындағы шырға мен жемге шүйіледі. Сөйтіп, екі құс шеңбектесіп жерге ұмар-жұмар болып бірге түседі де, түз құсы алданып қолды болады. Міне бұл «шеңгелдестіріп ұстау» делінеді. Алайда бұл әдістің қауып-қатері де басым.

Ұстаған құстарды бағып-баулу.

Қазақ саятшылары мен құсбегілерінің қолға түскен түз құсын үйрету амалдары өте көп. Солардың ішінде мына екі түрлі амал біршама тез әрі өнімді келеді. Бірінші, құсты ырғаққа отырғызу. Бұл әдіс мінезі өте шәркез, асау құстарды ырыққа тез көндіріп, аңға тезірек салуға асыққандар қолданатын тәсіл. Екінші, күндіз-түні үнемі жалықпай сылап-сипау тәсілі. Бұл екі тәсілдің алдыңғысының өнімі біршама тез болып, құсты ырғаққа тез көндіріп, қолға тез қондырғанымен, бұл әдістен кейбір құстар демікпе тектес дертке тез шалдығып, іске жарамай қалады. Ал екінші тәсіл біршама баяу, уақыт біршама көп кеткенімен, өнімі біршама баянды, нәтижесі біршама көрнекті әрі қауіпсіз болады. Сондықтан бүркітті ұстаған соң, оны ырғаққа отырғызып, іске тез қосуға асықпай, күндіз жалаңбас атқа алып жүріп, түнде шамды таңға сөндірмей жағып қойып қайта-қайта сылап-сипап ұйқысын ашып өзіне табиғи жақындастыра беруге күш салу керек.

Ырғақ дегеніміз тұлғасы ат тағалайтын дарға ұқсайтын, бірақ одан әлде қайда кішілеу екі тіреуіш ағаштың басына көлденең бір белағаш мінгізіліп жасалған, оған екі жерінен жіп байланған, бүркіттің екі аяғы емін-еркін сиярлықтай тағы бір жұмыр ағашты олай-бұлай ырғалып тұратындай етіп белағашқа салақтатып байлаған құс үйретуге арналған құрылғы. Бұны үйлердің шаңырағына, белағаштарына байлап жасауға да, алтыбақан формасында алты ағаштың басын үш-үштен буып жасауға да, шығырық өткізіп жасауға да болады.

Жинақтап айтқанда түз құстары қолға түсісімен сақар немесе қара сабынды суға шомылдырып, түз иісін кетіріп тастау керек. Бұл әдіс, біріншіден, құсты адамға тез үйірлестірсе; екіншіден, құстың денесіндегі паразит құрттар мен микробтарды жоғалтады. Одан соң, аяқбау тағып, шыжым байлап, томаға салып, әрбір құстың мінез-құлқы мен табиғатына қарай кейбіреуін сылап-сипап, кейбір өте тағы, мінезі шәркездерін ырғаққа отырғызып ес-ақылын шығарып, өз ырқына көндіру қажет. Әбден ашықтырып барып, жіңішке шыбықтың ұшына қой, қоян қатарлы жануарлардың етін жапырақтап шаншып, оған азырақ қант бүркіп жақындатса, құс оны қағып жей бастайды. Солайша бірнеше күн үйреткен соң, тағы бір кесек етке азырақ қант бүркіп, биалаймен ұстап құсқа жақындатса, құс одан секем ала тұрып бір-екі жұлып жей-жей, ақырын биалайға жылжып қонып етті обырланып жей бастайды. Алғашқы тәрбиенің нәтижесі байқала бастайды. Құс өлшеулі жемді толық жеп болған соң, оған тәтті араластырылған үш ұрттам суды түтікпен құйып жіберу керек. Сонда тәтті су бүркіттің ішіндегі жем тотықтарын сыртқа айдап шығады әрі құстың май құрамын тез азайтып, жемге болған тәбетін ашады.

