Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Күндерек. 29 тамыз - әлем және Қазақстан тарихында

652
Күндерек. 29 тамыз - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

29 тамыз - Григориан жылнамасының 241-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күні әлем елдерінде қандай айтулы мерекелер өтті, қандай тарихи даталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.

29 тамызда дүниеге келген танымал тұлғалар

Сейтек Оразалыұлы – күйші-композитор. Қазақ домбыра мектебінің негізін салушы. Атақты күйші 1961 жылы Батыс Қазақстан облысының Саралжын ауылында дүниеге келген. Бала кезінен музыкаға өте бейім, қабілетті болған. Домбыра тартуды ағасы Сұлтанғалидан үйренген. Мұнан соң даңқты күйші, композитор Дәулеткерей  Шығайұлының күйлерін тыңдап, өнерін одан әрі шыңдай түскен. 

Сейтек Оразалыұлының «Қанатым», «Айман», «Арман», «Ғазиз», «Қарашаш», «Түңілдім», «Арпалыс», «Жантаза», «Шәрипа», «Жоқтау», «Сарыдала», «Көк ала ат», «Бес қыз», «Айдау», «Жоқтау» сияқты күйлері халық арасында кеңінен тараған. Күйші патша үкіметіне қарсы шығып, өзінің шығармаларында бостандық сүйгіш идеяларды насихаттайды. Сол үшін қуғын-сүргінге ұшырап, өмірінің біраз жылын Үркіт, Мәскеу, Астрахань, Орда түрмелерінде өткізеді. 1897 жылы Сахалинге жер аударылады. Оған орыстың революцияшыл жұмысшыларымен байланысы бар деген айып тағылады. 1905 жылы айдаудан оралғаннан кейін, Сейтек абзал анасы, туған баласы, жан жолдасының қазасын естіп, «Ғазиз», «Жоқтау», «Сардала» күйлерін шығарады.

1916 жылы патшалық Ресейдің езушілік саясатына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін бейнелейтін «16-жыл» күйінде Сейтектің әлеуметтік көзқарасы танылады.  Қазақ музыкасын зерттеуші ғалым, этнограф Александр Затаевич Сейтек Оразалыүлының күйлерін «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына кіргізген. Бүгінгі таңда атақты күйшінің көптеген күйлері Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің репетруарында орындалып келеді. Күйші 1939 жылы 78 жасында дүниеден өтеді. 

Бәтима Есмұратқызы Зауырбекова – қазақстандық кескіндемеші. Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 2004 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен марапатталған. 

Бәтима Есмұратқызы 1946 жылы Жамбыл облысындағы Фурмановка ауылында дүниеге келген. Анасы Бибіхан өнерге жақын, халық шебері болған. Бәтимаға кескіндемелік өнері анасынан дарыған. 1969 жылы Алматы қаласындағы  Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін тәмамдап, қолданушы-суретші мамандығын игеріп шығады. Кейіннен қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдайды.  Көркемөнердің гобелен (суретті кілем) полотносы бойынша - Қазақстандағы бірінші әйел автор. 300-ден астам гобелендердің, соның ішінде көбі Қазақстандағы кәсіпқой қолданбалы-бейнелеу өнерінде өзіндік құбылысты бейнелейтін және әйгілі болып табылатын монументальді полотнолар авторы.

Даңқты кескіндемешінің жұмыстары әлемнің көптеген музейлерінде сақталуда. Көптеген Халықаралық және отандық көрмелердің қатысушысы. Өнер қайраткерінің жеке көрмелері Түркия, Франция, Щвейцария, Италия, Иранда, Қазақстанда өткен. 1980 жылы Ш. Уәлиханов атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған.

Сәбит Сәуменұлы Тауланов – әскери қайраткер, генерал-майор. Тарих ғылымдарының кандидаты. Ол 1947 жылы 29 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жәнібек ауылында дүниеге келген. Орал ауылшаруашылығы техникумын бітірген. 1969 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы жоғары жалпы әскери командалық училищесін тәмамдаған. Мәскедегі әскери-саяси академияның түлегі. 

