Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жоралғылы жорық

1641
Жоралғылы жорық - e-history.kz
Еркiндiкке қолымыз жеткен тұста, тәуелсiздiгiмiздiң баянды болуы үшiн хан Кененiң сүйегiн тауып, арулап жерлеу елдiк мұрат болуға тиiс

Бiз Мәскеу қаласына қайтып келген соң, ең алдымен Мемлекеттiк Әскери-тарихи мұрағатқа бардық. Оған кiру қиынға соққан жоқ. Тиiстi құжаттарымызды көрген соң, мұрағат басшылығы сөзге келместен рұқсат еттi. Бiз онда он бес күндей отырып, табандап жұмыс iстедiк. Хан Кенеге байланысты тарихи құжаттар баршылық екен. Орынбор генерал-губернаторы Обручев пен Батыс Сiбiр генерал-губернаторы Горчаков мырзалар Кенесары ханның әр қадамы туралы Әскери министр Чернышевке есеп берiп отырыпты. Осынау тарихи құжаттарды ақтарыстырып отырып, жүрегi түктi бабамыз олардың түнде түстерiнен, күндiз ойларынан шықпағанын анық байқауға болады. Кенесарының көзiн құртудың түрлi айла-шарғыларын жасаған, ойластырған. Чернышев бұйрық-хат жiберуден жалықпапты, ал Горчаков пен Обручев тау қопарып, тас жарып жатқандай көрiнуге тырысқан. Қулықтарына құрық бойламайтын олар Кенесары ауылына ұдайы тыңшылар жiберiп отырған. Олардың да ақпарлары жетерлiк. Ханның түрлi дәрежедегi патша шенеунiктерiне жазған хаттары да осында сақтаулы тұр. Осыншама мол құжаттың iшiнен бiзге керек бiр дерек табылмағанына iштей құлазып қалдық. Тағы да тек қана ой қармауға тура келдi. 

Кенесары ханның 1838 жылы I Николайға жазған мына бiр хаты да түрлi ойларға жетелейдi. Ол қандай хат, несiмен құнды?.. Жас ұрпақтың құлағына сiңiстi бола берсiн бабасының не үшiн қолына қару алғаны. Түсiнсiн, түйсiнсiн, зерделесiн, ой түйсiн, өзiнше байлам жасасын... 

8658f198bc80d69b42b4dccff0bd184e.jpg

«...Сiздiң бабаларыңыз патшалық еткен тұс пен менiң бабам Абылай хандығы кезiнде халық арасында тыныштық пен сабырлық болып, ол екi тараптан да бұзылған емес. Екi жақ та түсiнiстiк жағдайда сауда-саттық жүргiзген, оны ешкiм де бұзған емес. Сонымен қатар бiздiң адамдарға салық та салынбайтын. Соңғы кездерi олай болмай отыр. Өйткенi бiздiң халқымыздан салық алынып, оларға әр түрлi қысымдар көрсетiлуде. Бiр кездегi бейбiтшiлiк туралы трактатты бұзған Сiздiң кiшi лауазымды өкiлдерiңiз Сiзге бүкiл қазақ халқы Ресей бодандығына енген деп жалған мәлiмет берiп отыр. Менiң марқұм Абылай бабам билеген хандықтың орнына сегiз дуан құрылған. Бұл – бiздiң халық үшiн шексiз қасiреттi жай, әсiресе салынған салық ауыр тиiп тұр. Бiздiң бүкiл қазақ халқы мұншалықты қысым мен қиындық көрмеген едi. Сондықтан, құрметтi Ұлы билеушi, Сiзден бiздiң даламыздағы сегiз округтi және өзге де құрылымдарды жоюды сұраймыз. Сөйтiп, даламыздағы жағдайды бұрынғы қалпында қалдырсаңыз екен. 

Сiзге деген сенiммен өз мөрiн басушы – Кенесары Қасымов». 

* * *

Ендiгi бiр үмiт Ресей Сыртқы iстер министрлiгiнiң мұрағатында болатын. Тым құрыса бiр дерек табылып қала ма деген соқыр үмiт қой баяғы. Оған да бардық. Бiрақ кiргiзбедi. Рұқсат етпедi. Кiре алмадық. 

– Бiздiң архивке кiру үшiн екi апта күтуге тура келедi. Сiздердiң берген өтiнiштерiңiздi бiздiң арнаулы комиссия қарайды. Комиссия рұқсат етсе, екi аптадан кейiн кiре аласыздар, ал рұқсат етпесе, келген iздерiңiзбен керi қайтасыздар. Бұл - бұлжымас заң. Бiзге ешкiмнiң де бұйрығы жүрмейдi. Ал мына қағаздарыңыз бiзге жарамайды. Бiздiң архивтiң атына жеке хат керек. Онсыз бiз сiздердiң өтiнiштерiңiздi қабылдамаймыз. Оның үстiне бiздiң архив 1 тамыздан бастап бiр айға жабылады, – дедi архив басшылығы мән-жайды толық түсiндiрiп. 

* * * 

Сол баяғы намыс атты алып күштiң жетегiмен Ленин атындағы Мемлекеттiк кiтапханаға да бардық. Кiтапхана басшылары жылы сөйлестi. Бiр айға рұқсат қағаз да жазып бердi. Бiрақ, өкiнiштiсi сол, астыңғы қоймаларда жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп жатқандықтан кiтаптарға тапсырыс беруге ешқандай мүмкiндiк болмады. 

* * * 

«Суға кеткен тал қармайдының» кебiмен II Николайдың бас сүйегiн тапқан Никитин деген антропологты тауып алып, ақыл-кеңес сұрайық деген оймен, оны iздестiре бастадық. Осы мақсатпен Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң Антропология институты мен мұражайына бардық. Сонда мұражай меңгерушiсi болып қызмет iстейтiн Светлана Ефимова атты антрополог келiншекпен кездесiп, ақыл-кеңес сұрадық. Қас-қабағы ашық, иманжүздi адам екен. Әңгiмелесе отырып, бiраз жайттың шетiн шығарды: 

– Никитин қазiр қалада жоқ. Келген соң мен одан жайлап сыр суыртпақтап көрейiн. Менiң ойымша, ханның бас сүйегi КГБ-нiң арнаулы қоймасында болуы мүмкiн. Гитлердiң басы содан табылды ғой. Бұндай арнаулы қойма Iшкi iстер министрлiгiнде де бар. Оларда болса Никитин бiлуге тиiс. Өйткенi ол қоймаларға кiрiп, жұмыс iстеуге соның ғана рұқсаты бар. Тағы бiр нәрсе айтайын, кезiнде көрмеге қойылған бас сүйектердiң тiзiмi көрсетiлген төрт томдық еңбек бар. Онда Ресей мәдени мекемелерiндегi көрме залдарына қойылған бас сүйектер толық қамтылған. Мүмкiн, содан бiр дерек табылып қалар. Ол кiтап бiздiң кiтапханада бар. Бiрақ қазiр ол жабық. Кейiнiрек келетiн болсаңыздар, асықпай қарап шығуларыңызға болады. Айтпақшы, II Николайдың сүйегi де әупiрiмдеп әрең табылған жоқ па?! Оның өзiнде де әр түрлi нұсқалар болды. Отыз түрлi жорамал айтылды. Бiреулер Николайдың мүрдесiн көмген десе, ендi бiреулер керосин құйып өртеп жiберген дестi. Ал үшiншi бiреулер денесi бiр бөлек, басы бiр бөлек көмiлгенiн тiлдерiне тиек еттi. Солардың бәрiн екшей келе, зерттеу һәм қазба жұмыстарын жүргiзу барысында әйтеуiр тапты ғой. Англияда экспертиза жасалды. Табылған бас сүйектердiң бәрi анықталды. Тек Николайдың бас сүйегi туралы дау-дамай әлi басылмай тұр. Өйткенi оның бас сүйегiн компьютерге салғанда сәл-пәл айырмашылықтар байқалған. Өзiнiң суреттегi басы мен табылған баста өзгешелiктер бiлiнген. Сондықтан бұл оңай шаруа емес, үлкен жұмыс керек, iздену керек. Менiң ойымша, жақсылап iздесеңiздер, Кенесары ханның бас сүйегi де табылуы әбден мүмкiн. Өйткенi шыққан iз бен кеткен iз бар ғой... 

* * * 

Бiз осыдан кейiн Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институтына барып, осы сапарда бiздiң Ресейдегi басты ақылшымыз болған профессор Нәйлә Бекмахановамен жолығып, ашық пiкiрлестiк. 

