Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ САНА-СЕЗІМІН ОЯТҚАН ЖАЗУШЫ

1895
ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ САНА-СЕЗІМІН ОЯТҚАН ЖАЗУШЫ  - e-history.kz
Аса талантты қазақ жазушысы Ілияс Есенберлин 1915 жылы 10 қаңтарда қазіргі Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген

Ол – қазақ халқының басына төнген барлық нәубеттің куәгері: большевиктердің келуі мен ойрандауы, ашаршылық, саяси қуғын-сүргінді өз көзімен көрген жан.

Оның әкесі Есенберлі кедейленген қала жатақтары қатарынан. Ол шебер ағаш ұстасы әрі құрылысшы болған. Өз қолымен Атбасарда жеке меншік үйін тұрғызған. Әкесі 1920 жылы қайтыс болған, төрт жылдан кейін анасы да көз жұмады: болашақ жазушының ата-анасы қара шешектен опат болған. Ерлі-зайыптылардың артында үш баласы қалды: қызы Назым және ұлдары Ілияс пен Раунақ.

Ілияс пен Раунақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының мүшкілдегені соншалық, олар Атбасар қаласының көшелерінде өзі тәрізді жетім балалармен бірге қаңғыбас болып күн көреді. Бұл жағдай, 1924 жылы 21 қаңтарда В.И. Ленин қайтыс болған кезде үйсіз-күйсіз жүрген өзі тәрізді балалармен бірге оларды жергілікті милиция ұстап әкеткенге дейін бір жылға созылған. Аштыққа ұрынған оларды балалар үйіне орналастырды. Олармен бірге 40 шақты бала Атбасар шетіндегі арнайы бөлінген үйге орналастырылды.

Ол алғашқы өлеңдерін осы мекемедегі қабырға газетіне арнап шығарады. Атбасардан қырық километр жердегі Балуанкөл маңында өткізген жазғы күндер оның көзқарасының қалыптасуына себепші болды.

Дәл осы жерде жергілікті қазақ ақыны және халық ауыз әдебиетінің білгірі Кәкбайдың аузынан дала аңыздарының басты кейіпкерлері – Едіге, Асан Қайғы, Қобыланды, Бұқар жырау, Абылай, Кенесары туралы қызықты әңгімелерді естиді. Оның бойында ұлт тарихына және ауызша халық шығармашылығына деген ерекше қызығушылық пайда болды. Кейінірек дәптерге көпғасырлық дала жылнамасының кейбірін: тарихи әңгімелер, поэмалар, билер мен шешендердің нақыл сөздері, шежірелер, сирек кездесетін мақалдар мен мәтелдерді жазып отырған.

Сол уақыттағы жаңа астана Қызылордаға барып оқып білім алып, Қарсақпайдағы аудандық атқару комитетінде еңбек жолын бастайды. Ол осында жүріп даладағы зобалаңның тірі куәгері болды: жүздеген және мыңдаған жерлесі аштықтан көз жұмды. Солардың біреуін үйде жанында ұстап, әпкесі мен інісінің аузынан жырымдап, өзінің болымсыз азығымен бөлісе отырып, ажалдан арашалап қалады.

Сол жерден ол республикамыздың үшінші астанасы Алматы қаласына тау-кен институтына оқуға жіберілді. Студент кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Қазақстан Кеңестері бірінші съезінің қатысушысы болды. Болашақ жазушы сол жылғы республика конституциясының қабылдануының куәсіне айналды. 1940 жылы Жезқазған қаласына жолдама алады.

Екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында. 1940 жылы Ілияс Қызыл Армия қатарына шақырылып, Рига әскери-саяси училищесінде қысқа мерзімдік дайындықтан өтеді. Онда 270-ші артиллериялық полкінің курсанты ретінде білім алады. Толық курстты аяқтаған соң осы бөлімнің кіші саяси жетекшісі болып қызмет етеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ленинград және Старо-Руссия үшін болған шайқаста 84-ші мотоатқыштар дивизиясының 46 танк полкінің саяси жетекшісі ретінде капитан жаумен жан аямай ұрысқа түседі. 1942 жылы қаңтар айында Кострома госпиталінде ауыр жарақат салдарынан аяғын кесу қаупі төнеді. Бірақ аяғын ампутациядан сақтап қалуға дәрігерлерді көндіреді. Дегенмен бұрынғыға қарағанда аяғы бірнеше сантиметрге қысқарып қалады. Ол қайтадан майданға жіберуді өтінеді. Бірақ оны екінші топтағы мүгедек ретінде жарамсыз деп танып, 1943 жылы республикаға жіберіледі. Соғысқа қатысқандағы ерлігі үшін ол жауынгерлік наградалармен – «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталады.

