Халел Арғынбаев
Аты | Халел Арғынбаев |
11.02.15
Этнология ғылымының болашақ майталманы 1924 жылдың 21 қыркүйек күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, № 17 ауылда (Жамбыл атындағы колхоз) орта шаруалар отбасында дүниеге келген.
Арғынбаевтар отбасы, олардың басқа да ағайындары сынды кеңестік тоталитарлық жүйенің қыспағын көрді.Ұжымдастыру кезінде мал-мүлкінен айырылып, көшпелі және жартылай отырықшы өлкелерді жайлаған зұлмат ашаршылықтан қашуына байланысты 1931 ж. Кузбасқа көшуге мәжбүр болған. Әкесі – Арғынбай бұл жерде шахтер қызметін атқарған. Мұқтаждық келесі жылы әкесін Қиыр Шығысқа – Камчаткадағы Петропавловск қаласына көшуіне мәжбүр етті. Арғынбай – дүкен күзетшісі ретінде жұмыс атқарса, анасы – Қарабаева Майра тігін шеберханасында қызмет еткен. Осы жерде, Петропавловск қаласында Халел Арғынбаев алғашқы рет мектеп табалдырығын аттап, 1934 жылы 2 сыныпты бітірген. Осы жылы отбасының Новосібір қаласына қоныс аударуына байланысты, 3 сыныпты аталған қалада аяқтайды. 1935 жылы Талдықорған облысының Қаратал ауданына көшкен. Мұнда әкесі колхоз ұжымына қосылады. Кейін, 1938 жылы Қапал ауданына қоныс аударады, 1952 жылы зейнетақыға шығады. 1938-1939 оқу жылдары Халел Арғынбайұлы Қоңыр орта мектебін бітіріп, Қапал педагогикалық учлищесіне оқуға түседі. 1942 жылы аталған оқу орнын аяқтайды .Өзінің басқада қатарластары сияқты 18 жасында Кеңестік Армия қатарына борышын өтеуге шақырылып, Ұлы Отан соғысының майданында күрескен. 1942 жылдың 1 қыркүйегінен 1943 жылдың 13 қаңтарына дейін ол Ташкент қаласындағы Орта Азиялық әскери аймақтың қысқа мерзімді радиотелеграф курстарының курсанты болды. 1943 жылдың 8 наурызынан ол Воронеж майданының 10 артиллерия штабында радист, 1943 жылдың 23 сәуірінен бастап 1945 жылдың мамырына дейін фашистік Германияның толық талқандалуынан кейін Украина майданында 27 артиллерия ІІ-ІІІ бригадасында радист болып қызмет атқарды. Аталған майдандардың құрамында Украина, Молдавия, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Югославия және Австрия аймақтарындағы әскери іс-қимылдарға қатысты. Әскерден кейін Халел Арғынбайұлы өзінің туған өлкесіне оралып, білімін жоғары деңгейде жетілдіру мақсатында 1947 ж. қыркүйек айында Абай атындағы Ұстаздық және Педагогика Мемлекеттік институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, 1951 ж. үздік бітіріп шығады. Аталған жылдың тамыз айында республикадағы ағартушылық жұмыстарын жүргізу барысында Министрліктің тапсырысы бойынша Панфилов қаласының Педагогикалық училищесіне оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметіне жіберіледі. Осы қызметті атқарумен қатар, ол КСРО және ҚазССР тарихы дәрістерінен сабақ береді. 1954 ж. 15 қазанында Халел Арғынбайұлы конкурс негізінде Қазақ КСРО-ның Ғылым академиясы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының (кейін – ТАЭИ) этнография бөлімінің аспирантурасына оқуға түседі. Аспиранттың ғылыми жетекшісі болып, қазақ халқының дәстүрлі этнографиясына сүбелі еңбек сіңірген Ирина Витальевна Захарова бекітілді. Халел Арғынбайұлының диссертациясы И.