Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздік шежіресі. 1991 жылдың шілдесі

2768
Тәуелсіздік шежіресі. 1991 жылдың шілдесі - e-history.kz

Qazaqstan Tarihy порталы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған материалдарды жариялауды жалғастырады. Оқиғалар хроникасы Республикамыздың 1991 жылғы маусымдағы тыныс-тіршілігі туралы баяндайды. Қызықты материалдар «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Казахстанская правда», «Целиноградская правда», «Простор», «Вечерний Целиноград» және республикалық, облыстық және өзге де баспа басылымдарының жарияланымдарынан жиналды.

1 шілдеде Қазақстан Президентінің «2000 жылға дейінгі кезеңге арналған қазақ тілін және Қазақ КСР-нің басқа да ұлттық тілдерін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесі туралы» қаулысы қабылданды. «Қазақ КСР-індегі Тілдер туралы» заңды орындау үшін қажетті жағдайлар жасау, қазақ тілін және Қазақ КСР-інің басқа да ұлттық тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында Президенттің қаулысымен республикалық үйлестіру кеңесі құрылды, оған «Қазақ КСР-індегі Тілдер туралы» Қазақ КСР Заңын орындау үшін қажетті жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау, тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру, облыстық атқарушы комитеттер, министрліктер мен ведомстволардың міндетті түрде орындауы қажет шешімдер қабылдау жүктелді. Кеңестің жұмыс органы Қазақ КСР Президенті Аппаратының жастар ісі және халыққа білім беру жөніндегі референтурасын анықтады.

1 шілде күні таңертең «Қазақстан» шахтасында желдету ұңғысындағы жарылыс салдарынан апат болды. 3 адам хабар-ошарсыз кетті.  

3 шілдеде Қазақ КСР ААМ Республикалық басқармасының және Рига авиакәсіпорнының комиссиясы АН-2 ұшағы мен экипажының қаза болуына қатысты тексеру нәтижелерін жариялады. Дәнді дақылдарға химиялық өңдеу жүргізген АН-2 ауылшаруашылық ұшағы Приуральный ауданындағы Ленин атындағы колхоздың бидай алқабына құлаған. Ұшақ Латвия Республикасының екінші Рига әуе отрядына тиесілі болған. Осы авиакәсіпорынның жеті «борты» Орал өңірінің дәнді алқаптарын зиянкестерге қарсы өңдеу кезеңінде Орал авиакәсіпорнына уақытша тіркелген болатын.

Орал авиакәсіпорнының ұшу жасағының командирі Олег Ибатұлы Аманғалиев егіс алқабы үстінде кезекті ұшуды орындау алдында экипаж нұсқаулықты өрескел бұзғанын, жергілікті Раздольное ауылынан 17 жастағы сигнал беруші В.Калачевті бортқа алғанын айтады. Ұшақ бидай алқабына кенеттен құлап, экипаж командирі  Павел Петрович Голубко мен сигналшы қатты күйіп қалған. Ал екінші пилот Эдуард Альгердович Желинскас соққы кезінде кабинадан ұшып кетіп, өрт аймағынан тыс түседі. Бірақ үшеуі де омыртқа жарақатынан қайтыс болады. Ұшқыштардың мәйіті Ригаға жөнелтіледі, ал В.Калачевті туған ауылында жерлейді.  

Без названия.jpg

3 шілдеде КСРО-да «КСРО азаматтарының тегін, атын және әкесінің атын өзгерту тәртібі туралы» Заң қабылданды. Азаматтардың құқықтарын кеңейту мақсатында, сондай-ақ азаматтардың тегін, атын және әкесінің атын өзгерту туралы көптеген өтініштерін ескере отырып, КСРО Жоғарғы Кеңесі КСРО азаматтарына 16 жасқа толғаннан кейін оларға тегін, атын және әкесінің атын өзгертуге рұқсат етілгенін көрсетеді. Халық депутаттары Кеңесінің атқарушы және әкімшілік органының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша тегін, атын және әкесінің атын өзгертеді.  

