Бір өкініштісі – кезінде ұлт мақтанышы Тұрар Рысқұлов «Қызыл қала» атаған Ұлан-Батырға тікелей әуе рейсі жоқ екен. Бұрын болған, бірақ бір себептерге байланысты жабылып қалыпты. Амалсыз, Астана-Бішкек-Ұлан-Батыр бағытына билет алдық.
Астана-Бішкек
Айыр қалпақты ағайындардың елінде ұшағымызды бір тәулік күтуге тура келді. Такси ұстап, қалаға тарттық. Жол-жөнекей жүргізуші Рустаммен сөйлестік, ол биліктен кетіп жатқан Атамбаевқа өкпелі. «Қазақ еліне жөн-жосықсыз, бей-берекет айтқан сөздері негізсіз. Зардабын қарапайым халық тартып жатыр» дегенмен, бүкіл түркі тарихын қырғыздан таратып отыр. Заманның тыныш кезінде Бішкектегі Баласағұн атындағы университеттің шығыстану факультетін бітіріпті. Кейін бір емес, бірнеше рет дүние төңкерілген уақта, күнкөрістің қамымен көлік тізгіндесе керек. Қызылкеңірдек болып, біраз дауластық. Басты тілге тиек етері – қазақ халқы уағында «қырғыз» деп аталған. «Оны орыс деректерінен оқы» деп бой беретін емес. Қазақтардың отаршылдар аузымен «қырғыздар» деп аталғанын дәлелдейтін дерек-дәйектерді алға тартуға тура келді.
Бішкек сұрқай көрінді. Жарқ-жұрқ еткен шамдарсыз қалада көлік жүргізушілеріне заң жоқ секілді. Бірін-бірі кимелеп, қажет болса «қысып» кетуден тайсалмайды екен. Сабасына түскен Рустам мұны қалада Астана мен Алматыдағыдай бейнекамералардың жоқтығынан деп түсіндірді. Бірақ совет уақытында Фрунзе аталып, Орталық Азияның көрікті шаһарларының бірі болған Бішкек секілді қалаға жүргізушілердің жүгенсіздігі жараспайды-ақ.
Бішкектегі Махмұд Қашқари мешіті
Орталық алаңның маңына 2010 жылғы революция құрбандарына арнап ақ-қара мрамордан соғылған ескерткіш көзге ерекше көрінді. Қанды қырғында қайтыс болған 86 құрбанның есімдері тасқа қашалып жазылыпты. Бірақ әр отбасында төгілген жас пен қалған шерге кім жауапты... Бұл сұрақты іздеген келушілер Президент резиденциясының қоршауындағы оқ іздерін қарап еді – таппады. Бояп жіберіпті...
Ескерткіштен сәл арыда, Президенттік өкілеттігін тапсырған Алмазбек Атамбаевқа арналған фотогалерея қойылыпты. Алты жыл уақыт ішінде барған жерлері мен атқарған жұмыстарын көрсетуге барынша-ақ тырысыпты. Оқ өтпейтін қалың шынының ішіндегі суреттердің сапасында мін жоқ. Алайда, бюджет дефициті 20 млрд сомды құраған елдің жағдайы жүдеу көрінді. Соңғы жылдары елден 250 мың иммигрант сыртқа кеткен. Осының өзі көп нәрсені аңғартқандай. Қаланы аралап, түнде Ұлан-Батырға ұштық.
«Түрік әуе жолдарының» жанға жайлы ұшағында тербеліп, ұйықтап кетіппін. Қасымдағы көршімнің түрткілеуінен ояндым. Қарасақ, Читаға қоныппыз. Далада аяз қақап тұр. Қиыр Шығысқа жол түсер деп кім ойлаған?
Чита қаласының маңайы
Бақсам бақа екен демекші, Ұлан-Батырдың үстін айнала ұшқан ұшағымыз қаладағы киіз үйлердің түтінінің кесірінен қона алмай, Чита әуежайына амалсыз келіп тұрақтапты.
