Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сыр өңірі жайлы орта ғасырлық деректер

1754
Сыр өңірі жайлы орта ғасырлық деректер - e-history.kz

Сыр бойы бүкіл орта ғасырларда Қазақстандағы қала мәдениетінің және суармалы жерлердің орталығы болды.  Оның жағасында орналасқан Отырар, Сауран, Ясы, Сығанақ, Үзкент, Дженд және басқа да ондаған қалалар мен елді мекендер жағалаудағы жерлерді белсенді игерудің дәлелі еді.  Сырдария алқабы, өзеннің осы өлке халқының өміріндегі рөлі мен маңызын ортағасырлық авторлар өз еңбектерінде де сипаттап өтеді. 

Рузбихан Сырдария туралы былай деп жазған еді. «…Сырдың бойымен әртүрлі азықтық шөптер мен қамыстар көптеп өседі.  Егістіктерді суару үшін дариядан көптеген арықтар шығарылды.  Сырдария сияқты пайдасы көп өзен әлемнің ешбір елінде жоқ; жағалай өсетін қалың шөптер мен жабайы құстардың көптігі үшін оған тең келері жоқ;  ол жан-жануарлар мен аңдар үшін өте пайдалы... Жағалауда түрлі-түсті бояуға малынған, сан түрлі қауырсынды аңдар, ақбөкендер және тағы басқалары мекендейді, тіпті жел мен рух өтпейтін ормандар, аршалар өседі.  Сырдария өзінің жағасындағы биік ағаштардай көкке созылған Түркістан қалаларының арасында ағып жатыр».

Орта Азияның көшпелілер мен отырықшы егіншілік аймақтарының ұлан-ғайыр далаларының түйіскен жерінде орналасқан Сырдария мал шаруашылығы мен егіншілермен экономикалық және саяси байланысы бар, ежелден дамыған егіншілік пен сауданың, қолөнер мен мәдениеттің орталығы болды. 

Сыр бойы қалалары – Сырдария өзенінің бойында – оның орта ағысында орналасқан Оңтүстік Қазақстан мен Мавераннахрдағы қалалар тобы.  Бұл қалалар Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, ірі мәдени және сауда орталықтары ретінде стратегиялық маңыздылыққа ие болған.

Ғалым  Е.Э. Бертельстің «Орта Азия халықтары тарихын олардың бәріне ортақ ертедегі жазу-сызулардан, әдеби нұсқалардан бастап іздестіру қажет... 

IX ғасырда негізгі әдеби тіл араб тілі болса, оның орнын X ғасырда парсы тілі басқан. Араб тілі тек ғылым мен дін саласында сақталып қалды. Кейін, X ғасырда парсы тілі ғылымға да енді. Ал әдебиеттегі үшінші ағайыны – түркі системасындағы әр түрлі тілдер қосылды. Бірақ бұлар үш түрлі әдебиет емес, үш түрлі тілді пайдаланған бір ғана әдебиет еді», - деген сөзіне мән бере отырып, орта ғасырларда маңыздылығы жоғары Сыр бойындағы қалалар туралы алдымен, араб тілінде жазылған деректерге салыстырмалы анализ жүргізуге талпыныс жасасақ.

Негізге алынған деректердің қатарында әл-Макдиси, әл-Истахри, Ибн Хаукаль, әл-Табари, әл-Масуди, ибн Хордадбек, әл-Идриси және тағы да басқа ғұламалардың еңбектерінің маңыздылығына назар аударуымызға болады.

Осы деректерге қарағанда IX – XIII ғасырдың басында бұл өлкеде қала мәдениетінің жалпы өрлеуі байқалады. Бұл үдерістерге қала тұрғындарының арасында түріктер деп қарлұқтардың, оғыздардың, қимақтар мен қыпшақтардың қалаларын сипаттайтын жазба деректер ғана емес, сонымен қатар жаңа археологиялық материалдар да Жетісудың солтүстік-шығысындағы, Сыр бойы аймақтарындағы қала мәдениеті ошақтарының қалыптасуы, Оңтүстік Қазақстанда жаңа үлгідегі үйлердің және Іле алқабындағы аймақта киіз үйлердің пайда болуы;  көшпелі қыш бұйымдар, және тағы басқалары дәлел бола алады.

