
2025 жылдың 7 сәуірі Қостанай облысының мемлекеттік архивінде ашылған «Ұлы Отан соғысының архивтік жылнамасы» атты көрме бір ғана аймақтың емес, күллі ұлттың жанқиярлық шежіресіне айналды. Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл шарада соғыс даласындағы оқ пен оттың, тылдағы маңдай тер мен мызғымас рухтың ізі – құжаттар мен фотосуреттер, хаттар мен марапаттар арқылы сөйлейді.
Көрменің бірінші бөлімі – тыл еңбеккерлерінің ерлігіне арналды. Соғыс жылдарында Қостанай облысы орталығында бес эвакогоспиталь жұмыс істегені, №222 әскери зауыттың Комсомолец ауылына көшіріліп, автоматты танк от шашарларын шығарғаны дерекпен дәлелденген. Қостанай еңбекшілерінің жинаған қаражатымен төрт шабуылдаушы ұшақтың жасалғаны – халықтың майданға деген сенімі мен ниетінің көрінісі.
Мәскеу музейлерінің құнды жәдігерлерінің осы өлке топырағында уақытша паналауы – Қостанайдың мәдени фронттағы орны қандай маңызды болғанын аңғартады.
Екінші бөлімде – соғыс кезіндегі балалар тағдыры. Балалар лагерлері мен алаңдарының ашылуы, ата-анасыз қалған балдырғандарды Мәскеуден Қостанайға көшіру, жасөспірімдердің артелдер мен егіс алқаптарында, тіпті станоктарда еңбекке араласуы – ұлттың ең нәзік тұсы саналатын балалық шақтың да темірдей тәртіпке бейімделгенін көрсетеді. Жуковка, Қарабалық, Станционный, Степановка мектептерінің табельдері – тарихтың үнсіз куәсі.
Үшінші бөлім – майдангерлерге арналған. Көрмеде 30-дан астам фотосурет, жеке архивтік құжаттар, марапаттау парақтары, майдан хаттары, Сталиннің алғыс хаттары, Беларусь пен Австрияны, Чехословакияны азат еткендерге берілген алғыс қағаздар қойылған. Бұл құжаттардың біразы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің электронды қорынан алынған. Олардың арасында бір есім ерекше аталады – Қасымхан Алдабергенов.
2025 жылы қыркүйекте 100 жасқа толатын ардагердің жеке архиві көрменің басты жәдігерлерінің біріне айналды. Ол Қостанай облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлгі болар тұлға.
Instagram-да басталған #фронтовые_письма_архив_костанай атты челлендж – архив материалдарын цифрлық кеңістікте насихаттаудың жарқын үлгісі. Бұған қоса, архив негізінде дайындалған «Қостанай облысының танымал адамдары: ҰОС қатысушылары» проспектінің 11-бөлімі көп ұзамай жарық көреді.
Архив көрмесінің мазмұнын тереңдете түсу үшін біз «Жеңіс солдаттары» атты кітапқа жүгіндік. Мұнда Ұлы Отан соғысына қатысқан және соғыстан кейін де ел үшін қажырлы еңбек еткен көптеген қазақстандықтардың есімдері тасқа басылған. Олардың ішінде Қостанай өңірінің тұлғалары да бар. Атап айтар болсақ:
Әлжапаров Қазбек Қалиұлы– Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейінгі жылдары Қостанай өңірінің саяси, шаруашылық, мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған қайраткер. Ол 1942 жылы небәрі он тоғыз жасында өз еркімен майданға аттанады. Москва түбіндегі ұрыстарға қатысып, фашистік Германияның қорғаныс шептерін бұзуға атсалысады. 1945 жылдың желтоқсанында елге оралысымен бейбіт еңбекке белсене араласқан Қазбек Қалиұлы партия, кеңес және шаруашылық салаларында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Алғашында Орджоникидзе аудандық партия комитетінің, кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1949 жылы Введен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, ірі құрылыстарға жетекшілік етті. Соның бірі – Мойынты–Шу теміржол желісі. Бұл құрылыс үшін КСРО Жол қатынасы министрлігінің «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталды. Тың игеру жылдарында Торғай, Жанкелдин, Жітіқара, Ұзынкөл аудандарында жетекші қызметтер атқарып, елді мекендердің дамуына үлес қосты. Алматы Жоғары партия мектебін тәмамдап, білімін жетілдірді. 1973-1986 жылдары Торғай облыстық кино кеңесін басқарды. Майдан мен бейбіт замандағы ерлігі мен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Отан соғысының I дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Кенисбергті алғаны үшін» медальдарымен және Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, бірнеше мерекелік медальмен марапатталған.
