XIX ғасыр мен XX ғасыр өларасындағы саяси әлеуметтік жағдайлар, алпауыт елдер арасындағы мүдде қақтығысы әлемдік картадан бастап, жекелеген адамдардың тағдырына дейін түбегейлі өзгеріс әкелді. Бір тұтас халықтың саяси, мәдени және әлеуметтік тұтастығы үзілді. Қытай мен Ресей империясы арасында шекара бөлінісі туралы 1864 жылы өткен келісім бойынша қазақ жерінің шығыс өңірі (Шығыс Түркістан) Қытай аумағы‚ қалған өңірі Ресей аумағы болып саналды. Алайда Кеңес – Қытай шекарасына қатаң бақылау орнатылғанға дейінгі кезеңде қазақ халқының әдеби-мәдени тұтастығы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Сондықтан Қытай қазақтары арасында сақталған ауыз әдебиеті үлгілері мен сол кезеңге дейінгі жазба шығармалардың барлығы жалпы қазақ әдебиетінің құрамдас бөлігі болып саналады. 1945 жылғы 11 ақпанда Ялтада өткен конференцияда И.Сталин, Ф.Рузвельт, У.Черчилль қол қойған «Үш ірі елдің Қиыр Шығыс мәселесі туралы бітімі» бойынша, Шығыс Түркістан Қытайдың құрамына беріліп, Сыртқы Монғолияның дербестігіне айырбасталды. Сөйтіп, олар тектік, діндік, тілдік негіздері мүлдем қабыспайтын ұлттардың құрамына біріктірілді.
Ғалым Т. Жұртбай ғылыми пайымдауларында осы түркі жұртының бір пұшпағы саналған Шығыс Түркістан атауы хақында былай деп ой өрбітеді. «Тәңір тауды бөктерлей орналасқан тұтас жұртқа қойылған, саясатқа еш қатысы жоқ – Шығыс Түркістан, Орталық Түркістан, Батыс Түркістан, Солтүстік Түркістан деген жағырафиялық атаулар кезінде мұқым түркі елінің атын тарихтан өшіру мақсатында «түрікшілдік» деген атты ойлап тапқан еуропашыл және ұлы империяшыл ғалымдардың өктемдігінен туған атау болатын». Жоғарыдағы саяси ойындар шын мәнісінде алаш баласының туған топырағы мен өскен ортасынан айырып қана қоймай, салт-сана, әдет ғұрып, әдебиет, мәдениеті және күллі дүние танымымызға айтарлықтай өзгерістер мен бұрмаланушылықтар ала келді. Осы тарихи сипаттарды пайымдап, ақ қарасын айырып алмастан, империяшыл жұрттың айтағына, санаға салған лаңына ілесіп жүре беруді бүгінгі тәуелсіз әдебиет ар көреді. Сондықтан да осы алмағайып дәуірлерден арна тартып келе жатқан, ұлттық, елдік, алаштық идеялардың өз жалғасын табуы да заңды құбылыс.
Ежелден қазақ халқының бір тұтас елшілдігін арман еткен Алаш қайраткерлері де, Шығыс Түркістанды «Мәңгілік елдің» ажырамас бір бөлшегі, исі түркінің түп тамыры деп ұғып, шекара аттап барып Алаштық идеяның алтын ұрығын егіп, азаттықтың алауына алғаш тамыздық тастаған еді.
