Төле Би
Аты | Төле Би |
ТӨЛЕ БИ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
(«Бабалар сөзі» 100-томдық жинағының 86-томынан алынған)
Баланың билігі
Кіші жүздің Жарабай деген жуан тұқымы қыпшақтың бір адамын өлтіріп, теңдік бермейді. Бір жолы қыпшақтың талапкерлеріне ілесіп жас бала барады.
Сонда Жарасбайдың даугері:
– Бұл келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, ердің құнын, нардың пұлын даулайтын, ердің арын, елдің намысын қозғайтын үлгілі би, үнемі жүйрік түсетін жер емес пе? Түйенің тайлағы баланың ойнағандай мыналарың кім? – дейді.
Сонда бала:
– «Ердің құнын жастың жайсаңы, кәрінің шайтаны даулайды» деуші еді. Сен кәрінің шайтаны болсаң, мен жастың жайсаңымын. Төріңнен көрің жуық қалғанда, дауғаа араласатын сенің не жөнің бар? – дейді. Осындай билік айтқан баланың аты – Төле екен. Кейін Төле би атаныпты.
Ғылыми түсініктеме: Төле би туралы бұл аңыз томға ӘӨИ-дің Қолжазба қорының Қ.1122-бумасының 1-дәптерінен алынды. Мәтінді жинап, тапсырған – белгілі ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Еркін Құлпейісов. Аталған аңыз 1975 жылы «Жезқазған таңы» газетінде жарияланған.
Төле бидің сөзге тоқтауы
Жаздың ел жайлауға шыққан күндерінің бірінде Арқадағы құдаларына барып, қонақшылап келе жатқан Төле би қайтар жолда бұрыс болса да Қазыбек бидің ауылына ат басын бұрады. Жанындағы жолдастарымен үлкен би Қазыбектің ордасына келіп, «сөйлес» қылғанда, ауылдас ағайынның дауына билік айтып отырған Қазыбек «біреуің шығып жолаушының жөнін біліңдер» дей қоймайды. Бұл өзі ешнәрсе демеген соң күтуші жігіттер де қозғалмайды.
Сыныққа сылтау іздеп жүрген қыңыр би көп күтсін бе, атының басын бұрып алып жөніне жүре беріпті. Сәлден соң билік сөзін байлап болған Қазыбек қызметшілерінің біріне:
– Жаңағы жолаушы кім болды екен, сыртқа шығып білші, – дейді. Бұл кезде Төле би атын жай бастырып, ауылдан дауыс жетерлік жер ғана ұзап кеткен екен. Бидің қызметшілерінің бірі белдеуге байлаулы тұрған аттардың біріне міне салып, қуып жетіп, Төле биді таниды да алдынан шығып атынан түсе салып, сәлем береді де:
– Төле би ата, біздің би үйде, ордаға жүріңіз, – деп шылбырына жармасады.
– Жоқ, біздің жолымыз алыс. Бір барған жерімізге қайтып барып жүре алмаймыз, – деп атын тебініп қалады да, Төле жолдастарына: «ал, кеттік» деп жүре береді.
Қызметші ордаға қайтып келгенде Қазыбек жігітін сөйлетпей-ақ:
– Біліп едім Төленің бұрылмасын. Бізден қателік болды. Бергі ауылдардың біреуі ме деп, қапы қалғаным-ай! Ол екі айтпайтын, айтқанынан қайтпайтын Төле ғой. Енді ол менің бұл қылығымды кез-келген жерде бетіме басады-ау, – деп шын қынжылып, өкініп қалады.
– Өзіңіз бармасаңыз, ол қиқар шал бізді кісі құрлы көретін емес, – деді жаңағы жігіт.
– Айттым ғой, ол енді менің өзіме де қайырылмайды, – деді Қазыбек.
Әкесінің тізесіне басын сүйеп барлық әңгімені үнсіз тыңдап жатқан сегіз жасар Жолжақсы бала, үй ішіндегілер бір сәт дағдарып қалғанда басын көтеріп алып:
– Осы үйдегі атамның асау ала тайын дәл қазір ұстап ерттеп беріңдерші, Мен ол қисық шалды алдыма салып, сатырлатып қуып келейін, – дейді.
– Қой, қарағым, ол сенің қолыңнан келмейді. Атаң – өзім барсам да Төле қайырылмас деп отыр ғой, – дейді үлкендердің бірі.
– Иә, солай, Төкең айтқан бетінен қайтпайтын қатал адам ғой, – деседі үй ішіндегілер. Бала барамын деп болмайды. Манадан бері еңсесі түсіп, екі иығы салбырап кеткен Қазыбек бала сөзіне селк етіп:
– Баланың бетін қақпаңдар! Барыңдар да қалаған тайын ұстап беріңдер, – дейді.
