Біздің дамуымыздың ең басты белестерінің бірі болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жариялануы және бұл бастаманың жалпыхалықтық сипатта қолдау табуы, жарқын болашаққа қадам басқан қазақстандықтар үшін айтулы оқиғалардың бірі болмақ. Себебі, төл тарихымызға қайта үңілу, оны байыппен зерттеп-зерделеу, ұлттық болмысымызды қайта жаңғырту, ежелгі мәдениетімізді қайта қарау, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеу – мемлекетіміздің жан-жақты дамыған әлемнің озық елдерімен тең дәрежеде қатар тұруына мүмкіндік береді.
Қазақ даласы – тарихта қалған ұлылардың алтын бесігі болған қасиетті мекен. Ұлы дала талай ұлыларды дүниеге әкелгенін біз, жақсы білеміз. Елбасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу идеясы ғибратты ғұмырымен есте қалған тұлғаларымызға көрсетілген зор құрмет деп білемін.
«Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару ұлылардан қалған ұлағатты насихаттау мен өскелең ұрпақтың санасына сіңіру жолында жасалған үлкен еңбек болатыны анық. Біздің болашағымыз жастар десек, бұл мақалада көрсетілген тың идеялар мен бастамалар жастардың өсуі мен шығармашылық дамуы жолында маңызды рөл атқаратын фактор болмақ.
Осы мазмұны бай тұжырымдамада көрсетілген тілектерге сай жастарымыз белсенді еңбек етіп, қызмет жасаса талай шыңдарға жетіп, талай асуларды бағындыратынына кәміл сенімдімін.
Рафаэль Ниязбеков,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері