Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның мерейтойына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды

2067
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның мерейтойына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды - e-history.kz
Ал біздің алдымызда Ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның мұраларын насихаттау үшін тынымсыз іс-шаралар ұйымдастыру, жас ұрпаққа Алаш аманатын ұғындыру мақсаты тұр

Биыл ЮНЕСКО Бас конференциясының №38 Қарарына сәйкес Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын өткізу аталмыш ұйымның Атаулы күндер Күнтізбесіне енгізілген болатын. Енді жаһан жұртшылығының назары бізге ауып отыр. Ал біздің алдымызда Ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның мұраларын насихаттау үшін тынымсыз іс-шаралар ұйымдастыру, жас ұрпаққа Алаш аманатын ұғындыру мақсаты тұр. 

Осы орайда 31 наурыз күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханада (Астана) «Әлихан Бөкейхан және ұлт руханияты» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға «Алаш» ғылыми зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы, «Отырар кітапханасы» ғылыми зерттеу орталығының директоры, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Данагүл Махат, ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбай, жазушы Табыл Құлыяс, Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік тарих институтынан Күлпаш Ілиясова, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы – Қайырбек Кемеңгер сияқты алаштанушылар және БАҚ өкілдері қатысты. 

Сонымен қатар, «Алаш қозғалысының көсемі» тақырыбында кітаптар көрмесі және суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабайдың «Алаш ардақтыларына мың тағзым» атты картиналар көрмесі ұйымдастырылды. Сұлтан Хан Аққұлұлының үш тілде жарық көрген «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan» Алихан Букейхан» атты зерттеу кітабы кітапханаға сыйға тартылды. 

Тұрсын Жұртбай: 

«Әлихан Бөкейхан – энциклопедист, мықты экономист, статист ғалым. Ол ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алды, өндіріс орындарын ашуды көздеді. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар қашан өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді. Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет қылуы керек. Ә. Бөкейхановтың айтуынша, оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек болатын. Әлиханның жобасы бойынша қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек» еді. Яғни, қазақтар толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді». 


Шерубай Құрманбайұлы: 

«Құдайға шүкір, Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды. Кешегі «Халық жауы» атанған Алаш арыстарының ақталғанына да жарты ғасырға жуықтап келе жатыр... Ал біз, Алаш арыстарын жоқтаушылар, зерттеушілер Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның академиялық толық жинақтарын шығаруды қашан қолға аламыз?! Осылай жүре береміз бе?! Ең бірінші Әлихан не жазды, не қойды, бәрін толық жинауымыз керек. Оған қанша жыл керек? Он жыл ма, жиырма жыл ма?!. Академиялық жинақтың өзі дайын болмаған соң, не айтуға болады? 

Әлихан – ұлт тағдырын қолында ұстаған көсем. Естеріңізде болсын, ол 1905 жылдары тіл саясатын ең бірінші көтерген азамат. Мектептерде оқыту жұмысы, сот істерінде іс барысы, кеңселерде іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілу керек деген». 

Сұлтан Хан Аққұлұлы: 

«Кезінде Алаш қайраткерлеріне «Жапон тыңшысы» деген жала жабылды. Мұның себебі Әлихан Еуропа елдерінің қалай дамығанын зерттеді, Батыс жұртының дамуына терең үңілді. Жапон елінің өркендеу бағытына көз жіберді. Қазақстанды 20-25 жылдың ішінде сол Жапониядай ғылым мен білімге сүйенген қуатты елге айналдыруды армандап қана қоймай, жоспар құрды. Мәселен, Қытай үкіметі баяғыда мемлекеттік қызметке аларда кез келген болашақ шенеуніктен мемлекет тарихы жөнінде емтихан алатын болған. Соған қарап қызметке алатын болған екен. Бұл да сол сияқты, Әлихан Алаш армиясы білімді болуы керек деп есептеді. Қазақтың әр баласының ес білгеннен бастап білім нұрына шомылу керектігін айтып, Ахметтерге тікелей тапсырма берді. Оқулықтар жаздырды. Осының бәрі Әлихан Бөкейханның қазақ деп соққан жүрегінен, білімінен ғана емес, мінезінен еді. 

Әлихан қазақ халқының тек білімді ғана емес, сонымен қатар, бай мемлекет тұрғындары болуын көкседі. Дания мемлекетінің кедейшіліктен 21 жыл ішінде қалай аяқтан тұрғанына қараңдар деді. Шынында да, 1879 жылдардағы Дания мал шаруашылығы жөнінен дамымаған арттағы ел еді, 1900 жылдары мал шаруашылығын дамытып, өзін өзі қамтамасыз қылып, кедейшіліктен құтылды. Тығырықтан шығудың төте жолдарын көрсеткен сол Әлихан Бөкейхандай Ұлт көсемінің артында қалған мұраларының бүгінгі күні 95 проценті дайын тұр, яғни, 17-18 томы баспаға дайын. 

Егер осының бәрін Әлихан Бөкейханның 150 жылдығында не келесі жылы өтетін Алаш автономиясының 100 жылдығында шығара алмасақ, елдігімізге сын, ағайын! Сөздің шыны керек, кітап шығару үшін бармаған еріміз жоқ, баспаған жеріміз жоқ, қолдарыңыздағы бір томдық кітапты жеке адамдардың қаржысы арқылы шығарған болатынбыз. Атап айтар болсам, «Ер Жәнібек» қорының Президенті Жеңіс Түркия деген азамат көмектесті. Ол кісіге Алланың нұры жаусын!» 

Данагүл Махат: 

«Әлихан Бөкейхан – өте үлкен масштабтағы тұлға. Ол – әдебиет, тарих зерттеушісі. Статистика саласы, экономика саласы бойынша жазды. Осы туралы зерттеулер жүргізуіміз керек. Бүгінгі оқу құралдарына енгізуіміз керек». 

Қайырбек Кемеңгер: 

«Неге біз Әлихан Бөкейханды Ұлт көсемі демеуіміз керек, деуге толық құқымыз бар. Өйткені, бүгінгі тілмен айтқанда, сол заманның премьер-министрі араласпаған ұлт проблемасы жоқ. Сол кезде-ақ мемлекетіміздің шекара мәселесі реттелді. Егер, ол және оның қасында топтасқан Алаш қызметшілері осы іске белсене кіріспегенде, біз бүгінгі ұлан-ғайыр жерімізге ие болып отырмас едік». 

Елдос Тоқтарбай: 

«Алаш арыстарына ғашық болу дегеніңіз – олардың ізгі рухына, асқан адамгершілік асыл қасиеттеріне сүйсініп, шетсіз-шексіз сүю. Әрбір бүгінгі жас буынның үлгі тұтар идеал, кумирі осы Алаш арыстары болса екен... Ол үшін де кең көлемде насихат керек қой. Ал, бұл бағытта Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы қарсаңында әзірге «айтарлықтай тірліктер атқарылып жатыр» деп ауыз толтырып ештеңе де айта алмаймыз». 

Толғанай Насихатқызы, «Мирас» ұлттық университетінің 1-курс студенті: 

«Өзгерді бүгінде кешегі ел, 

Өзіңдей керек бір көшелі ер. 

Алаш деп ұрандап жатпасақ, 

Рухсыз қазақты кеше гөр!..»

Бауыржан Берікұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?