Оның атында қаншама елді мекен, қаншама мектеп, қаншама көше бар. Тіпті санап тауыса алмайтындай-ақ даңқ биігіне көтерілген ұлы тұлға. Десек те бүгінгі таңда батыр бейнесінің қайсысы нақты, қайсысы жалған екенін анықтайтын уақыт жеткен секілді. Өйтпейінше, атақты тұлғаның кескін-келбетін қолдан бұзып, жалғандыққа, жасандылыққа ұрынатын түріміз бар.
Әңгіменің тууына осы сурет себеп. Қазіргі, ақпарат кеңістігінде, әсіресе әлеуметтік желілерде мына суреттегі адамды Қабанбай деп атап жүргендер жеткілікті. Мұны Қытай сайттарының бірінен алынған екен. Авторы – моңғол суретшісі Ганбат Бадамханд. Қазақ жеріне енді жетті. Осы екі аралықта мұны Моңғолияның сайттары Шыңғысхан, Жамұқа, тіпті Жошы туралы мақалаларына басып әлденеше рет жариялапты. Біз осы және басқа да портреттерді жинап, сол төңіректе ой қозғап көрмекпіз.
Жоғарыда көрсетілген суретті «Қабанбай бабамыздың бейнесін береді, ұқсап тұр» деген топ қандай көп болса, «жоқ, мүлде ұқсамайды, бұл моңғол батырлары ғой» деген пікірді ұстанатын топ та сондай көп. Суреттің салыну техникасын айтпаған күннің өзінде кейіпкер тұлғасын да сол заманға ұқсатыпты, жарайды делік, ал жалбағай тымақ бастырған кекілі-де қазақтың қоятын шаш үлгісіне келмейді. Кеудесіне таңбаланған ою түрі ше? Жалпы көшпенділерге ортақ болғанменен, оның да айырмасы, ұлттық реңі қазақ пен моңғолға жер мен көктей анық білінеді. Пропорция заңдылығы қаншалықты дәл орындалған, кеудесі тым үлкен-де, басы кішкентай сияқты. Және бет-әлпет, рең-түрі ХVIII ғасырдың қазағынан гөрі дала көрмей, қаланың шуына үйреніп, асфальт таптап өскен бүгінгінің сымбатты, көрікті жігітке ұқсап қалған.
Әлеуметтік желілерде көп таралып жатқан «Қабанбай» портретінің анық-қанығына жету үшін батыр баба төңірегінде көптен қаузап жүрген ел, ағаларына сауал жолдаған едік. Солардың алғашқысы болып белгілі қоғам қайраткері, Қабанбай батыр зияратханасының шырақшысы Камал Әбдірахман жауап берді.
«Қабанбай батырдың суреті дегенге үлкен күмәнім бар. Себебі:
1. Қабанбай батыр қытайлармен, оның ішінде қазақ даласына Әмірсананы ұстауды сылтау етіп келген қытай генералы Фу Демен 1757 жылғы қыркүйекте алғаш рет кездеседі. Батыр бұл кезде 70-ке таяған жаста. Мына суретте 35-тердегі жігіт бейнеленген. Екінші рет 1758-1762 жылдары Аягөздің жанындағы Батпақсу мен Мамырсуда кездеседі. Бұл келіссөздерде қазақ жағынан Абылай мен Қабанбай сөз ұстайды.
2. Басына жалбағай киіпті. Қазақтың игі жақсылары жұқақ киізден басылған жалбағайды жазда кигені рас. Қабанбай батырдың жалбағайын ұрпақтары сақтап отыр. Бірақ, мынадай пәс жалбағай кимеген. Ал тымағымыз тіпті өзгеше.
3. Шапан. Үлкейтіп, анықтап қарасаңыз, шапан оң қолтықтың астынан байланатын қалмақ-мыңғұлдікі екені анық көрінеді. Біздің шапанның қос өңірі бірдей алдыдан ішкі баумен байланатынын әркім біледі.
4. Киіз үй. Үлкейтсеңіз, есігі тұтас. Қазақ еш уақытта тұтас есік жасамайды, екі бөлікті болады.
5. Киіз үйдің уықтары тік. Қазақ уықтарында қарын болады.
6. Шаңырақ. Қос шаңырақты киіз үй тек қалмақ пен мыңғұлда, солармен қандастарда болады. Негізгі шаңырақтың үстіне шошайтып екіншісін кигізіп қойыпты.
7. Ар жағындағы Туға назар салыңыз. Қос құйрықты. Қазақ тура сол тұста үнемі үш құйрықты Ту ұстаған. Мағынасы түсінікті. Осы жағдайлар сенім туғызбайды. Меніңше, біреулер мыңғұл-қытай суретшілерінің еңбектерін жақсы ниетпен таратып жатқан сияқты».
Бұдан асырып сөз айтып жату артық. Бәрін-де сезіп, қолмен ұстап көргендей нақтылап берген Камал, ағамыздың уәжі-де өте орынды. Сондықтан ендігі жерде бұл суреттегі батырды Қабанбай деп емес, Шыңғысхан немесе Жамұқа деп қабылдауды, осылай шешім шығаруды қолдаймыз.