Саяси қуғын-сүргін. Соғыстан кейін ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратында нұсқаушы болып жұмыс істейді. Бірақ 1950-нші жылдардың басында оған қарсы билік қылмыстық іс қозғайды.

Олардың басына қара бұлт үйірілгендей болды. Оның әйелі Диляра ХХ ғасырдың 1937 жылдары әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызы болғаны үшін жазықсыз қудалауға ұшырады. Хамза Жүсіпбеков – көрнекті советтік және партия қайраткері, белгілі жазушы, тұңғыш Халық комиссары Сәкен Сейфуллиннің жерлесі, Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы, Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романының алғашқы аудармашысы. Ол көркем әдебиет баспасының төрағасы да болған. Бір деректерде Хамза Жүсіпбеков 1938 жылы 26 ақпанда І. Жансүгіров, Б. Майлинмен бірге атылды десе, басқа деректерде Х. Жүсіпбеков пен С. Сейфуллинді түрменде күзетуші иттерге талатып өлтірілген деген мәліметтер келтіріледі...

...Ілияс қамауға алынғанға дейін әйелінің шешесі Жүсіпбекова Рәбиғаны Алжирдан қайтарып алған. Жансыздар бұл жағдайды НКВД қызметкерлеріне жеткізді. Жансыздар жіберген, жасырын жазылған домалақ арыз Республикалық партия комитеті орталығына келіп түседі. Онда:

«Есенберлин халық жауын қамқорлыққа алды. Ол «халық жауының» қызына үйленіп қана қоймай, совет өкіметінің қас дұшпанының әйелін үйіне паналатып отыр. Мұндай адам Орталық Комитетте де және большевиктер партиясында да жұмыс істеуге құқы жоқ», – делінген.

Көп ұзамай сот оған он жыл лагерге үкім шығарып, Қарақұм су арнасы құрылысына жібереді. Ауыр және жан төзгісіз жұмыстан кейін мұнда адам өлімі көптеп байқалатын. Лагерде тау-кен инженері жаруына болып жұмыс жасайды. Аса «қажетті» азаматтың мамандығы және соғысқа қатысуы сол жылдардағы жан төзгісіз лагердің ауыр жағдайынан тірі қалуына септігін тигізді: қара жұмысшының орнына жарушы болып тағайындалды.

І. Есенберлиннің лагерден босап шығуы және оның шығармашылық қызметінің жандануы. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін басталған саяси жылымықтан соң, ол лагерден босап шықты. Ол үйге бармастан, ең алдымен сол кездегі үкімет басшысы, бұрыннан таныс болған Д. Қонаевқа келеді. Кездескенде ол жолына қаражат беріп тұрып «Мәскеуге бар да, партияға қайта кір» деген кеңес айтады. Д. Қонаевтың кеңесі бойынша ол Мәскеуде бірнеше айын өткізеді. Партияға кіруі республикадан қарағанда, КСРО астанасында әлдеқайда оңай әрі тезірек болады. Солай болатынын Қазақстан басшысы жақсы білді.

Көп ұзамай ол партиядағы қызметін қалыпқа келтірді, бұл дегеніміз іс жүзінде толық ақталуды білдіретін. Өзінің еңбек жолын республиканың Геология министрлігі жүйесінде, тіпті бір уақыттарда Берсүгір шахтасының басқарма бастығы болып қызмет істеді. 1958 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясының редакторы, ал 1962 жылдан бастап Казгослитиздаттың (Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасы – авт.) редакторы қызметін атқарды. 1967 жылдан «Жазушы» баспасының директоры және республикалық Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы болған.

