Шерхан Мұртаза – ашаршылық жылдарында дүниеге келген төл. Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Әкесі Мұртаза репрессияға ұшырап, қуғын көрсе, анасы Айша – ұлының бақыты үшін күрескен жан.
Шерхан Мұртаза әкесі жайлы «Менің жасым болса мынау, әкем сол әскерде түскен формасымен жап-жас, мәңгілік жас» деп толғанады.
Ал «– Сен қайдан келдің? – дегенде бір данышпан: – Мен балалықтың елінен келдім, – деген екен. Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды.
Мен де солардың бірімін. Анамның аты Айша еді» деп тебірене еске алады.
Жалынды журналист
1959-1969 жылдар аралығында Шерхан Мұртаза 100-ден астам ескертпе, корреспондеция, 5 фельетон, 8 рецензия, 47 очерк, 50-ден астам публицистикалық материалдың авторы атанды. Бұдан бөлек ол отыз жылға жуық уақыт ішінде алты бірдей республикалық газет-журналға басшылық еткен. Бұрын-соңды болмаған тиражға қол жеткізді. «Жұлдыз» журналын 196000 тиражбен қабылдап алып, үш жылда 212000-ға, кейіннен 300 000-ға жеткізген бас редакторлығы бір төбе.
Замандас бейнесі, соғыс жылдарындағы тылдағы адамдардың қажырлы еңбегін баяндаған тұңғыш кітабы «Құрылысшы Дәку» очерктер жинағы 1958 жылы жарық көрді.
Ұлт жазушысы
Ш. Мұртаза – «Қара маржан», «Қызыл Жебе», «Ай мен Айша» романдарының, «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Интернат наны», «Белгісіз солдаттың баласы», «41 жылғы келіншек» әңгімелерінің, «Бесеудің хаты», «Сталинге хат» сияқты драмалық туындылардың авторы.
Ғылыми-техникалық төңкеріс, адам мен қоршаған ортаға қамқорлық жайлы маңызды мәселелерді көтерген «Қара маржан» романы 1976 жылы жазылып, оған 1978 жылы ҚазССР Мемлекет сыйлығы берілді.
РСФСР басқарған Сталиннің орынбасары болған қазақ, көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өміріне арналған «Қызыл жебе» трилогиясы – жазушы шығармашылығының биік шыңы.
Аударманың алыбы
Шерхан Мұртазаның аудармадағы шығармашылық жолы студент кезінен басталады. Ол кезінде Л. Лагиннің «Хоттабыч қарт», М. Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» туындыларын қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар Г.Х. Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілеріне көркем тәржіме жасады.
Жазушының көршілес қырғыз әдебиетімен байланысы тығыз болды. Әсіресе шоң жазушы Шыңғыс Айматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Қош бол, Гүлсары», «Жан пида» шығармаларын қазақ тіліне аударып, туысқан екі елдің әдеби-мәдени байланысын нығайтты.
Мемлекет және қоғам қайраткері
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолынан қаламын суытпай, «Не жетпейді?», «Елім, саған айтам, елбасы, сен де тыңда!», «Әкімдер мен ақындар» атты публицистикалық кітаптары жарық көрді. Қазақ журналистикасындағы «Шерағаңның шекпені» термині осы дәуірдің үздік журналисі, кейіннен Қазақстанның халық жазушысының құрметіне аталған.
1992-1994 жылдары «Қазақстан» мемлекет телерадио компаниясының төрағасы қызметін атқарған тұста 70-ке жуық қызметкерге бір күнде пәтер кілтін сыйлағаны аңызға бергісіз тарихи оқиға саналады.
Шерхан Мұртаза халық қалаулысы ретінде Қазақстан Республикасының Парламентінде жемісті еңбек етті, әлеуметтік-мәдени дамуға байланысты заң жобаларын дайындауға атсалысты. ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1994-1995 жылғы және 1999-2004 жылғы 2-шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Ол туған жеріне оралды. Бас айналдырар мансапты, билік маңайын бір күнде тәрк етіп, Талаптыға жол тартты. Нағыз ақсақал, нағыз абыз деуге болады.
Жолбарыстай жүректі шері Шерхан Мұртаза Алматының Кеңсайында мәңгілік дамылдайды.
Қош, қазақтың қаламгері!
Қош, Шерхан аға!
National Digital History порталының ұжымы көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, абыз-ақсақал Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туыс-туғандарына, республика жұртшылығына қайғырып көңіл айтады.