Құсты алғаш қолға қондырғанды үйреткен соң, жемді биалаймен ұстап тұрып, таяу жерден «Па-па! Кел-кел!» деп қолға шақырып үйретеді. Онан соң, аяқбауына ұзын шыжым тағып алыстан ат үстінде тұрып «Па-па! Кел-кел!» деп қатты айғайлап жемге шақырып және қоян, түлкі, суыр терісі тектес заттармен шырғаға салып баулиды. Құс тартқан шырғаны бас салып алса, дереу бір-екі жапырақ жас етті шырғаға қыстырып жегізіп дәндетеді де, ең соңында тірі қоян, түлкі, елік сияқты аңдарды ұстап әкеліп аяқтарын шандып немесе сындырып қоя беріп, бүркіттің томағасын тартып ресми ілдіріп бауын ашады. Міне осылайша бірнеше рет қайталап, құстың әбден машықтанғанына көз жеткізген соң, оны ресми аңға салып, саят құрады. Алайда құсты қолға үйрету барысында, ырғаққа тез көнбей шадыр мінез көрсеткен құстарды қолға тез көндіремін деп ырғаққа өте көп отырғызып, қарандыз сияқты өсімдіктерден қоя салынатын болса немесе тұз құрамы жоғары қара шай құйып айдатса, зорлықпен мүсәтір берілсе құстың денсаулығы бұзылады, тіпті кейбіреуі айықпас дертке шалдығады. Сондықтан құсты асықпай сылап-сипап баулып, аңға әбден бабына келген соң салған жөн. Себебі, бабынан асып тым етті болса, ұйытқымалы мінез көрсетіп, аңды дұрыс алмайды. Ал, бабынан төмен, тым арық болса, аңға әлі жетпей айырылып қалатын немесе аңға түсуден қорқатын зауықсыз құсқа айналып қалады.

Ұядан балапан алу және оны баулу.

Әдетте тәжірибелі көпті көрген саятшылар қыран құстардың балапанын қалай болса солай бас салып ала бермейді. Керісінше, олардың ұя салып балапан басқан жерлерін сырттай аңдып жүріп, балапандары әбден жетіліп, ұшуға таяғанда барып алады. Себебі, өте кішкене кезінде алынған балапан бағуға қолайсыз болады әрі балапан ержете келе орнынан тұра алмайтын тілерсек дертіне шалдығады. Балапанды ұядан алған соң оны оңаша бір үйге бос қамап, үйдің төбесін жарық толық түсерліктей етіп ашық қойып, балапан жемді сол тесіктен адам өзі көрінбей тастап берген жөн. Әр жолы балапан жемді толық жеп болған соң барып, үйдің есігін ашып сыпырып тазалап, алдына қойған суды төгіп, жаңа су әкеліп қою керек. Осылайша бір мезгіл бағып баптаған балапан әбден жетілген соң, аяғына аяқбау тағып, аяқбауға айналсоқ байлап, оған ұзын шыжым тағып саздауыт жазық жерге шымнан тұғыр жасап, шыжыммен байлап қою керек. Әрі байлаған жер ит-құс, мал, адам бармайтын оңаша жер болғаны жөн. Жемді ең абзалы қолмен бермей, әр күні түнде барып шыжым жетерліктей жерге тастап кеткен дұрыс. Сонда балапан иесімен қарсыласып жемге таласпайды және пыштақтамайтын дала құсы секілді болады. Міне, осылайша бір мезгіл асыраған соң, басқа құстар секілді томаға салып, тұғырға қондырып, жақыннан, алыстан жемге шақырып, шырға ілдіріп, бау аштырып, әбден үйреткен соң ресми саятқа алып шығады. Алайда құс ұстау және оларды бағып-баулуда ерекше ескеретін бір жайт, құс ырқыма тез көне қоймады деп оны шошытуға, ұруға, тіпті қаттырақ мытып ұстап етін ауыртуға да болмайды. Себебі, адамнан жоғарыдағыдай жәбір көрген құс қолды қысып жаралайды, адамды тұмсығымен шоқып, қанатымен қағады, тіпті құлқы бұзылып иесін алады. Әдетте ұядан алған балапандарды «Қолбала» деп атайды.

Балапанды ұясынан ұшырып ұстау.

Әдетте балапанды ұясына түсіп ұстау мүмкін болмаса, онда оны ұядан үркітіп ұшырып алады. Қыран балапандарын ұядан ұшырып алу үшін балапан ұшуға жақындаған желсіз тынық күндердің бірінде ұзын арқанға темір шелек, даңғара секілді заттарды байлап ұяға түсіріп даңғырлатып балапанды үркітіп ұясынан ұшырып шығарады да, ол ұшып барып қонған жерінен жүйрік аттармен қуып ұстап алады. Міне, бұл «Балапанды ұясынан ұшырып ұстау» делінеді.

Бүркітті ұстаудың айла-тәсілдері өте көп. Ол: су соқты қып ұстау, суға малшындырып ұстау, обақанмен ұстау, жабамен ұстау, атып ұстау және қарға оранып ұстау деп кете береді. Мысалы, қарға оранып ұстауда, бүркіттің аңға түскен сәтін аңдып жүріп, ол аң алып жаңадан жәркемдеп жей бергенде ұшырып жіберіп, жәркемделген аңды төбесіне қойып қарға оранып жата қалады да, бүркіт қайта келіп оны жей бергенде аяғынан сап еткізіп ұстап алады.

