Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Запыран құстырған зұлмат

1402
Запыран құстырған зұлмат - e-history.kz

Сурет: zhanaqorgan-tynysy.kz

(Жаңақорған өңіріндегі тарихи оқиғалар негізінде)

Аудан аумағындағы көшпелі шаруашылықтарды ұжымдастырумен қоса отырықшыландыру ісі қатар жүргізіліп, оның соңы орташаларды қуғындау түріндегі тап күресіне ұласты. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша жоғарыда аты аталған ірі байларды кәмпескелеп, жер аударумен бұл науқан аяқталмады. 

1929-1930 жылдары қанаушы тап өкілдері ретінде аудан бойынша елуден астам отбасы мал-мүлкі тәркіленіп жер аударылды, қуғынға түсті. Олардың дүние-мүлкі мақсатты түрде асыра белгіленген астық, ет салығын орындай алмағаны үшін саудаға (торгке) түсті. Сәл қарсылық жасағандар абықтыға жабылды, жауапқа тартылды. Аудан бойынша әкімшілік жазаға тартылып, саяси қуғынға түскендердің бір тобы мыналар:

Шәймерден Абылаев – 3 ауылдан, би

Қанай Сәрсенбаев – 5 ауылдан, болыс

Алтынбек Мырзаханов – 8 ауылдан, тілмаш

Құрбан Қазыбеков – 9 ауылдан, атқамінерлерді

Әлімбет Еспенбетов – 10 ауылдан

Тұңғышбай Күнікеев – 12 ауылдан, би

Нұржан Сіргебаев – 13 ауылдан, болыс

Айдар Биімбетұлы – 12 ауылдан, молда. 

Мұрағатта жазатайым сақталып қалған толық емес осы тізімнен аңғаратынымыз – қуғындалғандардың бәрі бірдей бай болмаған. Олардың көпшілігі советтік билікке наразылық ұйымдастыратындай ел ішінде ықпалды болғандығы үшін қоғамнан оқшауланып, жер аударылды. Осы кезде саяси қуғын-сүргін орташалар, би-болыстармен бірге ел ішіндегі мектеп, мешіт ұстаған қожа-молдаларды да қамтыды. Атеистік саясаттың ызғары діни зиялыларының қатары мол Жаңақорған ауданында ерекше қаталдықпен жүргізілді.

Кәмпескенің алғашқы легіне ілінгендердің мал-мүлкі мұқият хатталып, онда белгілі бір ереже сақталса, екінші кезектегілерді кәмпескелегенде ресми органдар ондай рәсімдерді жасау қажет деп таппаған. «Өзің тап жауысың, малың үкіметтікі» деген өктемдікпен ту-талапайға салынған малдың ізі жоқ. Оның қаншасы ұжымдарға, қаншасы жекеге беріліп, қаншасы «Союзмясо», «Мосмясо» сияқты мекемелердің өңешін толтырғандығы жөнінде мемлекеттік мұрағаттарда ешқандай құжат кездеспейді.

Осы кезеңде «сайлау еркінен айыру» деген саяси күрес тәсілі пайда болды. Оның мәнісі 5-10 уақ жандығы барлар орташа ретінде кеңес органдарын сайлауға қатыстырылмады. Ауаткомның іс басқарушысы Сүлейменұлының 1930 жылғы 30 қаңтарда округке жолдаған мәліметінде «Қара тізбеге» 2-ауылдан 30 отбасы (91 адам), 7-ауылдан 6 отбасы (30 адам), 11-ауылдан 37, 22-ауылдан 17 отбасы ілінгендігі айтылады.

Жергілікті билік «қара тізбеге» ілінгендерді азық-түлік салығын астықтай төлеуге күштей бастады. Көнбегендердің мал-мүлкі тәркіге (торг) салынып, өздері жер ауатын. Белсенділердің көңіл-күйіне байланысты кейбір отбасылар жан басына 600 кг-ға дейін астық төледі. Бұндай салықтан құтылу үшін қолдағы азын-аулақ малдан айырылуға тура келді. 