Ала тартқан ала тайдың басын Төле би кеткен жаққа бағыттаған бала сай-сайды өрлеп, қырат-қырлардың тасасымен ала тайын құйғытып келіп, Төле би тобының қарсы алдынан шыға келеді. Ұлы бидің алдына тақап келіп тізгін тартқан бала сәлем берген соң:
– Мен мына ауылдың қозы баққан баласы едім, құрып қойған қақпандарымды қарап жүргенімде айырылып қалдым. Жол жөнекей көзіңізге қозы түскен жоқ па, ата? – дейді.
Көрмей қалдым ба дегендей жан-жағына мойынын соза бір қарап алған Төле би:
– Қарағым, бізге қозылар кездескен жоқ, – деді тізгінін жинап жүруге ыңғайланып.
– Ата, осы сіз Төле би атам емессіз бе? – дейді бала тайын тебіне түсіп жақындап.
– Болсақ болармыз, – дейді Төле би.
– Қозысы құрсын, кешке дейін бір тауып алармын. Сіз кездесе қалсаңыз сұрап алармын деп жүрген үш сұрағым бар еді. Сұрасам жауап бересіз бе? – дейді бала.
– Сұрай ғой, – дейді би.
– Бірінші сұрағым ағайын арасының аласы туралы. Ағайын адамдар араздасып, бір-біріне ренжісіп жүреді. Олардың өкпесі немен тарайды, – дейді.
– Дұрыс айтасың, балам. Ағайын арасында араздық болып тұрады. Өзің күнде көріп жүрген ауылыңды алайық, ауылыңда адамдардың пейілі кең, дастарқаны мол, сабасы қымызға иіндеп тұратын бір үй болады. Сол үйге қымыз іше сен де барасың, мен де барамын. Сөйтіп жүріп тіл табысып, татуласып кеткендерін адамдардың өздері де білмей қалады, – дейді Төле.
– Екінші сұрағым: ерлі-байлылардың араздасып барып татуласуы еді, – дейді бала.
– Е, балам, бұл сұрақтың жауабын үйлі-баранды болғанда өмірдің өзі береді. Тақа білгің келіп бара жатса, айтайын, ерлі-зайыптылардың араздығы бір жұмадан аспайды, өкпелері төсекпен тарайды, – дейді би.
– Енді үшінші сұрағымды тыңдаңыз, ата, – дейді бала, – ата, аға мен іні біріне-бірі өкпелеп араздасып қалады ғой. Солардың өкпесі немен тарқайды? – дейді бала астындағы тайын тебініп, Төлеге жақындай түсіп.
– Иә, олар да араздасып тұрады. Бірақ аға – бордан, іні – зордан болады. Бордың атасы – тас, анасы – құм. Тас мүжіледі, құм үгіледі, іні кесірлі болса да, аға кешірімді болуы керек, – дейді Төле би.
– Талайды сөзбен табанына таптаған тәкаппар би, түстің бе қақпаныма. Менің де естиін дегенім осы сөз еді. Жаңа ғана ініңнен бір білместік болып еді, соны кешірмей жоныңды сыртқа салып кетіп бара жатырсың. Бұр атыңның басын! – деп, бала Төле бидің атының шылбырынан шап беріп ұстай алады.
– Сен жеңдің, мен жеңілдім. Шылбырымды қоя бер, жетексіз жүріп отырайын, – дейді би атасы.
– Олай болса, менің бір шартым бар, ата, – дейді бала.
– Оныңды да тыңдайық, – дейді би.
– Бастығы би атамның өзі болып сіз қарйырылмай өкпелеп кетті деп сандарын соғып қалғанда, мен: «қазір ол шалды алдыма салып сатырлатып қуып келейін» деген едім. Алдыма түсір шауып отырсаңыз, мен соңыңыздан түсіп қуып отырайын, – дейді бала.
– Ол тілегің де болсын. Алдыңа түсіп шауып отырайын. Қуып отыратын сен ғой. Атымды ұрсаң ұр, өзімді ұрма, – дейді Төле.
Содан ала тайға мінген бала атағы алты алашқа белгілі биді алдына салып:
– Ендігәрі ініңе өкпелеп ақ орданы аттап кетесің бе? Түс деген соң, түс Қазыбек атамның ордасына, – деп айғай салып келе жатады.
Мұны естіген үйдегілер қаз дауысты Қазыбек бидің өзі бастап далаға шығып, Төле биге құшақтарын жайып аттан түсіріп алыпты.
Қазыбек балаға риза болып:
– Бұдан былай сенің атың «Төле биді сөзден тоқтатып, аттан түсірген тапқыр бала» болсын, – деп бата беріпті.