1918 жылы 24 сәуір күні Шәуешек қаласында, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Марсекұлы, Қанағат Сүлейменұлы бастап барып Шығыс Түркістанда «Алашорданың» бөлімшесін ашу; Босып барған ал азаматтарына көмек беру, оларды Алаш азаматы ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркеу; Шығыс Түркістанда «Алашорда» үкіметімен үндескен дербек автономиялық басқару жүйесін құру сынды ізгі мақсаттарды негізге ала отырып кіші құрылтай өткізген болатын. Алайда, Манжу империясы құласада, империялық үстемдік пиғылы күйреген жоқ болатын. Сондықтан да олардың бұл талабы орындалмады. Үміті ақталмады. Бірақ та Алаш идеясы өзінің алтын арқауын қалап кетті. Ұлттық газеттер мен мектептердің, мәдени ойын-сауық отауларының ашылуы ұлттық сананы оятып, ақыр соңында ұлт-азаттық қозғалысына алып келді. Шығыс Түркістанның халық батырлары – Оспан, Ғани, Акбар, Фатих, Дәлелхан, Қалибек батырлар да осы алаштық мұрат жолында күресті. Таңжарықтар «Түрме азабын» көріп асыл жанын азаттыққа айырбастап шейіт кетті. Ақытта Абайдан тамыр тартып, алаш жолы арқылы жеткен ұлттық идеяның жаршысы болғаны үшін ит қорлықпен Үрімжі түрмесінде азапталып өлтірілді. Қытайлық қызыл империя өз алдына тәуелсіз ел болғаннан кейін де бұл «қанды қасап» өз жобасын жалғастыра берді. Он жылға созылған «Мәдениет төңкерісі» қазақтың ұлт зиялыларын қансыратып, Тарым мен Тұрпанның аждаһадай жалынына қақтап, асыл сүйектерін жасытып, өз қалауларынша иеледі. Ұлттық әдебиетіміздің бір егейлері Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Оразанбай Егеубай, Қаусылхан Қозыбай, Рахметолла Әпшеұлы, Құмарбек Сақарин, Серік Қапшықбай бастаған қаншама марқасқа таланттардың ең елеулі жылдары тозаққа бергісіз айдауда болды. Алаштық идеяның өркенін жайған саяси тұлғалардың ең озық өкілі Қ. Шабданұлы да өмірлік қамау жазасынан құтылмай, ақыры ақталусыз, ата жұртынан ақ топырақ бұйырмай бұл дүниеден көшкені мәлім. Осы аты аталған және аталмаған көш алдындағы тұлғалар мен қатар мектеп мұғаліміне дейінгі зиялы қауым алаштық идеяның мәңгілік аңсары жолында бір ғұмырын ғапыл еткен жампоздар дер едік. Шығыс Түркістан топырағында Абайдан тамыр тартып, Алаш азаматтары түрен тартқан, алаш идеясының жалғасы атақты Ақыт қажы ғұламадан бастау алады. Абай өлеңімен ертеден таныс, шығыс шайырларын, Шәкәрім, Машһүр Жүсіп жазбаларынан мол хабардар, алаш зиялыларының еңбектерімен, өлеңдерімен дерліктей танысқан Ақыт ел ішінде, халық арасына, шәкірттеріне елшілдік, адамгершілік, рухы биік асқақ ойларымен қатар Міржақыпша «Оян, Қазақ!» - деп ұран салған саяси қайраткер.
Оян, қазақ, намыстан,
Өнер ізде, алыстан.
Үйреніп анық біле алсаң,
Сен де ешкімнен қалыспан.
Дүние жұрттың ісін қыл,
Құлаққа мақта тықпаңыз!
Оян, оян! Ой ойлан!
Сөз мәнісін ұқсаңыз.
Осылай ұлттық ұранның алауындай жыр арғы бет асқан Міржақып рухының жаңғырығы емес пе? «Әлхамдулила, алты миллион қазақпыз!» деп А. Байтұрсынұлы ХХ ғасыр басында айтқандай Ақыт ақын да өз толғауында қазақтың саны мен ойы туралы былай дейді:
Алты миллион қазақ ұлт,
Бір атаның баласы.
Бытыратқан оларды
Көңілінің аласы» деп оның жырларындағы алашшыл ой идеясы мен әлеуметтік сарынға баса назар аударады. Шетте жүрсе де ой арманының бүкіл қазақ баласымен үндесіп жатқандығын, әсіресе, ұлт серкелері Алаш ойшылдарымен қабысып жатқандығы Алаштық өркеннің қанатының қатая бастауының, тамырын жыңғылдай жайып жайқала бастағанының белгісі еді. Қытайдағы Алашорданың заңды өкілі, алаш идеясын насихаттаушы, таратушы тағы бір қайраткер Таңжарық Жолдыұлы екені мәлім. Белгілі ғалым Серік Негимовтың пайымымен айтсақ, «Таңжарық Жолдыұлы Алаш идеясын – Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың бастамасын жалғастырған саяси жауынгер, рухани сардар». Шығыс Түркістанға арнулы «Алашорданың» тапсырмасымен барған, «Алашорда» үкіметінің әскери кеңесінің мүшесі Райымжан Мәрсекұлы мен Ыбырайым Жайнақұлы сынды алаш идеясының айнымас сарбаздарымен қосылып, Құлжа қаласында «Алаш- азаттық» атты құпия ұйым құрып, Шығыс Түркістан азаттығы үшін күрескен асыл ер.
Ахмет, Абай, Әсет, Міржақыптар,
Жетпейді оған жисаң мың баланы.
Шәкәрім, Әріп пенен Мұрын, Омар,
Көмбеге олар шапса, тың барады, – деп жырлауының өзі бұл сөзіміздің айнымас айғағы.