Шығыс авторларының, батыс саяхатшыларының, миссионерлерінің қолда бар жазбалары дала қалаларының сауда қатынастарындағы рөлі мен олардың жүйелілігі туралы айтуға мүмкіндік береді.  Шынында да, қазақтар мен көршілес халықтар арасындағы сауда-саттық, тіпті толқулар мен соғыстар кезінде де үзіліссіз жалғасып отырды, бірақ соңғы жағдайлар оның дамуына үлкен кедергі келтіріп тұрған. Араб тілді деректердің авторлары жалпы қалаларға тоқталып өтіп, олардың табиғатын, географиялық ерекшеліктерін, этникалық тарихы бойынша мәліметтерін де ұсынып отырған болатын.

Жалпы, Сырдария қалаларының көшпелілер мен отырықшы дүниелер арасындағы шекарадағы орнының ерекшелігі бүкіл өлкенің экономикасында да, саяси тарихында да көрініс тапқан. Сырдария қалалары мен бүкіл өлкенің Дешті Қыпшақ халқының өміріндегі зор экономикалық, саяси және мәдени маңызы да олардың тарихи тағдырларына өз әсерін тигізіп тұрған.

 X ғасырда оғыз топтары Сырдарияның орта ағысы мен Сырдария Қаратауының етегінде де мекендеген.  Шаштық саудагерлер мұнда мал, негізінен түйе сатып алу үшін келіп тұрған. Осы оғыз иелігі арқылы Мавераннахр көпестері Гарбиан кеніштерінен күміс әкететін болған.

Оғыздардың Сырдарияның орта ағысына қоныстанғанын  X ғасырдағы араб тілді басқа деректер де растайтынын айта кеткен жөн. Ибн Хаукаль еңбегінде оғыздар шөлді аймақтың шетінде, Шаш өзені (Сырдария) Сабран шекарасынан өтетін жерде өмір сүргені айтылады. Оғыздардың осы Сырдария аймақтарына қоныстануы туралы қызықты мәліметтер араб тілінде жазылған Истахри еңбегінің парсы тіліндегі нұсқасында да берілген.  «(Чач өзені), - дейді бұл деректе, - Сабранның шекарасынан өткенде, бұл өзен (аймақ) Даруйеде гуздердің қоныстары орналасқан.

Оғыз қоныстары Сырдарияның сол жағалауына да таралған. Бұл пікірді «Сюткент қаласы – Мавераннахр мен оғыз түріктерінің көшпенділерімен шекарасы болған», - деп жазатын Истахри мәтінінен де кездестіре аламыз.

X - XII ғасырларда Сюткент Фараб ауданының құрамында болды. Фараб ауданы Сырдарияның екі жағасында, Арыс өзенінің сағасында орналасқан.

Оғыз тайпаларының бір тобы Фараб пен Кенжида аралығындағы Сырдария аймақтарын мекендеген. Кенжид ауданы Арыстың орта ағысында орналасқан.  Облыстың басты қаласы Субаникет болған еді.