Осы ретте біз басқаны қойып, көлденең жұрт емес, білмейтін бала емес, атағы Алатаудай тарихшы, профессор Талас Омарбеков ағамыз «Айтуға оңай» бағдарламасында «Бұл Қабанбай батырдың суреті» деп көзбен көріп, қолмен ұстағандай сендірді. Құдды атамыздың қасында болып келгендей-ақ сөйлегеніне таңданысымызды жасыра алмадық. Қазақ тарихы ғылымындағы фальсификациялық құбылыс жасаған Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген кітабының «деректеріне» сүйенетін тарихшының бұл қылығына апам да, аң-таң, мен-де, аң-таң.
Бұл күнде батыр бабамыздың портретін салуда суретшілер көп ағаттыққа барып жүр. Соның салдарынан қарны қабақтай, басы табақтай, соғыспақ түгілі атқа міне алмайтын, найза шаншып, садақ тартпақ түгілі жуан мойны қозғала алмайтын, құдды мешкей секілді мынадай суреттерді кейінгі ұрпаққа «Қабанбай батыр» деп танытып, оқытып жатырмыз. Барлық найман жасағының және бүкіл қазақ қолының басшысы, қазіргі тілмен айтқанда, генерал болған Ер Қабекеңді бұлай суреттеу асылық болады. Мойны кеудесімен тұтасып кеткен бұжыр, шекесі тырысқан, тар, дулығасы бір сүйемдай-ақ батырды қайдан көрдіңіз? Білсеңіздер, Қабанбайдың ізін басқан, кейде қол бастап бірге жорыққа шыққан көкжарлы Көкжал Барақтың дулығасының шеңбері 13 сүйем. Ал Қабекеңнің бала кезде тайға мінгенде екі аяғы салбырап жүретін аңызын кім білмейді. Бұл да ересен алып, зор қайраттың иесі. Бірақ алып екен деп шектен тыс ірілендірудің, зорайтып көрсетудің жөні және жоқ.
Батыр баба Қабанбай туралы кеңірек зерттеп жүргендіктен, Камал Әбдірахманнан сұраған екінші сауалымыз Қабанбай батырдың суреттері қалай салынғаны жайлы еді. Бұл жайлы ол кісі: «Өзгесін білмеймін, 1991 жылғы қарашада өзім Ерғали деген суретші, Айбек деген мүсінші жігіттерге (фамилиялары есімде қалмапты) Талдықорғанда Қабанбай батырдың суреті мен мүсінін жасауға тапсырыс бердім. Қолдарына батырдың бет-жүзі, тұлғасы, денесіндегі ерекше белгілері кеңінен сөз болатын Кәрібай, ақынның «Қабанбайдың жаралмышы», «Байжігітті үйленуі», Шәкура апаның «Хан сайладық қарадан» дастандарын, баба туралы екі-үш қисса ұстаттым да, батырдың тікелей ұрпақтарымен кездестіріп, тура бір ай уақыт күттік. Екеуі 30 күннен соң кеңсеге әкелді. Қаланың ақсақалдарын жинап қойғанбыз. Жұрт таң қалды. Сурет пен мүсін 90 пайыз ұқсаған екен. Кейін Семей мен Өскемен жақтың суретшілері салды. Оларға айтар сыным жоқ. Бірінен-бірі асып тұр. Бірақ суретшілер жоғарыда аталған шығармалармен таныс еместігі, аңғарылады. Бұл дастандарда батырдың кең маңдайы, дөңес мұрны, бүркіт көзі, маңдайындағы батырлықтың белгісі – қоян тобығы, иегіндегі әулиеліктің белгісі – шоқтай жанған қызыл қалы, түйеден озған бойы, бұқа мойны, құс кеудесі жан-жақты айтылады. Міне, осындай бітім-болмысы ескерілмей жатады», – деді.
Қазақтың батырлары, билері мен хандарының бет-бейнесін жеке-жеке жасап, бекітетін уақыт жетті! Бір-біріне ұқсаған, айнымайтын ескерткіштер мен суреттерді саралап, іріктеп, дұрыстап ұсынатын мезгіл өтті. Өйтпесек, өр тұлғаларымызды кім болсын ол жасап, санаға жирікеніш тудыратын туындылардың соңы тұлғаларымыздың ханнан артық қадірін түсіретін болады.
Ал мықты мамандардан құрылған арнайы комиссияның шешімімен бекітілген образдарды 3D форматта компьютерге енгізіп, барлық жерде бір образды пайдалану қажет. Алдымызда тура осы міндет тұр. Ер Қабекең біздің бұл ісімізге зәру емес, тіпті осындай жағдайлар орын алып жатқанынан ұяттымыз. Бұл кейінгі ұрпаққа керек, болашаққа керек.
Заңғар КӘРІМХАН