Сонау елдің екіге бөлініп, томаға тұйық қалған тарихынан тартып, алаштық ұранның алғаш сең бұзған дәуіріне тоқталып, одан соң да тас түрмеден ұлттың оғыландары босамағанын жіпке тізгендей етіп тарқата баяндауымыздың себебі де, тақыр жерге шөп шықпайтындығын, исі түркі дәуіріндегі «Мәңгілік ел» идеясынан тартып, ұлы арнамен бірде баяу, мың үзіліп, мың жалғанып, асыл арнасын үзбей, елдік рух пен қазақы қанмен бірге жеткен алаштық идеяның бүгінгі әдебиеттен бой көрсетпеуі мүмкін емес еді. Қызыл империяның тырнағы батқан сайын, елдік рух жаншылып қысылған сайын, ұлттық ділге бұғау түскен сайын қапастағы бөрідей қаһарланған елдік сана айбатына мінетіні бар. Айбары асқан ол рух міндетті түрде нұрлы сөз боп бүр жарып ақ қағазда көктеп, адырнадан ақ жебедей атылары хақ. Сондай өршіл ақындардың алды Ықылас Ожайұлының «Алаш» өлеңінде анық көрінеді.
Олар...
Сонау қария ғасырда
Күмбезді көк етіп
Төсекті жер етіп жаратқан даланың,
Көкпеңбек көліне шомылып,
Көгілдір тауына сүйенген.
Көмейі көріктей ат мінген ұлдары,
Күлте жал күреңмен жер жүзін шарлаған.
Құлжадай қыздары
Тобықтан төгілген шаштарын,
Семсердің жүзімен тараған.
Алаштың оғылан ұлдары,
Осындай тамырдан қан алып,
Осындай құрсақтан жаралған.
Осылай бағзыдан бері жалғасып келе жатқан жыраулық үлгімен арнадан ағыла жырлаған өлең бірден жан дүниеңнің ең бір терең түкпірінде жатқан, баба ғасырлардан бастау аларлық адами қалпыңды қайта оятып, кешегіңді еске алып, қалғыған түйсіктеріңді тітіркендіре, намысыңды шабақтап, дүр дүниеге қайта келердей, қолтығыңа қанат бітіріп қазақы шын бейнеңмен қаушқандай күй кешерің анық. Оның астары, әрине, өткенді аңсаудан гөрі, таза, пәк, асқақ аңсарға деген мәңгілік құштарлықтың сарынын анық көре аламыз. Алаштық идеяны тамыр ете жырлау бұл ақынның басты шығармашылық бағыты. Бұл сарындағы ойлы дүниелер ақынның «Тарих», «Қоңыр», «Түрме», «Дауыс», «Кененің басы» сынды өлеңдерінен көптеп көрінеді. Өлеңдеріндегі ұлттық бояулар жадағай, жалтақ, жаттық емес. Өмірдің өзіндей күрделі, өмірдің өзіндей шынайы. Қазақтың күйіндей қоңыр, бұйра толқынды. Сонысымен шырайлы, сонысымен құнарлы. Осы текті жырлар Қытайдағы қазақ жас ақындарының үздік өкілдері Ұларбек Дәлейдің «Көк Түріктердің соңғы жорығы», «Хат», Есбол Нұрахметтің «Соңғы көш», Ерлан Нұрдыханұлының «Көкжалдың көзі», «Нүкте», «Қара айдаһар», Хамит Бибазардың «Қазақстан», Шалқар Қаныкейдің «Дала», Қуат Асылбектің «Қапастағы көкжал», Мұрат Әуестің «Дүлдүл дәурен» сынды өлең топтамаларынан көптеп көре аламыз.
Бұл күнде қазақ зиялылары Кенесарыдан кейінгі қазақтың соңғы ханы деп баға берген, Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы көтерлісінің көсемі Оспан батыр еді. Қытайлық қызыл Гоминдаң үкіметі, Моңғолияның алауыз, екі беткей саясаты, алып Кеңестік үкімет, ел ішілік қайшылық сияқты қым˗ қуыт аласапыран жағдай астында азат басын құл қылып, алаштың теңдігі жолында шейіт болған ердің рухы мен жауынгерлік қуаты күні бүгінге дейін соңында ұрпақтың күш аларлық рухани көзі болып келеді. Көркем әдебиетте әр ерлігі әр қырынан бейнеленіп алаштық ұранның ұйтқысы болып келеді. Оспан тақырыбында, Гималай асқан қаһарлы көш төңірегінде қалам тартпаған қаламгер арғы бетте аз. Бесіктегі баладан, еңкейген қартқа дейін атын атамай Ошың десе˗ақ, өре түрегеліп, рухы дүр сілкінеді.
