Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ жұмысын реформалау бағытындағы ұсыныстары (қажеттігі, маңызы)

1300
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ жұмысын реформалау бағытындағы ұсыныстары (қажеттігі, маңызы)  - e-history.kz
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатын негіздеп, оны еліміздің мүддесіне сай бағыттаудағы қызметі өлшеусіз

Қазақстанның басшысының сонымен бірге әлем халықтары мен мемлекеттері арасындағы орын алып отырған даулы және жанжалды мәселелерді толығымен өзара келісім, түсіністік арқылы шешу, ядролық қарудан толығымен және біржолата аластау, халықаралық ланкестікке қарсы бірлескен күресті ұйымдастыру, әр түрлі діндер арасындағы ұғыныстық пен сыйластықты жүзеге асыру, т. б. бағыттардағы жаһандық тұрғыдағы келелі бастамалары адамзат қауымдастығынан барынша қызу қолдау тауып келе жатқандығы белгілі. 

Осылардың қатарында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың әлем елдерінің түгелге жуығы мүше болып табылатын бейбітшілік, мемлекеттер арасындағы бейбіт өмір сүру, адамзаттың дамуының қауіпсіз болашағын іске асыру мақсатында құрылып, жұмыс атқарып отырған Біріккен Ұлттар Ұйымының қабылдаған шешімдерінің тиімділігін арттыру, осы мақсатпен оның қызметін бүгінгі күннің сұранысына сай үнемі жаңартып отыруға арналған ұсыныстары аса маңызға ие. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің осындай әлемдік көлемдегі жаңашылдық идеяларын Тәуелсіз Қазақстанның осы ұйымға мүше болып енген мерзімінен бастап жариялай бастағандығы белгілі. Мысалы, ол аталған уақытта көрсетілген ұйымның мінбесінен бірнеше рет сөз сөйлеп, мемлекетіміздің халықаралық саясаттағы ұстанып отырған бағытын жариялады. Дүниежүзі мемлекеттерінің осы халықаралық қауымдастығының негізделген кезінен бастап әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтаудағы атқарып келе жатқан қызметіне баға берді. Оның ықпалын арттырудағы ойларын ортаға салды. 

0fe456882bd8ec06f2d9162d74672690.jpg

ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы шетелдік ресми мұрағат деректерінде баяндалғанындай: «Қазақстан БҰҰ реформалау мәселесінде неғұрлым белсенді саясат ұстап келеді» [1]. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы Қазақстанның жаһандық халықаралық ахуалды бейбітшілік талабына сай реттеудегі Біріккен Ұлттар Ұйымының атқарар нақты шараларын айқындаудағы Егемен Еліміздің басшысы Н.Ә. Назарбаевтың: «Біз бүгін барлығымызды ХХ ғасырдың екінші жартысындағы мүмкін болған әлемдік дәрежедегі апаттардың алдын алудағы БҰҰ-ның жемісті жігерлі қимылдарына ризашылық білдіруіміз керек. 

...Мұның өзі ... жаңартылған БҰҰ негізгі бағыттарын айқындауға күш салуымызға мүмкіндік береді. ...Ал мен БҰҰ-ның міндеті мен мақсаты барлығымызға белгілі деп ойлаймын. Олар Бейбітшілік, Тұрақтылық, Даму, Адам қауіпсіздігі, Халықтар мен Ұлттардың біртұтас жанұясын негіздеудегі жоғары халықаралық ұйымдарды Нақты Демократияландыру болып табылады. ... Ол үшін... барлық аймақтардағы мемлекеттердің осы ұйымдағы пікірлерін есепке алынуына назар аудару қажет» [2] деген мәлімдемесі Қазақстанның осы халықаралық ұйымның жұмысына деген көзқарасын паш етеді. 

БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында (1992 жылдың 5 қазаны) сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті: «Болашақтың талабы біздің бірлескен қимылдарымызды жаңа тұрғыда жүйелеуді және ұйымдастыруды қажет етеді. Осылармен бірге жұмыс бірнеше деңгейде — бүкіл қауымдастықта, өз құрлығында және өз елінің ішінде жүруі керек деп есептейміз. Ең алдымен, қазіргі халықаралық ынтымақтастық жағдайында «...бірінші кезекте, 1990 жылдардың басында қалыптасқан қазіргі халықаралық жағдай талаптарына сай «Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдегі жаңа орнын» айқындау қажет болды. БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау мен нығайтуға арналған қаржысын арттыру қажет. Қазақстан «барлық үкіметтерге өздерінің еркін ұмтылыстары ретінде «бір қосу бір» талабында Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті қамтамасыз ету бағытындағы қызметіне арналған қорды негіздеуге» ұсыныс жасайды. Яғни, әр мемлекет өзінің әскери бюджетінің бір пайызын беруді бастай отыра, жыл сайын оны тағы да бір пайызға өсіруіне болады. Міне осылай, 10 жылдан кейін бұл бейбітшілікке арналған қаржы он есеге артады. Нәтижесінде аталған бастама әлемдік қауымдастықтың әр мүшесінің ұлттық қауіпсіздігін ешқандай да кемітпей, керісінше нығайтады» [3, 105] деген ұсыныс жасады. 