Шеті, шегі көрінбейтін қисапсыз азық-түлік салығынан титықтап, шолақ белсенділердің қоқан-лоққысы мен үкіметтің саяси қыспағына шыдамаған елдің шеті сөгіліп, жоғарыға (Сыр бойының халқы Өзбекстан, Тәжікстан жерін осылай атайды) көше бастады. Бұған дейін де Өзбекстан жерінде түйе керуенін жүргізіп, мақта, тұз, отын тасып кәсіп қылған елдің азаматтарына бір түнде бір ауылды көшіріп әкету еш қиындық туғызбайтын еді. Күштеп ұйымдастырылған колхоздардың қатары осылай селдірей берді. 1931-1932 жылдары қуаңшылық шаруашылықтарындағы берекесіздікке ұласып елдің жаппай күйзелуіне әкеп соқты. 1931 жылдың жаз айында Қарсақпайдан ауып келген аш-жалаңаш ел аштықтың хабаршысындай еді.

Қазақ Советтік республикасы ОГПУ-ының өкілетті өкілі Даниловскийдің 1931 жылы 31 қаңтарда Өлкелік комитетке берген «Округтерді жою қорытындысы» бойынша мәліметінде «Толық емес мәліметтерге қарағанда Қазақстанда 1930 жылы көктемнен бері 34577 шаруашылық, оның ішінде 2167 кедей шаруашылықтары ауа көшкен. Оның үстіне әлеуметтік жағдайы айқындалмаған 2950 шаруашылық – олардың басым бөлігі кедейлер мен орташалар  көшіп кетті» деген мәліметтерді кездестіреміз.

Аудандық партия комитетіне жауапты хатшы болып сайланған Емберген Алтынбеков 1933 жылдың 17-20 желтоқсанында өткен партия ұйымының V конференциясында өзіне тән туралықпен былай дейді: «...Бұл қателіктер бізде де болды. Мысалы: біздің ауданда 1931-1932 жылдары қара мал (жылқы). 27 мың, сиыр 16 мың, түйе 26 мың, қой 123 мың, ешкі 103 мың мал бар еді. Содан 1932 жылы 4940 мал қалды. Бірқатар жолдастар мал басының кемуін ет дайындау жоспарының ауыр болғанынан деп түсінеді. Жалпы үкіметке берілген мал бұл малдың көбінің 10 проценті болып келген, сонда басқасы қайда кеткені белгісіз».

Ал Жаңақорғандағы МТС директоры Жекебатыров пен Саяси бөлім бастығы Боровых округтік комитетке мынадай мәлімет жолдайды. «Біздің аудан бұрын өлкедегі ең малы көп аудан еді, ал қазір тіптен малсыз қалып отыр. Біздің қамтуымыздағы 32 колхозда 1 қазан 1933 жылға барлығы 630 бас мал қалды, оның ішінде сиыр 259, бұзау 305, қой 64, шошқа 7. Бұл әр үш шаруашылыққа (отбасына) бір бас малдан келеді деген сөз».

Қысқа мерзімде мал басынан 73 есе кеміп кетуі елдің тұрмысын қатты күйзеліске ұшыратты. Ауданда «1931-1932 жылдары 10 мың үй болса, 1933 жылы 3 мың үй қалған». Голощекиннің одақ көлемінде дабыра жасайтын «көшіп-қону қанына сіңген қазақтың» әдеттегі қоныс аударуы емес еді бұл жағдай. Жаппай ауа көшу де емес болатын. Оның шын аты қазақ ұлтына қарсы бағытталған голощекиндік геноцидтің салдары – саяси босқыншылық еді.

Өлкелік партия Комитетінде Голощекинді Мирзоянның алмастыруы сияқты Көсеубаевты Алтынбековтың алмастыруымен аудан көлемінде орын алған кемшіліктерді жою шаралары іске асырыла бастады. «Толық емес мәліметтер бойынша 1.Х.1933 жылы ауданға 800 шаруашылық (отбасы) қайта көшіп келді. Оның үстіне таяу арада Өзбекстаннан 250 отбасы келеді деп күтуліміз» деген мәліметтің өзі ауа көшкен елі туған жеріне қайтарудың күн тәртібіне өткір мәселе болып қойылғандығын танытады.

Аштықтың зардабын қынадай қырылғандар жөнінде ешкім жұмған аузын ашқан жоқ. Олар да ауа көшкендердің есебіне жатқызылады.

«Аштан қырылғандарды көзімізбен көрдік. Кірпіш зауытта істеп жүргенде өліп қалған адамдарды жинататын. Ол кезде ауылнай Шоманбай Сарымбетов деген еді. Өлгендерді темір жол бойындағы топыраққа көметінбіз. Таудың етек жағында орналасқан әк зауытқа барар жолда Қотанбұлақ деген жер бар. Сол жерде адамның сүйегі мен тасбақанынң сүйегі үйіліп жататын.