– Менiң мамандығым – тарихшы. Саналы ғұмырымды тарихты зерттеуге арнап келемiн. Көбiрек қаузайтыным – орыс-қазақ қарым-қатынасы. Оның iшiнде ХIХ ғасыр. Сондықтан бұл мәселелер маған жақсы таныс. Ресей архивтерiндегi Гасфордқа, Горчаковқа, Кенесары ханға қатысты құжаттардың барлығын қарап шықтым десем болады. Әрине, оларға байланысты құжаттар көп. Гасфордтың жеке қоры Омбы архивiнде, ал Горчаковтiкi осындағы Сыртқы iстер министрлiгiнiң архивiнде. Мен архивте ұзақ отырған адаммын. Бiрақ менiң көзiме Хан Кененiң бас сүйегi туралы дерек түсе қоймады. Егер түссе мен оны ұмытпайтын едiм. Әкемнiң жеке архивi де менiң қолымда екенiн айттым ғой. Сiздерге бiр пайдам тиiп қала ма деп оны да қарап шықтым. Бас сүйек туралы ештеңе таба алмадым. Бұл шаруаның басы қайырылса, әкемнiң аруағы да бiр аунап түсер едi. Әкемнiң еңбегiне соңғы нүкте қойылған болар едi. Сондықтан, егер мен сiздерге қажет болып жатсам, кез келген уақытта хабарласыңыздар. Қолдан келер жәрдемiм болса, аянбаспын! Ел-жұртқа сәлем айта барыңыздар!.. 

* * * 

Бiздiң ресмилеу тiлмен айтсақ, Кенесары ханның бас сүйегiн iздестiру мақсатында құрылған алғашқы топтың алғашқы сапары осымен аяқталды да, ертеңiнде Алматыға ұшақпен ұшып келдiк. Келе сала осы iске ұйытқы болып, демеушiлiк жасап жүрген ұлтжанды азамат Қайрат Сатыбалдыұлы Назарбаевпен кездестiк. Қайда бардық, не iстедiк, не көрдiк – бәрiн айттық. Сөзiмiздi бөлген жоқ, зейiн қоя тыңдады. Бiраз үнсiз отырды да, сәлден соң: 

– Әу баста-ақ бұның оңай шаруа емес екенiн бiлгем. Мұның бiр сапармен бiтпесiн де сезгем. Тағы да жолға шығып қаларсыздар. Тағы да iздестiрермiз. Әлi де үмiт бар... Бұл – киелi іс, қасиеттi шаруа. Сондықтан орта жолда тайқып кетуге болмайды. Бар болса табуға тырысамыз, ал «жоққа жүйрiк жетпесi» бәрiңiзге белгiлi. Бұл мәселемен әлi талай ақылдасармыз. Тағы да бiрден Мәскеу мен Санкт-Петербургке бару керек пе, жоқ, әлде Омбы арқылы iзге түсу керек пе? Оны да ақылдасармыз, – дедi сөз аяғында Қайрат Сатыбалдыұлы. 

f1e965d5bc9b3c9ff5013fd2bc3e0f6b.jpg

Ендеше, бұл iстiң жалғасатынына, хан сүйегiн iздестiру жұмыстары әлi де жүргiзiлетiнiне сенiм мол. Қазақ халқы барда, Қазақ елi барда, Қайрат сияқты ұлтын сүйер ұлдар барда бұл iс орта жолда қалмақ емес. Өйткенi Кенесары бабамыз өзiнiң қара басының қамын емес, елiнiң еркiндiгiн ойлап атқа қонған жоқ па?! Жұртының тыныштығын, елiнiң амандығын, жерiнiң тұтастығын ойлады. Осы ұлы жолда ештеңеден тайынған жоқ. Барын да, басын да, қойнындағы қатынын да, бауыр етi баласын да бәйгеге тiктi... 

...Ендеше, еркiндiкке қолымыз жеткен тұста, тәуелсiздiгiмiздiң баянды болуы үшiн хан Кененiң сүйегiн тауып, арулап жерлеу елдiк мұрат болуға тиiс!.. Бұл – ел алдындағы үлкен мiндет, ұлы жүк! 

Думан Рамазан, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

2000 жыл

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?