3 шілдеде Мәскеуде өткен баспасөз мәслихатында КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы, Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаев Кеңес Одағы экономикасын әлемдік экономикамен интеграциялау туралы айтты. Ол КСРО президенті М. С. Горбачевтің Үлкен жетілік елдерімен ынтымақтастыққа деген ұмтылысын қолдады. Алайда, Г.Явлинскийдің М.Горбачевке ұсынған бағдарламасына байланысты оның да «500 күн» бағдарламасының кебін киюі мүмкін деп алаңдады: «Біз былтырғыдай күзге жақындап келеміз». Қазақстанға келетін болсақ, ол халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде жүргізуде: республикада Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі, Внешэкономбанк құрылды, 27 серіктес елдермен 35 бірлескен кәсіпорын тіркелді. Сауд Арабиясымен бірге шетелдің қатысуымен алғашқы банк ашылды. Нарықтық экономикаға өту үшін барлық заңдар қабылданды. Бұл шаралардың қажеттілігін Н.Ә. Назарбаев адамдардың өмір сүру деңгейін көтеру ниетімен негіздеді. Экономиканың сүрелі құлдырауы жағдайында Қазақстан Президенті «реформалар жүргізу үшін біртұтас экономикалық кеңістік ретінде федеративтік мемлекетті сақтау» қажет деп санады. Баспасөз конференциясы өткізілген күні республикалар басшыларының КСРО Президентімен кездесуі өтті, онда олардың «9 плюс» келісіміне бейілділігі расталды. Нұрсұлтан Назарбаев Одақтық шарттың тезірек жасалуын жақтап, республиканың Жоғарғы Кеңесі оған жеке ескертулерді ескере отырып, осы құжатқа қол қоюды тапсырғанын хабарлады. Ол сондай-ақ Одақтық шарттың тағдыры туралы Орталықтың қатысуынсыз Алматыда 15 республика басшыларының кездесуін өткізуге дайын екенін мәлімдеді.   

4 шілдеде республика Жоғарғы Кеңесінің төртінші сессиясында құрылған сыртқы қатынастар және парламентаралық байланыстар комитетінің отырысы өтті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жаңа комитетінің құрылымы мен ережесін, жұмыс тәртібін анықтауға байланысты сұрақтар мен ұйымдастыру мәселелері талқыланды.  

4 шілдеде Қазақ КСР Мемлекеттік статистика комитеті ауылшаруашылық статистикасы және ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы басқармасы бастығының орынбасары А. Реутов пен Қазақ КСР Мемлекеттік статистика комитеті ауылшаруашылық статистикасы және ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы басқармасының бөлім бастығы Н. Голованова тұтыну нарығына талдау жасап, сөз сөйледі. Азық-түлік тапшылығы шенеуніктердің басты алаңдаушылығын тудырды.  1990 жылы ауа-райының қолайлылығына қарамастан, қияр, қызанақ, қырыққабат тапшы болып, сәбіз бен картоптың жоғалып кету жағдайлары болған.  1991 жылы көкөністер мен картоп, сондай-ақ дәнді дақылдар өндірісінің деңгейін болжау үшін республиканың статистика органдары ақпан-наурыз айларында Қазақстанның барлық аймақтарындағы 224 кеңшар мен колхозда және 120 шаруа қожалығының егін алқаптарын қалыптастыру принциптеріне іріктеме зерттеу жүргізді.  Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, көкөністер мен картоп егуді жоспарлау кезінде шаруашылықтардың 2/5 – тен астамы қалыптасқан мамандандыруды, үштен бірі – аудан басшылығының нұсқауларын және тек 1/5 бөлігі - экономикалық тиімділікті есептеуді басшылыққа алған.  

5 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Белгілі мемлекет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі А.И. Сембаевты есте қалдыру туралы» Қаулысы қабылданды. 1927 жылдан БКП(б) мүшесі Әбдіхамит Ибнеевич 1941-1955 жылдары ҚазКСР Халық ағарту комиссариатын және Халық ағарту министрлігін басқарды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды (1946-58 жж.). Ғалым қазақ мектептерінің ғана емес, қазақ-ұйғыр және орыс-қазақ мектептерінің даму тарихын зерттеумен айналысқан.  