Чита-Ұлан-Батыр
Ресейлік әуежайда жағдай тым жұпыны. Сатып алар су мен шай жоқ. Екі сағат суық сорған жүзіміз ұшақ Ұлан-Батырға бет алғанда жылынды. Шыңғыс хан атындағы Халықаралық әуежайға күн бата қондық. Қол жүгімізді күтіп тұрып, Ерлан Амид есімді қандасымызбен таныстық. Біздің қазақша сөйлескенімізді көріп, жылыұшыратса керек. Моңғолия травмотология және ортопедия орталығында пластикалық оташы болып жұмыс істейді. Түркияда білімін жетілдіріп келе жатқан беті екен. Визиткасын ұстатып, үйіне қонаққа шақырды.
Бізді Серікжан Партизан есімді қалалық қазақ күтіп алды. Шыққан тегі – Баян-Өлгейден. Заманға сай пысық жігіт екені көрініп тұр. Жеке компаниялардың бірінде есепші болып істейтін ол екі жыл бұрын Аустралияда жұмыс істеп келіпті. Себебі, жат елде қаржы саласы бойынша магистрлік білім алған жұбайының жанына серік болған. Ағылшынша ағып тұр. «Жаңа жылға қарай АҚШ-қа кетемін. Сиэтлде таныстарым бар. Біраз күнкөріске қаражат жинамасам, мұндағы жағдай күн санап қиындап барады», – дейді.
Кешкі қала көрінісі
Расында да, Ұлан-Батыр бай қала көрінгенімен 1 АҚШ доллары – 2444 тугрик. Ал, 1 теңгеміз – 7 тугрикке тең. Алдында ғана 10 тугрик болған. Бірақ девальвациядан соң 3 теңгеге қаржымыз құлдырапты. «Бұрын жақсы еді. Мұңғыл ақшасынан бір нөлді алып тастап есептей беретінбіз, қазір 7 санына көндіге бастадық» деген қандастарға күлдік те қойдық. Ерланның визиткасына көз салдым. А. Ерлан деген аты-жөнін оқып, мәнін сұрадық. Қызық жайт, моңғол елінде әке немесе тек толығымен жазылмайды. Алдымен кісінің тегі мен әке есімінің бас әрпі жазылып, нүкте қойылады, сосын өз аты толық жазылады – бітті! Мысалы, Б. Олжас, К. Заңғар. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деп бас шайқадық та қойдық.
Жүгімізді жимастан Моңғолиядағы Қазақстан елшілігіне бет алдық. Қаланың ең көрікті Хан-Уул ауданының Зайсан көшесіндегі елшілік үйі еңселі көрінді. Аулаға желбірете ілінген көк туымызға бір қарап, ішке ендік. Елшіліктің бірінші хатшысы Жүсіп Орынбай қарсы алып, келген сапарымыздың мән-жайын толық білген соң, Төтенше және Өкілетті елші Қалыбек Ибрагимұлына жол бастады. Байқағанымыз – моңғол тілінде түркі сөздері өте көп екен. Шамамен 3000-ға жуық сөз бар. Сүт-сүү, елші-элч, емші-эмч т.с.с кете береді.
Мамандығы тарихшы және осы ғылымнан докторлық қорғаған елші бізді жылы қарсы алды. Қазақстан мен Моңғолия мен арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толғанын тілге тиек етіп, елшіліктің қолдауымен жарық көрген «Моңғолия қазақтары» деген кітапты тарту етті.
Моңғол тілінде жарық көрген кітаптар
Жат жерде жүрсе де, ғылымнан қол үзбеген Қалыбек аға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінде қызметте жүріп, қол қусырып отырмай, бос уақытында қиырдағы қазақтар туралы зерттеу жұмыстарымен айналысады екен. «Өзбекстан қазақтары» деген еңбекті көріп, қолқа салдық. Өкінішке қарай, жалғыз дана қалғандықтан, бұл жолы бұйырмады. «Оқа емес, әлі-ақ аларсың» деп өзімізді жұбатып, қонақ үй іздеудің қамына кірістік.
