
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бұл оқиға туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Атырауда ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайда «Келесі жылы бүкіл әлем Жеңістің 80 жылдығын кеңінен атап өтеді. Қазақстанның фашизмді жеңуге қосқан зор үлесін ескере отырып, алдағы мерейтой еліміз үшін де ерекше маңызға ие. Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне әрқашан құрмет көрсетілу қажет» деген еді.
Осы орайда, 1941 жылы 22 маусымда басталып, 1945 жылы 9 мамырда Кеңес Одағының жеңісімен аяқталған екінші дүниежүзілік соғыс барысында қазақстандық қарапайым еңбекшілердің майданға көрсеткен көмегі туралы баяндауды жөн көріп отырмыз.
Ресми деректерге жүгінсек, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген мыстан құйылғаны туралы айтылады. Сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыс тарихын терең зерттеген отандық ғалым, академик-тарихшы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Манаш Қозыбаев келтірген деректерге назар аударсақ, соғыс жылдары Қазақстан Республикасы майданның нағыз арсеналына айналғаны хақында дерек бар. Бұған еліміздің қарапайым еңбек адамдары зор үлес қосты.
Соғыс жылдары Қазақстанда атақты ғалым Қаныш Сәтбаевтың арқасында молибден өндіретін Қоңырат, марганец шығаратын Жезді, вольфрамға бай Хромтау, Ақшатау кен орындары және Текелі полиметалл комбинаты іске қосылып, нәтижесінде Қазақстан одақ көлемінде молибденнің 60, металл висмуттың 65, полиметалдың 79 пайызын өндірді. Бұлардан басқа соғыс ошағынан көшірілген 220-ға жуық жеңіл өнеркәсіп техникалары біздің елімізде жұмысын жалғастырды.
Майдан басталғанға дейін одақты көмірмен қамтамыз етіп тұрған үлкен өндіріс Донбасс көмір бассейіні жау қолында қалғандықтан оның міндетін Қарағанды шахталары атқарып, бұлар соғыс кезінде 34 млн. тонна көмір өндірді.
Қазақстан республикасы соғыс басталған жылдың (1941) күзі мен келесі жылдың көктеміне дейін егістік көлемі 6979,9 мың гектардан 8285,1 мың гектарға ұлғайтылып, оның өзі қол соқамен жыртылды. Осы жылдары еліміздің колхоз-совхоздары мемлекетке 482,9 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155,3 тонна мақта өнімдерін тапсырды. Еңбекке жарамды ерлердің бәрі соғысқа аттанғандықтан тылдағы жұмысты әйелдер мен балалар атқарды.
****
Осы орайда, тың еңбекшілерінің жекелегенген жетістіктеріне тоқталсақ, Қарағанды көмір шахтасының, атақты шахтері КСРО Жоғарғы Советінің орденді депутаты Түсіп Күзембаев (1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды) күллі шахтерлар атынан үн тастап, жеңіс үшін аянбай еңбек етуге тылдағы бұқараны жігерлендіреді. Нәтижесінде, қарағандылық шахтерлер көмір өндірісін алға сүйреуп майданның күре тамырына қан жүгіртті. Шахтерлер бұрынғыдан екі-үш есе артық жұмыс істеп, еңбек өнімділігін арттыруға ұмтылды.
Көмір жоспарланған мөлшөрден көп шығарылды. Осының арқасында шахта коллективі жеті айлық жоспарды мерзімінен 16 күн бұрын орындап шықты. Көмірдің сапасын жақсартып, бағасын арзандату нәтижесінде 301 рубль қаржы үнемдеп, тау-кен әзірлік жұмыстары 8 айлық жоспарды 43 күн бұрын орындап шықты.
Қарт шахтер-бұрғышы Воронин сменалық тапсырмасын 431 процентке дейін, навалоотбойщик Тұрсынбеков пен Есенбаев жолдастар 217 проценттен 327 процентке дейін артық орындады. Шығыс учаскесінің врубмашинисті Жылқыбаев еңбек майданында адам сүйсінерлік үлгі көрсетті. Ол азғана уақытта 44.100 текше метр забой бұрғылап, 10 айлық планын 103,4 процент орындады. Екінші батыс учаскесіндегі врубмашинист стахановшы Ташкенбаев 10 айлық жоспарын артығымен орындап шықса, дайындық учаскесінің врубмашинисті Майжақанов жарты жылдық норманы 659 процент орындап еңбектің ерен үлгісін көрсетті.