Н.Ә. Назарбаев осы баяндамасында «қалыптасқан халықаралық істер жүйесі реформалауды қажет ететін» бұл жұмысты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы басты құрылым — Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудан бастау керек. Қазақстанның ұсынысы бойынша, «Қауіпсіздік Кеңесі Азия, Африка және Латын Америкасы мемлекеттері есебінен кеңейтілуі қажет. Осылармен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясының қазіргі заманның ең маңызды мәселелерін шешудегі орнын күшейту керек. Мұның барлығы әлемнің барша елдерінің мүддесі үшін халықаралық қатынастарды демократияландыруға жағдай жасар еді» [3, 108] дей келе, бейбітшілік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған ұйымдағы мәселелердің толығынан нақты шешілуі және оның әлемдік тұрғыдағы маңыз алуына, ұйымның барынша дүниежүзілік мәселелерді шешу үшін жұмыс істейтіндігін айғақтау мақсатындағы оның Бас Ассамблеясының құрамына жер шарының барлық аймақтарындағы өкілдері болуына мемлекеттер жетекшілерінің назарын аударды. 

74954f716a4ea037a1f17628bde4b7f0.jpg

Міне осылай, «Қазақстан дипломаттарының қызметтік қоржынында Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ БА 47 сессиясында ұсынған бейбітшілікті іске асыруға арналған қор құру туралы (әр мемлекет өзінің жыл сайынға қорғанысқа бөлінетін шығындарын бір пайызға қысқарта отыра қорға қаржы бөлетіндігі туралы) ұсынысы бар» [4] еді. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев бүгінгі күннің шындығына айналған әлемдегі құлашын кеңге жая түскен халықаралық ланкестік әрекеттер, жекелеген елдердің ядролық, химиялық, т. б. жаппай қырып жоятын күшке ие қаруларға ие болуға деген барынша ұмтылыстары, аймақтардағы соңы қарулы қақтығыстар,қирату мен тонаушылық, кінәсіз адамдар шығындарына ұласып отырған саяси, ұлтаралық қатынас және діни сенімдер арасындағы шиеленістердің күшеюіне жол бермеу, орын алған жағдайларды бітімгершілік талабына сай реттеудегі Біріккен Ұлттар Ұйымынына жүктелетін жауапкершілікті арттыруға, осындай жағдайдағы оның қызметін айқындап, тиімділігін арттырудағы өз ұсыныстарын жүйелі түрде жариялап келеді. Мысалы, осындай мақсатты іске асыру жолында «ҚР БҰҰ реформалау, оның уақыт талабына сай бейімделуін қалайды. БҰҰ БА 50-сессиясында баяндама жасай отыра, Н.Ә. Назарбаев бірыңғай әлемнің дағдарысқа ұшырауына орай «жаңа ғаламдық теңгермешілік және күштердің жаңа орталықтарының негізделуі» барысындағы геосаясаттық және экономикалық шындықты есепке алып, жаңартылған БҰҰ нақты тұжырымды түрін негіздеуге күш салуға ұсыныс жасады. Қазақстан жетекшісі БҰҰ БА-ның «БҰҰ-ын реформалау – ХХІ ғасырға лайықты жауап»» деген арнайы пункпен сессиясын өткізуге ұсыныс жасады. 

Қазақстанның көзқарасы Қауіпсіздік Кеңесінің ролін арттыру және оның сандық құрамын барлық аймақтардың мүдделерін еске ала отыра көбейтуден тұрады. Алматы Германия мен Жапонияның Қауіпсіздік кеңесіне кіруге деген ұмтылыстарын қолдайды. Сонымен бірге ол Кеңесті мөлшерсіз кеңейтуге қарсы [5] екендігіне назар аударды. 

Ал, келесі «БҰҰ БА 52 сессиясында (1997 ж., қыркүйек) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі осы сессияға қатысушылардың назарын ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2000 жылға дейін Бас Ассамблеяның БҰҰ жан-жақты реформалауға арналған арнайы сессиясын ашуға аударды» [6]. 