1975 жылдан бастап Ілияс Есенберлин өмірін толықтай шығармашылыққа арнайды. Ол ерте кезден-ақ «Айша» және «Сұлтан» поэмаларын жазған, сондай-ақ «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағын шығарған ақын ретінде танылған еді. 1957 жылы «Адам туралы повесть», «Өзен жағасында», т.б. шығармаларын жазып, басқа жанрға ауысады. 1966 жылы инженерлердің ауыр жұмысын баяндайтын «Айқас» романы үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын иеленген. Содан кейін «Қатерлі өткел», «Ғашықтар» атты туындыларын жариялайды.

Ілияс талантты аудармашы ретінде де танымал болатын. Соның ішінде танымал педагог К.Д. Ушинскийдің бірқатар еңбектерін аударған. Атақты жазушының жұмыс істеу қабілеті қайран қаларлықтай: кейде ол тәулігіне 10-12 сағат жұмыс істейтін. Алдымен қолмен жазып, содан кейін машинкада басатын. Олар бірнеше мәрте түзетіліп, қайта басылатын. 19 жыл ішінде 19 роман жазған қаламгер «Көшпенділер» және «Алтын Орда» атты екі үлкен трилогияны дүниеге әкелген.

І. Есенберлиннің жазушылық даңқын әлемге әйгілі еткен тарихи романдары. Сол уақытта қоғамда өз халқының тарихын тануға деген үлкен қажеттілік пен сұраныс болып жатты. Ә. Бөкейхан, М. Тынышбаев, С. Асфендияров, Қ. Кемеңгеров және Е. Бекмахановтың бұрынғы тарихи еңбектері өз кезінде шағын тиражбен ғана шығатын. Бірақ бұл еңбектер «авторлардың саяси сенімсіздігі» үшін оқуға қатаң тыйым салынып келген. Қоғамның бұл сұранысын қанағаттандырған, отанының нағыз ұлтшыл тұлғасы, қазақ фольклорын жинаушы, архив құжаттарының білгірі, талантты жазушы І. Есенберлин болатын.

«Қаһар» (1969), «Алмас қылыш» (1971), «Жанталас» (1973) романдарын жариялағаннан кейін оның есімі жалпақ жұртқа мәлім бола бастаған. Осылардың барлығы атақты «Көшпенділер» трилогиясын құрады. Бастапқы кезде трилогиясының атауы «Көшпенділер» емес, «Ақ Орда» болған. Ол уақытта «ақ» деген сөзді қолданудың өзі қиын болатын, өйткені «ақтар қозғалысы» Азамат соғысын еске салатын. Сондықтан да автор трилогияның атын «Көшпенділер» деп ауыстыруға мәжбүр болды.

Алғашқы «Қаһар» романы шыққаннан кейін, 3-4 жыл шамасында-ақ отандық жазушы-романистер арасында ең көп оқылатын авторға айналды. Қазақтың атақты кәсіби тарихшылары жасай алмаған істі І. Есенберлин жасады. 1950 жылдардың басында Кенесары хан туралы жазған еңбегі үшін қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы Е. Бекмаханов қуғын-сүргінге ұшыраған болатын. Ұлттық тарихты зерделеуге қазақ әдебиеті арқылы талпыныс жасаған қазақ зиялыларының ішінде атақты жазушы М. Әуезов те бар. Кәсіби тарихшы Б. Сүлейменов те лагерлерде болды. Әлбетте, сол уақытта қазақтың көп ғасырлық тарихын ашық түрде жазуға кәсіби тарихшылар мен атақты жазушылардың ешқайсы да қадам жасай алмайтын. Сондықтан Ілиястың бұл қадамын азаматтық ерлікке балауға болады. І. Есенберлин кейінірек атақты «Көшпенділер» трилогиясы туралы былай деп толғанды:

«Мен 1945 жылы «Көшпенділер» трилогиясын жазуды ойладым. 1960 жылы үш романды жазуға кірісіп кеттім. Бұл ай ұзаққа созылған дайындықтың себебі жай ғана: тарихи материал шыдамдылық пен асқан ұқыптылықты қажет етеді».