Ең бір елеулі дүние - үй шаруасындағы жүздеген әйелдер шахталарда жұмыс істеуге сұранып, көпшілігі ағаш беруші, откатчица, вагоншы болып жұмысқа кірісті. Мәселен, ағаш тасушы Мәкежан Құсайынова жұмыстан шыққаннан кейін подъем машинасының машинисін даярлайтын курсқа барып сабақ оқыды. Навалоотбойщик Садықова откатчица мамандығын игеріп, алғашқы күні нормасын 136 процент, келесі күні 189 процент орындады.
Қысқасы қарағандылық шахтерлер: «Қанқұмар герман фашизмін талқандап жер бетінен аластау үшін, Қызыл Армияның және бүкіл совет халқы соғыста жеңіп шығу үшін біз қара алтынды мейлінше көп береміз, өйткені әрбір тонна көмір – фашистерге қарсы күйрете соққы беретін өткір құрал екенін кеншілер жақсы біледі» деген ұран астында еңбек етеді.
****
Соғыстың алғашқы айында жоғарыдағы қарағандылық шахтерлар сияқты ұран тастап, өнімді еңбек еткен ұжымының бірі – Алматы қалалық №1 тігін фабрикасы. А. Әтекова, В. Свиль, М. Сүндеева, Е. Семенова бастатқан лента стахановшылары тәулік жұмыс жоспарын 136 пайыз орындаумен қатар, шілденің алғашқы онкүндігінің жоспарын 108 пайызға артық атқарыпты. Ал шілде айының соңғы онкүндігінде лентадағы жұмысшылардың еңбек өнімділігі орта есеппен 141 пайызға жеткен екен.
Алматылық тігіншілер әркез өнімді еңбек етумен қатар «Біздің тігіп берген киімдерімізді майдандағы жауынгерлер киеді. Оларға біз киімді сапалы, шыдамды және көркем етіп тігіп беруіміз керек. Тіккен киімдеріміз бұл көрсеткіштер жөнінде де жақсы аталып жүр. Біз бұдан былай да барлық күш-жігерімізді майдан үшін жұмсаймыз. Коллективіміздің бұл уәдеге лайықты стахановтық жұмыстың нәтижелерін көрсете алатынына сеніміміз мықты» деп, ұран тастап, тылдағы бұқараны жеңіс үшін жанқиярлық етуге шақырды.
****
Ел басына күн туған ауыр күндері «жеңіс үшін» бел шешіп еңбек еткен ұжымының бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, «Қайнарбұлақ» колхозы. Бұл ұжым қандыбалақ фашистердің қарақшылық шабуылын тойтару жолында серттесіп еңбек етіп, барлық жұмысты мүлтіксіз атқарады. Астық жинауға кемпір-шал, бала-шағаның бірі қалмай жаппай ат салысады. Еңкейген қарттығына қарамай тіленіп жұмысқа шыққан Байдалиева, Қадырбаева т.б. қариялар жұмыс нормасын асыра орындап отырады.
Жұмыстың күрделісі көлемі 292 гектар мақта учаскесінде еңбек еткен колхозшылар - Тәжиева, Байтанова, Құлманова, Оразбаева, тағы басқа еңбекшілер мақта баптау нормасын 300 пайызға дейін артық орындаса, Оразбаев, Әмірбеков басқарған звенолар мақта жинауда күндік нормасын әркез асыра атқарумен көзге түсіпті.
Сондай-ақ колхоз жылқышылары Үйсімбаев, Бейімбетов екеуі баққан түлігінен бір құлын шығындатпай, бір биені қысыр қалдырмай колхоз жылқы өсіруде бүкіл республикаға үлгі болған екен.