1966 – 1982 жылдары КСРО ҚК-нің Түркістан және Ленинград әскери округтерінде қызмет етті. 1979-1982 жылдары Ауғанстанда арнайы іссапарда болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің кадрлар басқармасының бастығы,  ҚР Қорғаныс министрінің көмекшісі,  ҚР Қорғаныс мин-нде кадрлар және әскери білім департаментінің бастығы қызметтерін атқарды. 1999 жылы еңбек демалысына шыққан. Сәбит Сәуменұлы КСРО және Қазақстан Республикасының көптеген орден медальдарымен марапатталған. 

Ермек Боранбайұлы Маржықпаев – қоғам және мемлекет қайраткері. Бокстан спорт шебері. 1969 жылы 29 тамызда қазіргі Астана қаласында дүниеге келген. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Целиноград қаласындағы мектептерде бокстан жаттықтырушы болып бастаған. 

Мемлекеттік қызметтегі жолын 2008 жылы Ақмола облысы, Аршалы ауданының әкімі қызметімен бастаған. Кейіннен Зеренді ауданының әкімі, Ақмола облысы әкімінің орынбасары,  Көкшетау қаласының әкімі, Ақмола облысының әкімі қызметтерін атқарған. 2023 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Спорт және туризм министрі қызметінде.  

29 тамыз - әлемде 

29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні.  Атаулы күн 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-інші сессиясында бекітілді. 29 тамызда әлемде ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні атап өтіледі. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының 2009 жылғы 2 желтоқсандағы қарарымен белгіленді. Құжатты абылдау бастамасымен Қазақстан сөз сөйледі.

29 тамыз - мотоцикл күні. 1885 жылы 29 тамызда Неміс өнертапқышы Готтлиб Даймлер алғашқы мотоциклге патент алды.  Бұл жұмыс бірден басталған жоқ. Алдымен инженер Готтлиб Даймлер Отто (1872 жылы) фирмасында жұмыс істеді, сонда жүріп ішкі жану қозғалтқышын жасады. Он жылдан кейін ол әріптесі Вильгельм Майбахпен бірге өзінің фирмасын құрды. 1885 жылға қарай Даймлер қозғалтқышы зерттеу кезеңінен өтіп, пайдалануға дайын болды. Оны орнату үшін дұрыс машинаны табу ғана қалды. Бұл үшін ең оңай нұсқа -1885 жылы 29 тамызда «керосинмен жұмыс істейтін ат арбасы»  ретінде патенттелген велосипедті пайдалану болды. Алғашқы мотоциклдің салмағы 50 кг, 0,5 ат күші бар бір цилиндрлі ішкі жану қозғалтқышы болды. Ол сағатына 12 шақырымға дейін жылдамдыққа мүмкіндік берді. Мотоциклдің алғашқы сынаушысы өнертапқыштың ұлы - Пол Даймлер болды.  Ол 1885 жылы 10 қарашада әкесінің өнертабысымен 10 шақырым жол жүрді.  Дегенмен, көліктің жаңа түрі өте сәтті болды және өзінің алғашқы нұсқасында қазіргі заманғы мотоциклге өте ұқсас болды, өйткені ол бүгінгі күнге дейін өзгеріссіз қалған орналасу принциптеріне негізделген. Ол алғаш рет сол жылдың қараша айында көпшілік алдында көрсетілді.

29 тамыз - Семей ядролық полигоны жабылған күн.  1946 жылы ғалым Юлий  Харитон алғашқы кеңестік атом бомбасын жасау мақсатында тактикалық-техникалық тапсырма дайындады. Оны орындау үшін Үкіметтің шешімімен 1946 жылы елдегі алғашқы атом қаруын жасау және құрастыру орталығы (КБ-11) ашылды. Кеңестік ядролық полигон КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылғы 21 тамыздағы шешімі бойынша, Семей қаласынан (Қазақ КСР) батысқа қарай 170 шақырым жерде құрылды. 1948 жылдың жазында алғашқы өнеркәсіптік атом реакторының құрылысы аяқталды, ал көп ұзамай ураннан плутоний бөлетін радиохимиялық зауыт іске қосылды. 

Кеңестік атом бомбасының алғашқы сынақтары 1949 жылы Семей маңындағы полигонда өтті. 1953 жылы 12 тамызда термоядролық қару сынағы өткізілді, ал 1955 жылы 22 қарашада әлем академик А. Сахаров жасаған кеңестік сутегі бомбасы туралы білді. Полигондағы жер үсті жарылыстары 1962 жылға дейін жүргізілді. 1963 жылдан бастап ядролық сынақтар «Балапан» мен «Дегелен» алаңында жер астына көшірілді. Полигондағы соңғы жарылыс 1989 жылы 19 қазанда болды.

