Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Д. Абаев: «Қазақ» газеті атында арнайы сыйлық тағайындаймыз

1643
Д. Абаев: «Қазақ» газеті атында арнайы сыйлық тағайындаймыз - e-history.kz
Астанада өтіп жатқан «Қазақ сайттары редакторларының форумының» жұмысына қатысқан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз сөйледі

Құрметті форумға қатысушылар!

Бүгінгі алқалы жиын «Қазақ сайттары редакторларының форумы» деп аталғанымен, оған сайттардың ғана емес, телевизия мен радионың, баспасөздің өкілдері де, сонымен қатар әлеуметтік желі белсенділері де қатысып отыр.

Себебі, Интернеттің қарқынды дамуы коммуникация құралдарын бір арнада тоғыстырып, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың сабақтастығы күшейе түсуде.

Сондықтан, баршаңызды осы саладағы ең өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға шақырып отырмыз.

Форум барысында ортаға салынған пікірлер мен идеялар отандық ақпарат саласының дамуына үлес қосады деп сенемін.

Жаһандану дәуірінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қанат жаюы масс-медианың алдына жаңа талаптар қоя бастады.

Бүгінгі таңда әлемдегі 7 миллиардтан астам адамның тең жартысы – әлеуметтік желілердің қолданушысы.

Әлеуметтік желілер ақпарат құралдарының салмақты бәсекелесіне айналды. Қазір күннің басты тақырыбын фейсбуктегі қарапайым қолданушы қалыптастыра алады. Немесе тұтас редакция зерттейтін мәселенің маңыздылығын WhatsApp-та таралған бір ғана видео жоққа шығаруы мүмкін.

Алайда, бұл үрдіс журналистиканың рөлін төмендете алған жоқ. Керісінше, әлеуметтік медиа дамыған сайын кәсіби мамандардың бағасы арта түсуде.

Осындай кезеңде бәсекелестіктің қатаң талаптарына төтеп беріп, ақпарат кеңістігінен лайықты орын алу үшін қазақтілді интернет-ресурстардың алдында тұрған бірнеше маңызды мәселені атап айтуға болады.

Біріншіден, контентке көзқарасты өзгерту.

Қазіргі күні ақпараттың мазмұнын қалыптастыруға қолданушылар тікелей ықпал ете бастады. Өкінішке қарай, осының салдарынан сенсацияның соңына түскен сайттар да жеткілікті.

Әрине, бұл ретте аудиторияны ұдайы зерттеп, әр оқырманның сұранысын ескеруге тура келеді. Алайда, кез келген мәселеге елдік мүдде, ұлттық таным мен тәрбие әрі журналистік этика тұрғысынан қарау басты нысана болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік желіден басты айырмашылығы да, артықшылығы да – осы.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі келер жылдан бастап ауылдық елді мекендердегі 2 миллионнан астам тұрғынды сапалы интернетпен қамту жобасын бастамақ. Оларға қандай контент ұсынуға болады? Міне осы мәселені сайттарымыз қазірден бастап зерттеп, контенттік саясатын жолға қоя алса, қолданушылар саны бірнеше есеге артатыны сөзсіз.

Екіншіден, ұлттық мүддені түгендеуді ұтымды жүргізу.

Осы тұрғыдан келгенде, қалам ұстаған қауымның Тәуелсіздіктің нығаюына қосқан үлесін айрықша атап өтуге болады. Ел мүддесі сынға түскенде қазақы БАҚ қашанда алдыңғы қатардан табылып келеді. Алайда, бүгінгі заман ағымы ұлттық мәселе ұғымын тіл мен діл, әдебиет пен тарих немесе мәдениет аясында ғана емес, ауқымды қарастыруды талап етуде.

Қазіргі күнгі үлкен проблеманың бірі – ұлттық мүдде мәселесінің жалаң ұранмен алмасып кетуі. Көп ретте бұл арандатушылық сипатта көрініс беруде.

