Жазушы Дидар Амантайдың «Майдақоңыр» атты кітабы биыл Алматыдағы «Орхон» баспасынан жарық көріп отыр. Ішкі беттегі «Он жеті новелла кітабы» деген айқындауыш сөздің мәнін кітапты ақтарып шыққанда барып түсіндік, «Төлеутай ақсақалдың немересі» пролог орнына жүреді де, «Бабалар мен ұрпақтар» эпилогымен аяқталған екен. Төлеутай ақсақалдың немересі, құлынды сойып тастағанда қайғырған бала Айдардың жан-дүниесі бүкіл новеллалар бойынан көрінеді. «Уақыт өткенде біздің тегіміз, әулеттің өткені бейсаналы түрде жоғалады, ол адамды бүкіл жағынан ұстап, байлап қоятын кіндік іспеттес еді» деген ойларды аңғаруға болады. Мұндағы көп дүниесі үлкен бір шығарманың бөліктері сияқты. Жаңа кітапқа жазушының 1991 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта жазған әңгіме-новеллалары енгізілген.
Жазушы танымалдығы туралы бір сөз
Жуырда ғой, теледидар көретін жұртшылыққа есімі белгілі бір ағамыз: «Осыгүні неге Әуезов сияқты жазушылар жоқ, неге баяғыдай керемет шығармалар жазылмай жатыр? Әуезов елуінде бүкіл совет одағына белгілі классикке айналды, Мұқановтар, Мүсіреповтердің елуінде атақ-дәрежесі биік еді. «Кімсің?Жазушымын» деп шалқайып жүрді, ал бүгінде елудегі жазушыларды ешкім танымайды, неге олай, әлде олар жақсы дүние жаза алмады ма?» деп сауал қойды. «Ол халықтың кітап пен жазушыға құрметі алабөтен кез еді, ал бұл құндылықтары басқа кезең» деген жауапты оның өзі де біліп отырған шығар дедік, ал одан толымдырақ жауап беруге біздің (менің) шамамыз жетпеді. «Бүгінгі жазушылар не үшін жазады, кім оқып жатыр оларды? Егер ешкім оқымаса онда жазудың не мәні бар?» Рас, ешкім көркем дүние оқығысы келмейтін осы уақытта не өзіне-өзі көңілі бітіп шалықтағандар, не бір идеяға байланып, жаңадан арал ашқандай болған неофиттер, немесе бірдеңеге жетпей тоқтамаймын дейтін, болмаса ғажайыптың ғажайыбын көрдім деп ойлап, соны жазам дейтіндер ғана жазуы мүмкін. Шынымен де, кез келген қалыпты адам жазудың азабына өз еркімен келісе ме?
Жалпы елдің бәрі танымал болып, тиктокерлер екі минутта бірнеше қаралым жинап жатқан кезде жазушының танымалдығы деген сөздің өзі күлкілі болып қалды, өйткені, оларды әдеби орта білсе де (онда да олардың бірін-бірі оқитынына күмәніміз бар), жалпы көпшілік шынымен де біле бермейді. Мысалы, осыкүнге дейін жақсы шығармалар бере алған елудегі жазушы біздің автобустарға міне қалса оны ешкім танымауы мүмкін, керісінше блогерлермен жапатармағай фотоға түскен болар еді.
Көркем дүние оқылмайды деген мәселенің бір жағы ғана, жалпы біздің сөзге деген көзқарасымыздың өзі өзгеріп кеткен, бұрын біз кітапты, жалпы сөз өнерін мәдениеттің бір тармағы сияқты көріп келдік, бұрын адам кітап оқу арқылы өзінің таным көкжиегінен хабар бере алатын болса, бүгінгі адамның әлеуметтік позициясы алда, ендігі жерде өз бетіңше белгілі бір табысқа, нәтижеге қол жеткізу басты орынға шықты. Яғни қазір сенің не істеп жатқаныңды бүкіл жұртшылық біліп отыруы тиіс, сол міндетті сияқты болып қалғандықтан соған жанталасқан жұрт екінші біреудің не ішіп, не кигенін бақылап отырады, өзі де әр сәтін инстаға жүктеп, ватсаптың историсына салып... ойландыратын қалың кітап оқуға уақыт қалмайтын болды.