Қыран құстарды қайыру әдісі.

Мейлі түзден ұсталған құс, мейлі ұядан алынған балапан болсын, барлығын да бір мергіз сылап-сипап, оған көнбегендерін ырғаққа отырғызып, оңаша қамап, сазға арқандап дегендей, әбден үйлестіріп, ырыққа көндіріп болған соң, оларды екінші қадамда аңға салуға баулиды. Бұл қыран құстарды «қайыру» (кей жерде баптау, кей жерде бабына келтіру) деп аталады.

Әдетте түз құстары қолға үйрету барысында арықтайды, қолдағы құстар семіріп, майлары қалыңдайды. Міне, осындай құстарды әбден бабына келтіріп, аң-құсқа салу үшін оларға өлшеммен жем беріп, су құйып ресми қайыруға кіріседі. Арықтап кеткен болса жас етті қан-сөлімен беріп қуаттандырады. Семіз болса, 20 күн мөлшерінде сары бөртпе беріп, суық су құяды. Онан соң, он шақты күн ақжем беріп, денесіндегі қалған майды арылтады. Егер ішегінде ыстық болса қарандыз, ырғай, шілік секілді өсімдіктерден қоя салып, ыстығын қайтарады. Осылайша бүркіттерді бір, не бір жарым ай, қаршыға, сұңқар, лашын, қырғи қатарлы құстарды 15-25 күн шамасында қыл бабына келтіріп, қасқыр, қарсақ, түлкі, қоян, дуадақ, қаз, үйрек, тырна, кекілік, шыл, бөдене секілді аң-құстарды алдыруға болады.

Қыран құстарды қайырғанда оның бабына келген-келмегенін көңіл-күйіне қарап біледі. Әбден бабына келген қырандар өздігінен тіленіп, ширығып ерекше бір шабытқа келеді. Олардың сол шабыттарына, шабыттарының қуат-күшіне қарай «зар шабыт», «нар шабыт», «мол шабыт», «тар шабыт» деп бірнеше түрге айырады. Егер қырандар бірінші шабытынан, яғни «зар шабытынан» өтіп кетсе, онда ол «нар шабытқа» өтіп, ерекше бір дүлей күшке басып, көздері қарауытып алған аңдарының ішін жарып тастайды. Ал нар шабытында аң кездеспесе қайта айналып келіп иесін алудан да тайынбайды. «Мол шабытқа» келген құста сала берсе, талықпай ала береді. Ал, «тар шабытта» құстар көп болса бір-екіні алып, одан соң алмай қояды немесе алған аңын қоя бере салады.

Әдетте қыран құстарды баптан қайыруда, яғни еті мен көңіл-күйлерін теңшеуде «қанды жем», «ақжем», «бөртпе» сияқты жемдер беріп, қоя салу, су құю әдістері істеледі. Онда қайыратын құстардың арық-семіз, күйлі-күйсіздігіне қарай «қанды жем», «ақжем», «бөртпе» жемдермен біраз уақыт баптаған соң, құстың қауырсын арасынағы терісін сол қолдың басбармағымен ақырын басып көргенде, құстың терісі жұқарып, қауырсын түптері қолға анық білінсе немесе құймышақ сүйегін басбармақпен ақырын басқанда, бармаққа тарақ сүйек топшысы білінсе, құстың бабына әбден келгені. Солайда, бір рет жүн-жұрқа жұтқызып, құстың ішін бір рет тазартып тастаған жөн.

Құстардың ішінің тазарған, тазармағанын қалай біледі десек, іштері тазарған құстардың саңғырықтары ақ немесе қара бас болып түседі. Сұрғылт болса, онда ішінің жақсы тазаланбағаны.

Құс қайыруда ерекше есте болатын бір жайт: әрбір құстың ерекшелігіне қарай жем беріп, ерекшелігіне қарай қайыру керек. «Бөртпе» мен «ақжемді» көп жеген құс қуатсыз, әлжуаз болып қалады. Сондықтан құстарды қайырғанда оларды қара етінен көп айырмай қайырған жөн. Себебі құстардың қара еті қаншалық толық болса, құс соншалықты қуатты болады. Алайда, құстар өте қунақы болатындықтан, қанды жемге келісіп бір-екі тойса семіріп шыға келеді. Сондықтан құсты қуатты болады деп етін тым көтеріп жіберсе аңға түспей қояды. Сондықтан құсбегілер мен саятшылар әр күні құстардың санын, түсін, құймышағын ұстап көріп, қыл бабынан аудармай ұстап отыру қажет. Әне сонда ғана құс алғыр, саяты көңілді болады. Қанды жем құстардың қуат сорпасы, жөнді жем қоясы болып, құстың асқазанын тазалап, ішегін кеңейтеді. Ақжем, бөртпе және су ішегін жұқартады. Суыққа байлап, тасқа, шымға қондырса, құстың табан майы азаяды.