Бақытымызға орай және Жүсіптің араласуымен елшіліктің маңайындағы «Зайсан» деп аталатын қонақ үйге жайғастық. Кешкі Ұлан-Батыр көркем әрі сабырлы. Сұрқай, сұрғұлт кейіптегі Бішкектен соң, мұндағы зәулім ғимараттар мен соңғы үлгідегі тұрғын үй кешендері көз талдырды.
Дегенмен, моңғол елінің жартысы мекендейтін қаладағы көлік кептелісі ересен. Барар жеріңе жарым сағат бұрын шықпасаң кешігіп қалуың әбден мүмкін. Оның үстіне, кең далаға үйренген тұрғылықты халық жол ережесі мен көше тәртібіне мойынұсына бермейді екен. Қиып кету, жаяу жүргіншіні өткізбей қою, рұқсатсыз жол сұрамай көлігімен киліге кету күнделікті әдет секілді. Сондықтан болар, қызыл нөмірлі дипломатиялық көлікпен қамтамасыз еткен елшілікке кеткенше іштей алғыс айтумен болдық. Көліксіз күнің қараң.
Айта кететін тағы бір жайт, қаладағы көмір түтіні. Көппәтерлі тұрғын үйлерге қолы жетпеген, яки болмаса, онда көшуді жөн деп таппаған жергілікті халық ата-баба салтымен киіз үйді мекендейді. Ал, қай жерге киіз үй тіксең, жергілікті билік сол жер учаскесін ресми заңдастырып беретін көрінеді.
Ұлан-Батырдағы киіз үйлер
Жылуы мен сөнуі тез киіз үйге жаппай көмір жағылып, қала үстін үнемі көк тұман басып тұрады. Себебі, көмір жағылмаса Ұлан-Батыр әлемдегі ең суық астаналардың бірі. Түнге таман ауа температурасы -40 градустан асып кетеді. Ал, қаладан 30 шақырым қашықтықтағы Налайх қаласы ел астанасын көмірмен қамтамасыз етеді.
Ұлан-Батыр-Налайх
Моңғол халқы «Налайхан» деп атайтын шағын қала көмір шахталарына бай. Мұндағы көмір кеніштерін ең бірінші болып игерген де баян-өлгейлік қазақтар. Тарихи деректерге сүйенсек, өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары Риан есімді қазақ келіп, ең алғашқы екі көмір шахтасын игеруге белсене атсалысқан. Жер қазуды өз діндеріне жат санайтын моңғолдар қара жұмысқа жарамаған соң қазақтар көптеп келіп, көмір өндірісіне өз үлестерін аямай қосқан. Қазақ тілінде «Жадыра» деген мағына беретін Налайх қаласын бүгінде 867 шаңырақ қазақ мекендейді.
Бір байқағанымыз – астаналық қазақтар өте білімді. Оны Моңғолияға келген екінші күні – Моңғолия үкіметі жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Зүлфикар Сарқыт ағамызбен сұхбаттасқанда байқадық. Бұл кісі – әлеуетті әлеуметтанушы. Түркияда бакалавр оқыған, кейін Кембриджде қорғаған. Қазір Моңғол еліндегі ең беделді білім ордасын басқарып отыр. «Қазақ жастарының оқығанын қалаймын» дейтін Зүлфикар ағамыз Қазақстанның даму жолы туралы моңғол тілінде кітап жазыпты. Оқырмандар жылы қабылдаған еңбектің бір данасын түсінбесек те, қанжығамызға байлай кеттік. Моңғол еліндегі беделді білім ордасын Гарвард секілді әлемдік оқу орындарымен байланыстарған оның алға қойып отырған мақсаттары баршылық. Қазақстанға біршама білім алушыларды тәжірибе алмасуға жіберген З. Сарқыт алдағы уақытта екі елдің қарым-қатынасын одан әрі жақсартсақ дейді.