Жазушының танымалдығы туралы сөзімізді жалғайық, бүгінде жазушы болу соншама қиын емес сияқты, кімде-кімнің аз-кем қабілеті болса және өзі жазушы болсам дегенді қатты қаласа, соның қолынан келетін болды. Егер біраз күш салса осы азғантай қабілеттің өзін танытып, бір жанрдың авторы атануға болады. Қажет десе, әдебиетке қатысты жиындардан қалмай, әлеуметтік желіде жарнамасын асырып, онда-мұнда барып жиірек сұхбат берсе, бір күні оны басқалар тани бастайды, ар жағында тіпті жазбауға да болады. Ал сонда нағыз жазушы деген кім? Олар - жарлы кезінде де, ақша біткен кезде де, қайраты бойында тұрған дені сау уағында да немесе жылдар жылжығанда денсаулығы шатқаяқтап сыр берген кезде де жазуға деген құштарлығын жоғалтпайтын адамдар. Оның мәні сонда – адам ылғи да өзіне тыным бермей, көп оқып, көп іздеп, өз жазғанына көңілі толмай, мазасыз болуы керек (өйткені бір ғана кітабымен танымал болып кету бұл аса сирек кездесетін сәттілік. Былайша айтқанда, тағдырдың сыйы). Бұл жерде ең жауаптысы, ең қиыны – еңбек ету. Алдымен жазушы өзі бір деңгейге жетіп, сол жеткенімен өзінде не бар: ақиқат жасаушы идея ма, уақыт өзгерісін тап басатын байқағыштық, небір онтологиялық сұраққа жауап іздейтін дербес таным ба… бәрін әдебиетке түгел арнап, тер төгуі керек. Он бес-жиырма жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, денсаулығын аямай, қабілетін шыңдай берсе әдеби капитал жасап, оқырманы бар авторға айналуға болады. Бірақ оған соншама уақыт пен қажыр керек. Кейде біреулер айлығынан жырып, өз ақшасына үсті-үстіне кітап шығарып жатады, ондайда, адам столдан тұрмастан жазып, соншама еңбектеніп жатқанын көргенде оны жазушы емес деуге де аузың бармайды ғой, бірақ, оны кім оқиды, ол енді басқа сұрақ...
Ия, жазуға құштарлық деген жақсы нәрсе. Адам оны қайдан алады? Үздіксіз еңбектен алатыны анық. Өйткені... ақыл-сананың бір сәттік өзгерісімен, аяқ астынан жарқ етіп, лезде сөніп үлгеретін әсермен алысқа бара алмайсың, ал үздіксіз жұмыс, тынымсыз еңбектен жазушы кейде сілелеп шаршап, кейде жаза алмай, кейде шығармашылық тоқырауға ұшырауы мүмкін, оның бәрі болмай қоймайтын белгі, бірақ түбінде нәтиже болары анық. Жазу үшін келгенін түсінетін адамдар осы мехнатты кеше тұрып, оның қуанышын да сезіне алатын шығар дейді бір ойымыз. Дидар Амантайдың «Әдебиет қуаныштың кеңістігіне айналуы тиіс. Оны тек жазу мәнері ғана жасай алады» деген пікірі авторға да қатысты, сонымен бірге жалпыны ортақтастырар дүние азайып, қоғам көркем әдебиеттен қол үзген сәттен бастап рухани кемелдікке жақындата алатын мүмкіндігінен де айырылатынын меңзегені.
Ішкі тепе-теңдік деген нәрсе бар, ол көбіне мақсат емес, жай ғана ішкі ереже есепті. Яғни сен өзің айналысқан іске өзің пайдасын көргеніңнен де көбірек жұмсалуың керек. Мысалы, айлығың аз деп жұмысыңды қалай солай істей алмайсың ғой, онда ол өтірік болады, сондай-ақ нағыз жазушылар қаламақы алмаса да, танымалдыққа жетпесе де, байып кетпесе де жаза береді, жазу мұратына соңына дейін адал қарайды, тепе-теңдіктің белгілі бір деңгейге дейін төмендетпей ұстап тұратын қасиеті бар. «Жазу мұраты» новелласында жазушы Дидар Амантайдың айтатыны бар: «Кейде, біз, қалам ұстаған халық, шам жағып, топ бастап кетіп бара жатқан жоқпыз ба деп ойлаймын, алдымыз тас қараңғы, соңымыз жап-жарық. Іздеген ақиқат нұры түнектің ар жағынан сәуле түсіреді, бағытымызды сол белгіге қарап түзетеміз - алыстан келеді... Қателесуіміз мүмкін емес, адасуға рұқсат жоқ. 606 бет). Ия, қалай болғанда да жазушының моральдік инстанциялары болуы маңызды.