Трилогияда Қазақ хандығы пайда болған уақыттан бастап «бүлікшіл сұлтан» Кенесары хан көтерілісіне дейінгі аралықтағы Ұлы Даладағы маңызды тарихи оқиғалар суреттеліп, аса күрделі саяси ахуалдар қамтылады. Оны жазу барысында сол уақыттағы қолда бар ғылыми еңбектерді, қазақтың ауызша шығармашылығын, архив деректерін проза арқылы беріп, 400 жылдық аралықтағы тарихи оқиғалардың рухын қалың оқырманға жеткізе алған. Айтпақшы, жанама мәліметтер бойынша, І. Есенберлин Қазақ хандығының құрылуы мен өмір сүруі туралы тың деректерді жинау мен реттеу туралы «тапсырманы» республиканың бірінші басшысынан алған екен. Жазушы ресейлік және отандық архивтерден сирек материалдарды «түйірлеп» «тамшылап» жинаған. Ондаған жылдар бойы ұлттың ауызша шығармашылығын егжей-тегжейлі, асқан ұқыптылықпен жазып жүрген дәптерінің пайдасы тиді. Сонау бала күнінде әйтеуір бір қазақ тарихы туралы жазамын деген өзіне-өзі сөз беріп еді, соны орындайды. Әйгілі академик Ә. Марғұлан көрсеткендей: «Романда қазақ халқының тарихы оқшауланып емес, тұтас бір тарихи үдерістің заңды бөлшегі ретінде суреттеледі».

Кітаптың кеңінен таралуы соншалықты, оны әртүрлі аудитория оқыды: зиялы қауым да, қарапайым жұмысшы да, ауыл тұрғыны да, оның ішінде шопан да бар, сол кездегі советтік Қазақстанның ең көп оқырманының бірі болған. Бұл туралы О. Сүлейменов өте тамаша жазады: «Менің әлі есімде: біздің уақытымызда бір пысықай жазушы «Хан Кене» («Қаһар» романы орыс тілінде осындай атаумен шықты) үшін шопаннан қой алғаны. Өз кезінде бұл дұрыс баға саналды. Ал, қазір өте сәнді мұқабасы бар кітап үшін бір қозы беретін шопан табылады деп ойламаймын да». Әрбір оқырман мұнда өзіне бала күшінен таныс ауызша тарихтың бір үзігін кездестіреді. Дегенмен де 400 жылға жуық тарихи оқиғаларға шынайы жақын келетін барлық тарихи әңгімелерді, аңыздарды, дастандарды, айтыстарды архив және жазба деректермен күшейте отырып, бәрін бірге жинақтау тек Ілияс Есенберлиннің қолынан келді. «Көшпенділер» романы, алғаш рет 1976 жылы трилогия ретінде шығып, кейіннен тек орыс тілінде 12 рет басылып, жалпы таралуы 1,5 миллион данамен қайта шығарылған.

Әрине, өндіріп жазатын жазушы «Көшпенділерге» дейін де, кейін де көптеген шығармалар жазды, бірақ бұл трилогия тек қана біздің республикамыздың ғана емес, шетелдік сан миллиондаған азаматтарының ақылы мен сана-сезіміне барынша күшті ықпал етті.

Оқырмандардың үлкен қызығушылығын туғызған «Алтын орда» трилогиясында қазақ ұлтының арғы тарихы баяндалады.

Бірінші трилогиясы халықтың санасына қазақ мемлекеттілігі туралы ұғымды қайта көз алдыларына әкелді. Ақырында ССРО басшылығы халықтан ұзақ уақыт және саналы түрде жасырып келген шынайы көпғасырлық мемлекеттілік дәстүрі қайта оралды. Бұл, тіпті өміріне қауіп төндіріп тұрған күрделі тарихи тақырып туралы 1974 жылы 22 шілдеде Ресей академигі А.П. Окладниковке былай деп жазды: «Мен қазақ жазушыларының ішіндегі аға буын өкілі ретінде тамыры тереңге жойылып, құмға сіңгендей болып кеткен өз халқымның тарихын жазуға он жыл уақытымды кетірдім. Әрбір үш кітабымда қазақтар мен басқа да туысқан халықтардың өзіндік ерекшелігі, ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттік құрылымы мен өзіндік мәдениеті бар екендігін ашық түрде жаздым».

Жастар бұл еңбекке үлкен қызығушылық танытты. Әрбір қазақтың үйінде «Көшпенділердің» болуы шарт еді. Халық бұл еңбекті қолдан-қолға өткізіп оқыды. Трилогияны республикадан тысқары жерлерде де, Ресейде, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Қырғызстанда т.б. жерлерде сүйіп оқыды. І. Есенберлиннің бұл еңбегі әлемнің 30 тіліне, соның ішінде ағылшын, араб, түрік, қытай, жапон тілдеріне аударылып, 9 миллион дана етіп шығарылған!