Моңғолия Мемлекеттік басқару академиясын 1954-1980 жылдары аралығында үздіксіз басқарған Б. Құрметбек есімі академияның құрмет тақтасына мәңгі жазылған
Бұдан бөлек, моңғол елінде екі-үш академик қазақ бар екен. Мысалы, біз барғанда 75 жылдығын атап өтіп жатқан Сұлтан Тәукейұлы атамыз – экономика ғылымдарының докторы, профессор. Моңғолия жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. Қаншама жылдар бойы Аустрия мен Мажарстандағы Моңғолия елшілігін басқарған. «Қазақтың ізгі жақсыларымен түгел араластым» деген атамыз бертін келе депутат болып, соңғы жылдары ел президентінің халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесшісі лауазымын абыроймен атқарған. Қазір еңбек демалысында екен. 16 томдық еңбектер жинағының қазақша жазылған 13-інші томын өз қолымен сыйға тартқан тарихи тұлғаға ұзақ ғұмыр тілеп, біз Налайханға аттандық.
Жазушы және қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейұлы
Мұндағы қазақтар да бізді құшақ жая қарсы алды. Бірден Ибраһим ақсақалдың үйіне тарттық. Бұл кісінің жары – Сайлау апамыз қолөнер шебері. Қазақы киім-кешек тігіп, киіз басады, сырмақ пен алаша тоқып, шетелдік туристерге сатады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін суреттегі керей қалпақ пен қазақы шапандардың әрбірін жапондық туристер 300 АҚШ долларына тіккізіп жатыр. Жақын арада алып кетулері тиіс. Қажылық парыздарын өтеп келген Ибраһим ақсақал мен Сайлау апаның шаңырақтарынан бір жылулықты сездік. Жалғыз ұлдарын Түркиядағы полиция академиясына оқуға жіберген қарттар соның тілеуінде екендерін жасырмады. Налайхан қаласы бойынша дәулескер күйші атанған Ибраһим атамыздың жалғызы түрік еліне өнерінің арқасында кетсе керек.
Сайлау апамыз Моңғолия президенті Цахиагийн Элбегдорждың қолынан марапат алған кезі
Көмірлі қаладағы қазақтар өз ділдері мен діндеріне берік. Екі мешіт бар. Өлім-жітім мен той-томалақта бас қосар мейрамханалары толық жұмыс істеп тұр. Қалалық азаматтық қоғам белсендісі Ардақ Барун апайымыздың тұз салған шайы мен қолдың сары майына тыңқия тойып алған соң, Шыңғыс хан ескерткішін бет алдық. Даладағы аяздан тоңып та қалдық. Бірақ қиырдағы қандастардың ыстық ықыластарынан соң табиғаттың мінезі бұйым болып па, тәйірі!
Алапаты асқан Шыңғыс хан
Ұлан-Батырдан 50 шақырымдай қашықтықтағы Цонжин-Болдог атырабында орналасқан ескерткіш алыстан-ақ айбынды көрінеді. Биіктігі – 40 метр. Әлемдегі ең биік атты ескерткіш болғандықтан ба, әлде Шыңғыс ханның мысы басты ма, биіктігі үш қабат үйдей болар ескерткішке тегін кіргізген қызметкерлерге алғыс айтып, біраз ойға беріліп кетіппіз. 28 млрд тугрик жұмсалған ескерткіш түгелдей шірімейтін темірден жасалған. 2008 жылы ашылған архитектуралық ескерткіштің ішінде жаныңа керектінің бәрі бар. Мейманхана мен мейрамхана, конференц зал, бильярд залы, музей дейсіз бе – бәрі де сақадай сай жұмыс істеп тұр. Осындай да шіркін-ай, біздің елде де осындай бір әлемді елең еткізер тарихи ескерткіш болса ғой деген бір ой қылт ете қалды.
Әлемге әйгілі Шыңғыс хан ескерткіші осы. Дәл алдынан түсірілген сәт
Дәл осы Цонжин-Болдог аймағынан бері жүрсеңіз, Тоныкөк жазбаларына кезігесіз. Түркиялық ТИКА агенттігі қолдау танытып, айналасын темір шарбақпен қоршатыпты. Ішіне өту мүмкін емес. Айнала қоршаған темір қоршау тым биік және аттап өткенде абайламасаң шабақталып қалуың әп-сәтте.