Әл-Идриси оғыздардың қалаларын былайша сипаттайды «Гуздардың қалалары көп, олар солтүстік пен шығысқа бірінен соң бірі созылып жатыр.  Олардың алынбайтын таулары бар, оларда бекіністері орналасқан, сонда билеушілері тасаланып, сонда сауда үшін пайдаланатын азық-түліктерін жинайды.  Ол жақта (ханзадалар тағайындаған) сол жерді күзететін адамдары бар... олардың негізгі қаласы (Хандаға(и) ғұз тайпасының) Хиам деп аталады.  Сонда олар паналайды және сонда өз заттарымен жасырынады... Бұл тау басындағы алынбайтын, көтерілуі қиын бекініс және ол өте берік қоршалған ... Солтүстіктегі Хиам қаласы және өзеннен оңтүстікке қарай орналасқан Джаджан,  екеуі де шағын қалалар, ең жоғары дәрежеде бекінген, екеуі ұқсас келеді... Бұл өзеннің (Магра немесе Марга) жағасында биік шыңы бар тау бар, одан мыңдаған бұлақтар ағады, олардың барлығы Магра өзеніне құяды.  Оның төбесінде бекініс тәрізді екі қала бар, біреуінің аты Нуджах, екіншісі Бадагах, олардың арасы бір күндік жол... Аталмыш таулардың етегінде екі қала бар, біреуінің аты Даранда, екіншісі - Дарку.  Дарандадан батысқа қарай Даркуға дейінгі арасындағы қашықтық 3 күн (3 күндік жол).  Бұл екі шағын қала, оларда базарлар, қолөнерлер және тамаша тауарлар бар, екеуі де өте бекіністі және алынбайтын.  Оларда үнемі қар жауады, бұл елдердің тұрғындары егінін толық жетілмеген күйінде жинап, түтінге және шатырдың астына кептіреді: бұл оларда қатты суық, үздіксіз жаңбыр және құрғақ күндердің сирек болуына байланысты ... » дейді.

Бұдан кейін Горгуз қаласы (таудағы үлкен бекініс, аттас көлдің жағасындағы), Джаджан және «Дахлан, бекініске ұқсас қала ...» туралы айтылады, оның басшысы, «қару-жарақтары мен көп әскеріне ие болып, анда-санда Тараз жеріне шапқыншылық жасайды...».

Одан да төменіректе Рузан немесе Рудан, Гарбиан қалалары мен «Гуздардың ескі қаласы» аталып өтілген.

Махмұд Қашқари оғыз қалаларын Сауран, Қарачук, Сығнақ, Сюткент, Қарнақ деп атайды .

 ғасырда Отырар оазисінде жаңа астана Кедер қаласы пайда болды, ол туралы әл-Истахри былай деп хабарлайды «Кенджидадан төмен, Сырдарияның екі жағасындағы кеңістікті алып жатқан Фараб ауданы бар, ұзындығы мен ені жағынан бір күнге жетпейтін жолды алады. Кедер қаласының бас қаласы өзеннен жарты фарсах қашықтықта орналасқан» Ал Макдиси былай деп мәліметтер қосады «Кедер жаңа қала болды;  ондағы минбардың салынуы өзара соғыстарға себеп болды» дейді.  «Худуд әл-Аламда»  Кедер тұрғындары «жауынгер әрі батыл» деп сипатталған.

Алайда, бұл қала кенеттен жылнама беттерінен бірден жоғалып кетеді. Ең қызығы сол ғасырларда бірде-бір ортағасырлық автор ол туралы сөз қозғамайды.

Мұны енді  келесідей оқиғалар түсіндіріп беруі мүмкін.

Сырдарияда X ғасыр дүрбелең кезең болды. IX ғасырдың аяғында печенегтерді (қанғарларды) оғыздар талқандады. Сауран, Сюткент, Субаникет, сонымен қатар Фараб қалалары оғыздарға бағынды.  Оғыздардың ябғулардан басқа бірнеше билеушілері болды, олардың қалаларда резиденциялары болған, ал онда қазына мен азық-түлік қорлары сақталды.  Осы резиденциялардың бірі ретінде, X ғасырдағы Отырар оазисінің жаңа астанасы, Фарабқа (Отырар) бәсекелес тұрғызылған немесе кеңейтілген оғыздар қаласы Кедер деп санау керек сияқты. Ол Құйрықтөбе елді мекеніне сәйкес келеді.