Дмитрий Брусник – XX ғасырдағы соғыс пен бейбіт еңбектің шынайы символына айналған тұлға. Қостанай облысы Урицкий ауданының Анновка селосында 1924 жылы 5 қарашада дүниеге келген. Бала кезінен тағдырдың ауыр сынын басынан өткерген ол әкеден де ерте айрылады. Сегіз жылдық мектепті тәмамдаған жас бозбала соғыс өрті тұтанғанда небәрі он жеті жаста еді.
1942 жылы мұғалімдерге арналған қысқа мерзімді курстан соң өзі сұранып майданға аттанады. Златоуст әскери училищесінде жарты жылдық дайындықтан өткен соң, 1098-атқыштар полкі құрамында Орталық және ІІ Белорусь майдандарына қатысады. Польшаның шекарасында екі аяғынан ауыр жарақат алады. Жас солдаттың бұл кезде жасы он сегізге де толмаған еді. Майдан даласынан ұшақпен Калугаға жеткізілген, ол жерде ота жасалып, Барнауылда ұзақ уақыт ем қабылдайды. Қимылсыз күйде ауруханада жатқан кезде уақытты бос өткізбей, өзге жаралы жауынгерлермен бірге бухгалтерлік курсты оқып бітіреді. Ол қайтадан майдан шебіне жіберілмейді. Жауға пулеметші взводының командирі болып аттанған ол майданнан рота командирі – капитан шенімен оралады.
Майданнан оралған соң да ол қайсар мінезімен көзге түсті. 1945 жылы туған ауылында ауылдық кеңестің төрағасы болып сайланып, жоғары білім алып, бухгалтер-экономист мамандығын игереді. Саяси-әлеуметтік қызметі де өрге домалайды. Өрік аудандық атқару комитетінің хатшысынан бастап, аудандық партия бөлімін басқарды. Алматыда партиялық курстардан өтіп, кейін МТС аймағы бойынша аудандық комитеттің хатшысы, Обаған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, әрі қарай Өрік аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етті.
Дмитрий Яковлевич Брусник 65 жыл бойы Қостанай облысының шаруашылық, партиялық және кәсіподақ жүйесінде тынымсыз қызмет атқарды. Қайта қалпына келтіру кезеңі мен тың игеру жылдарының куәгері ғана емес, сол дәуірдің еңбек майдангері ретінде есте қалды. Оның еңбегі мен ерлігі тиісті бағасын алды. II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, III дәрежелі «Даңқ» ордені, «Халықтар достастығы» ордені, үш рет «Еңбек Қызыл Ту» ордені және 22 медальмен марапатталды.
Брусник – Қостанай қаласының және Сарыкөл ауданының Құрметті азаматы. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің VIII және XII шақырылымдарының депутаты, сондай-ақ 1958 жылдан 1991 жылға дейін облыстық кеңестің депутаты және партиялық органдардың мүшесі болды. 1987 жылдан 2005 жылға дейін облыстық ардагерлер кеңесін басқарып, ақсақал ретінде ғана емес, өмірден түйгені көп кемеңгер, кейінгі ұрпаққа үлгі болар тұлға ретінде халық жадында қалды.
Иван Иванович Дьячков – бір ғасырға жуық ғұмырында майдан мен бейбіт еңбектің жүгін қатар көтеріп, тарих алдында елінің абыройын асырған азамат. Ол 1921 жылы 21 қыркүйекте Қостанай облысы Таран ауданының Оренбург ауылында дүниеге келді. Балалық шағы ауыл мектебінің табалдырығынан басталып, аудан орталығы Викторовкадағы орта біліммен жалғасты. Бұдан кейін Амангелді Иманов атындағы Қостанай мұғалімдер институтының бір жылдық педагогикалық курсын тәмамдап, туған өлкесінде ұстаздық жолын бастады. Бірақ бұл тыныш өмір ұзаққа созылмады. 1941 жылдың қарашасында Дьячков майданға аттанды. Жеке барлаушылар ротасының радиотелеграфшысы ретінде соғысқа кірген ол, кейін радиостансаның басшысы және байланыс ротасының комсомол ұйымдастырушысы болып қызмет етті. Артынша 4-ші Овруч гвардиялық әуе-десанттық дивизиясы құрамында жауға қарсы шықты. Курск түбіндегі қанды шайқастарда, Днепрден өтерде, Киев пен Овручты азат етуде, Корсунь-Шевченко шебінде, Батыс Украина мен Молдованы босатуда айрықша ерлік танытты. Төрт мәрте ауыр жараланды. Соғыстың соңғы кезеңінде мүгедектікке шығуға мәжбүр болды.