Дала кемеңгері Білге Тоныкөк өзінің бағасын, тарихтағы орнын өзі қашатып, былай деп жаздырыпты:
«Тәңірі жарылқады! Бүкіл түркі жұртына қарулы жау келтірмедім, атты әскер жолатпадым. Ел төресі жауламаса, оған еріп мен жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесінде, менің шабуылымның нәтижесінде еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым. Түркі Білге қағанның еліне арнап тасқа жаздырған – мен – Білге Тоныкөкпін» дейді.
Таң атқаннан күн батқанша жүріп, кешкісін қалаға кері қайттық. Көрген-білгенді қағазға түсіріп, ертесіне Ұлан-Батырда «Бес бармақ» деп аталатын мейрамхана ашқан Ердәулет есімді бауырымыздікіне тарттық. Шетелге шықсаң, қазақтың мейрамханасын емге таппайсың. Ал, мына мейрамхана сол олқылықтың орнын толтыруға тырысқандай.
Қазақы мейрамхананың ішкі интерьері
22 жасында өз кәсібін дөңгелетіп отырған Ердәулет болса, мұнда моңғол ағайындардың жиі бас сұғатынын айтады. Себебі, қысы суық, жазы ыстық Моңғолияда жылқы етін жесек, суықтан сақтанамыз дейтін ойды моңғол ағайындар миына берік түйіп алыпты. Бағасы мен интерьері сай келген мейрамханаға келетін адам қарасы көбірек. Ашылғанына екі-ақ апта болғанына қарамастан, ат төбеліндей қазақтардың жиналатын орнынан айналыпты. Ал, кеңпейіл қонақжайлыққа салған бауырымыз барын алдымызға жайып, сірне тартып, әбігерге түсті. Ақша алудан бас тартып, «Студенттер көшесінде» орналасқан мейрамхананы дамытып, өзге елдерде де қазақы дәмді насихаттасам деген арманын жеткізді. Несі бар, талапты ерге нұр жауар. Жүрегі қазақ деп соққан жас кәсіпкердің арманы орындалсын деп тіледік.
Сірне деп аталатын тағам түрі
Ел ерекшеліктері
3 млн халық мекендейтін Моңғолияда 70 млнға жуық мал басы бар. Халықтың басым көпшілігі осы малмен күн көріп отыр. Бізде жылына бір-екі рет өтетін ат бәйгесі – бұл жақтағы нөмірі бірінші спорт. Ерланның айтуынша, қайбір жылы 10 мың жылқы қатар шауып, Гиннестің рекордтар кітабына тіркеліпті. Орташа жалақылары 70-80 мың теңгені құрайтын шағын елде атың бәйгеден бірінші келсе, бағың жанды дей бер. Қалталы кәсіпкерлер ақшаны аямайтын көрінеді. Джип мінгізіп, миллион сыйлап, жүйрік жылқыны жерге тигізбей сатып алады. Тіпті, ат бәйгесін көрудің өзі қыруар қаржы тұрады екен. Ал, оны жүргізетін комментаторды арнайы алдырып, ат-шапанын төлеп, күтеді. Моңғол еліндегі күллі жүйрік жылқы атаулыны білетін және оның шежіресін тарқатып беретін жүргізуші мұнда санаулы. Сондықтан, олардың қызметіне деген сұраныс жоғары.
Елдің саяси жүйесі парламенттік-президенттік негізге құралған. 29 саяси партия билікке алма-кезек келіп тұрады. Қазір елді коммунистік партия билеп тұр. Бізді ең қайран қалдырған жайт, мұндағы халықтың саяси белсенділігі егер, алда-жалда жол түсіп, Шыңғыс хан еліне барсаңыз, кімнің қай партияда екенін сұрамағаныңыз абзал. Себебі, бір үйдегі екі партияның адамдары араласпай, ажырасып кеткен оқиғалар да болған.