****
Сол сияқты соғыстың алғашқы айларында Жезқазған руднигінің даңқты бұрғышысы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Сафин күндегі нормасын асыра орындап, кейде 1000 пайызға жеткізіп рекорд жасаса, Балқаш мыс заводының құрғату цехінің мастері Байтілеев басқарған смена ұдайы бірқалыпта жұмыс істеуді қамтасыз етіп, жоспарын асыра орындаумен жеңіске үлес қосыпты.
Қарағанды көмір бассейіні № 1 шахта стахановшысы Майжақанов алты айлық нормасын 659% орындаса, осы шахтаның тағы бір стахановшысы Жылқыбаев 10 айлық планын 103% орындапты. Бұлардан басқа Горький атындағы шахтаның стахановшылары Қадауов, Наурызбаев екеуі смена сайын төрт нормадан орындапты.
Сонымен қатар, Шу стансасының грузчигі Түсіпов күндік нормасын 500% орындаса, Алматы тігін фабрикасының токарі Копытков нормасын 750% орындағаны хақында «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941 жылғы 20 шілде күнгі санында сүйінші хабар жарияланыпты. Сондай-ақ, Семейдегі кемеремонты заводының формировщигі Шаяхметов тұңғыш рет паровой цилиндр құйып шығару ісін меңгеріп, нәтижесінде нормасын күн сайын үш еседен асыра орындағаны жайлы жазылыпты.
****
Соғыстың нағыз қызған шағы 1941 жылдың қазан айында ҚК(б) П Орталық Комитетінің секретарі Жұмабай Шаяхметовтың газет арқылы («Социалистік Қазақстан», 1941 жыл, 2 қазан) халыққа «Тез қарқынмен жылы киім жинап, майданға жөнелтейік!» деген үндеу тастапты. Нәтижесінде, бұл қозғалысқа барлық ауыл, қыстақ, поселка барлығы тартылады. Алғашқы аптаның өзінде-ақ 26 мың пардан аса пима, 30 мың құлақшын бөрік, 11 мың мақталы бешпет, 12 мың мақталы шалбар, 25 мың қой терісі, 117 мың кило жүн тағы сондай заттар жиналып фронтқа жіберіліпті.
Осы үрдіс арықарай жалғасып, жылы киім-кешек жинау науқанына жұмысшылар, колхозшылар және интеллигенция белсенді қатысқан көрінеді. Кейбір отбасылар, «бір жауынгерді толық киіндіру» деген үндеу жасаса, бұған жеке азаматтарда үлес қосыпты. Мәселен, Лениногорск қаласы байыту фабрикасының директоры Кутепов бір жауынгердің қысқы киімінің толық комплектін берсе, Семейдің халқы бір полкты тегіс киіндіріпті. Мұндай мысал өте көп.
Балқаш, Лениногроскі, Шымкент, Қарсақпайдың металлургтары, Ащысай, Зырян, Белоусовка, Лениногорскінің горняктары, Ленгер, Маңғыстаудың шахтерлері, Эмбаның мұнайшылары, теміржолшылар, медицина қызметкерлері, оқытушылар, байланысшылар, еліміздің барлық тұрғыны «жылы киім-кешек жинау» науқанына ат салысыпты.
Өнеркәсіп коллективтерінен әруақыт қалыспай келген колхоз шаруалары да әрбір үй, әрбір колхозшы жауынгерлер үшін жылы киім-кешек береді.
Жылы киім-кешек жинайтын комиссиялар ел ішінен шикі бұйымдар мен материалдар – жүн, қой терілері, мата, мақта заттарында қабылдапты. Бұл дүниелерден өнеркәсіп орындары – қысқа мерзімде шолақ тон, мақталы бешпет, тері бешпет т.б. заттар дайындап майданға жөнелткен екен.