Майданнан кейін Иван Иванович бар ғұмырын ұстаздық пен қоғамдық жұмыстарға арнады. Қостанай мен Рудный қалаларында, Таран ауданында және партия органдарында еңбек етті. ССТБК-нің Сарбай руднигінің партком хатшысы қызметін атқара жүріп, кеншілердің алғашқы бау-бақша қоғамын құрып, кәсіподақ қозғалысына серпін берді. №1 Рудный техникалық училищесінің негізін қалап, 17 жыл бойы оны басқарды. Бұл оқу орны кейіннен аймақтың кәсіби техникалық білім беру флагманына айналды.
Иван Дьячков тек ұстаз ғана емес, шынайы шежіреші еді. Ол 1958 жылдан бастап Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Қаламы қолынан түспей, 70 жыл ішінде 716 прозалық және 300-ден астам поэтикалық шығармалар жазды. Оның туындылары өлке тарихын, соғыс жылдарындағы естеліктерді, рухани-мәдени болмысымызды зерделеуге арналды. Рудный, Таран, Павловка елді мекендерінде тарихи-өлкетану музейлерін ашып, ел жадын сақтауға өлшеусіз үлес қосты. Батырлығы мен еңбегі ескерусіз қалмады.
Иван Иванович Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ КСРО кәсіби техникалық білім беру үздігі, Қазақ КСР-нің дербес зейнеткері, ҚР Құрметті мәдениет қызметкері сияқты көптеген атақ-марапаттармен ұлықталды. Ол – Рудный қаласы мен Украинаның Черкасск облысы Лукашовка селосының Құрметті азаматы, Рудный музейінің Құрметті директоры. Сонымен қатар, «Қазына» меценаттар клубының лауреаты, облыстық және қалалық әдеби байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Облыстық «Боздақтар» редакциясының және Рудный қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде өмірінің соңғы кезеңінде де тарихи-мәдени зерттеулер жүргізіп, жастармен жиі кездесулер өткізіп тұрды. Ол – архивтік мұрағат пен халық жадын жалғаған алтын көпір.
Жүніс Мағауия Жүнісұлы – өмір жолы от пен суды кешіп, бейбіт күннің де, соғыс жылдарының да сынынан сүрінбей өткен ұлт азаматы. Ол 1919 жылы 11 ақпанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданына қарасты Борков елдімекенінің Әділбай ауылында дүниеге келген. Бала жастан білімге құштар Мағауия Жүнісұлы кейін Алматы қаласындағы №12 орта мектептің шәкірті атанды. Бұл жас жігіттің өмір жолындағы алғашқы үлкен белесі еді.
1941 жылдың соңында, соғыс өрті өршіп тұрған кезде ол өз қызметін Меңдіқара ауданындағы Тобыл ОМ директоры қызметін тастап, өз еркімен әскерге алынды. Ол кезде Жүніс Мағауия небәрі 22 жаста болатын.
Қатардағы жауынгер ретінде ол Челябі облысы Златоуст қаласындағы 776-ерекше атқыштар батальонында әскери борышын өтеді. Кейіннен 1942 жылдан бастап, 1945 жылға дейін соғыс өнеркәсібіне араласып, дәл осы батальон құрамындағы №66 әскери зауыттың 33-цехында техник болып еңбек етті. Майдан шебіндегі әскери техниканы құрастыру оқ пен оттың ортасындағы аса жауапты жұмыс еді. Мағауия Жүніс осы кезеңде тек сарбаз ғана емес, техника саласын меңгерген білікті маманға айналды.
Жеңіспен елге оралған ол 26 жыл бойы Қостанай қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, туған қаласының экономикалық, мәдени және әлеуметтік даму жолында елеулі үлес қосты. Оның есімі халық арасында абыроймен аталды, себебі ол тек басшы емес, шын мәнінде ел мұңын, халық талабын түсіне білген азамат еді. Жүніс Мағауия Жүнісұлының қалалық кеңеске 30 жыл бойы қатарынан депутат болып сайлануы да оның ел алдындағы беделі мен сенімінің айқын көрінісі. Ол бірнеше мәрте облыстық кеңес депутаты да болды.