Мәселен, «Абу Даби Плаза» оқиғасын алайық. Зерттеулерге қарап, сол күні әлеуметтік желіде жұрттың намысына тиіп, жанжалға шақырған «патриоттық» пікірлердің бірде бірі Астанадан жазылмағанын көрдік. Осындай «тасада отырып тас ату» әдеті белең алып тұрғаны жасырын емес.

Жаһандық экономиканың дамуына, жаңа технологияларға, ғылым мен білімнің игіліктеріне қатысты жаңалықтарды оқырманға тиімді жеткізу – қазіргі күннің ең өзекті ұлттық мәселелері осылар болуы тиіс деп ойлаймыз.

Үшінші мәселе, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа қарым-қатынасын тереңдету.

Бүгінгі күні әлеуметтік медианың басымдық алғаны жөніндегі пікірлер көп. Алайда, соңғы зерттеулерге қарап көрсек, әлі де дәстүрлі БАҚ-тың, соның ішінде телеарналардың ықпалы фейсбукке қарағанда 2-3 есеге артық екен.

Осы ретте, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа ақпарат кеңістігінен орын алуы үшін бірін-бірі толықтыратын кешенді құралға айналуы тиіс.

Қазіргі күні еліміздегі іргелі медиа ұйымдардың осыны сәтті қолдана бастағаны байқалады. Бұған мысал ретінде «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерін, бірқатар телеарналарды айта кетуге болады.

Өздеріңізге мәлім, өткен жылы Министрлік ақпарат және коммуникациялар салаларына қатысты заң жобасын қоғамның талқылауына шығарды. Бүгінгі күні құжат Мәжілісте мақұлданып, Сенат қарауына енгізілді.

Осы заң жобасында ақпарат, байланыс және ақпараттандыру саласын дамытуға бағытталған кешенді өзгерістер ұсынылып отыр. Жалпы, 16 заң мен 6 кодекске 280-нен астам өзгертулер мен толықтыру енгізілмек.

Атап айтқанда, ақпарат құралдары үшін әкімшілік жүктемелер мен шектеулерді азайту бойынша бірқатар жеңілдіктер жасалады. Мемлекеттік органдарда БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілетті тұлғаны бекіту қарастырылды.

Өскелең ұрпақты ақпараттық қауіп-қатерлерден қорғау, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайту бағытында да көптеген нормалар ұсынылып отыр.

Құрметті әріптестер!

Мемлекет қолдауының арқасында Интернет кеңістігінде ұлттық ақпараттық қоғам қалыптастыру мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Мысалы, біраз жыл бұрын салалық БАҚ құру өзекті мәселе болса, бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін бере бастады.

Атап айтсақ, тарихымызды түгендейтін National Digital History порталы іске қосылды. Әдеби мұраларымызды жинақтайтын Әдебиет порталы жұмыс істеуде. Танымдық El.kz порталы, тек қана қазақ тілінде хабар тарататын Baq.kz ақпарат агенттігінің жұмысы жүйелі жолға қойылды. Қоғамға сөзі өтімді, сан саланы қамтыған интернет-ресурстар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Осының барлығы мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асуда.

Сонымен қатар, осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі де ескерілуде. Өздеріңізге мәлім, биылғы жылы Ақпарат  және коммуникациялар Министрлігі осы саланың үздіктеріне арналған «Үркер» сыйлығын тағайындады. Бұл шара жалғасын табатын болады.

Бүгінгі жиынды пайдаланып, тағы бір жаңалықты жеткізгім келеді. Ұлттық баспасөздің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің жарық көргеніне алдағы жылы 105 жыл толады. Осыған орай, «Үркер» байқауы аясында «Қазақ» газеті атындағы арнайы сыйлық тағайындауды жоспарлап отырмыз.

Жалпы, қазақтілді ақпарат құралдарының бүгінгідей ауқымды шарада бас қосуы мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да бұқаралық коммуникация мәселелеріне барынша көңіл бөліне бастағанын көрсетеді.

Олай болса, осы істің басында жүрген азаматтарға алғыс білдіремін!

Бүгінгі жиынның табысты өтуіне тілектеспін.

Назарларыңызға рахмет!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?