Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қуаныш СҰЛТАНОВ: АРМАНЫ, МАҚСАТЫ – ҚАЗАҚ ЖЕРІН БАҚЫТ МЕКЕНІНЕ АЙНАЛДЫРУ

2095
Қуаныш СҰЛТАНОВ:  АРМАНЫ, МАҚСАТЫ – ҚАЗАҚ ЖЕРІН БАҚЫТ МЕКЕНІНЕ  АЙНАЛДЫРУ - e-history.kz
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына ҚР Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов өзінің пікірін білдірді.

- Бұл мақала елімізде, қоғамға жаңа сілкініс берген  ауқымды оқиға болды деп есептеймін. Осы бір сұрақтарға жауап қажет болғандай  күтілу ауаны бар еді. Бұл еңбек - мыңжылдық өткен тарихымыздан тартып, бүгініміз бен ертеңімізге бағытталған ой толғанысы. Жай ғана толғаныс емес, болашаққа бағдар берген нақты тапсырмалар болып отыр. Қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік институттардың қай-қайсысы да мақаланың кеңістігінде өзіне қажетті бағытты тауып, оны атқара да алатын мүмкіндіктер бар.

Тәуелсіздігіміздің ең алғашқы жылдарының өзінде, әңгіме барысында болсын, жиналыстарда Тұңғыш Президентіміз назар аударып, пікір алысқандай қозғап жүретін мәселелері енді жарыққа шығып жатыр. Яғни,  бұл  - мемлекет басшысының терең толғанысы дер едім. Мемлекетімізді, халқымызды  артта қалушылықтан шығарып, әлемдік дәрежедегі білімді, озық ұрпақ қалыптастырып, тұрмыс сапасын көтеріп, бәсекеге лайықты ұлт жасаймын деген перзентінің арманынан туындап отырған дүние. Біздің өткен тарихымызды сараптап, оның сабақтарынан  болашақта өзіміздің өркендеп, өсуімізге қалай пайдаланамыз? Міне, осы тұрғыдан Елбасымыздың бұл мақаласы өте құнды рухани еңбек деп санаймын. Мақаланың басты  жаңалығы – еліміздің тарихына жаңа  көзқарас қалыптастыру.

Мақаланың  бастауында уақыт пен кеңістіктің үйлесімділігіне мән беріп отыр. Яғни, өткен тарихымыз, қазіргі тарихымыз және жасампаз болашағымыздың маңызды  астасуы бар.  Еліміздің, ұлтымыздың  сапасын өсіру -  бүкіл адамзат өркениетінің  көрсеткіші екеніне екпін берілген.

Біздің тарихтың қиын-қыстау жолдары жеткілікті. Тарих кезеңдері тек қана гүлденген жақтарынан тұрмайтынына да назар аударады. Ақ пен қараның қатар жүретін ұғымдар екені айтылады.  Ұлтымыздың тегін білу, өткен жолын білу арқылы қатарларымыздан қалып қалмауымыз керек.

Елбасының  тағы бір тоқталған дүниесі – атқа міну мәдениеті. Атқа мінген ер азаматтың  рухы  көтеріліп,  қабылеті, мүмкіндігі күшейетін сияқты  атпен байланысты көп тарихымыз бар ғой негізі.  Тарихымызда жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлғалардың  есімдері бар. Сол асыл қазынамызды қастерлеп, олардың өнегесін ұлттың өсуіне  бейімдеуіміз қажет. Біз ат үстіндегі халықпыз, содан түсіп қалмайық деген ескерту жатыр.

Дүниежүзілік қауымдастық қайда кетіп бара жатыр, дамуы  қалай  қазір? Технология заманының дамуы қандай? Біз осы заманның атына мінуіміз керек, осы заманның атымен жүруіміз керек. Осыған үлкен екпін берілген. Тағы, алманы, қызғалдақты айтады, металды айтады. Ол – біздің ырыс-берекеміз. Яғни бүкіл қазақ жерін гүлдендіру керек  деген сөз. Қазақтың жерін керемет алма баққа, ырыс мекеніне  айналдыру керек деген сөз. Міне, мен осындай  дүниелерді байқаймын осы мақаладан.

1997 жылы Елбасы 2030 жылға  даму стратегиясын жариялап,  «Гүлденген Қазақстан» деген сөзді жолдауында айтқан болатын. Сол кезде тұрмыстың әлі де қиын кезеңі еді. Экономикалық дағдарыс жалғасып, Елбасының реформалары енді жемісін бере бастаған. Сонда  «2030 қайда, біз қайдамыз?»,  - деген күмән болғаны да рас.  Көп ұзамай, дағдарыс еңсеріліп,  экономика түзеле бастады.  Қазір біз 2050-ге бағыт бағдар жасап отырмыз. Одан ары «Мәңгілік ел» ұлттық идея жасап отыр Елбасы. Мұның барлығы – бір-бірімен сабақтасып жатқан дүние.

Елбасы өзінің ресми жолдауында 30 елдің құрамына кіру жобасын жариялады.

Тарихи сананы жаңғырту арқылы тарих сабағынан, әрбір қазақтың санасындағы елімді дамытамын деген  ынта-жігер оянуы керек.

Ұлы Жібек жолы туралы айтылған ойлар жаңа  экономикамен байланысты. «Нұрлы жол»  бағдарламасымен төселіп жатқан тас жолдар, темір жолдар  жаңа дәуірдің  даму жолдары. Өмірі болмаған Қытай шекарасындағы Қорғаста құрғақ порт арқылы қаншама тонна жүк Еуропаға жол тартып,  болашақта сол шекаралас Қорғаста жүз мың адам тұратын қала салынып жатыр. Елбасымыз бұрынғы тарихта болған дүниені қазіргі заманның технологиясы арқылы жұмыс ұйымдастыра білуіміз қажет дегенді меңзейді.

Мақаланың «Тарихи сананы жаңғырту» деген бөлімінде  көптеген бағыттарды  жүзеге асыру мақсатында  нақты ұсыныстар, ұйғарымдар ортаға шығарылған. Мәселен, «Архив-2025» жеті  жылдық бағдарламасын жасау, немесе тарихи-археологиялық қозғалыстар ұйымдастыру, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық  саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты  ғылыми-көпшілік сериялар шығару, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін», Түркі халықтарының мәдени күндерін  өткізу сияқты тағы басқа нақты жобаларды  ел игілігіне ұсынып, жүзеге асыруға  нақты тапсырма беруі де  бұл мақаланың  қуатын күшейтіп тұр.

Осының бәрі  Елдің санасын, қабілетін, рухын көтеретін жобалар.

Елбасының арманы – қазақ жерін бақыт мекеніне айналдыру.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?