Отан алдындағы ерлігі мен ел алдындағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, сондай-ақ Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ХШЖЖ) үлкен күміс медалімен марапатталды. Сондай-ақ оған «Қостанай қаласының Құрметті азаматы», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» деген құрметті атақтар берілді. Бұл марапаттар – оның тек қызметтегі емес, адамгершілік қасиеттерінің де биіктігін танытады. Көп оқитын, терең ойлайтын Мағауия Жүнісұлының үйінде үлкен кітапханасы бар, шахмат пен бильярд ойнауды ұнатты. Жұбайы Зайра Нұрғазықызымен бірге үш перзент тәрбиелеп өсірді. Балалары елдің түрлі саласында абыройлы қызмет атқарған азаматтар. Бірі – дәрігер, бірі – инженер-электрик, үшіншісі – Қостанай қаласының бас сәулетшісі.
Жүнісбеков Молдағали Жүнісбекұлы – отты жылдарда туған елін жаудан қорғаған жауынгерлердің бірі. Туған елінің тағдырын өз тағдырына айналдырған, майдан мен бейбіт өмірде де бірдей еңбек еткен азаматтың өмірі тұтас ұрпаққа үлгі. Молдағали Жүнісбекұлы 1918 жылы 1 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Таран ауданындағы Маңатыз ауылында дүниеге келген. Әкесі екі жасында дүниеден өтеді. Анасы сегіз баламен жесір қалып, ашаршылық пен жоқшылықтың қасіретін кешіп, балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп өсіреді. Анасы жүрек дертіне шалдығып, 1933 жылы өмірден озғанда Молдағали бар-жоғы 15 жаста еді.
Жасынан алғыр, зерек Молдағали Қостанай қаласындағы Казпедучилищеде білім алып, мұғалімдік жолға түседі. Бірақ оқушы тәрбиелемек болған бозбаланың өмірі кенет өзгеріп, тарихтың тағы бір қанды белесіне тап келді. 1941 жылдың маусымында Ұлы Отан соғысы басталғанда Молдағали Жүнісбекұлы Қызыл армия қатарына шақырылады. Белоруссия орманында орналасқан полктың құрамында жүргенде неміс әскерінің алғашқы шабуылына ұшырайды. Қолда қару жоқ, күйреу, абыржу, аласапыран… Осындай ауыр сәтте Молдағали майдан шебінен шығып, бейберекет шегініс үстінде қару тауып, ұрысқа кіріседі. Орша маңында ауыр жараланып, Белорусьтің 17 жасар қызы қан құйып, аман алып қалады. Бұл оның майдандағы алғашқы естелігі болатын.
Жарақатынан соң Орынбордағы госпитальде емделіп, қайта майданға аттанады. Бұл жолы – Внуководан парашют-десант ретінде. Генерал-полковник Глаголов басқарған арнайы құрамда дайындықтан өтіп, жау тылына бірнеше мәрте түсіріледі. Ол Будапешт, Вена, Прага қалаларын азат етуге қатысқан. Үш мәрте жараланып, майдан даласынан гвардия аға лейтенанты шенімен елге оралды.
1945 жылдың соңында Молдағали Жүнісбекұлы туған өлкесіне оралып, бейбіт еңбекке бел шеше кіріседі. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Қостанай, Қарасу аудандарында партия, кеңес органдарында түрлі жауапты қызметтер атқарады. «Диев» совхозында партком хатшысы, кейін агроном болады. Еңбек жолында да ерлік пен адалдықты ту етіп, халық сенімін ақтай білді. Ол Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, жиырмадан астам медальмен марапатталған.
Есімтаев Қайырбек Есімтайұлы – майдангер, ұстаз, қоғам қайраткері. Ол 1925 жылы 15 қазанда Қостанай облысы Семиозер ауданындағы Кондратьевка ауылында дүниеге келді. Жас күнінен еңбекке ерте араласқан. 15 жасында-ақ Кондратьевка бастауыш мектебінде ұстаздық етті. Бірақ бозбалалық шағы ел басына күн туған жылдарға тұспа-тұс келді. 1943 жылдың қаңтарында 18 жасар Қайырбек Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Тюменьдегі жаяу әскер училищесінде әскери дайындықтан өтті.
