Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ жүздерінің зерттелу тарихы

3701

Бүгінгі біздің қозғағалы отырған қазақ жүздерінің қалыптасуының мәселелері тақырыбы да осы қатарда.  Әр бір халықтың тарихында маңызды проблемалар бар, солардың бірі этникалық тарих.  Соған байланысты біздің халқымыздың этникалық тарихын зерттеуде, оның бірден бір ерекшелігі болып табылатын, жүздерге бөліну мәселелерін анықтау маңызды. Өзге халықтардың алдында қазақтардың болмысы, этникалық құрамы туралы да мағлұмат беретін де осы жүздер тарихы. Орта Азия халықтарының арасында жүзге бөлінушілік біздің халқымыздың сипатына тән болғандықтан бұл тақырыпты толыққанды зерттеп қана қоймай, оның нәтижелерін шығарудың рөлі өте жоғары.  Қазақ тарихында егемендікке қол жеткізу жаңа кезеңге жол ашты. Қазақтардың жүзге бөлінушілігін жабайылық пен трайбализмге балау кезеңі өтіп, оның негізгі себептерін ашық айтуға болатын күн туғанда, осы мәселенің тоқ етерін айту замандас тарихшыларымыздың борышы. Сол себептен де біз бүгінгі таңда «Қазақ жүздерінің зерттелу тарихы» проблемасын қозғамақпыз. Тақырыптың тарихнамасын  негізінен  дәстүрлі  формада  кезеңдерге  бөлуге болады, бұл: төңкеріске дейінгі, кеңестік және тәуелсіз Қазақстан кезеңдері.     Алғашқы кезең зерттеушілерінің еңбектерінде қазақ жүздері тек  халқымыздың саяси және этникалық ерекшелігі ретінде ғана бейнеленген. Мысалға,  А. И. Тевкелев, П. И. Рычков, Ш. Ш. Уәлиханов, А. Н. Левшиннің еңбектерінде  қазақ хандығының үшке: Үлкен, Орта және Кіші ордалар болып бөлінгендігі және олардың рулық құрамы туралы айтылып қана қояды /1/. Я. П. Гавердовский болса қазақ жүздері бір атадан тараған балалардың ұрпақтарынан тарамаған, олар күші жағынан кішіден үлкенге қарай жоғары және текті болып табылады дейді /2/. Төңкеріске дейінгі зерттеушілердің еңбектерінде қазақтың жүздерге бөлінуін халық арасында тараған аңыздар мен түсіндіретіндер де кездеседі. Оларға Н.И. Гродеков,  Г. Н. Потанин, М. Көпейұлы /3/жатады. Бұл ғалымдардың алғашқы екеуі жүздерді бір  атадан таратады, мұнда тек аңыз кейіпкерлерінің есімдері ғана өзгеше. Ал үшінші ғалым болса үш басшысы бар үш жүз сарбаз Алаша ханға билік құруға жәрдемші болған және соның негізінде қазақ жүздері қалыптасқан деседі. Сонымен бірге бұл кезеңде жүздердің пайда болу уақытын анықтауға тырысқан ғалымдар да бар.  Қазақтың этникалық тарихын зерттеуші ғалым Н. Аристов қазақтар ХVІІІ ғасырдың басында үш ордаға бөліне бастады деп тұжырымдайды /4/. Ал атақты «Исследования о Касимовских царях и царевичах» атты еңбектің авторы В.В. Вельяминов-Зернов қазақ жүздерінің құрылу кезеңін, ХVІ ғасырдың екінші жартысында Хақназар ханның тұсында деп қорытады/5/. Осы тұжырымды қолдайтын, яғни қазақ жүздерінің құрылу уақытына байланысты сәйкес пікір айтқан орыстың көрнекті тарихшысы М. Красовский. Ол қазақ жүздері  ХV-ХVІ ғасырлар шегінде Қазақ хандығының іргетасын қалаған үш ұлыстың негізінде пайда болды деген болжамды ұстанады /6/.  