Құс салу.

«Мылтық ұстаған атып алады, қақпан құрған жатып алады, тұзақ құрған сілесі қатып алады, құс салған қызыққа батып алады» дегендей, құс салу саятшылықтың ішіндегі баурау қуаты ең күшті, жан дүниені тазартып, рухты серпілтетін, адам денесін шыңдап шынықтыратын ең тамаша, ең қызықтысы есептеледі. Расында, түз құстарын ұстап, оны бағып-баулып қайыру әрбір саятшыдан ерен ептілік пен терең білімділікті, құстардың қимыл-қылығын дәп басып сезіп отыратын ерекше сезгірлікті қажет ететіні сияқты, әбден баптап қайырылған әрбір құсты өз ерекшеліктеріне қарай қандай аң, қандай құсқа салу, қандай жерде томағасын тартып, қандай жерде жіберу; құстың қимыл-қылығына қарап оның не тілеп, нені қажет етіп тұрғанын табанда біле қоюдың өзі де өз алдына үлкен бір өнер, қыр-сыры мол қызықты мектеп. Міне, осыларды білмеген әрқандай саятшы мен құсбегінің еткен еңбегі мен төккен тері зая кетеді. Сондықтан құсбегі боламын, құс алып, саят құрамын деген әрбір әуескер құс қайыруды білуден тыс, қандай құсты қандай аңға салады, аңды қалай қағып, құсты қандай жерде жібереді деген сияқты ең негізгі істерден толық сауатты болу керек.

Бүркіт салу.

Бүркіт қанаты кең, дене салмағы біршама ауыр құс болғандықтан, жазық жерде салса, биікке тез көтеріліп ұша алмайтындықтан аңға жете алмай қалады. Сондықтан бүркітті аңға биік шоқылар мен қырат-қырқалардың басында тұрып салады. Онда да көбінде құс көтерген адам биік жерлерде тұрып, қағушылар аңды ашыққа айдап шығарған заман бүркітінің томағасын тартып қоя береді. Ал қағушы болмаған жағдайда, өзі бүркітін көтеріп алып биік шоқылар мен қырат-қырқалардың басында тұрып айқайлап, тас құлатып бұғып жатқан аңдар ашыққа атып шыққан заман құсының томағасын тартып қоя береді. Сонда құс биіктен еңіске қарай емін-еркін сорғалап барып, аңды қапысыз іліп түседі.

Әдетте бүркіт салған саятшылар бүркітін қасқыр, қарсақ, түлкі тектес жыртқыш аңға салғанда, құстарының артынан бар даусымен айғайлап құйғыта шабады. Сөйткенде жыртқыш аңдар қорқып, сақалақтап, бүркітке болған қарсылық қуаты мен айла-шарғылары азаяды. Олай етпегенде жыртқыш аңдардың бүркітке болған қарсылығы мен әдіс-амалы күшейіп, бүркіттің басын жұлып тастау, аяқтарын шайнап, денелерін жаралау сияқты қауіптерге душар етеді. Ал құсты алғаш үйретіп шырға салып, есірік бастырғанда биік жон-жоталарға шығудың қажеті жоқ, төбе-төбешік, жазық жерлерде машықтандыра беруге болады.

Бүркіт қырғи мен қаршыға сияқты емес, үнемі қолға қондырып, атпен алып жүргенді жақсы көреді және солай алып жүрген сайын ширатылып-ширығып, ерекше бір шабытқа келіп құлпырып отырады. Үйде көп уақыт қимылсыз өтуді ұнатпайды және жемсауы томпайып көбеңсіп шабытынан айырылады. Бұл туралы қазақ құсбегілері мен саятшылары арасында бүркіт айтады екен дейтін мынадай бір қызық аңыз бар: «Менің иемнің тоғыз ұлы, тоқсан үйірлі жылқысы, тоқсан бәйге аты болса, тоғыз ұлы мені қолынан түсірмей кезек-кезек алып жүрсе», – деп тілейді екен дейді. Міне бұл бүркіттің көп қимылдаған сайын ширап-шыңдалып отыратындығын аңғартады. Солайда, аң алған бүркітті алған аңынан алдаусырап еппен ажыратып алудың өзі үлкен бір өнер. Егер бүркіт қасқыр алса, дереу барып қасқырдың тірсектерін қиып немесе шаптан іреп ішін жарып жіберу керек. Түлкі алса, түркінің өкпесін аяқпен қатты басып жанын жылдам шығарып жіберіп, онан соң олардың тілінен, болмаса пұшпақтарын іреп жіберіп бүркітке жылыдай бірнеше рет шоқытып «тоят» беріп қызылға дәніктіріп отыруды ұмытпау керек. Ал, елік, қарақұйрық, тауешкі сияқты аңдар алса, дереу «бисмиллә» деп бауыздап жіберіп, бауыздауынан бүркітке тоят беру керек.