Дүниеден өтерден біраз бұрын І. Есенберлин былай деп жазды:

«Неліктен мен тарихқа өте көңіл бөлетін болдым? Мүмкін маған өмір қызықсыз болып кеткен болар? Жоқ, тіпті де олай емес! Мен қазір өткенге жиі ораламын. Қазір ойларым түпсіз тұңғиыққа кетіп, қызығушылығым күннен -үнге артып барады. Ағаш өскен сайын тамыры жерге терең бойлай береді. Адам да сол тәрізді. Болашақ туралы көп ойланған сайын өткені туралы көп білгісі келеді екен. Бұл әрекетсіз болашақты қалай алмайсың».

Тәуелсіздіктің таңы атқан шақта, республикамыздың қалаларының көшелеріне әйгілі хандар, сұлтандар, батырлар мен билер, ақындар мен жыраулардың, сазгерлердің есімдерін бермекші болғанда, сол таптырмас «анықтамалық» – «Көшпенділерге» жүгінген еді.

Автор өзінің ұлы туындысы «Көшпенділер» трилогиясын өте жақсы көрген өзінің соңғы күнделігінде былай жазған:

«Көшпенділер» трилогиясын жақсы көретін себебім, бұл – алдымен менің жиырма жылдық ізденісімнің нәтижесі. Егер шындығын айтсам, қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы романды жазуға жарты ғұмырымды арнадым десем, артық кеткенім емес. Кітап менің азабым болды. Ол менің барлық сөлімді сорып алды... Әңгіме тек менің басты кейіпкерім және оның інісі Наурызбай, туыстары, жақындары, ниеттестері және т.б. туралы ғана емес. Біз мынаны түсінуіміз керек: басты әңгіме он жылға созылған қантөгіс жалыны шарпыған, қас қағымдық пайда мен игілік үшін жаппай сатқындыққа барған өз руластарыңмен айқаса жүріп жүргізілген қазақ халқының ұлт-азаттық күресі туралы еді. Мұндайда өзіңнің әдеби кейіпкерлеріңнің жан күйініші мен қайғы-қасіретін өз жүрегіңмен, өз жаныңмен түйсінбей отырып жазу мүмкін емес, өйткені кітаптың мазмұны дерексіз, жазушының қиялынан туындаған дүниесі емес, нақтылы адамдар мен оқиғаларға сүйеніп жазылған».

Жазушының сыншылары және оның жақтастары. Жазушы дүниежүзілік атақ пен беделге ие болғанына қарамастан, оның шығармалары республикалық және жергілікті БАҚ беттерінде де қатаң сынға ұшырап жатты. Олардың арасында танымал отандық жазушылар да болды. Әрине, олардың басым бөлігі ашық түрде жазушының табысты еңбегіне қызғанышпен қарады. Мысалы, «Көшпенділер» 1980 жылы ССРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған болатын. Әріптестерінің жазған шағымдары мен қызғаныш оты өз ісін жасап, оны ұлтшыл деп айыптады, оның «халық жаулармен» туыстығын «еске түсіріп», лагерде боланын алға тартты. Оны тек «ұлтшыл» деп айыптап қана қойған жоқ, шамадан тыс хандық билікті ұлықтап, бұрынғы дала өмірін, дәстүрлі қоғамды аңсайды деген болатын. Бұл жағдайды қазақтың ойшыл-ақыны Абай өз кезінде іштарлықты халқымыздың ең бір жағымсыз қасиеті деп сынап кеткен болатын.