Елдің көбі жоғарыға қарай ауып кетті, ал біз ешқайда да көшкеніміз жоқ. Сол кездері, ел өз күнін көре алмай жатқанда басқа жақтан да аш адамдар ауып келді. Ұмытпасам, Жезқазған, Қарсақбай жақтан болса керек. Олар да қырылып кетті» деп еске алады сол күндердің куәгері Төменарық ауылының тұрғыны Бұлдырық Құрбанәлиев.

Бесарық стансасының жанында ет дайындайтын арнайы қасапхана болған. Ресейдің өндірістік орталықтарына жөнелтуге қыстай дайындалған ет көктем шыға бұзыла бастағанда оны ашыққан елге таратудың орнына күзетшілер мұнараға орнатқан пулеметпен қоймаға жақындаған адамдарды жасқап отырған.

«Бір колхозға біріккен соң мақта, аздап бидай, тары ектік. Ол уақытта ауданнан уәкілдер қаптаған заман еді. Малды, құрал-сайманды бәрін ортаға жинатты. Салықтың түрі де көбейді. Жиналған аз өнімді түгелдей алып кетіп отырды. Ол аз болса, есіктің алдына еккен аздаған жүгерілерімізді де алып кететін. Неге екенін білмеймін, есіктің алдына бидай, тары егуге тыйым салынды.

Аштықтың нышаны 1932 жылдың күзінде анық білінді. Халықтың қолында азық ететін ештеңе қалмады. Сол жылғы жиналған аз астықтың бәрін ауданға жөнелтіп жібергенбіз. Жоғарыдан бұйрық солай болды. Ашаршылық келе жатыр дегенді естіп, қолында күші барлар жоғарыға (Өзбекстанға, Тәжікстанға) көшіп кетті» деген «Задарья» ауылының тұрғыны, 1916 жылы туған Сүлейменов Зәмін ақсақалдың естеліктері де сол қасіретті күндердің ақиқатынан хабар береді.

Жаңақорған ауданындағы ашаршылық салдары ауыр болғаны сол – шамасы келген ел ауа көшіп кетсе, шамасы келмегендер колхоздың қызметіне байланып, өлмешінің күнін көрді. Жазалаушы органдар ауа көшушілермен аяусыз күресті, теміржол бекеттеріне, дарияның өткелдеріне күзет қойды. Көшкендердің соңынан қуып барып, Өзбекстан, Тәжікстан жерінен қарулы күзетпен елге қайтару әрекеттері де орын алған.

Ауа көшудің салдарынан аудан тұрғындарының саны кеміп кетті. Аудан тұрғындарының кәмпеске қарсаңындағы саны 1960 жылдардың бас кезінде ғана, онда да Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстаннан қайта көшіп келгендердің есебінен қалпына келе алды. Ауғанстан, Иранға ауып кеткендер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғана өз туған жеріне оралуға мүмкіндік алды. Осы соңғы көште 1994-1995 жылдары Жаңақорғанға жүзден астам отбасы қайта оралды.

 

Саясат шырғалаңы

Совет одағын тұтастай қамтыған 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргін Жаңақорған ауданы тұрғындарын да айналып өткен жоқ. 1930-1950 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кеткен жаңақорғандық азаматтардың тізімі мынадай:

1. Ахатбаев Қаныбек – Шымкент қорғасын зауытының жұмысшысы. 1937 жылғы 26 тамызда соттаған.

2. Ахатбаев Хашада – 1937 жылғы 12 тамызда соттаған.

3. Әлімбаев Ахмет – Созақ аудандық партия комитетінің насихатшысы. 1938 жылғы 21 ақпанда соттаған.

4. Әлімбетов Бегімет – Келес аудандық тұтынушылар одағында істеген. 1937 жылғы 28 қарашада соттаған.

5. Әсілбеков Бәкір – молда, 1937 жылдың 11 қазанында соттаған.

6. Екеменов Абдулла – колхозшы, 1937 жылдың 11 қазанында соттаған.

7. Жандарбеков Дәменбай – Бесарық ауылында туған, молда. 1938 жылғы 14 ақпанда соттаған.

8. Кенбаев Сейітбек Кенбайұлы – Шымкент қалалық советінің төрағасы. 1938 жылғы 27 ақпанда соттаған. 

9. Тоймырзаев Махамбет – Шымкент ауылшаруашылығы техникумында оқу ісінің меңгерушісі. 1938 жылғы 14 ақпанда сотталған. 

10. Бабаев Уәш – Шымкент Қорғасын зауыты аудандық советінің төрағасы. 1938 ж. 13 қаңтарда соттаған.