Е. Нұрдыханұлы: «Ақиқаты бар, арыстан жүрек ақынмын, Оспанды туған даладан келе жатырмын.»,− деп баба рухына тағызым етсе, Талапбек Тынысбекұлы тұтас тарихи жағыдайды «Бас» деген толғауына арқау етеді. Ақын Байыт Қабанұлы «Оспан батырдың соңғы өсиеті» деп көлемді поэма арнаған болатын. Демек, Оспанның көркем әдебиеттегі бейнесі, поэзиядағы асқақ рухы арғы беттегі алаштық рухтың түп қазығы болып саналмақ. Солардың сабында жас ақын Қозыбай Құрман «Оспан батыр» өлеңінде былай толғанады.
«Оғылан ұл Оспан пай-пай, дүр еңселі!»
Деп тіктеп алатын да бір еңсені.
«Ошың деп атайтынбыз» дейді тынып,
(Алқымын алады ау кеп, білем шері.)
Тағдыры омыраулаған өр толқын көп
Оян, Қазақ! Бас көтер, Ер серпіл!" деп өлең жалғаса береді..
Өлең ерлік дастаны секілді оқылады. Қан майданда ат ойнатқан сарбаздың шайт кетер шағындағы ақырғы «аһ» ұрғанындай ерлік пен өкініш қатар өріледі. Өлең Оспанның майдандас, қанды балақ жауынгерінің қартайған шағында, ел алқап, қаумалап отырып, батырлар жырын айтқандай, баяны жоқ бүгіннен жасып, өткен ерлер мен асқақ рухты сағына еске алады. Содан көңіліне баяныш табады. Бүгінде «Аспан асты ел» деп әспеттеген елдің ордасында ат ойнатқан майдандас баһадүрлерін сағынады. Сол саңлақтардың рухы, ерлігі, адалдығы, елшілдігі, діншілдігі, діліне беріктігі келер ұрпаққа өнеге болса екен дейді.
Алаш идеясының ұйтқысы – ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан. «Қара қазақтың хан баласында ақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын»,− деп өзіне серт еткеніндей, Ол ақырғы демі қалғанша осы ұлы ұстанымынан таймады. Алаштың Әлекең жүйелеген ұлы бес ұстанымының ұстыны да біртұтас елшілдік идеяның тиянағы еді. Бір тұтас алаш идеясының негізінде Ахмет бастаған Алаш қайраткерлерін шекара асырып, Қытай асқан бауырлар мен ондағы жергілікті қазақтардың алаштық ту астында табысуды мақсұт етті. Оған Жаһанша Досмұхамметтің түрмеде тергеушіге берген: «Біз Қытайдағы қазақты да осы бірліктің аясына шақырдық. Ондағы жұртты ежелгі атақонысымен бірге өз Ордамызға қосып алуды мақсат еттік» деген тергеушіге берген жауабы да тап басады. Бір тұтас елдікті аңсау, Алаштан қалған осы сара жолдың өз арнасын табуды арман ету Қытайдағы қазақ әдебиетінен, әсіресе алашшыл жас ақындар шығармашылығынан қар астында қалған қызғалдақтай рухты, қоламтадай ыстық күйінде көрінеді. Солардың бір парасы Әлиханға, Міржақыпқа, Мағжанға, Сұлтанмақмұт сынды алаш алыптарына арнаған өлең сөздерінен қылаң береді. Сол қатарда бізге айрықша әсер еткен Ербол Алшынбайдың «Әлиханның атылар алдындағы сөзі» деген шағын өлеңі. Өлең ащы кек пен өр рухтың буырқана қайнаған отты дауылындай жан дүниеңді бірден аласапыран күйге түсіреді.
...Кегім кетті көкірегімде қыстыққан,
көп кәпірге идірген жоқ басымды,
Шыңғыс қаны - бойымдағы ыстық қан.
Қайран алаш, қатебі жоқ қара нар,
Қажалған қос қапталыңнан қан ағар.
Қарт бурадай аңғалдығың үшін де,
Қан аңсаған қалың қорқау қамалар.
Қарағайда қарсы бұтақ мен едім,
Сондықтан оқ маңдайымнан қадалар.
