
Тарихи-мәдени мұраларымызды жаңғырту мен дәріптеуде жүйелі жұмыстар жасалу керек. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
«Көне заманнан келе жатқан көшпенділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс. Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды. Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет. Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін жүйелеу керек» - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз.
«Дегенмен дүние жүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп, тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ. Жалпы біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде отандық тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ келесі құрылтайды Сыр бойында өткізуді ұсынды.
«Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» - Президент.
Бұған дейін хабарлағандай, Бурабайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды. Жиын барысында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.