11. Әшімбеков Шертай – Түлкібас ауданы Шахталы колхозының төрағасы. 1938 жылғы 8 ақпанда соттаған [169]. 

Бұл – Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша атылғандардың тізімі жасалынған кітаптан алынған мәлімет. Басқа облыстарда қызмет жасаған жерлестеріміз бұл тізімде қамтылған жоқ. Саяси қуғын-сүргінге түсіп, 5 жыл мен 15 жылға сотталып, саяси тұтқындар лагерьлері мен арнайы өндіріс орындарында азап шеккендер жерлестеріміздің саны да едәуір. Алдағы уақытта олардың барлығының да тізімі жасалып, толықтырылатын болады. 

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Советі 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдады. Осы заңның негізінде Прокуратура органдары еліміз бойынша заңсыз қуғындалған 340 мың тұлғаны құқықтық тұрғыда ақтады. «31 мамыр – Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді. Бұл күн жыл сайын Жаңақорған ауданында да түрлі шаралармен аталып өтіледі. «Тыншыңдар, ғаріп пенделер» деп оларды еске аламыз, ескерткіштеріне тағзым етеміз. Не үшін?

Әрине, тарихтан сабақ алу үшін! 

Қазақты қырып-жоюға бағытталған геноцидке алдағы уақытта жол бермеу үшін!

Мыңдаған азаматты оққа байлап, соңы қанды қасапқа ұласқан қуғын-сүргіннің ешқашан қайталанбауы үшін!

Бұл құндылықтар біздің тәуелсіз қоғамымыздың рухани өзегі, мәңгілік елдің мызғымас мұраты болып қала береді.

 

Білімге жол 

Ғасырлар тоғысы Сыр бойында патшалық Ресейдің ықпалы берік орнығып, Орынбор-Ташкент темір жолының салынуымен ғылым мен білімнің, өзге мәдениет пен техниканың дендеп ене бастаған кезі еді. Жаңақорғанда 1905 жылы 4 сыныптық орыс-бұратана мектебі ашылғанға дейін-ақ болыс аумағындағы 12 ауылдың онында екі үлгідегі мектеп болған. Ол мектептерде қара таныған шәкірттер Түркістан, Перовскідегі жаңа сипатты мектептерде білімін жалғастырған. 

Ел арасында «қыш мектеп» деп аталып кеткен білім ошағының алғашқы мұғалімдері Омархан (Омар төре) Жанғалин мен Байнияз Хангелдин болды. Мектепте тартылған алғашқы он оқушының екеуі ғана қазақ, өзгелері еуропалықтар еді. Ел ішіндегі «орысша оқыса шоқынып кетеді» деген сенімсіздікті жою үшін елдің болыс, билері алдымен өз балаларын орыс оқуына беріп үлгі көрсетеді. 1917 жылға дейін осы мектепте Бегайдар Аралбаев, Садықбек Сапарбеков, Сейтбек Кенбаев, Уаш Бабаев, Сүлеймен Қошқаров, Шарафи Елтияров, Шәріпбек Түкібаев сияқты ел азаматтары білім алды, олардың көпшілігі қос төңкерістен кейінгі кезеңде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан тұлғаларға айналды. 

Бесарық өзенің Сырдарияға құярлық жері Көкшеде бала оқытатын екінші мешіт болған. Онда Жанту молда бала оқытқан. 

Совет өкіметінің алғашқы жылдарында мемлекеттің тарапынан қаржыландыратын жаңа үлгідегі мектептер ашылғанға дейінгі білім беру мешіттер мен медреселерде діни білім түрінде берілді. Мысалы, Бесарық төңірегіндегі ауылдардың ер балаларына Әйтпенбетұлы Қоныс молда мен Есенбайұлы Шермағанбет молда діни білім берген. Жаңақорған жерінде ондай молдалардың саны аз емес еді. Әр ауылда, әр мешіттің жанында мектеп ұстаған молдалар діни білім беру жүйесі арқылы жас ұрпақтың жазу, оқу сауаттылығын қалыптастыратын. Совет өкіметінің «Дінді мемлекеттен, мектепті шіркеуден бөлу туралы» декреті негізінде өрбіген атеистік саясат бұл дәстүрлі білім беру жүйесін түбірімен жойып, діни ағартушылықпен айналысқан қожа-молдаларды қуғын-сүргінге салды. Ислам дінінің өңірге таралу орталықтарының бірі болған Жаңақорған жерінде саяси себептермен қуғындалғандардың қатарында әсіресе ишандар мен мақсымдар, олардың әулеттері, мешіт қызметкерлерінің саны көп болды. Олардың барлығы да қамауға алынып, жер аударылды, 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды.                                 