5 шілдеде Алматыда ардагер-панфиловшылардың, кеңес, партия органдары, қала жұртшылығы өкілдерінің, Алматы гарнизоны жауынгерлерінің Қызыл Тулы Ленин және Суворов орденді Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.В. Панфилов атындағы Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясының 50 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Жиналыста Қазақ КСР Президенті, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаев сөз сөйледі. Генерал-майор И. В. Панфилов бастаған 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы Мәскеу түбіндегі ұрыстарда және жеңіске үлкен үлес қосты. 1941 жылы 16 қарашада В.Г. Клочков бастаған 28 гвардияшыл-панфиловшылар Дубосеково түбіндегі төрт сағаттық ұрыста жаудың 18 танкін жойды. Олардың көпшілігі ерлікпен қаза тапты, бірақ жауды Мәскеуге жібермеді. Кейінгі шайқастарда панфиловшылар Ұлы Отан соғысы жылнамасына көптеген жарқын беттер енгізді. Олардың 38-і Кеңес Одағының Батыры атанды, 18 мыңы ордендер мен медальдармен марапатталды. Бұл күні ардагерлер 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ мемориалының Мәңгілік алауына гүл шоқтарын қойды.  

5 шілдеде Қазақстан Компартиясы ОК Саяси Бюросының мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Е.М. Асанбаевтың төрағалығымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының отырысы өтті, онда республика Жоғарғы Кеңесінің төртінші сессиясының жұмысы қорытындыланды.  

5 шілдеде Целиноград қаласына Ақмола тарихи атауын қайтару туралы қоғамдық пікірді зерделеу жөніндегі депутаттық комиссияның кезекті екінші отырысы өтті. Комиссия мүшелері осы мәселе бойынша қалалық кеңеске келіп түскен поштаның мазмұнын қарап, 1991 жылдың шілдесінде өткізілуі жоспарланған нақты іс-шараларды белгіледі. Атап айтқанда, Целиноград қалалық кеңесінің депутаттарымен, ғалымдарымен, өлкетанушыларымен ақпараттық кездесу ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Комиссияның кезекті отырысы шілде айының екінші жартысына жоспарланды.

6 шілдеде республиканың әдеби қоғамдастығы қазақ кеңес ақыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Аманжоловтың (1911-1955) 80 жылдығын кеңінен атап өтті.  

7 шілдеде Алматыға таныстыру мақсатымен дипломатиялық өкілдіктер басшыларының тобы келді. Еуропа, Азия, Африка және Оңтүстік Американың 25 елінің елшілері Қазақстан астанасының көрікті жерлерін аралап, 28 панфиловшы батырлар саябағындағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды. Келесі күні қонақтарды Н. Ә. Назарбаев қабылдады. Ол шетелдік қонақтарға республикадағы экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің барысы, сыртқы экономикалық байланыстардың дамуы туралы айтып берді. 

8 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Алматы халық шаруашылығы институтын Қазақ мемлекеттік экономикалық университеті етіп қайта құру туралы Қаулысы қабылданды. Республиканың жоғары мектебінде айтулы оқиға болды. Жұмыс істеп тұрған бес мемлекеттік университетке - С.М. Киров атындағы және Қарағанды, Қазақ педагогикалық, Шығыс Қазақстан педагогикалық және Түркістан университеттеріне Қазақ мемлекеттік экономикалық университеті, бұрынғы Алматы халық шаруашылығы институты қосылды. Нарықтық экономика бойынша кадрларды даярлау деңгейін арттыру мақсатында Халыққа білім беру министрлігіне КСРО және шетелдің жетекші ғалымдары мен мамандарын жеңілдікті шарттармен келісімшарт негізінде педагогикалық және ғылыми жұмысқа шақыруға рұқсат етілді.  

9-16 шілде аралығында Президент Н.Ә. Назарбаев бастаған Республиканың мемлекеттік делегациясы ресми сапармен ҚХР-ға барды. Бұл сапар Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды деталь болды. Делегацияның ҚХР - ға сапары сәтті өтті. Ол Кеңес Одағы мен Қытай ынтымақтастығының жаңа көкжиегін аша отырып, үлкен саяси маңызға ие болды. 

11 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «1991 жылға арналған Қазақ КСР-інің еңбек күші артық және жұмыс күші жеткіліксіз ауылдық аудандарының тізбесін бекіту туралы» Қаулысы қабылданды.  