Новелладағы философия
Кейде осы философиялық түйін деген сөздің өзі шамадан тыс көбірек, тіпті мағынасыз қолданыла беретіндей, керісінше нағыз философиялық ғылыми әдебиеттер мен оның ғылыми-танымдық қызметінің арасын айқындай алмай жатамыз, былай қарағанда ол философиялық таным мен бұл көркем шығарманың арасында бір шек болуы керек сияқты. Қалай десек те философия мен өнер нақты өмірдің көрінісі бола алады. Оның рухани және практикалық, тұрмыс пен санаға тән сипаты осында. Сондай-ақ, әдебиеттің материалы сөз десек, ол өзінің бастауын интеллектуалдық-логикалық негізден алады. Дидар Амантайдың прозасы ішкі сипаты жағынан эстетикасымен ерекшеленетін дүниелер. Байқасақ (ескертіп өтейік, біз ғалым емес, қарапайым оқырманбыз), шығармаларының биологиялық қалпында тұтастық бар. Ондағы ішкі мағына, форма тудырушы байланыстарына мән берсек, автор шығарма ішіне салып отыратын нақты, бастапқы философиялық тұжырымдар тек идеялар мен кейіпкердің сөзінде ғана емес, сюжетінде, баяндау үлгісінде де кездесіп отырады. Мұны философиялық бейнелілік дейміз бе, қалай болғанда да осы тәсіл концентрация ретінде құбылыстың ортақ ойын айқындайды.
Мысалы, «Қасқыр құйрық қарағайларда» автор орманның суретін қапысыз беріп, айнала табиғатты өте жақсы таныстырады, бұл жерде ол гид сияқты, ал енді диалогтар арқылы ерекше ойлар айта алу – жазушының ерекшелігі:
«Ол уақыт адамның ғұмыр жасымен өлшенеді, - деді, біз-бүкіл әлемде тұрмаймыз, бірге өмір сүрмейміз, бар жақты таңдамаймыз, сондықтан ештеңе көрмейміз, ешкімді аңғармаймыз, себебі жарық дүниеде көз жеткен жерге дейін, ой жеткен жер – таным шекарасы, одан ары – құрдым, мейлі, ақ па, қара ма, түпсіз бе, шексіз бе, бәрібір. Адам – көңілдің құрбаны. Барда – күштіміз, жоқта – әлсіз. Құдіреті күштіден – бейшара. Сана – ой мен обьективтік дүние арасындағы өткел, дәнекер. Материя туралы ақпарат осы көпір арқылы өтіп келе жатып идеяға айналады, қоршаған орта көрінісі санадағы суретке, табиғат – болмысқа»... Осының бәрі қасқыр құйрық қарағайлы орманнан шығып отыр ғой...
Байқасаңыз, мұнда жалпы дүние, өмірдің әртүрлі сәтіне қатысты ойларды әрі-бері жылжытып, қозғалысқа түсіріп отыратын бірдеңе бар. Автордың баяндауы оның оқиғаны ашқандағы логикасына сүйенеді. Ой өзіне қатысты көркем бейнені кеңейтіп, кейде одан үстем шығып, көркем образдың ішкі құрылымын ашады. Мақсат терең ойларды беткі жағына шығаруға талпынудан басқарақ, бірақ автордың осы арқылы сезінуі, ойлауы көрінеді. Кейде идеяның өзі емес, сана ағынының әртүрлі қалпын електен өткізу, басқаша пайым жасау бірінші орынға шығады. Ой туралы ой, нақты картина, құбылыс, өмірде адамның басында болатын жағдайлар екі еселенген құндылыққа ие. Бұл автордың ойлау әдісін бекіте түседі.
«Философия бақтарында» мынадай ойлар бар еді:
- Сұрақ – таңғалыстың да, күмән-күдіктің де, пайымның да бастауы, қайнары.
- Толғаныстың өмір сүру формасы.
- Ойға – азық, өмірге мағына.
- Неге?
- Мәңгілік сұрақтар көше жағалап жүреді (Ницще) (368 бет).
Осылай автор өзінің ойларын жеткізіп қоймай, нақты оқиғаның ахуалын, қоғамдық сананың динамикасын байқатады.
«Таңның атысы, кештің батысы» новелласы. Кейде дыбыс, ой, естеліктер құралып Мәнге айналады.