Бүркіт – бүркіттер тобына жататын, әртүрлі аң-құстарды алып жейтін қыран көзді, қылыш қанатты, өткір тырнақты, имек тұмсықты өте жыртқыш құс. Сондай-ақ өзі тектес құстар ішіндегі ең ұшқыр, ең қыраны. Оның жүректілігіне, ұшқырлығына, күштілігіне, көзінің өткірлігіне өз тобына жататын құстардың ешқайсысы тең келе алмайды. Оның жүректілігі мен күштілігі сонша, жақсы қайырылып, зар шабытына келсе жолбарысқа да сескенбей түсіп, елікті бір қарсыдан екінші қарсыға алып ұшып кетеді. Оны қасиетті құс, ол тұрған жерге пәле-қала жуымайды деп қарайды.

Бүркіттің дене тұрқы 95-100 сантиметр, салмағы 2850-4150 грам, қанатын жайғандағы ұзындығы екі метрге дейін жетеді. Қанатының шекті қауырсындарын «шалғысы», құйрығының ортасындағы екі қабат әлді қауырсынын «көбесі», қалғандарын «жебесі» деп атайды. Аяғы төрт саусақты болып, оның артқысын «тегеуріні», ішкісін «жембасары», ортаңғысын «сығымы», шеткісін «шеңгелі» деп атайды.

Бүркіт ыстық пен суыққа төзімді келеді. Семіз кезінде жемге бір тойса 20-25 күнге дейінгі аштыққа шыдай береді, алайда, жаз күндері шөлдеуік болады. Біршама ұзақ жасайды. Тіпті қолда бағылған кейбіреулері 20-25 жылға дейін саят құруға пайдаланылады. Ұяларын биік таулардың қойнаулары мен қалың орман, жақпар тасты шың-құздарға салады. Қазақ құсбегілері олардың сыртқы бөгенайларына қарап қандай жердің құсы екендігін дәп басып айтып бере алады. Мысалы, денесі ірі, кеудесі кең, иықты; екі аяғының арасы алшақ, жауырыны сыртқа теуіп шығып тұрған, мойын жүні мен балақ жүні салалы болса, онда оны таудың бүркіті деп кесім айтады. Ал, жүндері қара барқын, қанат-құйрығындағы ақ теңбілдерін айқын, дене бітімі кішілеу болса, онда оған қыр құсы деп тұжырым жасайды және бүркіттерді тау құсы, қыр құсы, ой құсы деп жіктейді. Тау бүркіттері ұяларын биік шың-құзға, қанатты құстан басқа еш нәрсе бара алмайтын жалама жартас бетіне салады. Ой бүркіттері болса ұяларын биік қарағайлар мен үйеңкі, кейде тіпті сексеуіл секілді ағаштардың бастарына салады. Ұя салар кездерінде таулы жер болсын, орманды жер болсын араларын бір – бір жарым шақырым қашықтықта бірнеше ұя салады. Ұяларының кеңдігі екі метр шамасында кең болады. Бірақ сол бірнеше ұяның тек біреуіне ғана жұмыртқалап, басқа ұяларын аталық, шәулі бүркіттің еншісіне қалдырады. Бір, не екі жұмыртқа туып, 45 күн мөлшерінде балапан шығарады. Балапандары қара қанат боп ұшуға талпынған кезде әлгі бірнеше ұяны бірінен соң бірін пайдалана бастайды.

Жалпылай айтқанда, ит жүгіртіп, құс салатын саятшылар, саятқа қансонар күні ертең ерте шықса, саяттары көңілді, істері өнімді болады. Себебі, сол күні аң мен құстың іздері айқын, өріс-қоныстары бірден белгілі болатындықтан, аң мен құсты көп кездестіріп, саят қызығына әбден батуға болады.

Пайдаланған әдебиеттер:

А. Нүспоқасұлы. Ит жүгіртіп, құс салу. Шыңжаң жастар-өрендер баспасы. 2012 ж.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?