12 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Абылай ханның 280 жылдығын дайындау және өткізу туралы» Қаулысы қабылданды. Абылайдың есімі ұзақ уақыт бойы ұмыт болды, оны айтуға тыйым салынды. Сондықтан көптеген ұрпақтың бұл жан-жақты тұлғаны толық білуге мүмкіндігі болмады. Абылайдың сан қырлы болды, солардың бірі - оның музыкалық дарындылығы, өнерге және шығармашылық адамдарына деген сүйіспеншілігі. Ол ақындар мен жырауларды, күйші-домбырашыларды жинап, жорықта домбыра мен қобыз алып жүруді бұйырған. Оның тікелей нұсқауы бойынша Жәнібек, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Елшібек, Баян, Қылымбек және басқалары туралы батырлық поэмалары жазылды. Жорықтар кезінде өнер адамдары жауынгерлерді ерліктерге шабыттандырдып, сөздің құдыретімен қолдаған. Абылай ханның 280 жылдығын мерекелеуге байланысты үлкен театрландырылған көріністі дайындау мен өткізуге Қазақ театры белсенді қатысты. Белгілі жазушы, белсенді қоғам қайраткері Естай Мырзахметов Абылай ханның 280 жылдығын мерекелеуді ұйымдастыру мен өткізудің бастамашыларының бірі болды. Бұл бірегей оқиға жас тәуелсіз мемлекеттің рухани өмірін селт еткізіп, көкшетаулықтардың ғана емес, бүкіл қазақ халқының санасында терең із қалдырды.  

15 шілдеде Алматыда Иран Ислам Республикасының халық тұтынатын тауарларының алғашқы көрмесі ашылды. 

16 шілдеде Қазақстан ЛКЖО қалалық комитетінде Семейдегі полигонды жабу жөніндегі халық штабы басшыларының елорда жастары, бірқатар саяси партиялар мен қозғалыстар өкілдерімен кездесуі өтті.  

17 шілдеде Арқалық қалалық халыққа білім беру бөлімі 1991-1992 оқу жылына жаңа эксперименттік мектеп гимназиясының директоры, оның орынбасарлары мен мұғалімдерінің бос лауазымдарына конкурс жариялады. Гимназияда оқушы саны 600-ден аспайды. Ал сыныптардың толықтырылуы 25 адамнан аспауы тиіс. Сонымен қатар, эксперименттік бағдарламалар бойынша жұмыс істейтін мектеп басшылары мен мұғалімдерге лауазымдық ақыларына 15% мөлшерінде үстемақы белгіленді. Гимназияда орыс тілі мен әдебиеті, тарих және қоғамтану, математика, физика және информатика, география, химия және биология, сондай-ақ ағылшын тілін тереңдетіп оқыту көзделеді.  

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Көкшетау облысы Рузаев ауданы Шұқыркөл ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепке белгілі қазақ жазушысы және ғалымы Айқын Нұрқатовтың есімі берілді. Айқын Нұрқатов 1928 жылы 1 қарашада Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Терең білімімен, ғылыми пайымының жоғары деңгейімен, өз пікірін білдірудің жоғары мәдениетімен ерекшеленетін қуатты аналитикалық таланты бар көрнекті әдебиет зерттеушісі болған. Талантты тұлға әдебиеттануда жарқын із қалдырды. Оған «Абайдың ақындық дәстүрі», «Идея және образ», «Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы», «Дәстүрдің жалғасы» сияқты зерттеулері жатады. Ғалым әдебиетшінің көзі тірісінде 200-ден астам әдеби-сын мақалалар, 28 монография, оқулықтар, аударылған кітаптары жарық көрді.  

20 шілдеде «Жану проблемалары институты» ғылыми-зерттеу институтына ауданы 1,5 мың шаршы метр болатын екінші ғимарат берілді. Директор, химия ғылымдарының докторы, профессор Г.И. Сандопудо жанармай мен әртүрлі бағалы материалдарды тиімді және арзан алуға күш салды. Ғалымдар жану процесін қолдана отырып этилен өндіру технологиясын ойлап тапты, бұл американдық ірі «Эксон», «Оксикен» фирмаларының және басқалардың назарын аударды.  

13f2fed32c1b3a7e12101dba4108175b.jpg

21 шілдеде Бөгенбай батырдың 300 жылдығына орай қазақстандықтар атақты батырдың уақытша жерленген жері болған «Мирный» совхозынан бірнеше шақырым жердегі Бөгенбай сөресі шоқысында ескерткіш белгінің салтанатты ашылуына жиналды. Ұлы жауынгердің сүйегін жерлеу үшін Түркістанға аза керуені аттанды. Бұл үшін сол уақыттағы ең құрметті орын - Қожа Ахмет Яссауи кесенесі таңдалды.  Салтанатты шараны аудандық атқару комитетінің бірінші хатшысы және Кеңес төрағасы Жексенбай Дүйсебаев ашты. Жүргізуші Майдан Мақтыбайқызы Козкина халық батырының өмірі мен өлімі туралы айтып берді. Степногорск музыка мектебінің оқытушысы Дауылбай Ахметжанов осы оқиғаға арнап шығарған «Бөгенбай сөресі» күйін орындады. Мереке рухани және ұлттық мәдениетті, ұлттық спорт түрлерін, қазақтың тұрмысы мен тағамдарын жаңғыртумен адамдардың жүрегін жылытты.