Ғылыми түсініктеме: Томға ұсынылып отырған аңыз ӘӨИ-дің Қолжазба қорының Қ.1122- бумасының 34-дәптерінен алынды. Мәтінді жинап, тапсырған – Еркін Құлпейісов. Аңыз 1989 жылы «Көкшетау правдасы» газетінде жарияланған. Жариялаушы – Е.Жәкенов.
Төле бидің төреліктері
Бір байдың үлкен тойында бәйгеден бір жүйрік озып келеді. Әлгі жүйрікке екі рулы ел таласып, қамшы сілтескен төбелеске айналады. Ақырында екі жағы да Ақбота биге жүгінеді. Сонда Төле ағасына:
– Билікті маған беріңіз, мен шешейін, – деген соң, ағасы тілге келмей:
– Уай, қауым, халқым менің, мен билікті інім Төлеге бердім. Әділеттігіне бас игейсіздер, – деп жар салады. Қалың ел енді екі даугердің сөзін тыңдайды.
Жүйрігі бірінші келген, бәйгеден озған кісі қамшысын ортаға:
– Дат, бала би, – деп тастайды да өлеңдетіп соғады:
Сөзіме куә тартқан қалың елді,
Сипаған аузын үрлеп малым еді.
Қолбала сегіз жаста, тісі бүтін,
Туғаннан бар мінезі мәлім еді.
Бәйгеден жас кезінде-ақ озып жүрген,
Қуғанда киік артта қалып еді.
Кездері киік қуған тайында еді,
Қарынын үш киіктің жарып еді.
«Сауға» деп мына екеуі екеуін ап,
Қазанға қазы қосып салып еді.
Етті жеп, ауқаттанып отырғанда,
Мына төртеу біздерге барып еді,
Бәйгеден жеті жылдан келеді озып,
Халқыма жеті рулы мәлім еді, –
деп, ә дегенде екі адамды, қала берді үстеріне барған төрт адамды куәлікке тартып, дес бермеуге айналды. Сонда «ат менікі» деп отырған Төлебай сыншы қамшысын тастайды да, өз дәлелін айтты.
– Мені ел босқа сыншы деп атап жүрген жоқ. Мен өмірімде көрмеген малдың енесін көріп, төлін танимын. Төлін көріп енесін дәл ажыратамын. Ал мынау жүйрік ат менің боз биемнің құлыны екені даусыз. Бір кезде буаз кезінде боз бием қолды болды да, көз жазып қалдым. Ұры ауылымды торуылдар жүрген кезінде қолға түсіру үшін сойдауыттай жігіттерді күндіз-түні жылқыға қарауылдаттым. Арада бір жыл өткенде боз биемді мініп, жылқы ұрлауға келген ұры қашып құтылды. Биемді тастап қашқан екен. Ауаға ұшқаны, жерге сіңіп кеткені белгісіз, зым-зия құрыды.
Бием қолды болса да өзіме келді. Ал құлыны қайда деп жүретін едім. Бүгін бәйгеден озып келген сұр қасқаның осы боз биеден туған құлын екенін танып, «өзіме қайтар, бәйгеге сен-ақ ие бола ғой» десем, көнер емес. оның соңы төбелеске айналғанын бәрің де көріп-білдің. Ал, бала би, атаңның әруағы қолдасын, әділ төрелігіңді өзің айт! – дейді.
Төлебайдың сыншылығынан басқа дәлелдерді жоқ екенін халық: «Ойпыр-ай, бұл дауды қалай шешер екен, бала би? Аналар өліспей беріспейін деп отыр емес пе? Төлебай сыншы екенін, елге кеткен дабыра атын пайдаланып, біреудің жүйрік атына ауыз салып отыр демеске амал жоқ. Дегенмен, шешуі қиын іс болды» деп өзара сыбырласып отырғанда Төле саңқ ете түсті:
– Уай, жамағат, екі жағың да естіп білдіңдер. Ал мен былай ету керек деп есептеймін. Екі жақтың да осы тұлпардың енесі атанған биелерін әкелуді сұранамын,– деді. Билік жасаушының сөзі екі болған жоқ. Түнделетіп екі жақтан да биелер жеткізілді. Енді Төле:
– Екі бие де бір бағытпен үш күндік жолға айдалсын. Үш күн дамыл бермей жорғалатып, шаршатып келсін, – деді.
Екеуіне де бала мінгізді де, қаумағалаған қалың топтың ішінен екі-үш адам бөлініп, биелерді жолға аттандырып, бірге жөнелді.
Үшінші күні ел билік құрылған төбе басына жиналды. Екі бала да ақ көбігі шығып, ентіге жетті. Анадай жерде байлаулы тұрған тұлпарға Төлебайдың тарпаң биесі оқыранып, желінінен сүт ағып иіскелеп тұра қалды. Тұлпар да енесін танып оқыранды.
– Сенің малың екен. Тұлпар сенікі, – деді Төле Төлебайға, елге:
– Кәні, не айтасыңдар, – деп алақанын жайғанда, ел гуілдеп кетті.