«Патриоттар қозғалысы күн санап етек алып ұлғаюда. Алайда Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында майдан үшін жылы киім-кешек жинау жұмысы жеткіліксіз. Ең алдымен бұл комиссиялардың жұмысының нашарлығын көрсетеді. Ендігі жерде бұлай баяулауға болмайды. Ызғарлы қыс жақындап келеді. Әрбір күн қымбат. Партия, комсомол, совет, профсоюз ұйымдарының міндеті – патриоттардың қозғалысын басқарып, Қызыл Армия үшін жылы киім жинауды қамтамасыз ету. Коммунистер, комсомолецтер және профсоюз мүшелері майданға большевикше көмектесудің үлгісін көрсетуге тиіс. Жылы киім-кешекті тез жинап, майданға жөнелтейік! Бәрі майдан үшін! Бәрі жеңіп шығуымыз үшін!» деп халыққа газет арқылы Жұмабай Шаяхметов үн тастапты.
****
Отан соғысы күндерінде Қазақстанның әйелдері еңбек майданында ерлермен бірдей сапқа тұрып, олардан қалыспай жанқиярлықпен еңбекке араласыпты. Бұл оқиға жайлы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы председателінің орынбасары Ш. Ермағамбетова «Социалистік Қазақстан» газетінің 1942 жылғы 12 қаңтар күнгі санына «Қазақ әйелдері Отан соғысы күндерінде» атты мақала жазып, барлық әйел затын бұл науқанды қолдауға шақырса, Қазақстанда құрылған Қызыл тулы 8-ші гвардия дивизиясы жауынгерлерінің аналары майданда қан кешіп жүрген ұлдарына ұранды хат жолдапты. Ол хатында былай дейді:
«Біз тылда жүріп тыным алмастан жұмыс істейміз. Қызыл Армияны оған қажетті нәрсенің барлығымен қамтамасыз етеміз деп уәде береміз. Біздің ұлдарымыз, ерлеріміз, аға-інілеріміз жауға гвардеецще соққы беріп жатыр. Ал біз стахановша жұмыс істеуіміз арқылы оларға көмектесеміз».
****
Осы үндеу-хат саяси идеологиялық тұрғыдан қолдау тауып, республиканың ірі кәсіпорындары орналасқан – Ленингорскі, Балқаш, Шымкент, Қарағанды тағы басқа қалалардағы өнеркәсіп орындарында, темір жол транспортында мыңдаған патриот әйелдер забойға, станоктарға барып, жұмыс жасайды. Олар соғыс күндерінде жұмысты қалай жұмыс істеудің өнегесін көрсетеді.
Мысалы, жас инженер Мурзина Балқаш мыс заводының жетекші цехын басқаруды қолға алыпты. Ол басқарған цех планды үнемі асыра орындап, продукцияны көп өндіріпті. Оның басшылығымен цехта жергілікті шикізаттарды пайдалану сияқты маңызды шара жүзеге асырылған екен.
***
Бұндай істен колхозшы әйелдерде қалыс қалмапты. Жамбыл облысы Шу ауданы Сталин атындағы артель колхозшысы Қибат Қашентаева мақта теруде нормасын 500 процент орындап үлгі көрсетсе, қарағандылық үй шаруасындағы әйел Кокунова №1 шахтаға жұмысқа түсіп, ерлерден қалыспай екі норма орындай алыпты. Пелагея Коробейникова деген әйел Алматы МТС-да ерінің орнына тракторсит болып орналасса, тағы бір жауынгердің жары Анна Грубова шофер болыпты.
Сондай-ақ еліміздің мұнай өнеркәсібі де көптеген әйел кадрлармен толығыпты. Жылойдағы промыселда 160 әйел өндіріске түссе, Мақат ауданындағы промыселда жұмысқа тартылған әйелдер 327 адамға жетіпті. Бұлардың сыртында үй шаруасындағы 163 әйел мұнай өндірісінің мамандығын игеру үшін курстарға қамытылған екен. Бұл курстарды бітірген 100 әйел өндіріске жіберіліпті. Олардың көпшілігі өндірістік тапсырмаларды ойдағыдай орындапты.
Мысалы, Қосшағыл промыселында оператор Өтепбергеновтың әйелі бұрын күйеуі істеген жұмысты атқарса, Жаңабергенова деген әйел цехтың электромонтері қызметін меңгеріп алған екен. Сол сияқты Доссор промыселында 55 әйел өндіріске тартылып, бұлардың арасынан Максимова диспетчер болып істесе, Нұрманова токарда, Бақтыярова смазчик жұмысын ерлерден кем түспей атқара білген.