    Қазақ жүздерінің тарихын зерттеумен кеңестік кезеңде айналысқан ғалымдар баршылық. Дегенмен бұл кезеңнің зерттеушілері де арнайы бұл мәселені кәсіп қылмаған. Олар көп жағдайда қазақ халқының қалыптасу тарихымен зерттеп, жүз мәселесін тек шолып өткен. Дегенмен қазақ жүздерінің пайда болу тарихының негізгі заңдылықтары алғаш осы кезең авторларының еңбегінде кездеседі. Мәселемен кәсіби тарихшылар айналысқандықтан айтарлықтай маңызды тарихи болжамдардың алғашқы легі де осы кезден басталады. Олай болса тікелей еңбектерді талқылауға кірісейік. Атақты шығыстанушы В.В. Бартольд қазақ жүздерінің қалыптасуын көшпелі шаруашылықтың салдарынан болған құбылыс деп түсіндіреді. Себебі Қазақстан территориясында көшуге арналған үш табиғи облыстың бар екенін айтады: Батыс бөлігі─Орал жағасында қыстақ, ал жайлаулары солтүстік-шығыста (қазіргі Ақтөбе облысы); Орта бөлігі қыстақтары Сары-су, Шу және Сырдарияның төменгі ағысында,  жайлаулары Есіл, Тобыл, Ертіс бойында; Шығысы Жетісу жері мен Сырдарияның шығыс бөлігі /7/. Аталмыш авторды қазақ тарихшысы С. Асфеньдьяров толығымен қолдайтындығын оның История Қазахстана атты еңбегінен көре аламыз. Сонымен бірге автор қазақ жүздері−феодалдыққа негізделген мемлекеттің бастапқы формасы дейді /8/. 

  М. Тынышбаев қазақ жүздері Бату ханның тұсында қалыптасты дейді. Оның үлкен ұлы Орда Еженнің Ақ ордасының негізінде қазақтың Ұлы жүзі құрылса, Батудың кенжесі Тоқай Темірдің жерінде Кіші жүз, ал осы екі ұлыстың арасындағы территорияда Батый мен Шейбактың ортаңғы ұлдарының иелігінің орнында Орта жүз құрылған деген өзінің тұжырымын алға тартады. Ал «жүз» терминіне қатысты автор зерттеушілердің келтірген уәждерімен келіспейтіндігін білдіріп, «жүз» сөзінің мағынасы ежелгі түрік тілінен аударғанда «доз», яғни «бекініс», «Орда» деген мағынаны білдіреді дейді /9/. 

  ХХ ғасырдың орта шенінде қазақ тарихының очерктерін жазумен айналысқан В.В. Вяткиннің пікірінше қазақ ордаларының қалыптасуында негізгі рөлді ойнаған тек жайылым жерлері ғана емес, себебі саяси бірліктің пайда  болуына бұл жағдай аздық етеді.  Бірақ, дейді автор, натуралды шаруашылықтың басым болған жерінде және бұл аймақтар өздігінен экономикалық және саяси байланыстар орнатқандықтан бұл жағдайдың, орын алуы заңды құбылыс. Сонымен бірге В.В. Вяткин қазақ жүздерінің ішінде ең бірінші болып, ұлы жүз қалыптасқанын және оның себебі ол территория қазақ хандығының алғаш мекендеген жері болғандықтан, сонымен бірге бұл жүздің құрамындағы рулар Қазақстан территориясындағы ең ежелгі тайпалар болуы әбден мүмкін екенін айтады. Ал одан кейін ретімен сәйкесінше Орта жүз бен Кіші жүз тарих сахнасынан орын алған болса керек. Денгенмен бұл оқиғалардың шынайылығы мен орын алған уақыты туралы еш мәлімет жоқ дейді /10/.   

