Бұрындық хан
Аты | Бұрындық хан |
Бұрындықтың қашан дүниеге келгені белгісіз. Орта ғасырлардағы жазба деректердің үзік-үзік мәліметтеріне сүйене отырып, оның өмірінің 40-50 жылдық кезеңін қалпына келтіруге болады.
Бұрындық ханның өмірі Қазақ хандығы тарихының алғашқы дәуірімен тығыз байланысты. Сондықтан да хандық тарихындағы ірі оқиғалар мен дамулар оның өміріндегі белестер болып есептеледі. Жазба деректердің өте тапшылығына қарамастан, Бұрындық хан өмірінен бірнеше белесті айқын көруге болады.
Оның Қазақ хандығы құрылуының екінші кезеңдегі атқарған рөлі, бұл шамамен 1469-1472 жылдарда болған;
1472-1473 жылдардан XV ғасырдың 90 жылдарының ортасына дейін, қазақ хандығының батыста ноғай мырзаларымен және оңтүстікте Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін күрестегі атқарған рөлі;
XV ғасырдың 90-жылдарының ортасынан XVI ғасырдың алғашқы 10 жылдығы ішіндегі Қасым сұлтанмен арадағы қайшылықтар, Шайбани ханмен одақтасу, қазақ қоғамындағы беделін жоғалтып, елден кетуі.
Бұрындықтың хандықтың құрылу үрдісіне қатынасуы 1469-73 жылдардағы оқиғалардан көрінеді. Осы жылдары Қазақ хандығына қатысты мынандай оқиғалар болған еді: 1469 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қайтыс болды.
Орнына екінші ұлы Шайх-Хайдар отырады. Оның билігі туралы деректердің бәрі оң баға бермейді. «Тарихи Кипчакидің» авторы Ходжамқұлы-бек Балхи оның жеке басына мынадай сипаттама береді:
Ол жұмсақ мінезді және жігерсіз адам болатын, басқару ісіне өз бетінше қадамдар жасауға қабілетсіз еді
Осыны пайдаланып Әбілқайырдың кешегі жаулары әр тараптан жорықтар жасай бастайды. Қазақ хандығынан да бірнеше жорықтар жасалады. «Тауарихи гузидан нұсрат-намадан» басқа «Шайбани нама», «Фатх нама», «Бахр ал-асрарфи манакиб ал ахиар» шығармаларының дерегі бойынша «көшпелі өзбектер» мемлекетін талқандауда қазақ хандығы жағынан тек Жәнібек хан ғана аталады. Ал Керей ханның аталмауын, ол 1469 жылға дейін қайтыс болған дейміз. Бұрындық Керейдің үлкен ұлы болғандықтан әкесінің ұлысын басқаратыны өзінен-өзі түсінікті. Керейдің қашан қайтыс болғандығы жөнінде аңыз дерегі былай дейді: «Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленіпті». Аңызды ел аузынан жинап, жариялаған белгілі археолог М.Елеуов.
Керейден соң хандық билік Жәнібек ханға өтті. Ал Бұрындық болса ұлыс басқарып, Жәнібек ханның жарлықтарын орындап жүреді. Дәл осы жылдарда алғаш рет Бұрындық есімі «хан» деген лауазыммен жазба дерек мәліметіне енеді. Шайх-Хайдарға қарсы Қазақ хандығы тарапынан күресті басқарушы Жәнібек хан болса, ал оны іске асырушы Бұрындық болған. Бұл жөнінде дерек мәліметі былай деп баяндайды:
Жәнібек хан адамдары ішінен Бұрындық хан өз ұлысын жиып, Әбілқайыр хан ұлдарына тарпа бас салды. Олардың қарсыласуға күштері жан-жаққа бытырай қашты. Бұрындық кейін қайтқан соң, олар қайта жиналып бас қосты.
Дерек мәліметінен көріп отырғанымыздай, Бұрындық Жәнібек хан тапсырмасын орындаушы, жорықтың мақсаты — Дешті Қыпшақтағы шайбанилық сұлтандарды жою болған. Жорық біршама сәтті аяқталғанымен, негізгі түпкі мақсат орындалмаған секілді. Бұрындықтың кері оралуымен, бас сауғалап қашқан Әбілқайыр ұлдары қайта жиналады. Соған қарамастан Бұрындықтың бұл жорығы оны тарихта қалдырады. Сөйтіп ол Қазақ хандығының құрылу кезеңіне, әсіресе оның екінші кезеңіне өз үлесін қосады.
Бұрындық ханның қазақ тарихында аты жарқырап көрінген тұсы — XV ғасырдың 70-90 жылдары болды. Бұл жылдар қазақ хандығы үшін күшею, нығаю және қазақ халқының этникалық территориясын біріктіру жолындағы күрес дәуірі еді. Дәуірдегі ең басты оқиғаға көрсетілген жылдар ішіндегі Қазақ хандығының Сыр өңірі үшін Мауреннахрлық билеушілерімен, шайбанилық сұлтандармен және Моғолстан хандарымен жүргізген ұрыстары жатты. Осы ұрыстарда тарих сахнасына қазақ хандарының екінші буыны: Бұрындық, Қасым хандар шығып, қазақ мемлекеттігінің одан әрі күшейіп, нығаюына өз үлестерін қосады.
Сыр өңірі үшін болған күрес жылдары Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрды. Жәнібек ханның қашан қайтыс болып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билік құра бастағаны белгісіз. Ол туралы ешбір дерек жазбаған.
Қазақ хандығының құрылуы кезінде белсене араласып, одан кейінгі кезеңдерде хандықтың күшеюіне өз үлесін қосқан Бұрындық хан XVI ғасырдың алғашқы жылдарында үлкен, мемлекеттік дәрежеде көрегендік көрсете алмайды. Елдік мүддеден жеке, тар мүддеге көшу оның беделін түсіртті, атақ-абыройын жоғалтты. Бұрындық ханның тағдыры әркімге де тарихи сабақ бола алады.
Түпнұсқа: wikipedia