Кей зерттеушілер Ибн Фадланның оғыз ябғуының тағайындаған басшыларын «кудеркин» деп атаған деген мәліметіне сүйене отырып, Кудер немесе Кедер сондай басшылардың резиденциясы болса керек деген пікірлерін де білдіреді.

Соңғы түсіндірме тарихи ұстаныммен негізделген болуы мүмкін, өйткені Кедер Сыр бойындағы Оғыз мемлекетінің құрылуы кезеңінде Фараб округінің негізгі қаласы қызметін атқарды және осы мемлекеттің құлдырауымен бірге астана рөлін  де жоғалтқаны белгілі. 

Сырдарияның орта ағысында тағы бір оғыз қаласы – Қарнақ болған. Қала ортағасырлық қала атауын сақтап қалған Ишкан елді мекенімен сәйкестендіріледі.

Ал,  ғасыр авторы Макдиси Сауранды былайша сипаттайды «Сауран (Савран, Сабран) бірінен соң бірі жеті қабырғамен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабад бар, собор мешіті қаланың ішкі жағында орналасқан» дейді. Махмұд Қашғари оғыздардың қалаларының ішінде Сауранды да ерекше атап көрсетеді.

Сырдарияның сол жағалауында, оның орта ағысында Махмұд Қашқаридың айтуы бойынша оғыздарға қарасты Сюткент қаласы болған. Сонымен қатар орта Сырдария,  атап айтқанда Отырар оазисі елді мекендерін қазу кезінде оғыздарға тиесілі деп анықталған қыш бұйымдар тобы  да табылған.

«Кітаб ружарда» оғыздар елін сипаттағанда Ескі және Жаңа Гузия туралы айтылады.  «Хиям мен Ескі Гузия арасы, деп жазады Идриси, (қашықтық) оңтүстік пен батыстың арасындағы төрт күндік жол».  Ескі Гузия Тянь-Шаньның батыс сілемдерімен, Шу өзенімен және Сырдария Қаратауымен шектесетін аумақта орналасқан.  Ескі Гузия атауы оғыз тайпаларының бұрынғы «астанасын» білдіретіні сөзсіз. Бұл оғыз көсемдерінің алғашқы қоныстарының бірі екені анық.

Идриси Шаш (Сырдария) өзенінің төменгі ағысын сипаттағанда Жаңа Гузияны да атап өтеді.  Оғыз мемлекетінің саяси орталығы Жаңа Гузияда олардың «патшасы» қыс мезгілінде қоныстанып тұрған.  Жаңа Гузия – оны Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Янгикент қаласы деп атаған. Қаланың араб және парсы деректеріндегі басқа атаулары — Яныкент, Жаңа қала, әл-Карят әл-Хадиса, Дих-и Нау, Шехркент. Бұл атаулардың пайда болуы оғыздардың Сырдария даласында саяси гегемонияны басып алуымен байланысты болса керек.  Янгикенттен Хорезмге дейін 10 күн, Фарабқа 20 күн жол кетеді. Мавераннахрдан Сырдария бойы арқылы Янгикентке нан әкелініп тұрған.

Ортағасырлық тарихи деректерде Янгикент туралы алғашқы мәліметтердің бірі Ибн Рустенің еңбегінде кездеседі. Ол Хорезм көлінің шығыс жағалауын сипаттай отырып, Жаңа ауылдың «патшасы» туралы айтып өткен болатын.

Янгикент туралы қызықты мәліметтерді Ибн Хаукал да келтіреді.  Ол өзінің тарихи-географиялық еңбегінде Жаңа ауылдың Оғыз мемлекетінің астанасы екенін тікелей көрсетеді. Янгикент, оның айтуынша, Сырдарияның төменгі ағысындағы ең ірі елді мекен болған .

