Көшпелі қазақ халқы ат үстінде отырып ұрыс салуға және жаяу соғысқа, шұғыл қимыл жасауға ыңғайлы деп көбіне жеңіл сілтенетін найза, айбалта, қылыш, садақ және шоқпар секілді бес түрлі қару қолданған. Сонымен қатар, қорғаныс мақсатында жауынгерлер үстіне сауыт киіп, қалқан ұстады. «Ер қаруы – бес қару» деген сөз осыған байланысты шыққаны белгілі.
Балта
Бүгінде айбалта аталып жүрген бұл қару түрі күнделікті тұрмыста қолданылатын кәдімгі балтаның соғыс құралына лайықталған түрі екені белгілі. Айбалта атауы да бұл қарудың ай бейнесіндегі сыртқы пішініне байланысты шыққан.
Айбалта ең көне соғыс қаруларының бірі саналады. Ол шабу, жару және кесуге өте ыңғайлы қару саналды. Қазақ мәдениетінде пайдаланылған айбалта саптарының ұзындығы 70-90 сантиметр аралығында болды. Көшпелі халықтар оны өте ерте заманнан яғни сонау ғұн, сақ дәуірінен бері пайдалана бастаған. Халқымыз оны ХХ ғасырға дейін қосалқы қару ретінде пайдаланды.
Айбалтамен соғысу әдісін жетік меңгерген жауынгерді «айбалташы» деп атайды. Айбалташы жауынгерлер жорыққа шыққанда оны көбіне тебінгінің астында ұстады.
Айбалтаның металдан соғылған бас жағын жалман деп атайды. Пішіні де әртүрлі болып келеді. Көшпелі бабаларымыз пайдаланған айбалталардың ішінде екі басты нұсқалары да кездеседі. Сонымен қатар, бір жағы ай тәрізді ал шүйде яғни екінші жағы ұзынша, үшкір, немесе қырлы болып келетін түрлері де болды. Айбалтаның бұл түрі көбіне қысқа сапты болады.
Өткір қыры – жүзі, жалманға қарсы жағы – шүйдесі, сапталатын ойығы – ұңғы, сап пен ұңғысының түйіскен тұсы сағағы деп аталады.
Кейбір балта саптары түгелдей терімен қапталып, алтын, күміс секілді игеруге ыңғайлы металл жапсырмалармен өрнектеліп, әшекейленді. Қолға ұстауға ыңғайлы болу үшін саптың төменгі жағына қайыстан бау (бүлдіргі) тағылады.
Айбалтаның шақан, ақбалта, көкбалта және жартылай айбалта деген түрлері де кездеседі. Зерттеушілер шақандардың шүйдесі көбіне жатық келетінін айтады. Жалманы үшбұрышты сына тәрізді келеді. Жүзі жіңішке, ұзын сапты болады. Шақан туралы деректі белгілі зерттеуші А.Левшиннің еңбектерінен де кездестіруге болады: «чакан есть топорик, насаженный на длинную рукоятку. Раны, им наносимые в голову, большою частию смертельны». Бұл 9 ғасырдың басындағы қазақтарға қатысты мәлімет.
Түркілердің қарулары жайында көлемді еңбек жазып кеткен ғалым Серікбол Қондыбайдың еңбектерінде («Жауынгерлік рух» кітабы) көне замандарда айбалтаның балчар немесе балтчар (балташар С.Қ) деген атауы болғанын айтады. «Ол - печенег тілінен қалған көзайым. Яғни бал(т)чар - әскери балта (боешвой топор(?)). Бұл атау, сірә, тек балта атауын ғана емес, сол балтамен қаруланған балташыны да білдірген болар деп жорамалдауға болады. Орыс тілінде ұзын ағаш сапты, сопақтау келген пішіні бар ескі қару (алебарда, айбалта) балта "бердыш" деп аталыпты. Осы сөздің сыртқы тұрпатына қарай бір кездері орыс тіліне ауысқан түркі сөзі болар деп жорамалдауға болады» дейді ол.
Басында айтып өткеніміздей, айбалта күнделікті тұрмыста еңбек құралдары ретінде де қолданылып келді. Шабу, жару, ою, үңгу, жону сияқты жұмыстарға өте ыңғайлы бұл құрал түрлері формасына қарай шотбалта, шәйбалта, қуысбалта деп аталды. Балтаны киіз немесе былғарыдан жасалған балтақаптарда сақтайды.
Найзаға қатысты атаулар
Найза - ұшы істік темірден жасалған, ұзын ағаш сабы бар, қадауға әрі лақтыруға ыңғайлы соғыс құралы. Оны ұстайтын адамды найзагер, найзашы деп атайды. Найза палеолит дәуірінде пайда болған. Ол кездегі найзалардың ұзындығы 1,5-5 м ге жететін болған. Олардың ұштары тастан, сүйектен жасалды.
Көшпелі түркі халықтары ұзындығы 3-4 метрге дейін жететін найза қолданғанын білеміз. Найзаның мұндай түрін әскерге тосқауыл ретінде пайдаланылды. Белгілі батырлардың найзаларының басына ту, жалау байланып, шашақ немесе үкі тағылды. Ту байланған бұ түрі жалаулы найза деп аталды. Әскер басылар мен батырлар ғана ұстаған бұл найзаларды арнайы шеберлер дайындайтын болған. Сабының қолға ұстайтын жері жұмсақ болу үшін барқыт, мақпалмен оралып, қайыстан ілгек тағылатын болған.
Найзаның бірнеше қырлы түрін сүңгі деп атаған. Оны сауыт бұзу үшін пайдаланған. С. Қондыбайдың еңбектерінде ұшы асыл металдардан жасалған найза түрі болатыны айтылады. Бабаларымыз оны көк сүңгі деп атапты. Сонымен қатар ол өз еңбектерінде пика ( басына жалау байланған найза түрі) және сулица (лақтыруға арналған шағын найза) деген шетелдік атаулардың көне түркінің осы сүңгі сөзінен шыққанын айтады. Оның жазуынша, Махмұт Қашғаридың сөздігінде сұңыш – сүңгілесу, найзаласу, майдандасып, найзамен ұрыс (3-кітап. 489-6.), сүбрітті -үшкірледі, сүйірледі (2-кітап. 477-6.), сүврі - қылыш, найза, істік, шамдал тәрізді ұшы үшкір нәрсе (1-кітап. 482-6.) деген сөздер кездеседі. «Осы сулица, совь және олармен түбірлес сунь, сунуть сияқты сөздерінің негізінде көне түркілік "сұ" (сұгу, сұгыну, сүңгу, сүйір, т.б.) праформасы жатқан сияқты» деп өзінше байлам жасайды.
Сулица деп аталатын найза түрін бабаларымыз «толғамалы найза» немесе «атпа найза» деп атаған. Бұл кәдімгі найзадан қысқалау, әрі салмағы жағынан жеңілірек болады. Атпа найза соғыс құралы ретінде де, аңшылық құралы ретінде де пайдаланылған. Атпа найза 30 метрден 70 метрге дейін ұшады. Қыпшақтар атпа найзамен әскер жасақтап, соғыс тәсілдерінде қолданды. Қарудың бұл түріне қауырсын не арнайы ысқырық орнатылатын болған.
Мұндай лақтыруға арналған найзаларды арнайы қылшанға салып жүретін болған. Кейде бұл құрал телше деп пе аталды. Найза, т.б. қару-жарақ қыстырып қоятын бұл құрал киізден, қатты теріден жасалды. Жезден жасалған түрлері де кездеседі.