Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің тарихы. Асылбек Қалқақбаев

1776
Бір суреттің тарихы. Асылбек Қалқақбаев - e-history.kz

41b5c06051584a45ab00ecb3419b9351.jpg

21.04.15

Адамзат тарихындағы ең азапты да, сұрапыл соғыстың аяқталғанына міне 70 жыл болғалы тұр. 1941-1945 жылдар арасында болып өткен Ұлы Отан соғысының халыққа көрсеткен зардабы мен қиыншылығы ешқашан естен шықпас... «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» демекші, ата-бабаларымыздың төгілген қан мен терінің арқасында ғана қазір бейбіт те, тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бірлік, ержүректілік, төзімділік пен тұтастық бір атаның баласындай жалаулы тудың астына біріктіріп, фашистік Германияға Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы қарсы тұрып, халқымыз Ұлы Жеңістің туын желбіретті. 

КСРО мемлекетінің үстіне фашистік Германиядан қара бұлт төнгенде отандастардың барлығы бір жұдырықтай жұмыла еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жанталасты. Майдан үстінде көрсетілген батырлық мен жігерлік үшін офицерлер мен солдаттарға Кеңес үкіметінің батыры атты атақ берілген болатын. Соның қатарында 528 солдат пен офицер Қазақстаннан және 109-ы Шығыс Қазақстаннан болып табылады.  

Халықтың өткенісіз, болашағы жоқ болғандықтан, біз алға қадам басар алдында, артта не болғанын ұмытпауымыз қажет. Сондықтан да, мен Ұлы Отан соғысының қатысушысы өзімнің арғы атам жайлы біраз сөз қозғауды жөн көрдім. 

Қалқақбаев Асылбек, апамның әкесі, Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Тарғын ауылында 1909 жылы дүниеге келген. 1935- ші жылдан бастап, Абугүлсім апамыз екеуі отау құрып, Тарғында тұрған. Асылбек ата «Қалба-Қалайы» атты зауыт цехінде ұсташы болып жұмыс атқарған. Осы кезде оның Бибиқан, 1937жылы туған қызы (туған апам) мен Бибисара,1940 жылы дүниеге келген екінші қызы болатын. Асылбек атаның болашаққа деген арманы мен мақсаты зор болған, біртекті нәрсені жақсы көрмеген, әрдайым жаңалап отыруды ұнатқан. Алайда, келесі күні бізді не күтіп тұрғанын ешкім де білмеді... 1941 жыл... 22-маусым... Жаздың жайбырақат күндерінің бірінде, күтпеген жерден, фашистік Германия опасыздықпен шабуыл жасады. Отбасылардың шырқы бұзылды, елден тұрақтылық пен тыныштық қашты. Бұл соққы кенеттен болса да, жайбырақат қарап қалған адам болған жоқ. Кеңес Үкіметі болашақ ұрпақ үшін барлығын Отан қорғауға шақырды. Үйде әйелі мен 2 және 5 жасар қыздарын қалдырып, осы сұрапыл соғысқа 1942 жылы менің атам да аттанды. Ол Новосибриск қаласында мылтықпен атуды үйренді. Бірнеше айдан соң майданға аттанды. Бибиқан апамның айтуы бойынша: «Әкем әрдайым бір ұранмен жүретін. Егер алға бассам, тек біріншілердің бірі болып, ал егер артқа бассам, онда тек қана соңғы болып басам»,-дейді екен. Бұл ұранның шайқас кезінде де ұмытылмағаны әйгілі. Соғыс барысында, шайқастардың бірінде бомбаның астына түсіп қалды. Тылдағы емханаға бармай, майдан маңындағы дәрігерлерден жедел көмек алып, ары қарай артиллерия құрамында шайқасқа аттанды. Асылбек ата сауатсыз болған, қай бөлімшеде, майданда, не олардың нөмірі де есінде жоқ. Әрине, одан хаттар өте сирек келетін, хаттардың өзін жанындағы солдаттар жазып берген екен. Сол хаттардың бірінде оның Австрия мемлекетіндегі Вена қаласында 1942 жылдан бастап, соғыс аяқталғанға дейін шайқасқаны белгілі. Осы естеліктерді айта отырып, апам отбасының майданнан хатты сарғая күткендерін күрсіне есіне алды. 