Ілбіген ұзын сонар көш басындағы сүрлеу жолда, қос қолтығы қажала қан саулап, арқадағы ауыр жүкті ыңырана тартып, адымын ауыр алған қатепсіз қара нарды елестетіп көріңіз. Ғасырлар тоғысындағы алмағайып заманда қазақты жарық етсем деген Әлекең бастаған ұлт көшінің ерлігін бағамдап байқаңыз. Ақын бұл тұста шебер шендестіру тәсілімен бір дәуірдің картинасын салғандай әсер етеді.
Өр түркінің ұрпағы едім кеудемде от,
Құлға лайық күн кеше алман телмеңдеп.
Қазақия жалғызым-ай, зарлым-ай,
Өр жүрегін қансыратқан шер меңдеп.
заман дауыл домалатқан басымды,
Қайран Арқа өз құмымен көмген жоқ!!
Өлең осылай өріліп барып ой түйеді. Соңғы тармақ ауыр да ащы қасірет. Көп кәпірге басын имеген, бойында ер Шыңғыстың қаны ойнаған асыл боздақтың бар азапқа төзсе де туған ұлысынан бір уыс топырақ бұйырмай жат жерде жазым болғаны ғана жанына батады. Оған өлім азап емес, қорқыныш та емес. Оған алаш үшін жанпида ету әу баста елге берген сертіндей анық дүние. Бұл өлеңнің арғы астарында басқа бір мұң мен зар тоғысып жатқандай. Елдік мұрат жолында кебінсіз көміліп, моласыз қалған, асыл сүйегі жат топырақты жастанған қаншама ерлердің аңсарын астарлап меңзеп тұрғандай. Туған топыраққа деген ұлы махаббаттың буырқанысындай.
Қытайдағы жас ақындар шығармашылығындағы алаш идеясының көрніс табуын, біз Мағжанға арналған өлеңдер мен осы бір айбоз ақынның жанкешті тағдырына үңіле отырып, жыр сұңқарының моласыз қалған рухына деген азапты толғаныстарынан көре аламыз. Абайдан кейін қазақ поэзиясында айрықша өрнек салған Мағжан шығармашылығының одан кейінгі Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Сырбай, Тоқаш, Кеңшілік, Жарасқан поэзиясының арғы беттегі ақындар тобына әсері айрықша.
Ерлан Нұрдыханұлы Мағжан Жұмабаев рухына арнаған «Аспан аға» өлеңі былай басталады.
Кеудесіне ақша бұлттар гүл ашқан,
Неткен зәулім, неткен мұңлы бұл аспан.
Алтын көпір, аға, сенің рухың,
Жерде гүлге,
Көкте күнге ұласқан.
Өлеңнің өрісі бөлек, ақынның сөз саптауы басқаша. Ой жеткізу формасы басқа жыршылардан өзгеше. Өзіндік стиль, өзіндік ой орамы бар ақын. Көп жүрген, көп төселген көне сүрлеуге түскісі келмейді. Тыңға түрен тартады.
Аспан адам санасында өлшеусіз биіктіктің, түпсіз тереңдіктің, мөлдір, таза, кіршіксіздіктің өлшеміндей құбылыс. Ақын сана түкпіріндегі осы ой түйсігін сәтті пайдалана білген. Аспандай аңсарлы ғайыпқа көтерілген Тұранның хас ақыны Мағжан рухын ол еркіндік пен шексіздіктің мәңгілік баяныш тапқан ыстық ұясындай сырландыра, түрлендіре көрсетеді. Құс қанаты ғана жететін осы ғайып ерен кеңестікте мен аңсаған бейіштің жасыл құсы сенің тізеңде отыр деп тамсанады ақын. Мағжанға арнап қалам тартқан ақындар ішінде бұл өлеңнің орыны айрықша дер едік. Түйдектеліп келетін ой ұйтқысының кенет айақталар соңғы шумағы да ерекше.
Жазда жаңбыр, қыста қырау, қар құлап,
Қарайсың бір қара көзің қан жылап.
Аспан барып өлген ақын жоқ шығар
Аспанға елі көмген ақын бар бірақ!..
Сенің мекенің аспан. Сенің мекенің аспан текті азаттық. Сенің молаң аспан текті еркіндік, шексіздік, кемелдік деп ой түйеді ақын. Ол мекен қара қазақтың алақанындай аялы, ыстық. Оған аспан текті өр рух, өр ақын ғана лайық. Мағжан шайыр хақында қалам тартқан ақындар тобының арасында Мұрат Шаймаранның «Мағжанның соңғы сәтін еске алу» сынды толғауын айрықша атап өткіміз келеді. Тұтас бір дәуірдің картинасындай оқылатын ол көлемді шығармаға тереңдей талдауды біз келергі мақаламызда тоқталуды мақсұт еттік.