  Ал А.П. Чулошниковтың пікірінше әуелдегі біртұтас қазақ халқынан үш жүз бөлініп шыққан жоқ, керісінше осы ертеректегі бір-біріне тәуелсіз үш бөліктен біртұтас қазақ халқы құралған. Бұл бөліктердің әуелден жүз болуы немесе жаңадан құралған бір халықтың құрамды бөлігі жүз болуы мүмкін. Бұл орайда бастапқыда Ұлы жүз бен Орта жүз біріккен, ал біраз уақыт өткен соң барып оларға Кіші жүз қосылған деп тұжырымын ортаға салады /11/.   Қазақ жүздерінің қалыптасу уақытын б.з.б. ІІ ғасырмен байланыстыратын тарихшы Х. М. Адильгереев 1951 жылы жариялаған «История оброзования казахского народа» атты мақаласында осындай болжам жасайды. Автор қазақ халқының қалыптасу процесі қазақ жүздерінің қалыптасуынан басталатындығын айта келіп, ең алғаш үйсін одағының негізінде б.з.б. ІІ ғасырда Ұлы жүз қалыптасты дейді. Сонымен бірге Масудидің оғыздар Х ғасырда үшке, яғни үлкен, орта және кіші ордаларға бөлінді деген мәліметін алға тартып, оны В. Радловтың «гуз» сөзі «юз», «жуз»  деген мағына білдіреді деген пікірімен дәлелдеуге тырысады. Олай болса қазақ жүздері ХІІ ғасырда өмір сүрген және «жүз» сөзі «негізгі бөлік» деген мағына береді деген болжам жасайды (Григорьевке жүгініп айтады) /12/.   

  Қазақ тілінің диалектикасын ұзақ жылдар бойына зерттеген белгілі ғалым С.А. Аманжолов қазақ жүздерінің шығуын VІІ-ХІ ғасырлар еншісіне жатқызып, олардың осы аймақта тайпалық одақ құрып, өздерін-өздері қорғаған деген тұжырымға келген /13/.

  ХХ ғасырдың көрнекті тарихшысы, түрлі еңбектерге рецензия жазумен танымал В.П.Юдинннің  «Ақ, Көк, Боз, Адтын... Ордалар» /14/ атты көлемді еңбегінде қазақтың Үлкен, Орта, Кіші Ордаларына да тоқталады. Автор өзінің баяндамасында қазақтардың жүздерге бөлінуіне байланысты Мынадай сұрақтарға жауап беруді мақсат тұтады: Біріншіден, олар не себепті үлкен, орта, кіші деп аталды, екіншіден бұл атаулар қашан пайда болды, үшіншіден әртүрлі жағдайларда олардың саны қанша болды.   Бұл сұрақтарға жауап іздеу барысында автор сол уақытқа дейін жарық көрген еңбектерге сүйеніп, өзінше қортындылар жасап отырады. Соған байланысты ол қазақ жүздерінің Ретімен үлкен, орта, кіші атануы оның құрамына және алып жатқан территория көлеміне байланысты еместігін бірден айтады. Жүздердің пайда болу уақына байланысты В. Юдин дерек көздерінен 1616 жылы алғаш мәліметтер кезігетінін айтып, соған байланысты қазақ жүздері ХVІ ғасырдың аяғында өмір сүргендігіне күмәні жоқтығын айтады. Дегенмен, жүздер одан да бұрын өмір сүруі мүмкін екендігін де жасырмайды. Қазақ халқының үш жүзге бөліну себебін автор Қазақстандағы географиялық климаттық белгілерге негізделген шаруашылық экономикалық аудандастыру жағдайына байланысты болған деп есептейтіндігін жеткізеді. Сонымен бірге қазақ халқының жүздерге бөлінуі тек нақты тарихи себептер жиынтығы әрекетінің жеке бір жағдайы деп түсіндіреді де бұл мәселені тағыда тереңірек зерттеп, жаңа дерек көздерін іздестіру керек деп қорытады.

  Әрбір елдің төл тарихын баяндайтын белгілі бір әргелі еңбек болады. Осындай мақсатпен Ш. Уәлиханов атындағы тарих институтының қызметкерлері Қазақстан тарихына арнап бес томдық жинақ жазуға бел буды. Міне осы жинақтың екінші томында Қазақ жүздері мәселесі де көтерілген. Онда авторлар ұжымы қазақ жүздерінің қалыптасуын этносаяси процестердің жемісі ретінде түсіндіргісі келеді: «Кез келген этноәлеуметтік организмнің өз аумағы шегінде экономикалық байланыстардың белгілі бір қауымдастығы болады. Қазақ халқы мен оның этникалық аумағының құрылу дәуіріндегі белгілі бір шаруашылық, мәдени үлгі, этносаяси процестер негізінде ірі этноаумақтық тайпалар бірлестігі ─ жүздер этноәлеуметтік организмнің жоғары санаттарының бірі болды. Жүздер халқының негізгі кәсібі Евразия далаларында ерте заманның өзінде-ақ қалыптасқан өзінше бір шаруашылық-мәдени үлгі – көшпелі мал шаруашылығы болды» деп, қазақ жүздерінің қалыптасу уақытын Ш. Уәлихановтың пікірін қолдап Алтын орданың ыдырау кезеңімен байланыстырады. Бірақ біз Ш. Уәлиханов қазақ жүздерінің қалыптасу уақытын жоғарыдағыдай кезеңмен белгілегенін оның сілтемеде берілген еңбегінен кездестіре алмадық, сол себептен де бұл уәжге күмәніміз бар.  Ал жүздерге бөлінудің алғашқы сарқыншақтары туралы зерттеушілер: «Йуз-орда» - «жүз-орда» қоғамның ұйымдық құрылысын көрсететініне және өткен кездерге мұқият шолу жасау оның түп-тамыры Евразия далалары кеңістігіндегі ертедегі мемлекеттердің құрылысында жатқанын анықтауға мүмкіндік беретіні күмәнсіз» дей келе жүзге бөліну Ғұн дәуірінен бастау алып, моңғолдардан кейін қазақтарға жеткендігін айтады және оның әскери маңызы бар болса керек /15/.

  Қазақ тарихшылары мен оқушыларының кең қолданысына ие болып келетін К. Аманжоловтың «Түрік халықтарының тарихы» атты трилогиясының үшінші кітабында автор қазақ жүздерінің шығуына байланысты өзінің нақты көзқарасын жеткізеді. Онда: «қазақ жүздерінің генетикалық-этникалық мағынасы жоқ, тек географиялық-әкімшілік аумақтық топтасудан туған термин» деп кесіп айтады. Оның себебін автор мемлекетті үшке бөліп басқару сонау ғұн дәуірінен бастау алатындығын және қазіргі Қазақстан территориясында өмір сүрген мемлекеттердің барлығында бұл жүйенің болғандығын алға тартады. Ал қазақ хандығы үш жүзге 1718 жылы бөлініпті мыс /16/.     Қазақ халқының этникалық тарихына қалам тартқан ғалымдар Т. Сұлтанов, Х.Л. Арғынбаев, М.С. Мұқанов, В.В. Востров, С. Жақсыбаев, Рашит ал−Карени, Д.Қ. Есеновтың /17/ пікірлері негізінен кезінде В. Бартольдтың келтірген уәжімен үндес келеді, яғни  шаруашылық−географиялық себептердің салдарынан болған құбылыс ретінде қабылдайды. 

  Қазақ тарихын жазуда үлкен еңбек атқарып жүрген тарихшылар  Т. Омарбеков пен Б. Кәрібаев «Қазақ жүздері: жаңа тарихи болжамдар» атты іргелі мақала жариялады /18/. Ондағы ғалымдардың негізгі мақсаты қазақ жүздерінің пайда болу уақыты мен себебін, «жүз» сөзінің мағынасын анықтау болып табылады.  Авторлар мәселеге қатысты негізгі деп санаған еңбектердегі тұжырымдарды талқылап, қазақ жүздерінің қалыптасуына байланысты өздерінің болжамдары мен ой түйіндерін ортаға салады:  «Жүздік бірлестіктер бұрынғы орталық, яғни ұлыстық басқару жүйесінің жаңа этносаяси  ахуал жағдайында, күрделі өзгеріске  ұшыраған жаңа әкімшілік үлгілері. Бұл көптеген ру-тайпаларды біріктірген қазақ халқының қалыптасуынан және оның ішкі, сыртқы саяси жағдайға сәйкес туындаған этно-әкімшілік, саяси проблемаларынан еріксіз туындаған мемлекеттік жүйе.  Сондықтан да «жүз» терминінің мағынасын ұғынғанда «бөлшек», «жақ» деп түсіндіретін ұғымнан бас тартуға негіз жоқ. Жүздер бұрынғы Ордалар тәрізді қазақ рулары мен тайпаларының басты-басты үш көшу аудандарында топтасып өмірге келді. Бұл көшпелі шаруашылық жағдайында әбден табиғи нәрсе еді. Алайда жүздердің құрылуына экономикалық-шаруашылық факторлардан гөрі ХVІ ғ. соңындағы – ХVІІ ғ. басындағы ішкі-сыртқы саяси, тіптен әскери-соғыстық факторлар басым әсер етті. Жүздік ел басқару құрылымы Есім ханның ел басқаруның алғашқы жылдарында 1598-1606 жылдары орнықты деп айтуға негіз бар. Бұл жаңа жүйенің негізгі қағидалары бұрынғы ұлыстық басқару ережелерін жаңа этно-саяси ахуалға икемдеп негіздеген «Есім ханның ескі жолында» көрініс тапты»  деп соңғы сөздерін айтады.     Қазақ жүздері мәселесіне қалам тартқандардың қатарына, ардақты Ұлы Отан соғысының ардагері У. Шәлекеновты да жатқызамыз. Ол өзінің «Қазақтың жүзге бөлінуі» атты мақаласында Жүз атауы араб тілінен алынған біртұтас нәрсенің бөлігі, саласы деген ұғымды білдіреді дейді.  Сонымен бірге: «деректерге қарағанда Ұлы және Кіші жүздер деп бөліну «Алты Алаш» деген этникалық ұғымнан келіп шыққан. Бұл Орталық Азия түріктерінің алты тайпаға бөлініп, «Алаштың» көк туы астында бірлікте өмір сүрген тарихи кезең болған» деген ой айтады. Автордың бұл айтып отырған кезеңі антикалық дәуірге келіп саятындағын жеткізеді /19/. 

  Сонымен, біз қазақ жүздерінің қалыптасуына байланысты ғасырлар бойына айтылған негізгі пікірлерді қарастырып болдық. Аталған үш тарихи кезеңде бұл мәселеге көзқарас әрқилы болғанын көріп отырмыз. Соның ішінде алғашқы кезеңде мәселе тек үстіртін қаралған болса, екінші кезеңнен бастап онымен кәсіби тарихшылар айналыса бастап, жаңаша тұжырымдар мен болжамдар айтылды. Жоғарыда келтірілген ғалымдардың кейбірінің  еңбектерінде кездесетін қазақ жүздерінің қалыптасуына байланысты аңыздардың халық арасында тарауының себебі жүздердің пайда болуына байланысты дәйекті дәлелдердің болмауынан  жасалған амалдар екендігі ХVІІІ ғасырдың өзінде айтылған болатын.  Соған байланысты  заманауи тарихшыларымыз тақырыптың айналасында шыр айнала бермей нақты тоқтамға келуге шақырып отыр. Мақалада қарастырған еңбектердің негізінде көпшілікті алаңдатып отырған жүз сөзінің мағынасы, қазақ жүздерінің пайда болуының себептері мен уақыты деген сұрақтарға жауап табу әбден мүмкін, тіпті тарихшылаымыз оны жасап та қойған (Т. Омарбеков, Б. Кәрібаев). Дегенмен, кезінде сұрақты қойып, бірақ жауабын таба алмай кеткен В. П. Юдиннің сауалы әлі де болса ашық қалып отыр. Олай болса біз жан−жақты зерттелген бұл тақырып толығымен өз шешімін тапты деп әлі де болса айта алмайтын көрінеміз.  