3a11ebb658e976bb8f09d3d65e56b9f5.jpg

Барлығының көптен күткен күні де туды, 9-мамыр! Жер бетін дүр сілкіндірген соғыс аяқталуымен, сол жылдың жазының соңына таман, солдат Асылбек аман-сау өз еліне, отбасына қайтып оралды. Соғыстан кейін де, «Қалба-Қалайы» цехінде жұмыс істеуді жалғастырды, арғы апам Абугүлсім де осы цехте соғыс басталуынан бастап жұмыс атқарған. Апамыз осы жерде кен шығарумен айналысқан. Бұл ерлердің жұмысы болса да, апам соғыс кезінде «барлығы Жеңіс үшін!» деген ұранмен бастап, он жылдан астам жұмыс атқарып шықты. 1957 жылы Қалқақбаевтар отбасы Ұлан ауданыдағы, Асу-Бұлақ кентіне көшіп, атам геология саласында жұмыс істеуімен қатар, жаңа үй салып жатты, сол уақытта олардың 2 баласы емес, тағы бір ұлы мен қызы дүниеге келген болатын. Төрт жыл ішінде үй салуды аяқтап, Белогор тау-кен комбинатына ұста болып орналасты. Осы комбинатта «Олар Отан үшін соғысты!» атты стендте, Асылбек атаның суреті тұратын. Бірақ Закарья атамның айтуы бойынша, мақтаншақтық деген қасиет атамның бойында мүлдем болмаған, ол ештеңеге мұқтаж болған емес, қолындағы барына қуанып, өз тағдырына алғыс білдіретін. 70-80-жылдарда тоңазытқыш, теледидар, кілем секілді заттар адамдар үшін тапшы болған, соғысқа қатысқандарға осы тауарларды ұсынатын. Алайда, Асылбек ата оларды алуға ұмтылмаған, өзінің еңбегін артық бағалауды ұнатпай, «мен Отан үшін соғыстым»,- деп жүретін. 

4aa50879153832e306325accd7de07d0.jpg

1969 жылы ресми түрде демалысқа шығады да, үй ішінде, Абагүлсім апа екеуі немерелерінің қызығын көріп, жайбырақат өмір сүреді. Алайда, 1987 жылы Абагүлсім апам 70 жасында бұл өмірден көз жұмды. Әрине, соғыс жылдарындағы қиындықтар, ер адамның жұмысын атқаруы, ол кісінің өміріне өз әсерін тигізді. Апам дүниеден өткеннен кейін атам барлық үй ішіндегі жұмысты өзі атқарып, әйел мен ердің жұмысын өз мойнына алды. Ол жалғыз емес, оның балалары мен немерелері әрқашан қасында болып, барынша көмектерін тигізуге тырысатын. 

9f5a47773c0ade8c7cc1bea5db1f08de.jpg

80 жасында да, оның мінезі өзгермеген, соғыстың сұрапыл күндерін басынан өткізіп, аман-есен үйіне оралғанына рахмет айтып, әр аяқ басып жүрген күніне қуанатын. Сексен жасында болса да, көңілі көтеріңкі, тек қана денесімен емес, сонымен қоса рухымен де берік болған. Әкем атам жайлы сөз қозғағанда, оның жылқыларға деген махаббатын әрдайым ерекшелеп өтетін. Жастайынан жылқыларды қалай жақсы көрсе, сексен жасында да солай бағып, күтіп, оларға көзінің қарашығындай қараған. Әкемді жылқы мінуге де Асылбек ата үйреткен болатын. Оның еңбекқорлығына сөз жетпес, сексен жасында атына шөпті өзі шабатын, жылқысына деген махаббаты ыстық болғаны соншалық, ешкімге оны сеніп бермейтін. Алайда, балалары, немерелері мен күйеу балалары атам қаншалықты өзім істеймін десе де, өз көмектерін тигізіп жүретін. Әрине, адам қартайған сайын, денсаулығы нашарлай бастайды. Әкем Асылбек ата жайлы келісі сөздерді айтатын: "осы майданда болғанда, басымыздан не өтпеді десеңдерші...",- деп ата әңгімесін айтатын. "Қыста жалаңаш қардың үстінде де жататынбыз, күздің тоқтамас жаңбырының астында да жүргенбіз, ешқандай ауру бас алмайтын",- деп таңғалатын. "Қазіргі бейбіт өмір кезі болса да, бір күні бас ауырады, екінші күні асқазан, басқа бір күні суық тиіп қалады. Адамның ағзасы қиын қыстау кезенде ауырмау қажет деп шешім қабылдайтын шығар",- деп атаң соғыс кезендерін сипаттайтын. 

Арғы атам осындай қиын қыстау уақытты басыннан кешірсе де, 87 жасына жетіп, артынан төрт баласын, он екі немересін, он жеті шөбере мен он екі шөпшегін қалдырып, 1996 жылы бұл өмірден мәңгілік сапарға аттанды. Өкінішке орай, Асылбек атамды өмірімде көрмедім, алайда оның еңбекқорлығын, атқарған істері мен басынан өткен оқиғаларын ести отыра, еліміздің тәуелсіздігіне барынша үлесін қосқанын біліп, көз алдыма елестетіп, өзім соғыстың сұрапыл жылдарын сезініп кеткендеймін. 

Біздің ата-бабаларымыз ел мен жер, Отан тағдыры үшін барынша өз үлестерін қосып, қазіргі таңда, тәуелсіз, егеменді, болашағы жарқын елде тұруымызға қол жеткізді. Олардың Отанға деген махаббаты Бейбітшілік пен Тәуелсіздікке жеткізді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» атты жолдауында: «Мәңгілік Ел — ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы» деп атап өтті. Сол себептен, жауынгерлеріміздің ерен еңбегі ешқашанда ұмытылмас! Сондықтан, біз ата-бабаларымыз қалдырған ұлан-ғайыр жерімізді қорғап, сүйіп, бағалауымыз қажет. Атамнан қалған естеліктер...

Алтынбекова Индира,

Шығыс Қазақстан облысы

Өскемен қаласындағы ХББ НЗМ, 10-сынып оқушысы

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.




Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?