Сол жылы оның соғыс жолы басталды. Алғашқы шайқасы – тарихқа «Курск иініндегі шайқас» деген атпен енген қанды майдан. Артиллериялық бөлімше командирі ретінде Белорусь, Латвия, Литва, Польша мен Шығыс Пруссия жерінде неміс басқыншыларымен кескілескен ұрыстарға қатысты. Сол иығынан жараланып, майдан даласының тауқыметін де, жауынгерлік рухын да басынан өткерді. Оған берілген Отан соғысы ордендері, Еңбек даңқы, «Құрмет белгісі» ордендері оның елге, Отанға сіңірген ерен еңбегінің айғағы.
Соғыстан соң Қайырбек Есімтаев еліне оралып, ұстаздық жолды жалғастырды. 1949 жылы Меңдіқара педагогикалық училищесін, 1958 жылы Қазақстан КП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін, 1961 жылы Целиноград ауыл шаруашылық институты жанындағы совхоз директорларын даярлайтын институтты аяқтаған.
Ол тек білім жолымен шектеліп қалмай, халық шаруашылығын өркендетуге, ауыл ұйымдастыруына, мәдениет саласының дамуына күш салды. Қостанай облысының Наурызым ауданында партия ұйымдастырушысы, совхоз директоры, мәдениет бөлімінің басшысы секілді жауапты қызметтер атқарып, көптеген бастамалардың ұйытқысы болды. Оның бастамасымен құрылған «1-ая Семилетка» совхозы – соғыстан кейінгі ауыл дамуының жарқын үлгілерінің бірі болды.
Қайырбек Есімтаев бірнеше рет облыстық және аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Жергілікті басқару мен халық мүддесін үйлестіру жолында көптің сеніміне ие болды. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандарды даярлауға қосқан үлесі өз алдына бір тарих. Ол ұйымдастырған және басшылық еткен ұжымдар сол жылдары өндірістік, мәдени және әлеуметтік бағыттар бойынша алдыңғы қатарда болды. Ардагердің өмірлік серігі Салима Аңсағанқызымен бірге он бала тәрбиелеп өсірді.
Маманов Хажи Құснетұлы – майдангер ғана емес, бейбіт өмірдің де шынайы сарбазы. Қостанай топырағында туып, туған жердің тынысына тұтас ғұмырын арнаған тұлғалардың бірі. Ол 1926 жылы 14 қазанда Меңдіқара ауданының Төлеңгіт ауылында дүниеге келген. Әкесі Құснет пен анасы Сара – еңбекпен өмір сүрген қарапайым жандар. 1934 жылы мектеп табалдырығын аттап, Төлеңгіт пен Көктерек ауылдарының жетіжылдық білімін тәмамдайды. Бірақ мектеп партасынан майдан шебіне тағдырлы ауысым басталды. 1944 жылы әскерге шақырылып, Орал әскери округінің құрамында үш айлық даярлықтан өткен соң, 65-ші Армияның 69-атқыштар дивизиясы құрамында майдан даласына аттанды. Ол Польшаны азат ету, Одер өзенінен өту, Шығыс Пруссия жеріндегі қанды шайқастарда ерлікпен шайқасты. Ұлы Жеңіс күнін Балтық теңізінің жағалауында қарсы алғанын өзі еске алғанда, жеңістің құны мен салмағы көңілін тербететін. Майдангерлердің арасында шыңдалған ол соғыстан кейін де Германия мен Польшаның аумағында Кеңес әскерінің құрамында болып, 1948 жылы еліне оралады.
Майдангердің азаматтық өмірі де майдандағы ерлікпен пара-пар. 1948 жылдың шілдесінен бастап Меңдіқара аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметіне кірісті. Аз ғана уақыт ішінде қоғамға пайдалы, елге сыйлы, еңбекқор маман ретінде көзге түсті. 1953 жылы облыстық атқару комитетінің төрағасының көмекшісі, кейінірек Жангелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Урицкий аудандық атқару комитетінің төрағасы, «Қостанайасбест» комбинаты мен Ленин аудандық халықтық бақылау комитетінің басшысы сынды түрлі жауапты қызметтерді атқарды.