Алматы №3 ұн комбинатында 50 әйел еркектердің орнында істесе, темекі фабрикасында 6 әйел регулятор-механик, 5 әйел токарь, 11 әйел слесар, 5 әйел печатник мамандығын игеріп жұмыс атқарған екен. Ет комбинатында 15 әйел еркектер атқаратын мамандықты ойдағыдай меңгеріп, нормаларын күн сайын 120-130 процент орындапты. Әсіресе Митюкова басқарған мал союшы әйелдер бригадасы тапсырманы 200-300 процент орындап керемет үлгі көрсеткен екен.
Алматы қаласы Сталин ауданының агитпунктында үй шаруасындағы 200 әйел жауынгерлер үшін жылы көйлек тігіп, байпақ, қолқап, бөкебай тоқып майданға үлес қосса, осы пунктта істейтін Нахрушева деген әйел Отан соғысы күндері донор болып, жаралы жауынгерлер үшін ұдайы қан тапсыруды әдетке айналдырған.
Арыс темір жолы узелының белсенді әйелдері жауынгерлерге арнап, 1360-тан аса түрлі жылы киім жинаса, осындағы теміржолшы әйелдер 1000 пара қолқап тоқып, фронтқа жіберіпті. Үй шаруасындағы әйелдер Татаренко, Стрельникова, Ткаченконың бастамасымен ауыл әйелдері өз материалдарынан жылы көкірекше тігіп тапсырған.
****
«Бәрі майдан үшін» атты науқаннан мектеп оқушыларыда тыс қалмапты. Олар отан қорғауға қаржы жинау, Қызыл Армия үшін жылы киім жинау, қызыл әскер үйлеріне көмектесу, егін жинау, физкультура алаңын жасау, металл сынақтарын, дәрілі шөптер жинау т.б. істер атқарған екен. Тек Қызылорда облысының өзінде жексенбіліктер кезінде 226 тоннадан аса металл сынығы жиналып, майданға көмек қорына 184 мың сомдық облигация, 119 мың сом қолма қол ақша, 5 500 жылы киім беріліпті.
Сонымен қатар республикамыздың қолөнер училищелері мен ФЗО мектептері маман еңбек резервтерін дайындауда көп жұмыс атқарғаны анық. Бұлар соғыс жылдары 20000 аса слесарь, токарь, забойщик, крепильщик, навалоотбойщик, бұрғышы, электромонтер даярлап шығарған екен.
****
Тағы бір атап айтуға татитын оқиға – «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасауға бүкіл халқымыз қызу кірісіпті. Бұл іске колхозшы әйелдер, майдандағы жауынгердің аналары, апа-қарындастары ерекше белсенділік танытқан екен. Мысалы, Павлодар облысы, Павлодар ауданы Калинин атындағы колхоз мүшесі, майдандағы ұшқыштың анасы Климова – 500 сом, Жамбыл облысы, Свердлов ауданының МТС тракторисі Тоқтарбаева – 2000 сом, БҚО Теректі ауданы «Путь Ленина» колхозынан Лукерья Наумова, Анна Янсер әрқайсысы 500 сомнан, Жамбыл облысы, Луговой ауданы «Ынтымақ» колхозының мүшелері Атамқұлова мен Төкееваның әрқайсысы 4500 сомнан, Алматы селолық ауданында «Луч Востока» колхоз мүшелері Маличева, Хайленколар 500 сомнан ақша қосыпты.
Бұл науқан республиканың барлық жерінде қолдау тауып, Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасау үшін ынталылар тобы қалыптасып үлгеріпті. Аталмыш науқан облыстарды қалай іске асып жатқаны жайлы ҚазТАГ тілшілері таратқан мәліметке жүгінсек:
Ақмола облысында: «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасауға Щучье ауданы Қотыркөл ауыл шаруашылық механизация мектебінің оқушылары 6 мың сом қаржы жинап берсе, осы ауданның комсомолецтері мен жастары «Қазақстан комсомолеці» атты истребительдер эскадрильясын жасау үшін де қаржы жинапты. Бұл игілікті іске мектеп оқушылары белсене қатысып, Чернаяр орталау мектеп ұжымы 1399 сом, №15 теміржол мектебінің ұжымы 1500 сом, Қотыркөл орта мектебі 915 сом қаржы жинап берген екен.