1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны Қазақ КСР Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен жабылды. 1995 жылы соңғы ядролық құрылғы жойылды. 

1996 жылы сәуірде Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен АҚШ Қорғаныс Министрлігі жанындағы ядролық қауіпсіздік агенттігі келісімге қол қойды, оған сәйкес қазақ және американдық мамандар сынақтар жүргізілген туннельдер мен штолендерді жоюға кірісті. Жоба 2000 жылдың 29 шілдесінде Семей ядролық полигонының соңғы штольнясы жарылған кезде аяқталды.

29 тамыз - КСРО-да алғашқы атом бомбасы сыналды.  1946 жылы желтоқсанда КСРО-да алғашқы (эксперименттік) атом реакторы іске қосылды, оның жұмысына 45 тонна уран қажет болды. Сондай-ақ Өнеркәсіптік реакторды іске қосу үшін тағы 150 тонна уран қажет болды. Реакторды сынақтан өткізу 1948 жылы 8 маусымда Челябинск маңында басталды, осы жылдың соңында реакторды 2 айға тоқтатқан ауыр апат болды. Бұл ретте реакторды қолмен бөлшектеу және құрастыру жүргізілді, оның барысында мыңдаған адамдар, соның ішінде апатты жоюға қатысқан кеңестік атом жобасы басшылығының мүшелері Игорь Курчатов пен Авраамий Завенягиндерде болды. 

1949 жылдың ортасына қарай КСРО-да американдық атом бомбасының аналогын жасау үшін қажет 10 килограмм плутоний алынды. 1949 жылы 29 тамызда Нагасакиде жарылған американдық плутоний бомбасының көшірмесі болған алғашқы кеңестік атом бомбасы Семей полигонында сынақтан өтті. Жұмыс жетекшілері Лаврентий Берия мен Игорь Курчатовқа КСРО-ның құрметті азаматы атағы берілді.

Жобаға қатысқан бірқатар ғалымдар – Курчатов, Флеров, Харитон, Хлопин, Щелкин, Зельдович, Бочвар, сондай-ақ Николаус Риль Социалистік Еңбек Ері болды. Олардың барлығы Сталиндік сыйлықтармен марапатталды. 

29 тамыз - КСРО-да сырттай жоғары білім енгізілді. Сырттай оқу - білім алу мен мамандардың біліктілігін арттырудың бір түрі. Бұл өзін-өзі оқыту мен күндізгі оқу ерекшеліктерін біріктіретін оқу түрі. Білім алудың бұл түрі әр түрлі жастағы топтар мен кәсіптердегі адамдар үшін үлкен мүмкіндік болды. Сырттай білім беру өз тарихын XIX ғасырдан бастайды. Сол уақыттан бастап Ресейде және басқа елдердегідей өзін-өзі тәрбиелеу және экстернат үшін әртүрлі оқу құралдары, ғылыми-көпшілік және кәсіби журналдар шығарыла бастады. Бірақ сырттай білім берудің ғылыми әзірленген және бірыңғай бекітілген мемлекеттік жүйесі болған жоқ. Бұл жеке адамдар мен ұйымдардың жеке бастамасы болып қала берді.

КСРО-да сырттай оқыту жүйесі 1919 жылы құрыла бастады. Сол кезде компартия съезі мемлекеттік деңгейде жұмысшылар мен шаруалардың өзін-өзі тәрбиелеуіне жан-жақты көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Осы мақсаттар үшін 1920 жылдары өзін-өзі тәрбиелеуге арналған әдебиеттер шығарылды. 

1938 жылдың 29 тамызында ғана КСРО Халық комиссарларының "жоғары сырттай оқыту туралы" қаулысымен сырттай білім беру жүйесі мен дербес сырттай оқу орындарының желісі үшін мамандықтар номенклатурасы анықталды. Осы қаулымен барлық сырттай оқу орындары мен бөлімшелерінде курстық оқыту жүйесі және барлық емтихандар мен сынақтарды міндетті түрде тапсыру енгізілді. Сондай-ақ сырттай оқитындар үшін жұмыс орны бойынша қосымша ақылы демалыстар белгіленді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?