Хажи аға партиялық және кеңестік құрылымдардың бел ортасында жүріп, жоғары білімді де қатар алып жүрді. Меңдіқара педагогикалық училищесін, Талғар ауыл шаруашылық техникумын және Алматы жоғары партия мектебін аяқтады. Оның қоғамдық және басқарушылық салалардағы еңбегі Қостанай облысының дамуында ерекше із қалдырды.
Хажи Құснетұлының кеудесіне тағылған ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, екі мәрте берілген «Құрмет белгісі» ордені, «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін», «Г.К. Жуков», «Тың игеру», «Ерен еңбегі үшін», КСРО ХШЖК-нің күміс медалі секілді ондаған медаль оның ерлігі мен еңбегінің айғағы.
Сонымен бірге, ол бірнеше шақырылымда облыстық және аудандық кеңес депутаты, партия комитеттерінің мүшесі ретінде ел сенімін ақтады. Ардагерлер ұйымдарының жұмысына белсене араласты. 2006 жылдан бастап облыстық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі болып, кейінгі ұрпақпен кездесулер өткізіп, Жеңістің тарихи маңызы, ел Тәуелсіздігі жөнінде жиі ой қозғап, үлгі көрсетіп жүрді.
Подоляков Михаил Иванович – тағдырын Отан қорғауға және ел іргесін нығайтуға арнаған тұлға. Михаил Иванович 1926 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 1942 жыл. Ол кезде небәрі 16 жастағы бозбала әскери комиссариаттан өте алмас еді. Бірақ жүрегі соғыстың от-жалынында қайнап жатқан елдің үнімен бірге дүрсілдеді. Әкесі мен ағасы майданда болатын. Ал әкесіне қарақағаз келгені оның бала жүрегіне өшпестей із қалдырған. Достарымен ақылдаса келіп, әскери эшелонға «жолай» мініп, құжатты тізімде өз жасын бір жасқа үлкейтіп жазады. Осылайша ол майдан даласына өз еркімен аттанады. Бұл – ерлік пен өрліктің бастауы еді.
Алғашқы соғыс жолын ол Чапаев қолына ұқсас «Максим» пулеметін арқалап бастады. Пулеметтің салмағы өзінен ауыр болса да, Михаил Иванович жаяу әскермен бірге қан кешті. Қолы жараланып, госпитальға түсті. Кейін танк бөлімшесіне ауыстырылып, аты аңызға айналған Т-34 танкісінің оқтаушысы болды. Курск доғасындағы шайқастар, Прохоров түбіндегі қиян-кескі ұрыс – Михаил Ивановичтің майдандағы нағыз шыңдалу мектебі болды. Бір шайқаста танк мұнарасы командирімен бірге жұлынып түсіп, өзі механик-жүргізушімен бірге тірі қалған. Бұл – нағыз ажалдан аман қалған сәт еді.
1944 жылдың ақпанында Корсунь-Шевченко операциясы кезінде танкінің жүру бөлігі істен шығып, экипаж автоматпен атысуға мәжбүр болады. Қатты жарақат алып, госпитальде есін жияды. Бұл кезде анасына қарақағаз жолданып үлгерген екен. Сол қаралы хатқа жауап келіп, ұлы тірі екенін білгендегі ананың қуанышын ешбір сөзбен сипаттау қиын.
Соғыс аяқталған соң Михаил Подоляков әскери танк училищесін бітіріп, кіші лейтенант шенінде Германияда қызмет етті. 1948 жылы әскерден босап, бейбіт еңбекке кірісті. 30 жылдан астам уақыт Қостанай облыстық статистика басқармасында жұмыс істеп, оның ішінде 1962–1992 жылдар аралығында басқарма басшысы қызметін атқарды.
Ол екі жоғары оқу орнын бітіріп, мемлекеттік қызмет саласында жауапты жұмыстар атқарды. Еңбек жолы – адалдық пен тиянақтылықтың үлгісі. Ұзақ жылдар бойы облыстық кеңестің депутаты, партия комитетінің мүшесі болды. Қоғамдық қызметте де белсенділік танытты.
Михаил Ивановичтің кеудесінде соғыстағы ерлігі мен бейбіт күндегі қажырлы еңбегінің айғағындай бір емес, бірнеше орден мен медаль жарқырайды. Атап айтқанда, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, Еңбек Қызыл Ту, екі «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордені, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің үш Құрмет грамотасы, сондай-ақ 16 түрлі медаль – бұл оның халық алдындағы ерен еңбегінің куәсі.