«2005 жылғы 5 шілдедегі Астана қаласында өткізілген ШЫҰ мемлекеттері жетекшілерінің Х кездесуінде Н.Ә. Назарбаев БҰҰ әлем мемлекеттері арасындағы беделі туралы мәселені тағы да қойды. Қазақстан Республикасы Президентінің түсінігі бойынша, БҰҰ реформалау «бейбітшілікті нығайтуға бағытталуы тиіс. БҰҰ Бас Ассамблеясын реформалаудағы келіспеушіліктер мемлекеттердің оқшаулануларына, онсыз да тұтастықтары толық бекімеген халықаралық қауымдастықтың бірлестігін бұзуға жол бермеуі керек» [3, 108] болды. 

5a44f83caf2c143088f50079f23b8d03.jpg

2015 жылдың 25 қыркүйегіндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында жасаған баяндамасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев дүниежүзінің барша мемлекеттері мен халықтарының назарын жер шарындағы ең ықпалды да жаһан жұртшылығының ортақ бейбітшілікке деген ұмтылыстарының тірегіне айналған осы беделді халықаралық ұйымның өткен 70 жылдағы атқарған қызметіне баға беріп, алдағы атқарар қызметін саралады. ХХІ ғасырдағы адамзат үшін тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етудегі осы ұйым іске асыратын бірінші кезектегі шараларды алға тартты. Осындай жауапты қызметті қамтамасыз етудегі БҰҰ жұмысын бүгінгі күн талабына қоюдың жолдарын көрсетті. Аталған мақсат талабынан шығу жолындағы оны реформалаудың қажеттігіне тағы да тоқтады. Көрсетілген бағыттағы оның «...Біріккен Ұлттар Ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын. 

Оның мәні — барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстарға және нарықтарға қол жеткізуінің әділ шарттары негізінде әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру, сондай-ақ адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру. 

Бірінші. Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыруды ұсынамын. Оның құрамына Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы сайлаған мүше мемлекеттермен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерінің барлық басшылары, соның ішінде Халықаралық валюта қорының да басшылары ене алар еді. Кеңеске Жаһандық экономикалық реттеушінің міндеттері жүктелуге тиіс. Кеңес жүзеге асыратын бүкіләлемдік жобалар жаһандық экономикалық өсім нүктелеріне айнала алады. Бұл жаһандық дағдарыстар қатерін айтарлықтай азайтуға, сондай-ақ мемлекеттердің ұлттық экономика және әлеуметтік саясат мәселелеріндегі жауапкершілігін күшейтуге септігін тигізеді. 

Екінші. Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан соң 70 жыл өткенде ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырамын. Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынамын. Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымды жағынан төртінші ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш ел. Ядролық қарусыз аймақты әлемнің өзге өңірлерінде, соның ішінде Таяу Шығыста да құрған жөн. Ядролық державалар ядролық қаруға иелік етуден бас тартқан барлық елдерге күш қолданбауға кепілдік беруге тиіс. 

d375b709bcf92cfa3ef2f9609d9f3838.jpg

...Төртінші. Терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын әзірлеп, қабылдау қажет. Азияның дамып келе жатқан экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытып отыр. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын. Қазақстанның бастамаларын ұлттар қауымдастығы қабылдайды деп үміттенемін» [6] деген сөздері Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйелеп, реттеуші болып отырған әлем мемлекеттерінің ХХІ ғасыр бойындағы барша адамзаттың игілігі жолындағы бірлескен істерінің бағыттарын айшықтады. БҰҰ-ның сараланған жауапты міндеттерді қамтамасыз етудегі жұмыс тәсілін белгілеп, тиімділігігін молайтудың жолдарын көрсетті.

Яғни, осындай келелі бастамалары мен ұсыныстары арқылы Н.Ә. Назарбаев өзін тек бір мемлекеттің жетекшісі ғана емес, жер шарының барша халықтарының ХХІ ғасырдағы шиеленіссіз, соғыссыз, бейбіт жолмен дамуын айқындаушы дүниежүзілік тұрғыдағы қайраткер екендігін тағы да паш етті. 

Ғани Қарасаев, тарих ғылымдарының докторы 

Әдебиеттер: 

1. РФ ССМ, Қор 897, тір 1, папка 1, іс 3.п.19 

2. ҚР Президентінің мұрағаты.- Қор.5-Н, тіркеме-1, іс 5048, п.10 

3. Внешнеполитические инициативы Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева. Историко-документальное исследование /Нурымбетова Г., Кудайбергенов Р. Выступительные статьи: Селиверстов С. В. — Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2010. −384 с+8 вкл. 

4. РФ ССМ, Қор 897, тір. 3, папка 10, іс 21, п. 139 

 5. РФ ССМ, Қор 897, тір. 3, папка 10, іс 21,пп.143 

6. РФ ССМ, Қор 897, тір. 4, папка 14, іс 12, п. 95] 

7. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70- сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзі. 2015, 25 қыркүйек. 2, 3, 4, 6-бб.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?