Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Тәңірден ұлтымның рухының биіктеткенін сұрағаным – сұраған!»

1983
«Тәңірден ұлтымның рухының биіктеткенін сұрағаным – сұраған!» - e-history.kz
Бұл – қазақтың бағы, ертеңі, келешегі. Бұл мереке – ұрпағымыздың, ұлтымыздың бақыты. Ұлыстың ұлы мерекесімен есімі елге белгілі ғалымдар мен спорт және өнер жұлдыздары құттықтады

Жандарбек Мәлібеков, сәулетші, ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы: 

Барша қазақстандықтарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Азаттық күні, Тәуелсіздік мерекесі еліміз үшін айрықша қадірлі, аса маңызды. Бұл патриотизмнің мерекесі. Ұлы бабаларымыздың аңсап өткен тарихы. Сол үміт 1991 жылы орындалып, біз қабырғалы тәуелсіз елге айналдық. Қабырғалы еліміз сөгілмесін. Тыныштығымыз сақталсын. Әр уақытта биік деңгейден көріне берейік. Еліміз кеше ғана қалыптасқан, оның жасампаз тарихы мен тарихи тереңде жатқан мұрасы бар. Соны игеретін жастарымыз білімді, ақылды, парастты болсын. Әрбір өскелең ұрпақ қазақша ойлай алатын, қазақша мүдделі, қазақша болмысты өсе берсін. Біз сапалы ел болып, сапалы халық болып, дамыған 30 елдің қатарына қосыла берейік.

Қаржаубай Сартқожаұлы, түркітанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің жанындағы Түркітану, алтайтану ғылыми зерттеу институтының директоры: 

Тәуелсіздік – барша қазақтың үш жүз жыл бойы аңсаған арманы мен биік мұраттарының нышаны. Ендеше үш жүз жыл бодан болу оңай емес. Соның ішіндегі жетпіс жыл біздің сүйегімізден өтіп кетті. Біздің дүние танымымызды үш жүз алпыс градусқа айналдырып тастады. Ендеше Тәуелсіздік сол дерттің бәріне шипа тауып, бағымызды оңалтты. Жоғалғанымыз табылып, ойсырағанымыздың орны толды. Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық тарих пен қазақ тілі мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, салт-дәстүріміз бен рухани мұраларымыз жаңғырды. 

Адам өмірде екі түрлі нәрсе өндіреді екен. Оның бірі – материалдық дүние. Өмір сүру үшін бұны өзің-ақ жасайсың. Екіншісі, рухани байлық. Міне, сол байлықтың күзетшісі, қамқоршысы мемлекет болуы тиіс. Ендеше барша халықтың күзетшісі, қамқоршысы Мемлекетіміз биік тұғырға ие болды. Әлеми елдері қызыға да, қызғана да қарайтын елге айналды. Бұл қазақтың бағы, ертеңі, келешегі. Бұл мереке ұрпағымыздың, ұлтымыздың бақыты. Қазақ халқына бәрімізге ортақ үлкен мереке. Көздің қарашығындай сақтайтын тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз, жеріміз, халқымыз аман болсын.

Серік Қонақбаев, АИБА вице-президенті, Азиялық бокс конфедерациясы президенті:


Қадірлі қазақстандықтар! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Тəуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 

Ғасырлар бойы аңсаған ата-бабаларымыздың арманы орындалып, бүгін, міне, қазақтың төл мерекесіне айналып отыр. Қазақ спорты бүгінде даңқ тұғырында. Шоқыр Бөлтекұлы бастаған бокс спортының эстафетасы қазір де жалғасын тауып, ізбасарларының арқасында Қазақстан бокс спорты әлемдік аренаға шықты. Біз осы жолдан таймай, алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беретінімізге сенімдіміз. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі, нақты көрінісі.

Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын! Əр отбасына бақ-береке тілеймін, аман-есен болайық, ағайын!

Серік Ерғали, мәдениеттанушы, «Ел-сана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі: 

Тәуелсіздік қырманы оның дәнінің қаншалықты көктеп, піскеніне қатысты. Ол үшін Тәуелсіздік өлшемін бүгінгі күн тұрғысымен өлшеуді бастау керек. Ол өлшем бүгінгі тәуелсіздік «өнімі» ретіндегі қазақ баласының сапалық көрсеткіші қандай? Ол көрсеткіш бүгінгі 24 жылдық азаттық ауасымен тыныстаған ғана емес, соның үдерісін бойынан өткізіп, белгілі бір сапалық пен саналықты бойына дарытқан адамның қабілетімен өлшену керек. Бүгінгі қазақ қаншалықты қауқарлы? Ол шағын бизнесті құруға, жүргізуге, дамытуға қаншалықты дәрменді? Бүгінгі қазақтың азаматтық ұстанымы қалай қалыптасуда? Ол нендей пікір-пайыммен, әрекетпен көрініс табуда? Одан мемлекет дамуына қандай пайда бар? 

Қысқасы, келесі жылы 25 жыл толатын Азаттықтың алашқа беріп үлгерген сапалық дәні қандай? Міне Тәуелсіздікті осы тұрғыдан өлшеп-пішетін уақыт туды. Тәуелсіздіктің мәні де, сәні де осымен саралануы қажет. Яғни Тәуелсіздік қазаққа не берсе, қазақ Тәуелсіздікке де соны береді. Тәуелсіздік инвестициясы дегеніміз осы болса керек. Өкінішке қарай, біз Тәуелсіздік қырманын жалаң цифрлар мен жадағай шаралар арқылы қымтап тастағандаймыз... 

Данагүл Махат, тарих ғылымдарының докторы, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы директорының орынбасары: 

Сіздерді ата-бабамыз аңсаған, арманы жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн – 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! 

Осындай маңызы бар тарихи мерекеде еліміздің туы асқақтап, келешегі көркейе берсін. Көк байрағы желбіреген, абыройлы да айбынды, берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын. 

Салтанатты күні сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, сәтті күндер зор жетістіктер, игілік пен бақ-дәулет, ырыс тілеймін! 

Жеңіс Кәкенұлы, суретші, ҚР мәдениет қайраткері: 

Мен сексен алтының тап осы күні өзім құралыптас қыз-жігіттермен Алматыда, алаңда болған адаммын. Тап сол күні саяси сауатты едім, анық-қанықты білетін сұңғыла едім деп мақтана алмаймын. 

Алайда, қазақтың рухы жарқ етіп империяны дір еткізгенін, зауал шақта басымыз біріге-тұтасып, жасындай жарқырап кеткенімізді мақтан тұтамын. Жігіттермен тізе қосып айналайын қыздарымыздың жан алып, жан беріскені әлі есімде. Тіпті, орыс тілді қаракөз қарындастарымның жан айқайы әлі құлағымда! 

Жалаң ұрандата алмаймын, бірақ Тәңірден ұлтымның рухының биіктеткенін сұрағаным – сұраған!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?