Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Соғыспен қатар жүрген жазалау

2069
Катынь қырғыны, Залещицк трагедиясы, Метгетен, Пшишовец пен Налобоктағы жаппай атулар, Орел мен Львов түбіндегі атулар...

Осылардың бәрі Совет Одағы әскерлерінің Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери қылмыстарының бір парасы ғана. Qazaqstan Tarihy редакциясы адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыс кезіндегі совет солдатының қандай қатыгез әрекетке баруға тура келгенін әңгімелеуді жалғастырады

1941 жылдың маусымында болған оқиғалар советтік әскери қылмыстарды, оның ішінде Львов қырғынын еске алуға тағы да бір мүмкіндік береді. Фашисттердің опасыздықпен басып кіруі соғыстың бастапқы аптасында совет әскеріне орасан соққы болды. Агрессор елге тереңдеп ене берді. Шегіне отырып Қызыл Армияға тек неміс басқыншыларымен ғана емес, сонымен қатар фашистердің келуімен бас көтере бастаған украин ұлтшылдарымен де күресуге тура келді.

Украин ұлтшылдары коммуникацияларды бұзып, партия қызметкерлерін, құқықорғау органдарының қызметкерлерін өлтіріп, Қызыл әскерлердің бөлімишелерін атқылап, Львов түрмелеріне шабуыл жасай бастайды. Жау шабуылы қарқындап, астыртын ұлтшылдық күштердің белсенді бола түсуіне орай, Львов қаласының басшылығы 5145 (1941 жылғы 10 маусымдағы жай-күй бойынша) қамаудағы мен тұтқынды Башкирияның, Солтүстік Осетияның, Архангельск және Иванов облыстарына эвакуациялауға кіріседі. Алайда, теміржол вагондарының жетіспеуі, ұйымшылдықтың болмауы, неміс әскерлерінің жылдам жақындай түсуі қамаудағыларды эвакуациялау бойынша тапсырманың орындалуын мүмкін емес қылды.

Ал, большевиктер қамаудағыларды немістердің босатуына жол бермеуге тырысты. 24 маусымда Лаврентий Берия эвакуациялау мүмкін емес лагерьлер мен түрмелердегі барлық саяси тұтқындарды ату қажеттілігі туралы бұйрық шығарады.  Ол кезде «советтерге қарсы іс-әрекеті, саботаж және диверсия үшін сотталған контрреволюционерлер» саяси тұтқындар болып саналатын.

Контрреволюционерлерді ату туралы Берияның бұйрығын орындау үшін Львовқа УСРО-ның НКВД мен НКГБ бастықтарының орынбасарлары келеді. Львов шенеуніктерінің тұтқындағыларды эвакуациялау туралы жоспары күшін жояды. Тұтқындарды бір-бірден шақырып, күзетпен түрме камераларына апарып, сол жерде атты.

НКВД қызметкерлерінің істі жылдамдатуларына тура келгендіктен, енді олар тұтқындарды бір-бірден емес, топпен шақыра бастайды, қалаға немістердің енуіне бірер сағат қалғанда чекистер тұтқындарды тамақ беретін есіктегі көз арқылы атқан немесе бөлмеге граната лақтыра салған. Алғашқы өліктер туысқандар зиратына, ал кейінірек камералар мен жертөлелерге жерленген. 1941 жылдың 24-28 маусымы аралығында Львов түрмелерінде 4140 тұтқын қаза болған.

Лонцкийдегі түрме камерасында атылғандардың мәйіттері. Львов. Эпидемияның алдын алу үшін немістердің осындай бірнеше камераны бітеп тастауларына тура келген.

ЦИОД мұрағаты  

НКВД адамгершілікке қарсы тағы бір қылмыстың – 1941 жылғы 4-5 шілдедегі  Залещицк қасіретінің тікелей орындаушысы болған. Шегініп бара жатқан кезде қызыл Армия әскерлері Днестрден өтетін теміржол көпірін жарып кетеді, ал бұл өз кезегінде теміржол арқылы арғы бетке өтудің алдын кеседі.

НКВД қызметкерлері Чортковский мен Коломыйский түрмелерінің саяси тұтқындары тиелген екі эшелонға (14 вагон, 1000-нан астам адам) бензин құйып, өртеп, өзенге құлатқан. Вагондардан шыға алғандарға оқ жаудырып, Молдавияның Вадул-луй-Водэ қалашығындағы туысқандар зиратына жерлеген. Бұл қылмысты большевиктер неміс басқыншыларына ілмекші болған.

1941 жылдың қыркүйегінде Орел қаласының солтүстігіндегі Медведев орманында 157 саяси тұтқын атылады. Атылғандардың ішінде Кузбасс кен орындарының гараж және қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі В. Арнольд, «Кузбасскөмір» трестінің бас инженері М. Строилов, оппозиционер Х. Раковский, ССРО-ның Германиядағы өкілетті өкілінің кеңесшісі С. Бессонов, советтік кардиологияның негізін қалаушы Д. Плетнев, солшыл эсерлер партиясының жетекшілері И. Майоров пен М. Спиридонова, Саратов ауыл шаруашылығын механикаландыру мен электрлендіру институтының саяси экономика пәнінің оқытушысы П. Петровский, Л. Троцкийдің әпкесі және Л. Каменевтің бірінші әйелі Ольга Каменева, РСФСР Қаржы халық комиссары В. Яковлева және басқалар болған.