Суретте: соңғы 25 жылда қазақтардың арасында Ұлы Хурал депутаты мен Құрылыс және қала дамуы министрі дәрежесіне жеткен Бәделхан Қабдіслам, Моңғолия Ұлы Хуралының екі дүркін депутаты болған Бакей Агипарын және Құрылыс және қала дамуы министрлігі әкімшілік-қаржы департаментінің директоры Тілеухан Нәжікейұлы
Сондықтан, саясат туралы емес, тарих ру туралы сұрасыңыз. «Қай сүйек боласың?» деп әңгіме бастайтын моңғолиялық ағайындардың жеке куәліктеріне руларын жазып береді. Мысалы, А. Ерлан, бәленбайыншы жылы дүниеге келген, руы – шыбарайғыр. Ал, керек болса?!
Шетте оқыған қазақтар
Ерлан демекші, сапарымыз аяқталар тұста оташы Ерлан қандасымыздың клиникасына бас сұқтық. Қызметінде абыройлы көрінді. Бір сөзге келместен ішке кіргізіп, операция бөлмесіне кіріп, ота жасап жатқан сәтті таспаға түсірдік. Деректі фильмге керек болады. Оның өзі болса, мұндағы «25-телеканал» ұйымдастырған бүкіл ел бойынша өткізілген «Үздік хирург – 2016» реалити-шоуында жеңімпаз деп танылып, 5 млн тугрикті жеңіп алыпты. Моңғолия қазақтары десе, көздерін әжім басқан, мал соңында жүретін қазақтарды елестетініміз жасырын емес. Біздің «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің мақсаты – осы стереотипті бұзып, жат жерде жетістікке жеткен қандастырымыздың күнделікті өмірлерін көрсету болды.
Пластикалық оташы Ерлан. Бос уақытында жүйрік байлап, ат жүгірткенді ұнатады. Жұбайы – жапон тілінің маманы. Токиода оқыған
Сапарымызда Гүлнар Чакерхан есімді ғалым апайымызбен таныстық. Ломоносов атындағы ММУ-дің түлегі, филология ғылымдарының докторы. Екі ұлы бар. Жастай жесір қалып, кәрі шешесі мен ұлдарын өзі жеткізген. Бір ұлы Стэнфорда, енді бір ұлы Кембридж университеттерінде IT саласы бойынша докторлық қорғаған. Келіні болса, Германияда медициналық мамандық алған. Осындай кейіпкерлерден соң, ойыңыз қалай өзгермейді, құрметті оқырман?
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Моңғолия политехникалық университеті зерттеу институтының директоры Гүлнәр Чакерхан
Жалпы алғанда бұл сапар олжалы сапар болды. Неге дерсіз, соңғы 25 жылда министр болған Қабдіслам Бәделхан ағамыздан сұхбат алдық. Сегіз жыл депутат болып, комитет басқарған Бәкей Ағыпарын ағамызбен де дидарластық. Ең бастысы – қиырдағы қазақтардың іздеп келген біздерге деген ілтипаты мен елге деген сағынышын сездік. Ақыр соңында Ұлан-Батырдағы Жерлестер алқасының төрағасы және Моңғол құрылыс және қала істері министрлігінің қаржы-шаруашылық департаментінің директоры Тілеухен Нәжікейдің қолынан Алғыс xат алуымыз күтпеген жайт болды. Қазір Алғыс хат шаңырағымның төрінде ілулі. Өйткені, бұл хатта қиыр жайлаған қазақтардың ыстық ықыласы мен елге деген сағыныштарының бір парағы бар еді...
Ал, қалған мәліметтер мен сәттерді деректі фильм сөйлетсін. Алдын-ала айтылған астың дәмі тұз татып кетер деген, арық айтып семіз шығайық.
Астана-Бішкек-Ұлан-Батыр-Астана
Суреттерді түсірген автор.
Кейбір фотосуреттер mongoliacenter.org, majesticgobitour.com сайттарынан алынды.