22 шілдеде Мәскеуде Н.Ә. Назарбаевтың Корея Республикасының парламенттік делегациясымен кездесуі өтті. Әңгіме барысында өзара тиімді іскерлік ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды.  

23 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен Көкшетау облысының Фрунзе атындағы совхозға Абылай ханның есімі берілді.  

23 шілдеде Алматыда Қазақ достық, іскерлік және мәдени ынтымақтастық қауымдастығының Шығыс Еуропа елдерімен құрылтай конференциясы өтті. Оның мақсаты – қазақстандық кәсіпкерлер мен Болгария, Польша және Чехословакия бизнесмендері арасында байланыс орнату арқылы халықтық дипломатияны дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.  

24 шілдеде «Мұнай, газ және мұнай өнімдерін барлау, өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі «Қазақстанмұнайгаз» мемлекеттік корпорациясы туралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысы қабылданды.

«Еңбекке жарамсыз азаматтарға күтім жасайтын жұмыс істемейтін еңбекке қабілетті адамдарға бөлшек сауда бағаларын реформалауға байланысты өтемақы төлеу туралы» КСРО Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 2 маусымдағы № 328 қаулысын іске асыру туралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысы қабылданды.  

25 шілдеде Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Алматыға БҰҰ трансұлттық корпорациялар жөніндегі орталығының атқарушы директоры Питер Хансен келді. Ол республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты.  

26 шілдеде Қазақстан Компартиясы ОК Саяси Бюросының мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Е.М. Асанбаевтың төрағалығымен Республика Компартиясы Орталық комитетінің жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі отырысы өтті.  

27 шілдеде Қазақстан картасында жаңа әкімшілік атаулар пайда болды. Әкімшілік-аумақтық құрылымдардың атауларын ретке келтіру және халықтың тарихын, рухани мәдениетін көрсететін ұлттық топонимиканы жаңғырту мақсатында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Республика Министрлер Кабинетінің, халық депутаттарының жергілікті Кеңестерінің ұсынуы бойынша және мемлекеттік ономастикалық комиссияның қорытындылары негізінде бірқатар аудандар мен елді мекендердің атауларын өзгерту туралы қаулы қабылдады. Қостанай облысының Обаған ауданы көрнекті қазақ ағартушысы, ғалым және жазушы Ыбырай Алтынсариннің құрметіне Алтынсарин ауданы деп аталды. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күресінің ұйымдастырушылары мен жетекшілерінің бірі Төле бидің құрметіне Шымкент облысының Леңгір ауданы Төле би ауданы болып қайта аталды. Осы облыстың Қызылқұм ауданына Отырар ауданы деген жаңа атау берілді. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Головачев ауылдық кеңесінің Головачев ауылы Айша-бибі деп аталды. Жезқазған облысы Приозерный ауданының Озерный жұмысшы кенті қазақтың халық ақыны, жыршы, композитор Шашубай Қошқарбаевтың образына деген құрмет белгісі ретінде Шашубай деп өзгертілді. Талдықорған облысы, Талдықорған ауданы, Крупское ауылы халық ақыны, суырып салма ақын Бақтыбай Жолбарысұлының құрметіне Бақтыбай ауылы болып, сол облыстың Сарқанд ауданы, Бақалы ауылдық кеңесінің Просвещение ауылы қазақтың әйгілі жазушысы, журналисті және мемлекет қайраткері Қажымұқан Қазыбаевтың құрметіне Қажымұқан ауылы болып өзгертілді. Шымкент облысы Түркістан ауданы Үшқайың ауылдық кеңесінің Амангелді ауылы көрнекті мемлекет қайраткері және ғалым Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлының есімімен аталды. Республика барлығы жиырмадан астам елді мекеннің атауы өзгертілді.   

30 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Бөлшек сауда бағаларын реформалауға байланысты балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қаулысы қабылданды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?