«Жан тыныштығында екіұдай күй бар. Ол – әрі қуаныш. Әрі қайғы. Толық бақыт шүкірде. Қанағат – жарты бақыт. Өзін-өзі тежеген өзгені де ұстайды. Баяндылық – пенденің түсінігі. Әлемде тұрақтылық жоқ. Берекеден құр алақан. Ырзықтан жұрдай. Кеңістіктің кеңдігін, уақыттың тарлығын білмейміз емес, білеміз, алайда алданып жүре бергіміз келеді. Жүре берсең кеңістік бітпейді, тұра берсең уақыт таусылмайды. Бірақ, шексіздік екеуінен де асып, қайда айдалып бара жатқанын Иесінен де сұрай алмайды. Болмысқа – бақташы. (615 бет).
Мұндағы прозаның сөзінде күрделі негіз бар. Осы қарапайымдылық пен ықшамдық терең эстетикалық мән үстейді. Және осы ойдың ырғағында сана мен тұрмыстың кезек-кезек алмасуы көрінеді.
Шығармаларына үңілгенде...
Кейде жазушылар жазып отырғанда өзі байқамай өзінің бастан кешкен қиындықтарын шығармаға салады. Былайша айтқанда белгілі бір психотерапевтикалық әсер дегенің барлық шығармада кездесетін шығар. Кейде шығарма басында басқа күйді, ортасынан ауғанда кейіпкердің, сонымен бірге оны жазып отырған автордың ішінде де бірдеңе өзгергенін сезесің, ал кейде ол тіпті морт сынып кеткен болуы да мүмкін, оны сезімтал оқырман ғана сезеді. Осындай оқырманды қатты ойға тіреп кететін немесе бірден сіңіре алмайтын шығарманы жақсы деп есептеуге бола ма? деген сұрақ бар. Бірақ кейде оқырманды нешетүрлі күйге түсіру үшін жазылатын кітаптар болатынын да білеміз. Мысалы, Чеховтың «Алтыншы палатасын» оқып өзін керемет сезінген адам жоқ шығар, бірақ, оны бәрібір оқиды ғой.
Егер кеңістігі болмаса жазушы да, оның даусы да болмайды. Кеңістік – бұл жазушы қиялы, оның күйі, вибрациясы, жайлылығы, бір ерекше жақтары, соған сай ашылып ақтарылуы. Осы орайда Дидар Амантайдың бірнеше әңгіме-новелласына тоқталып өтсек.
Тазалықтың өзіндей «Жаңбырдың күбірі» , идеалға талпынған, алдан ғажайыптар күткен адамдардың сенімі күйрегендегі ішкі күйзелісін бере алатын «Бабалар мен ұрпақтар» (бұл негізі эпилог), «Жарық шеке»... Жүйрік атты атып өлтірген сол оқиға Алқаракөктің тағдыры ғана ма? Өмірде де шын жүйріктердің тағдыры қиын. «Қазір Алқаракөктерді еске алатын адам да жоқ» дейді автор.
Суреткер кішкентай ғана оқиғадан көп нәрсені сезіп білуі мүмкін, ал қарапайым адам басынан нешетүрлі таңғажайып өтсе де тап солай әсерленбес еді. Суреткер үшін айналасындағы болып жатқанның бәрі тек өзінің ішкі байлығын танып-білу үшін ғана керек.
"Кетеван» - көңілде табы қалған естелік. Шіркеу, емхана, монастырь салған қайраткер әйел Кетеван туралы тоқталып, ол Кетеван мен бұл Кетеванды салыстыра сөйлейді.
«Үмида». Үмида сұлу адам, бірақ, өкініш адам таңдамайды, әсіресе, сұлуға үйір. Хамид пен Үмиданың жолығуы, тағдырын қосуы, Үмиданың өкініші... «Өткен нәрсені өзгертер шама бар ма, адам баласы ілгері басып келе жатып алаңдап соңына қайта-қайта қарай берсе, зейіні талып, бағытынан жаңылып, алған бетінен адасады. Ертеңге аттанған жолаушының ойы кешеде болса, бүгінін берекесіздік жайлайды» деген автор адамның қарап жүріп адасқан, таптым деп тұрып жеріп, көңілі толғансып жүріп құлазыған күйін тап басады.