В. Захарованың ғылыми ізденістерімен ұштастырылып, Институттың Ғылыми кеңесінде келесі атаумен бекітілді – «Орыс пен қазақ халқының тарихи-мәдени байланыстары және олардың ХІХ ғ. екінші жартысы мен Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтардың заттық мәдениетіне ықпалы (Семей облысы материалдары бойынша)». Бұл жұмыс ел арасынан жиналған мәліметтермен, ҚазССР ОММ мен Семей облысының тарихи-өлкетанулық музейінің мұрағат құжаттары, төңкеріске дейін жарияланған әр түрлі әдебиеттерді пайдалана отырып жазылған. 1957 ж. қараша айының ортасында Қазақстан этнографиясы бойынша мамандырылған Халел Арғынбайұлының аспиранттық мерзімі аяқталады. 16 қарашада Институттың этнография бөлімінде жұмыс ғылыми талқылаудан өткізіліп, оны аталмыш бөлімде кіші ғылыми қызметкер, кейіннен ҚазССР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімінің президиумында бекітуге ұсынады. Екі жылдан кейін, оның тарихи-этнографиялық зерттеулері ҚазССР Ғылым академиясының ТАЭИ Еңбектерінде жарияланады. Шығыс Қазақстанның материалдары негізінде жазылған диссертацияның басым бөлігі Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтының Орта Азия мен Қазақстан халықтары секторында талқыланып, Диссертациялық кеңесте қорғауға ұсынылады. 1960 жылы Мәскеуде Халел Арғынбайұлы кандидаттық диссертациясын табысты қорғайды. Оның көптеген жылдардағы әр облысқа, аудандарға Шығыс, Солтүстік, Орталық, Батыс, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу жерлеріне ғылымдағы аға әріптестерімен – академик Ә.Х. Марғұлан, тарих ғылымдарының кандидаты И.В. Захарова, жас ғалым М.С. Мұқанов және Р.Д. Ходжаевамен жасалған экспедицияларының нәтижесінде ел арасынан қыруар мәліметтер жинады. Бұл мәліметтер Орта Азия және Қазақстанның тарихи-этнографиялық Атласына, екі томдық «Орта Азия және Қазақстан халқы» этнографиясына, «Қазақ колхоздық ауылдарының мәдениеті мен тұрмысы», сонымен қатар Институттың этнология бөлімі қызметкерлерінің болашақтағы ғылыми зерттеулеріне құнды мәліметтер болып табылады. Халел Арғынбайұлының 1973 жылы жарық көрген отбасы мен некеге арналған көлемді монографиясы тек тарихшы, этнограф, жалпы гуманитарлық бағыттардағы ғалымдарды ғана емес, жалпы оқырман қауымның қызығушылығын арттырды. Аталмыш зерттеуінде ғалым алғашқы дәстүрлі қазақ отбасының жан-жақты құрылымын, сипатын, түрлерін анықтап, отбасы дәстүрінің өзіндік ішкі қарым-қатынасын, сонымен қатар, Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанда кең таралған неке түрлерін қарастырды. Қорытынды төртінші бөлімінде республика көлемінде этнографиялық экспедицияда 20 жыл бойы ел арасынан жинаған материалдары бойынша Кеңес дәуіріне дейінгі отбасы-неке қарым- қатынасына байланысты негізгі бөліктерін жинақтап айқындайды. Соның ішінде автор 1920-1930 жылдардағы қазақ әйелдерінің теңдігі, көп әйел алуды жою мен әмеңгерлікке көңіл бөлген. Сондай-ақ, соңғы онжылдықтағы отбасы жағдайындағы өзгерістер, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірі жайлы да айтылады. Осындай көлемді монографиялық зерттеу нәтижесі Х.Арғынбаевқа 1975 жылы республикамыздың Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының Диссертациялық кеңесінде «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты докторлық диссертациясының қорғауына негіз қалады. Осындай беделділік, ғылымға деген қызығушылық, бөлімдегі әріптестеріне деген сыпайылық пен жақсы қарым-қатынасының арқасында 1976 жылы ҚазССР Ғылым академиясының вице-президенті, Институт директоры А.