Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Алтай мұрасы» экспедициясы қасиетті Қарқаралы жерінде

1142
«Алтай мұрасы» экспедициясы қасиетті Қарқаралы жерінде  - e-history.kz
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 20 жылдығы аясында өтіп отырған «Алтай мұрасы» экспедициясы қасиетті Қарқаралы жеріне соғуы маңызды

Халықаралық тарихи-мәдени «Алтай мұрасы» автоэкспедициясы 15 маусым күні қасиетті Қарқаралы жеріне жетті Автосапар облыс орталығы Қарағандыдан шылбырдай шұбатылып, ширатыла шығып, 5 жолталғамайтын көлікпен Көкпекті мен Ботақараны артқа тастап, солтүстік-шығысты бетке алып көсіле тартып отырды. Қарағандыдан шыққан тақтайдай жосылған күре жолдың соңғы нүктесі қасиетті Қарқаралы қаласына келіп аяқталады. Экспедицияның келесі нүктесі де осы қасиетті, шежірелі шаһар Қарқаралы қаласы. 

Көркемдігі таңдай қақтыратын Қарқаралы жері – Орталық Қазақстанның ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышы. «Екінші Щвейцария» атанған ғажайып өлке. Қала атауы қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі – қарқарамен байланысты. Тіпті, Қарқаралы тауларының алыстан қарағандағы пішіні қарқара бас киіміне ұқсап тұратынын барша жұрт мойындаған. Сонымен тарихи, шежірелі жұмбақ мекенге экспедиция атбасын бұрған беттен аудан әкімі Халел Мақсұтов қарсы алып, Алтай мен Қазақстан арасындағы тарихи байланысты, тарихи жерлерімізді насихаттауды қолға алған экспедиция жетекшілері мен мүшелеріне алғысын жеткізді.  

eba6b558b190e46aa663d3748662ba6d.jpg

«Астанадан бастауын алған автоэкспедиция, Қарқаралы жеріне қош келдіңіздер! ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және қазыналы білім ордасы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 20 жылдығы аясында өтіп отырған «Алтай мұрасы» экспедициясы қасиетті Қарқаралы жеріне соғуы маңызды деп білемін. Бізде экспедицияның жолға шыққанын «Хабар» арнасынан көрдік, маңызды рухани шара үшін қуандық. Экспедицияның басты мақсаты – Алтай мен Қазақстан арасындағы тарихи байланысты, қарым-қатынасты нығайту бағытында Елбасының салихалы саясатын жүрген жерлеріңізде түсіндіру, екінші 25 жылдықтағы жеткен жетістігімізді, Қарқаралы, Абыралы, Шыңғыстау, Қарауыл, Семей сияқты жерлеріміздегі ағайынның тыныс-тіршілігін, әл-ауқатын, жалпы қазақ халқын Алтайдағы халыққа жеткізу, тарихи жерлерімізді насихаттау деп білемін. Экспедиция құрамына елімізге белгілі зиялы қауым, ғалымдар мен өнер қайраткерлері жиналып отыр. Ол да бір жақсы көрсеткіш. Өйткені сол ағаларымыздың таныстырып, түсіндіруі арқылы, біздің тарихымыз, өнеріміз, әдебиетіміз паш етілетін болады», – деді аудан басшысы. 

Қарқаралы топырағы – талай танымал тарихи тұлғалардың дүниеге келген мекені. Өз заманының жанашыры, әділетсіздікпен күресуші композитор, қазақтың «Робин Гуды», ақын Мәди Бапиұлы да қасиетті жердің тумасы. «Алтай мұрасы» тарихи-мәдени экспедициясы мүшелері Мәди Бапиұлы қабірінің басында зиярат етті. Батыр бабамыздың, халық әншісінің құрметіне орнатылған ескерткішке тағзым жасады. Ескерткіш жанында аудан жұртшылығы арнайы сапармен келген экспедиция мүшелерімен кездесіп, тамыры терең тарих, әдебиет және өнер жайында салмақты сұхбат жүргізді. Батыр бабамыздың ескерткішінің қасында экспедицияның мүшелері айтыскер ақындар Серікзат Дүйсенғазы мен Дәулеткерей Кәпұлы жырдан шашу шашты. Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали Мәди Бәпиұлының «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» әнін нақышына келтіріп орындап, аудан жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді. 

48e629b641046e0dd078f21394027324.jpg

Одан әрі Ерлан Бәтташұлы бастаған экспедиция мүшелері Құнанбай қажы мешітіне соғып, ата-бабалар рухына тағзым етті. Өз сөзінде экспедиция авторы, жетекшісі Ерлан Сыдықов Құнанбай қажы мешіті Қарқаралы ауданның ең маңызды тарихи жәдігері, ұлы бабамыздан қалған құнды мұра екенін тілге тиек етті: 

«Қарқаралы тарихы ұлы Абайдың есімімен тығыз байланысты. Ұлы бабамыз, Абайдың әкесі Құнанбай қажы салдырған көк шатырлы күмбезді мешіт – аудан орталығындағы ерекше маңызды тарихи құндылық. Бүгінгі Қарқаралы қаласының рухани-мәдени орталығы. Ұлттық болмысымыздың жәдігері». 

Сондай-ақ Ерлан Сыдықов кешегі советтік кезеңде Құнанбай есімін айтылмағанын айта келіп, тәуелсіздік алған тұстағы ұлы бабамыздың есімі қойылған тұңғыш көше Курчатов қаласында бой түзегенін айтты. 

«Құнанбай қажыға алғаш қойылған көше Курчатов қаласында бой көтерді. Ол – еліміздегі ең іліп алар үлкен көшенің бірі. Сондай-ақ Құнанбай қажы туралы кітабымда қазір әзірлену үстінде, алла қаласа Мәскеуден басылып жарыққа шығатын болады», – деді экспедиция басшысы. 

Бұдан кейін экспедиция мүшелері Қарқаралы дуанында билік құрған Құсбек төре, қазақтың айтыс өнерінің жүйрігі Шөже Қаржаубайұлының зираттарына барып, құран бағыштады. Қасиетті Қарқаралы жерінде жалғасқан экспедиция Қарқаралы-Абыралы-Қайнар-Шыңғыстау өлкелері арқылы ұлы Абайдың ауданына аттанды. 

eef23f319f4b06f2a1f2d7cb41544e76.jpg

Қысқаша айтар болсақ, Қарқаралы – ешбір қалаға ұқсамайтын, өзіндік кескін-келбеті, сәулеттік өзгешелігі, бай тарихы бар орталық. Бір қаланың өзі мыңдаған туристерге жәдігерін ұсына алатын эскпонаты көп орталық. Тарихқа көз жүгіртсек, құла түзде құлан, арқар жайылып, орман-тоғайымызда аю мен бұлан жортқан замандарда бұл өңірде жер бетіндегі ең алғаш мекендеген адам баласы болғаны белгілі. Тіпті, жыртқыш жануардың ең алғашқы тұқымдасы динозаврлардың болғанын да тарих ақиқаттады. Оған дәлел – қала басындағы «Суық бұлақ», «Үш үңгір» қазба орындары. Тіпті, шежірелі Кент тауларының маңындағы Талды қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігері де – көне сақ, ғұн тайпаларының дәуірлеу кезеңінің белгісі. Сол тұстағы жарты әлемді жайпаған ұлы бабаларымыздың құтты мекені де Қарқаралы болғаны – айғақты тарих. Сондай-ақ соңғы археологиялық қазба жұмыстары жүрген Белдеутастың да құпиясы Сақ, Ғұн мәдениетінен бастау алып, бүгінде өткеннен сыр шертіп тұр. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?