«Дуана» әңгімесінің астыңғы жағына Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек романы ізімен» дегесін назарымызды бұрдық. Онда да Ақбілек қызды үйіне жеткізіп салатын ақкөңіл дуана бар еді ғой. Мұнда дуана мен баланың диалогы бар, мұндағы дуана да сол баладай таза көңіл иесі, үкісін беріп оны қуантпақшы. Бірақ, Совет үкіметі келіп, қара түнегі дуананы да басады. Әпербақан екі солдат дуананы қорлап атып өлтіргенде үңірейген мылтық аузына қасқайып қарап тұрыпты деп аяқталады. Бұл тарихтың бір кезеңі. Дуана дегені еркін даланы кең жайлап жүріп, орыстың нысанасына іліккен қазақтың тағдыры ма дейсің...
Ғұмырнама. Өзіне ғұмырнама жазып, кейін содан шыға алмай, бүкіл мақсатымен, ғұмырымен соған байланып, өзінен-өзі маталып, тіреліп қалған Қайдос мырзаның қателігі жұрт өзін шежіресі бойынша қабылдайды деп ойлағанында еді (өзіне сенімсіз адамдар біреудің өзі туралы пікіріне тәуелді. Бұл біздің тарихты біресе олай екен, біресе бұлай екен деп, біресе аталарымыздан әлемде теңдесі жоқ ғажайып тұлға жасауға құмарлығымыз секілді нәрсе ғой). Қайдос ғұмырбаян арқылы өзінен идеал адам жасамақ. Бірақ, оның соңы уайымға айналды. Адам өзін ессіз мақсатқа байласа оның соңы уайымға көрінеді. «Уайым – қайғының қорегі. Қайғы уайым жеп өмір сүреді. Қайғыдан құтылуы үшін уайымның көзін табуы керек. Тапты. Қайнары ғұмырнама. Ол өмірбаянын жоюға тиіс еді. Бақыт сонда келеді. Бақыттың бір аты алаңсыздық». Өзі қолдан жазған ғұмырнамадан шыға алмай, еркін тыныстап өмір сүруді ұмытқан еді. Ақыры өртеп барып бақыт табады.
Ішкі көркем формаға жетуге деген талпыныс жазушыдан өз ішіндегі материалды өңдеуді қажет етеді. Ал енді сыртқы дүниеге деген көзқарасына келсек, ол оған шығармашылық қиял үстеуші құштарлық секілді. Адам жанының ең бір тереңін берудегі деталь, дәлдік қайдан келеді? «Бір күні Алматыда». Көзі көрмейтін адам Алматының көшесінде адасып жүреді. Адасып жүріп жолында кездескен қыз-келіншектің даусынан кеудесінде есімі жазылған Сақыпжамалдың үнін таниды. Өмір сол енді... Әркім өз Сақыпжамалын іздейді.
Жазушының өмірді бақылауы, айналаны тануы басқаша. Қалт жібермейді. Кейде артығырақ көріп, сезіп қояды (ол кейде азабы да). Мысалы, «Үрімшіде». Баяндауы бөлек. Мұнда әуелі «Аспанасты елі қырағы-тұғын, сергек көңілін, отты назарын, енді батысқа тікті. Қоңыртөбел тіршілік кешкен Құлжа, жыңғыл шауып келе жатқан, қос күркелерін турап келе жатқан, жан-жағын жайпап келе жатқан алып өркениет, түтіндерін будақтатқан ашкөз пойыздар, алпауыт өндірістер аузына түсті» деп келіп, Үрімшінің бүгінгі келбетін суреттейді. Осы қаладағы дәмханада отырған жігіттердің әңгімесінен олардың Қазақстанды сүйетінін көресің. Жазушы қашанғыдай әр шығармасында оқушының назарын бұрып, танымдық мағлұмат береді. Мұнда да Қытай әдебиетінің қайнары деп «Үшпатшалық», «Қызыл сарай түсі», «Батысқа сапар», «Су бойында» деген төрт кітабы, олардың маңызы туралы да аз кем мағлұмат бар. Одан әрі қытайдың атақты қиссашылары мен жазушылары туралы айтып әңгімелейді. Олар басқа жерде отырып, қазақ елін қандай жақсы көреді деші, «Мен қазақ үшін өлем» дейді бірі. «Жоқ, біз Қазақстанға барып бақытты өмір сүреміз», дейді екіншісі. Жауап осы.