Көптілеуова А.Б. Қорқыт ата атындағы ҚМУ

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков Т.ІІІ. Журналы и служебные записки А.И.Тевкелева по истории и этнографии Казахстана.─Алматы: «Дайкпресс»,2005 - Б. 298.; Рычков П.И., Рычков Н.П. Капитан жазбалары (Ауд. Шәймерденов Р.). ─ Алматы: «Ана тілі», 1995. –Б.  65-66 б.; Валиханов Ч.Ч. Собрания сочинении в 5 т. Т.1. –Алма-ата: «Издательство АН Каз ССР», 1961 –С.205.; Левшин А. И. Описание киргиз­кайсацьих или киргиз­кайсацких орд и степей.– Алматы: «Санат», 1996 – С. 147.
  2. История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков Т.V. Первые историко этнографические описания казахских земель. Первая половина ХІХ века. –Алматы: «Дайк-пресс», 2007 – С. 386-389.
  3. Қазақ қайдан шықты: Н. И. Гродековтың топшалауы // Алаш № 3(3) 2005, - Б.44.; Потанин Г.Н. Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки. Живая старина. СПб., 1917, -С.54-65.; Көпеев М.Ж. Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атанған? // Қазақ тарихы 1993 №2 –Б.15-17.
  4. Аристов Н.А. Этногенез и этническая история казахского народа. –Астана: «Алтын кітап», 2007. –252 б. 
  5. Вельяминов­Зернов В.В. Исследования о Касимовских царях и царевичах. Ч. 2. СПб., 1864. –382-383 б.
  6. Красовский М. Материалы для географии и статистики России. Область Сибирских киргизов. СПб., 1868.ч.2. – С.  289.
  7. Бартольд В.В. История изучения востока в Европе и России. –Л., 1925 – С. 217
  8. Асфендиаров С. История Казахстана. –Алматы: «Қазақ университеті» 1993. – С. 100-101
  9. Тынышбаев М. История казахского народа. –Алматы:  «Санат», 1998.–С. 147-149.
  10. Вяткин М. Очерки по истории Казахской ССР. 1941, С. 97-101.
  11. Чулошников А. Очерки по истории Казах-Киргизского народа в связи с общими историческими судьбами других тюркских племен. Оренбург, 1924. Ч.1. С. 104.
  12. Адильгереев Х.М. К истории оброзования казахского народа // Вестник АН Каз ССР –С. 82-83
  13. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. –Алматы: «Санат», 1997 –С. 112 .   
  14. Юдин В. Ақ, Көк, Боз, Алтын ... Ордалар //Өтеміс қажы. Шыңғыс наме. Алматы: «Дайк пресс», 2009 - Б. 68-86
  15. Қазақстан тарихы (Көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. Т.ІІ. –Алматы: «Атамұра», 1998. –Б. 308-310. 
  16. Аманжолов К. Түркі халықтарының тарихы. 3-кітап. Алматы: 1996 – Б.
  17. Султанов Т. http://www.kazakh.ru/about/clan/  Родовые связи казахов (жузы); Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В. Қазақ шежіресі хақында. –Алматы: «Атамұра», 2000. –15-17.; Жақсыбаев С. Қазақ жүздері қайдан шыққан? // Ақиқат № 9, 2009, - Б. 36-39.; Р. әл Карени Қазақ жүздерінің қалыптасуы //  Ақиқат № 11, 2008, - Б. 160-165.;  Есенов Д. Қ. Қазақ жүздерінің қалыптасу кезеңі және себебі // Актуальные проблемы современности № 1, 2006, - С.30-35.
  18. Омарбеков Т. Кәрібаев Б. Ғабжалелов Х. Қазақ жүздері: жаңа тарихи болжамдар // Алаш №3 (3), 2005 –Б. 54-68
  19. Шәлекенов У. Қазақтың жүзге бөлінуі // Жалын №11, 2007 – Б. 2-9. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?