Сол уақытта жазушыны ашық түрде қолдаған адамдар да болды. Мәселен, жазушыны қиын күндерде оны ашық және жария түрде қолдаған, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері А. Асқаров, ғалым Ә. Марғұлан, майдангер жазушы Б. Момышұлы және басқалар бар. Атап айтқанда, жазушының майдандасы, қаһарман-партизан Әди Шәріпов бар шынайы ынтасымен қорғай отырып, оның дұшпандарына былай деп жауап жазды: «Мен Мәскеуде басқа да бауырлас республикалардың жазушылармен кездесіп отырамын. Олардың көпшілігінің кеуделерінен Социалистік Еңбек Ері алтын жұлдызын көремін. Біз кімнен кембіз? Өзіміз кінәліміз. Біз неге іштарлық жасаймыз? Өтірік елемеу, жатсыну, әдебиетте тарихи тақырыпты бағаламау – барып тұрған көрегенсіздік. Жазушыға барлық пәле-жаланы жаба беру – жарамайтын іс!». Оны өзге республиканың өкілдері де қолдады. Мәселен І. Есенберлинге моральдық және психологиялық қолдау жасағандар арасында аса танымал тұлғалар КСРО Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесінен археолог, тарихшы, академик А.П. Окладников (Ресей), Нобель сыйлығының лауреаты Ш. Айтматов (Қырғызстан) бар болатын.

Ол 1993 жылы 10 қазанда ол мәңгілік мекенге аттанды. Дарынды жазушы өзінің романдарын республикалық жазушылар цехындағы әріптестерінің қаскөйлігінен қорғаймын деп денсаулығына көп зиян тигізді.

Көрнекті мемлекет қайраткері М. Есеналиев бұл туралы: «Бұл ірі ауқымды жазушы қай халықтың болсын мақтанышы бола алар еді. Біз оның денсаулығына үлкен кінәрат келтіріп, өмірінің қысқаруына жол ашып бердік. Біз оның түбіне жеттік. Ол Мәскеуде «Алтын Ордасын» қорғап жатып жүрегі жараланғандықтан инфаркке ұшырады» деп өкінішпен жазады.

Ілияс Есенберлин халық жадында. Халық өзінің дарынды жазушысын ешқашан ұмытқан емес. Астана, Алматы, Өскемен, Атбасар және басқа да көптеген қалаларда оның есімімен көшелер мен даңғылдар аталды. Атбасардағы ол дүниеге келген  үйде және өмірінің соңғы күндерін өткізген Алматы қаласындағы пәтеріне  мемориалдық тақта орнатылды. Алматы және Атбасардағы ең үздік гимназияларға оның есімі қойылды.  Оның туған қаласында жазушының құрметіне орай ашылған шағын мұражай жұмыс істейді. Белгілі қазақ ғалымы А. Қашқымбаев алғаш рет «Ілияс Есенберлин (1915-1983 жж.)» атты монографиясын жарыққа шығарды. Жазушының «Жанталас» романының желісі бойынша 2005 жылы «Көшпенділер» тарихи фильмі түсірілді. 2015 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткен Ілияс Есенберлиннің ғасырлық мерейтойы өтті. Атбасарда оның құрметіне ескерткіш орнатылды. Бейбіт уақытта еңбектегі ерлігі үшін Қызыл ту және «Құрмет Белгісі» ордендерін иеленген. Халық жазушысы қайтыс болғаннан кейін Ю. Домбровский әдеби сыйлығымен марапатталған.

Жазушының өмірдегі бүкіл мақсатын ашып көрсеткендей оның зиратына туыстары мынадай сөйлемді жазып қалдырды: «Халқым әділдік туының астында болашаққа қадам бассын деп ұлт тарихын жаздым».

Артында үш қызы мен ұлы Қозыкөрпеш қалды. Әкесі оларға жақсы тәрбие мен білім берді. Оның немерелері мен шөберелері атақты бабасымен мақтанады. Оның бауыры Раунақ Есенберлиндердің атын шығарып, профессор атанып, ССРО-ның еңбегі сіңген өнертапқышы, ғылым докторы, авиация полковнигі атанған. Атақты майдангер, халық жазушысы Ә. Нұршайықов өзінің досы қайтыс болғаннан кейін мәңгі есте қалатындай мына сөздерді арнады: «Әдебиет әлемінде жарқыраған суық жұлдыздар көп. Бірақ Ілияс Есенберлин – ешкімге ұқсамайтын ерекше жұлдыз, өзінен жарық пен қуат, жылу тарап тұратын» деген баға берген-ді.

І. Есенберлиннің романдары халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуына түрткі болды. Оның шығармасын оқып өскен жастар туған жерлері Ақмола өңіріне неміс автономиясын құруға әрекет ету кезінде ашық қарсылық білдіргендер болатын. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары «Көшпенділер» трилогиясының рухында тәрбиеленген жастар еді.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?