«Бояудың ізі» деп аталатын әңгімесі бар. Сурет салған әр сәтін бақытқа, теңдесі жоқ ғажайып сәтке теңеген суретшінің ішкі сезімін, шығармашылықтың кез келген адам сырын ұға бермейтін характерін көрсетеді. Оның осынау жан түкпірінен лықсып көтерілген буырқанған сезімінен туған суреттер үлкен қайталанбас туынды болып бағаланып, көп ұзамай аты алысқа жайылды. Салғанының бәрі сатылып кеткен сайын ол тез салуды үйренеді, тез салған сайын, әр жұмысты аяқтаған сайын атақты, ақшалы бола түсті. Ақыры... бір күні суретші де тоқтады. Таусылды. Жалықты. Оған ұлы өмірдің у-шуын тамашалап, осыны салуым керек еді деген ой ғана тән.
Бізде постмодернист жазушы сирек
Ел егемендігін алған жылдардан кейінгі кезең қазақ әдебиетіне, әсіресе, прозаға өзгеріс әкелгенін айтып жүрміз. Жалпы идеологиялық бағыттар мен адамдардың осы жаңа дүниеге деген көзқарастар жүйесі түбегейлі өзгеріп кеткендіктен енді реализм мен постмодернизмге нигилистік (құндылықтарға деген күмән мағынасында) көзқарас пайда болып, бұл әдеби контексте жаңаша эстетиканы туғызды. Адам мен дүниенің әралуандығы, оны шығармашылық тұрғыдан беру әдеби пайымдаудың басты ерекшелігі ретінде қаралып, ендігі жерде жазушылардың жазу шеберлігі, беретін шындығы өмірде болған жайды сол күйі көшіру ретінде емес, көркемдікті сезіну, түсіну, қабылдау сипатында көрінді. Енді көркемдік тәсілдердің, баяндаудың әртүрлі үлгілері келді. Бүгінгі жаңа әдебиеттің ең бір ерекше белгісі – ол ойындағысын бүгіп қалмайтын, ірікпейтін ашық-жарқын адам сияқты көрінеді. Өйткені онда тұйықталған емес, қозғалыстағы жүйе бар. Және жанрлардың арасынан түзу тартылған шекарасы сүртіліп, араласып кеткеннен кейін ол әралуандыққа өтіп, стилистиканың бұлыңғырлығы да жаңа әдебиетке тән белгі ретінде қарала бастады. Кейбір шығармаларды оқығанда бұл таза реализм немесе тап-таза постмодернистік шығарма деп атай алмайтынымыз содан шығар дейміз. Біз Дидар Амантайды постмодернист ретінде таныдық. Оның шығармалары жаңа уақыттың дүниесі ретінде қабылданды. Оның жазғандары ұзақ емес, соның өзінде жазушы сөздің жалпыламалығын жеңіп шыққысы келеді де, кей нәрсені өте нәзік беруге тырысады. Өйткені прозаның сөзі ол кейде ең керекті сөзді таңдап алуыңа байланысты әртүрлі қалыпқа түсе алатынын біледі.
Дидар Амантайдың «Тотықұс түсті көбелек», «Ләйлім шырақ», «Майдақоңыр», «Любовь Бергман», т.б. әңгімелері, “Көзіңнен айналдым” романы күрделі көрінетіні рас. Лирика да бар. Аз сәтке аялдап, сол келісінің өзінде жым-жырт даланың үстіне дүбір мен әнге толтырып, ал көшкенде жан біткенді құлазытып кеткен сығандар туралы, ауылда саяқ өмір кешкен қытай туралы... (Бұл жерде бұдан бұрынырақ айтқан пікірімізді келтірейік). Әсіресе, автордың бірыңғай диалогтан тұратындай әңгімелеріне келсек, кейде сөйлесуші екі адам бір-бірін жалғап, ой алмасудың орнына әрқайсысы өз ойымен отыратындай, және кейіпкер міндетті түрде елден ерек білімдар, пәлсапашы болып келетіндіктен оның айтқан ойын асықпай сіңіріп оқымасаң қорыту қиын. Әуелі финалдан басталып, одан кері әңгімеленіп, суреттеліп... егер оқиға болса оны кейде басына, кейде ортасына әкеліп елестете беруге болатын, оқиғаның нақты уақытының белгісіздігі шығарманың жаңашылдығын паш етіп, әлдебір құпиядан үміттендіріп, өзіне тарта берсе керек. Бұл