Аудандағы ағарту саласының дамуы мен қалыптасуы кезеңдерін жоғарыда айтқан жағдайлармен байланыстырсақ, 1918-1919 оқу жылында Жаңақорған мұсылман мектебі ашылып, оның І басқышының 1 класына 70 бала қабылданып, білім алады.

Сондай-ақ 1905 жылы алғаш ашылған Жаңақорғандағы орыс-қазақ мектебіне 1920-1921 оқу жылында 1 класқа 46, 2 класқа 37, 3 класқа 17 оқушы қабылданып, білім алған.

1921-1922 оқу жылында жұмыс істеген Жаңақорғандағы мектепте 120 оқушыға 4 мұғалім, Төменарықтағы 81 оқушыға 4 мұғалім, Бесарықтағы 91 оқушыға 3 мұғалім, Өзгенттегі 64 оқушыға 2 мұғалім дәріс берген.

№239 Кеңес орта мектебінің негізі 1931-1932 оқу жылында Кеңес бастауыш мектебі болып ашылады. Ол мектеп қазіргі «Жалғыз тұт» түбінде қазақы тамда еді. Оны алғаш ұйымдастырушы бастауыш сынып маманы Мұсаев Төлеген болды. Мектепте алғаш рет Кеңес колхозында тұратын 29 оқушы қабылданды. Бұл деректер осы оқиғалардың тікелей куәгері болған И. Топышев ақсақалдан 1999 жылы жазып алынған еді.

Аудан көлемінде бастауыш білім беруді жүзеге асыруда БК(б)П Орталық Комитетінің 1930 жылы 25 шілдеде қабылданған «Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беруді 1930-1931 оқу жылынан бастап енгізу туралы» қаулысы мен Бүкілодақтық Орталық Атқару комитеті мен СССР Халық комиссарлар Советінің 1930 жылғы 14 тамыздағы «Сегіз жастағы балалар үшін міндеті бастауыш білім беруді барлық жерде, СССР-дің барлық халықтарына өз тілдерінде енгізу туралы» қаулылар негізінде 1930 жылы Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлар Советі «Республикада жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы» заң қабылдайды.

Бұл қаулылар мен заңдарды жүзеге асыру мақсатында кеңбайтақ республика көлемінде сол жылдарда жаңадан құрылған колхоздарда бастауыш мектептер ашыла бастады. Елдегі мұндай игі құбылыстың бір шеті – бұл жылдарда Жаңақорған өңірінің әр тұсынан бой көрсете бастаған болатын. Соның дәлелдерінің бірі – 1936 жылы ауданда жаңадан 6 мектеп үйі салынып, пайдалануға беріледі. 2 жетіжылдық, 26 бастауыш мектеп жұмыс жасайды. Жетіжылдық мектептерде – 545 бала, бастауыш мектептерде – 2699 бала оқыды.

1935 жылы ауданда Құттықожа бұлағы басынан бірінші рет 100 балаға арналған пионер лагері ашылып, жұмыс істейді. 

Округтік бөлініс таратылып, жаңа облыстардың құрылуына байланысты 1938 жылы Жаңақорған ауданы Сырдария округінің құрамынан шығып, Қызылорда облысына қосылады. Осы жылдары аудан көлемінде мынадай 12 бастауыш мектептерде Жайылма (49 оқушы), Тақыркөл (77 оқушы), Ленин (21 оқушы), Кенесарық (31 оқушы), Қосүйеңкі (37 оқушы), Талдысу (22 оқушы), Жаңақұрылыс (62 оқушы), Қызылмақташы (43 оқушы), Политотдел (53 оқушы), Еңбек (60 оқушы), Елтай (60 оқушы), Құмарлық (23 разъезд) (38 оқушы) бала білім алған [170, 197].

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезеңде ауданның экономикасы өркендеп, қалыпты даму жолына түсті. Тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, халыққа көрсетілетін мәдени-әлеуметтік қызметтер де жақсара бастады. Ашаршылықтан есін жиғанымен тоталитарлық қоғамның жаппай қуғын-сүргінен заразап болған тұрғындар социализмнің орындалып бітпейтін бесжылдық жоспарлары мен қол жеткізбейтін жасампаз идеяларын іске асыруға жұмылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?