1941 жылғы 5 қыркүйекте Орел түрмесінің басшылығы «контрреволюциялық» қылмысқа айыпталған 170 адамның аты-жөні жазылған тізім жасайды. 6 қыркүйекте Л. Берия Сталинге тұтқындардың аты-жөнін көрсетіп, оларға ең ауыр жаза қолдану туралы өтініш білдіріп, хат жазады. Сталин сол күні-ақ Берияның ұсынысын қолдайды, ал 8 қыркүйекте ССРО Жоғарғы Кеңесінің Әскери коллегиясы 161 адамға қатысты ату жазасын шығарады (қалған тоғызы не үкім шыққанға дейін қайтыс  болған, немесе істі қайта қарағаннан кейін босатылған).

Атылғандардың көпшілігі – шетел азаматтары, олардың ішінде түбі еврейлерден шыққан неміс математигі Ф. Нетер болған, ол үшін қазіргі теориялық физиканың негізін қалаушы Альберт Эйнштейн ССРО басшылығынан сұранған.

Солдан оңға қарай: Х. Раковский, М. Спиридонова, О. Каменева және С. Бессонов  

Тұтқындарды ауыстыру мүмкіндігін болдырмас үшін бірнеше күннің ішінде қалаға арнайы жедел комиссия келіп, олар қала прокуратурасымен бірлесіп, тұтқындардың жеке істерін қараумен айналысады. Жазалау орнын дайындау үшін Медведев орманында ағаштарды түбімен қопарып алып, адамдарды көмгеннен кейін қайтадан өз орындарына отырғызып қойған.

Жазалау күні, 1941 жылғы 11 қыркүйекте, әр тұтқын ерекше бөлмеге барған, бұл жерде олардың аузына ауызкергіш салып, оны шүберекпен байлаған. Осы күйде тұрып тұтқын үкімді тыңдаған, содан соң оны көлікке отырғызып, ату орнына әкеткен.

Солдан оңға қарай: Д. Плетнев, Д. Яковлева, Фриц Нетер және П. Петровский  

Налибок пен Канюкай деревняларындағы советтік және еврей партизандарының қанды қырғыны әскери қылмыстар қатарынан ерекше орын алады. Польша аумағына неміс басқыншыларының тереңдеп енуіне байланысты ССРО басшылығы Налибокта советтік партизан құрамаларын мобилизациялай бастайды.

1943 жылдан бастап басып алынған аумақта соғысқан партизандар азық-түлік жеткізілуінен қол үзеді, бұл оларды жергілікті тұрғындарды зорлауға, тонауға және өлтіруге, жақын деревняларға шабуыл жасауға мәжбүрлейді. 1942 жылғы тамызда немістер басып алған поляк деревняларының тұрғындары неміс басқыншыларының қолдауымен өзін-өзі қорғау отрядтарын құрауға кіріседі.

1943 жылдың наурызында партизандар мен өзін-өзі қорғау отрядтарының басшылары арасында бітім жасалады, ал сәуірде партизан қозғалысының Орталық штабы өзін-өзі қорғаудың поляк ұяшықтарынан бағынуды талап етеді, бұған соңғылары көнбейді.

Поляк азаматтарының бас тартуы 1943 жылғы 8 мамырдағы қырғынға себеп болды, бұл қырғында 128 поляк қаза тапты, оның ішінде әйелдер мен балалар бар. Зерттеушілер сол кезде Налибоктағы партизандар отрядының құрамында болған бес мыңға жуық адамның төрттен бірі еврейлерден шыққан дейді. 

Осындай жағдай литвалық Канюкай деревнясында да орын алды: жеткізілетін азық-түлік мөлшерінің азаюына байланысты партизан құрамалары жергілікті тұрғындардың азық-түлігін тартып ала бастайды, оларға (жергілікті тұрғындарға) немістерден құрылған өзін-өзі қорғау бөлімшелері көмектеседі.

Бұл бөлімшелер мен советтік партизандар арасында үнемі қақтығыстар болып тұратын, солардың соңғысы 1944 жылдың 29 қаңтары болады. Осы күні таңғы 6-лар шамасында ішінде 30 еврей бар 120 партизан деревняға шабуыл жасайды. Оларға тот басқан 20 винтовкамен қаруланған литвалық қарсы тұрады.

Осы шайқас салдарынан 46 жергілікті тұрғын өлтіріледі, оның ішінде 22-сі балалар. Тарихшылар 38 құрбанның аты-жөнін анықтаған. Ішіндегі ең кішкентайының жасы 1,5-да. Сол күні партизандар 36 үйді, 40 қамбаны жойып, 50 сиырды, 16 жылқыны, 50 шошқа мен 100 қойды бауыздап кеткен.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?