Ақтөбе облысында: ауыл еңбекшілері танк колоннасын жасауға бір млн сом қаржы жинаса, Новороссийскі ауданы Киров атындағы колхоздың мүшелері 10 мың сом ақша беріпті. Мартук ауданындағы украин колхозшылары танк колоннасын 30 мың сом ақша тапсырыпты.
Қарағанды облысында:. Осокаров аудан тұрғындары біраз күннің ішінде танк колоннасын жасауға 1 миллион сомдай қаржы жинаса, осы ауданның «Комсомольский» колхозының мүшелері танк колоннасын жасауға 111 мың сом ақша жинап беріпті.
Қостанай облысында: «5 декабрь», «Красный передовик», «Сомир» ауыл шаруашылық артельдерінің колхозшылары танк колоннасын жасауға бір сағаттың ішінде 300 мың сом ақша жинап өткізіпті.
Жамбыл облысында: Луговой ауданының колхозшылары екі күннің ішінде бір миллион сом қаржы жинаған екен. «Ынтымақ» колхозының мүшесі Атамқұлова, колхоз председателі Қошқаров, партия ұйымының секретарі Қарымсақов, сиыр фермасының бастығы Төкеева, трактор бригадасының бригадирі Күлешев жолдастар әрқайсысы 4500 сомнан ақша қосса, «Шолаққайың» колхозының председателі Кәшкенов жолдастың бір өзі 4700 сом ақша беріпті.
Свердлов ауданы Ленин атындағы колхоз мүшелері екі күннің ішінде 30 мың сомнан аса қаржы жинапты. Колхозшы Сұлтанаев пен Жантаева әрқайсысы 1000 сомнан ақша берсе, «Қарасау» колхозының мүшесі атақты қызылшасы Талқанбай Сүменбаев 3500 сом ақша ұсыныпты.
Алматы облысында: Іле ауданы «Бірінші май» колхозының колхозшылары бір күннің ішінде 35000 сом жинаса, колхозшы Тыщенко 1200 сом, Родин 800 сом, Решетников 1000 сом беріпті.
«Қазақстан» және «Карл Маркс» атындағы колхоздың колхозшылары танк колоннасын жасау үшін ақша жинауға қызу кірісіп, бір күннің ішінде 40 мың сом өткізіпті. Сол сияқты «Қызыл қайрат» колхозының мүшелері 60 мың сом ақша берсе, осы колхоз председателі Жұмақанов бір өзі 2 мың сом берген екен.
Танк колоннасын жасауға қызу кіріскен Қаскелең ауданы Ворошилов атындағы колхоз мүшесі 66 жастағы қарт Кәрібасов науқанды қызу қолдап, қолма-қол 500 сом тапсырса, одан үлгі алған Беріков қолма-қол 500 сом ақша беріпті. Осындай патриоттық өрлеудің нәтижесінде бұл колхоз бір күннің ішінде 30 мың сом қаржы жинапты.
Семей облысында: бұл облыс «Қазақстан комсомолы» атында авиация эскадрильясын құруға қаржы жинау ісі ойдағыдай атқарып, аз уақыт ішінде тұрғындар тарапынан мемлекеттік банкке 650 мың сомнан аса қаржы түсіпті. Осы ақшаның жартысын Аякөз ауданының комсомолецтері жинаған екен. Атап айтар болсақ, Аякөз депосының жас патриоттары авияция эскадрильясы құрылысына арнап 16 мың сом, Үржар ауданының «Красные горные орлы» колхозының комсомолецтері 5 мың сом, Чапаев атындағы колхоздың комсомолецтері 4 мың сом, Шұбартау ауданының жас малшылары 23 мың сом жинап тапсырыпты.
Шығыс Қазақстан облысында: Өскемен қалалық Гоголь атындағы мемлекеттік театры коллективі танк колоннасын жасау қорына 5 мың сомды ақшалай жинап берумен шектелген екен.