Жаңа Гузияның оғыз мемлекетінің саяси орталығы ретінде таңдалуы көптеген жағдайларға байланысты болды. Бұл Янгикенттің Қазақстан мен Орта Азияның ірі егіншілік оазистерімен түйіскен жеріндегі қолайлы географиялық орналасуы. Оғыз даласын Хорезм, Мавераннахр және Хорасанмен байланыстыратын дәліз қызметін атқаруы,  Янгикент Қимақ далалары арқылы Сарысу, Кеңгір, Ишим және Нұра аңғарларына баратын маңызды керуен жолында да жатады. Жол Сығанақ пен Оңтүстік Оралға апаратын сауда жолдарымен тығыз байланысты болды.

Енді аймақтағы жолдар туралы толығырақ тоқталып өтсек. 

Абу-л Қасым Үбейдаллах ибн Абдаллах ибн Хордадбектің «Жолдар мен елдер кітабы» («Китаб әл-масалик ва-л-мамалик») атты географиялық еңбегі хижраның 232 жылы жазылған (846/47) және шамамен 272 (885/86) жылы өңделген. Ибн Хордадбектің дереккөздері жергілікті шенеуніктердің құжаттары мен ресми есептері болды, өйткені ол пошта бөлімінің бастығы (Сахиб әл-барид) қызметін атқарған. Ол келтірген мәліметтердің кейбірі автордың өмір сүрген жылдарынан ертерек – IX ғасырдың басына жатады, тіпті VIII ғасырдың соңына таман десек те болады.  Сол кездегі халифаттың маңызды бекіністері ретінде Хорасан мен Орта Азияға үлкен орын берілді.

Ибн Хордадбектің дәуір талабына сай орындалған «Китаб әл-масалик ва-л-мамалик» еңбегі бізге жеткен алғашқы сипаттама-географиялық еңбек болып саналады, онда «әр зерттеуші өзінің қажетті деректерін таба алады».

Бұл шығарма бiзге қысқартылып редакцияланған түрiнде белгiлi. Ибн Хордадбектен кейiнгi авторлардың цитаталарынан басқа да аумақты редакцияның болғаны көрсетiледi. Шығармада провинциялардың, қалалардың аттары, нақты аралық көрсеткiшi белгiленген жол тарамдары мен пошта бекеттерi, әр аймақ пен облыстан түсетiн салық төлiмiнiң сандары көрсетiлген. Сол сияқты халифатқа жақын орналасқан кейбiр елдер туралы мәлiметтер, олардың патшалары мен басқарушыларының аттары мен лауазымдарының тiзiмi берiлген. Бұл шығарма статистикалық-географиялық шығармалар қатарын түзейдi және кейiнгi авторлардың (Ибн-ал-Факих, Ибн Хаукал, Ибн Русте, ал-Джейхан, ал-Мукаддаси) шығармаларында үлкен не кiшi дәрежеде пайдаланылған.

Ішінара географиялық тақырыптарға қатысты, әкімшілік және саяси шолу жанрын арамей  Кудама ибн Джафар жалғастырып, дамытты.  Басрада өмір сүрген лауазымды христиан отбасынан шыққан және сарайға жақын болған ол халифа әл-Муктафидің (289-295/902-908) талабымен ғана исламды қабылдаған. Бұл оның жоғары лауазымдарға жетуіне жол ашты, өмірінің соңында пошта меңгерушісі болды .

Оның таза географиялық очеркі болған жоқ: ол шенеуніктерге пайдалы ақпарат жинады – «Китаб әл-харадж ва сан ат әл-китаба» («Харадж және хатшылық өнері туралы кітап») атты еңбегін жазып қалдырған.

Тұтастай алғанда, бұл еңбекте жарияланған бөлімдерді Ибн Хордадбекке маңызды қосымша ретінде қарастырған дұрыс. Онда көбінесе өзара тексеруге мүмкіндік беретін параллельді дереккөз ретінде жақсырақ сипатталады, бұл әдетте сол дәуірдің ресми құжаттарына негізделгендігіне байланысты еді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?