Н. Нүсіпбеков 1976 жылдың желтоқсанында Халел Арғынбаевты этнография бөлімінің меңгерушісінің уақытша атқару қызметіне тағайындады. 1977 жылы 20 мамырда конкурс нәтижесі бойынша осы қызметке сайланады. Осы жылдың 28 мамырында ҚазССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, бөлімнің академик-хатшысы З.А. Ахметовтың басқаруымен Қоғамдық ғылымдар бөлімі бюросының мәжілісінде, конкурс нәтижесі бойынша этнография бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. КСРО Министрлер Кеңесінің Жоғарғы Аттестациялық Комиссиясының 1982 ж. 19 ақпандағы шешімімен ғалымға археология және этнография кафедрасының профессоры атағы берілді. 1980 ж. жарық көрген «ХІХ-ХХ ғғ. қазақ халқының шаруашылы» атты ұжымдық монографияда, көп жылғы жұмыс нәтижесінде Орта Азия халықтары және Қазақстанның тарихи-этнографиялық Атласы еңбектерінің «Төртүлік және оның түрлері», «Төртүлікке байланысты наным-сенімдер» негізі бөлімдерінің авторы Х.А. Арғынбаев болды. 1990 ж. 1 қаңтарындағы мәлеметтер бойынша Х.А. Арғынбаевтың 7 монографиясы, 167 мақаласы, солардың ішінде докторлық диссертациясын қорғаған уақыттан бері қарай 2 монография және 102 мақаласы жарық көрді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТАЭИ ғылыми өміріндегі ерекше құбылыс ретінде 1995 ж. жарыққа шыққан «Қазақтар. Тархи-этнографиялық зерттеу» ұжымдық монографиясын атауға болады. Бұл монографияда этникалық үдерістер, дәстүрлі шаруалықты жүргізудің әдістері, ұсталық өнері, материалдық және рухани-мәдени элементтері, ХІХ-ХХ ғғ. қазақ халқының отбасы мен неке мәселелері қарастырылған. 1990 ж. екінші жартысында ғалым белсенді түрде қазақтың тарихи этнографиясының белгісіз жақтарын зерттеуді бастайды. Мәселен, дәстүрлі ілімдердің тіршілік қамы қызметтері мен генеология (шежіре) мәселелері. 1998 ж. Х.А. Арғынбаев қаза болған соң «Қазақтардың дәстүрлі мәдениетінің тіршілік қамы» атты ұжымдық монографиясы жарық көреді. Бұл жұмыс отандық этнологиядағы теориялық және нақты-этнографиялық зерттеу бойынша алғашқы еңбектердің бірі болып табылады. Халел Арғынбайұлы аталған еңбекте қазақтардың тіршілік қамы мәдениетінің құрамдас бөлігі дәстүрлі ілімдердің құрылымы мен тіршілік қамы қызметін зерттеген. 2000 ж. Х.Арғынбаев, М.С. Мұқанов және В.В. Востров қайтыс болғаннан кейін, олардың еңбегі бағаланып, қазақтардың үш жүзі – Ұлы, Орта, Кіші, тайпаларының генеологиясына (шежіре) қатысты жұмыстары жарияланды. Еңбектің басқа ұқсас зерттеулерден айырмашылығы сипаттау, классификациялау сияқты ғылыми әдістерімен қоса, қазақ жүздерінің шығу тегі, олардың орналасуы мен этникалық құрамы кең түрде қарастырылған. Сонымен қатар, Х.А. Арғынбаевты қазақстандық этнографтар мектебінің негізін қалаушысы деп айтуға толық негіз бар. Оның ғылыми жетекшілігімен «этнография» мамандығы бойынша Алматы және Мәскеу қалаларында 15 докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ғалымның шәкірттері арасында құнды жұмыстарымен республикамызда танымал тарих ғылымдарының докторлары Ү.Қыдыралин, С.Е. Әжіғали, Ж.О. Артықбаев, Ш.Ж. Тохтабаева, А.У. Тоқтабай, А.Б. Қалыш және т.б. атауға болады.
Мақала Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор А.Б. Қалыштың материалдары бойынша әзірленген