Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің тарихы. Мәжит Мүрсәлімов

1360
Бір суреттің тарихы. Мәжит Мүрсәлімов  - e-history.kz

 

Менің атам Мәжит Мүрсәлімов Петропавл қаласының 4-сыныптан бастап оқыған қазақ мектебінің 10-сыныбын бітіргенде әскерге шақырылған. Ленинград қаласында әскери борышын өтеп елге, туыстардың ортасына қайтуға бет алғанда 1939 жылы Фин соғысы басталып кетті. Оның соңы 1941 жылғы ІІ Дүниежүзілік соғысқа ұласып, Отан үшін басқыншы жауға қарсы тұрып, майданға аттану атамның маңдайына жазылыпты. 

Жеке өмірінен 

Атам 1919 жылдың 13 мамырында (8 шілдесінде) Солтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауылында дүниеге келген. Отбасында 4 баланың барлығы ұл болды, әкесі Мүрсәлім (1933 жылы қайтыс болған), анасы есімі Мағрипа, Бекпенқожаның қызы (1935 жылы қайтыс болды). Жұбайы Құсни Мүрсәлімова. Екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Өз атам Мүтәллат Мүрсәлімов – ағайындылардың ең үлкені. 

 

1b3ecc353b3005e6651dc1649c383c92.jpg

Зайыбы Құсни Мүрсәлімовамен 

 

bd9077f368587bdf706f22ea349c9509.jpg

Ұлдарымен. Үлкен ұлы Мүтәллат Мүрсәлімов (бірінші қатардың оң жағында), кіші ұлы Самат Мүрсәлімов (екінші қатардың оң жағында), ортаншысы Әсет Мүрсәлімов (екінші қатардың сол жағында) 

Әскери өмірінен 

Оның негізгі мамандығы – мұғалімдік еді. Қарағанды педагогикалық училищесін, М. Фрунзе атындағы екі мәрте Қызылжұлдызды Сумск жоғарғы артиллериялық училищесін бітірген. Соғыстан Отанға аман-есен оралған соң 1979 жылға дейін бастауыш сынып мұғалімі, әр түрлі әкімшілік қызметтерді атқарды, Бостандық орта мектебінде зейнетке шықты. 

Партияда болмаған, Бүкілодақтық лениншіл комсомол жастар ұйымының құрамына өтпеген. 

Атам міндетті әскер қатарына шақырылып, 1939 жылдың 27 желтоқсанында әскери бөлімге жөнелтілген. Әскери антты 1940 жылдың 23 ақпанында 31-қосымша атқыштар полкінде жүріп қабылдаған. Кіші сержант шенімен 1941 жылдың маусымынан 1944 жылдың қазанына дейін 270 атқыштар полкінің көздеуші артиллерисі болып Ленинградты қорғау майданына қатысты. 

Сонау қиыншылық заман туғанда, азық-түлік тапшылығы қатты сезілген уақытта өзге де бейбіт адамдар секілді ол да көп ауыртпалықтар көрген. 1943 жылдың 15 ақпанында шынтағынан ауыр жараланып, жасалатын ота жүрегіне шабатындықтан, дәрігерлер жараны сылып алып тастамауды шешіпті, атам өмірінің соңына дейін оқ қалған шынтағымен өмір сүрді. Атамның бір ажалдан аман қалғанына ауылдас апаның сыйға тартқан араб тіліндегі Құранның сүрелері жазылған тұмары себепкер болса керек. 

 

 

c09b70d33108fca835bc96e6452aa2c8.jpg

Оң жақта атам Мәжит Мүрсәлімов, ортада бір полкте бірге болған досы Жұмай Жапарұлы Оспанов 

 

13562ec37112ef521427f4fdbd642b39.jpg

Ортада атам Мәжит, соғыстан кейінгі жылдары, сол жақта ортаңғы бауыры Хамит (1921 ж.т.), оң жақта кенже бауыры Уахит (1924 ж.т.) 

Мәжит Мүрсәлімов ағайындылардың ішінде үлкені Баязиттан кейінші екінші бала болды, Баязит 1937 жылы 25 жасында соқырішектен қайтыс болған, ал Хамит пен Уахит ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан.1946 жылдың 20 қаңтарында «1941-1945 жж. ҰОС Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «ССРО Қарулы күштеріне 50 жыл» медальдарымен және «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 25 жыл» төсбелгісімен марапатталған. Медальді Совет Одағының батыры Г.К. Жуков өз қолымен тапсырған. Бір қызығы, әскери билетті 1964 жылдың 18 маусымында алған екен. 

 

a2ef7ec53e8abd35190f09e3d844d629.jpg

 

f0967630494a7df0eb1a1058b7c08083.jpg

77812dc70e394d5921dd91c88f62f174.jpg

6f842eca902e407b05cf339e85f71d21.jpg

4d1a11db20f858f89184bfec80ada1b1.jpg

Атам 84 жасында ауырмай-сырқамай, кенеттен қайтыс болды. Әрдайым ақкөңіл, қарапайым болды, балаларды жақсы көрді, жақсы көргені аз, бар жан-тәнімен сүйді. Одан білім алған шәкірттері атамды әлі күнге дейін құрметпен еске алады, тағзым етеді. 

Сүйікті атам Мәжит Мүрсәлімовтің құрметіне мен Астана қаласында 2016 жылдың 9 мамырында өткізілген «Жаужүрек полк» жалпыұлттық шеруіне алғаш рет қатыстым. 

 

11e24d5e10647d40bffa1090ed9be451.jpg

Ата ұрпақтары мен туыс-туғандары батыр атамыздың және оның бауырлары мен майдандас достарының ерлігін ешқашан ұмытпаймыз, жадымызда сақтаймыз. Құрметтейміз. 

 

Малика МҮРСӘЛІМОВА

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?