орайда постмодернизмнің – алдымен фрагментация екенін, сонымен бірге, кейде мұны бір жүйесіздіктің, бір жерден бөлініп не жұлынып қалғандай әлем мағынасында түсіндіретін тенденция барын жоққа шығармаймыз. Автордың «Модерн/Постмодерн/ Алматы» деген әңгімесін алайық. Әуелі үшінші жақтан баяндап, түнгі қаланы суреттейді. Әр заттың бойына сіңірген күн қуаты туралы баяндайды. Мұнда дүние-жаратылыс туралы ой қорыту бар. Әрнәрсені көз алдыңа алып келеді, көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап, жазушы суреттеп отырған сәтті сезіне алатының бар. «Әрбір затта өз бойына сіңірген күн қуаты бар. Бұл қуат – алапат жарылыстың бізге ұшып жеткен ұшқындары. Біз – оның (алапат жарылыстың) перзенттеріміз. Қоршаған дүние – ағайын-туысымыз. Отбасы фотоальбомы тәрізді, әлемге қайдан, қалай қарасақ та, оны өткен шақта көріп тұрамыз. Әр құбылыс, әр нәрсе – оттан қуат алғандар. Күн – басты от. От-ана» деп түсіндіреді, одан әрі бар адамның бойындағы жалынды түсіндіреді. Бұл ойын үзіп алмай қақпа жаққа бет түзеген кейіпкердің ішкі ойы.
– Философияны түсінбеймін.
– Мен де.
– Не үшін керек?
– Философия түсінбеушіліктен туындайды.
– Одан да, қолдарына күрек алып, арық жүргізбей ме?
– Сосын?
– Пішен бар, орақ науқаны келе жатыр.
– Адам болмысы ойшылдықтан басталмай ма?
– Иә.
– Карл Ясперстің сөзі.
– Күрекпен жүріп те ойлануға болады, арық қанша ұзын болса, ой да сонша ұзақ дегендей.
Дидар Амантай еркіндікті Сартр секілді ұғынады, еркіндік деген қалағаныңды жасау емес, тіпті де бос жүріс пен әрекетсіздікке әкелетін қалыпта емес, ешкім тартып ала аламайтын таңдау мүмкіндігі деп қарастырады. Осылай Сартрдың экзистенциализмді адам мәселесі, яғни адамның жан түкпірі, қуанышы, қайғысы, айналып келгенде гуманизм деп қарағаны өзінен-өзі түсінікті болды.
P.S. «Майдақоңырдың» «сыртқы киімінің» сапасы жақсы екен. Ал, кітаптың іші мазмұнды екенін айттық. Біз оқырманбыз, көп оқитын, оқығанын салыстырып синтездей алатын, ізденісі көп және жақсы жазатындарға соншалықты таңғалуға болмайды, тек оларға көз тимесін дейміз.
«Уақыт – алапат жарылыстың перзенті. Біздің уақыт – алапат жарылыс тудырған ұлы уақыттың бір бөлшегі. Уақытша иемденеміз. Бірақ, өткен уақыт қайда кетеді? Келер уақыт осы шақта жетеді. Негізі келер уақыт жоқ. Түсінікті әлде түсініксіз», – дейді Дидар Амантай «Сағат жөндеу шеберханасы» новелласында (650 бет).
Жалпы прозада әлеуметтік және жеке адамдық құндылықтар арқылы тұжырым жасау дегенге жету үшін көп ой мен еңбектен өту керегін түсіне отырып, қазіргі шақтың қозғалыс-әрекетін беру дегеннің өзі “жазғанымды келешекке оқытам” дегеннен әлдеқайда естірек мақсат па дейсің. Осы орайда оқырман ретінде жазушының өз кезеңінің өмірін сүріп және оны сезініп, тап осы мезетті, осы уақытты жазғанын құп аламыз, өйткені келер буынның оны қабылдау-қабылдамауы деген мүлдем басқа сұрақ, бұл тіпті мағынасыздау да сияқты, өйткені бүгінгі соншама тез өзгеріп жатқан уақытта қазір біз ұстанып отырған мәдениеттің өзі тым құрыса он бес-жиырма жылға тұрақтылық таныта алмайды. Сондықтан жазушы тек бүгін ғана жаза алатынын жазып, жақсы дүние бергенінше бере алса - ол керемет. «Майдақоңырдың» ішінде осы кезең, біздің уақыт көрінеді, біздің сағынышымыз, өкінішіміз, ойларымыз және біз бармыз...