– Атаңа рахмет, көп жаса, шырағым. Өркенің өсе берсін! Шын әділ, дана би сен екенсің, билігіңнен айналдық, – десіп бата беріп жатқанда, даугер «Дат!» деп айқайлап жіберді.
– Датың болса, айт! – дейді ел. Сонда бұжыр бет, жөң айбат, түсі суық әлгі даугер былай деді:
– Мен атышулы, баукеспе ұры едім. Жүйрік атты көбірек ұрлайтынмын-ды. Осы Төлебай сыншының жүйрігінің бірін қолға түсіремін деп көп әурелендім. Бір жолы айдалада жайылып жүрген тарпаң, боз биені көрдім де, желіндеп қалғанын білдім. «Қалай ғана тұлпар тумас дейсің» деп іле жөнелдім. Ауылыма келген соң еш адамға көрсетпей оңаша бақтым. Үмітім алдамған екен, көпке ұзамай аман-сау құлындады. Сұр қасқа жануардың аузын үрлеп, қолбала етіп тәрбиеледім. Құлыннан-ақ жануардың жүйрік шығатыны белгілі еді. Еліміздегі небір сыншылар көріп: «Бұл әлі тайында-ақ алдына ат салмайтын арғымақ болады», – деп жағаларына түкірісті.
Мен оларға өз биемнен туғанын айттым. Неге десеңіз, сол кезде құлындаған өз биемнің құлынын қасқыр жеп кеткендіктен, сұр қасқаны өз биеме телігем-ді. Боз биені күндердің күнінде біреу-міреу таныса, «биемен қоса жүйрік құлынымнан да айырылып қалармын» деп қауіптендім. Онымды Құдай қос көрмеді. Міне, ақырында малы иесін тапты. Ал ақ боз биемен Төлебайдың ауылына екінші рет келуімнің мәні, «биені жылқышылар таныса, тастап қашармын. Ал танымаса, осы тарпаңның тағы бір ұрпағын қағып қайтырмын» деген ниет еді. Қанша дегенмен жылқы баласы өз енесінен безе қашпайды, иісінен, түсінен сезіп оқыранса, қолға тез түседі, жетекке аламын да кете барамын деген ниеттен туындады. Бірақ бұл жолы қолға түсіп қала жаздаған соң, «бастан құлақ садаға» дедім де, биеден түсе қашып, бір қуыстың ішіне сүңгіп кеттім. Содан таң саз бере ғана жылқышылардың қарасы өшкен соң, жаяу-жалпы жан амандадым. Осы жолы «енді ұрлықты қояйын» деп өзіме-өзім ант етіп, Құдай алдында уәде бердім.
Ал, сұрқасқаны қаншама жылдар бойы бәйгеге қосқанда жүлдені берген емеспін. Сол үшінде көңілім көтеріліп, ел қатарына теңеліп жүруші едім. Өтірік айтуымның да, жанымды сатуымның да мәнісі – осы. Ал, жамағат, өркенің өсікір мына Төле – «бала би» ақиқатына жетті. Құдай енді мені өтірік айтқызып, қарабет ете көрмесін. Аллаһу Акпар! – деп батасын беріп, жөніне кетіпті. Қалың ел Төленің терең ақылына, әділ билігіне риза болып тарасады.
* * *
Төле би елді билеп тұрған заманында тағы да әділ билік жасайтын оқиғаға кездеседі.
Қала маңында саяттап жүргенде Төле би түйе қуған кісіні көреді. Лекілдеп, басын сәл ғана еңкейте, мойнын созып жіберіп, тайраңдап барады, қайтару берер емес. Ашуы келген қуғыншы қолындағы таяғын лақтырып жібергенде үлектің көзіне бата тиіп, бір көзі ағып түседі. әлгі түйе қуғанды бақылап жатқан екінші бір қара сақалды орта жастағы адам түйенің көзі шыққанын аңдып қалады да:
– А, ант ұрған, мен саған түйемді осылай қайтар деп пе едім, – деп ұмтылады. Түйенің көзін шығарған кісі артынан ақырып, қамшысын білеп келе жатқан кісіден сескеніп, тұра қашады. Қуғыншы өкшелеп, біраз жерге дейін қуып барады да, жүгірісі баяулай бастайды, бірақ қуудан бас тартар емес.
Төле би аң-таң қалады да, басын шайқап жөніне кете барады. Ал бұл кезде қуғыншы мен қашушының арасы алшақтай, ұзай береді. Алдынан Шыршық өзенінің жағасында тұрған қайықшыны көрген қашушы:
– Мені мына келе жатқан қызылсөзден құтқар. Өзеннің арғы бетіне жеткізіп тастай гөр. Құдай жолына кетіп бара жатқан кісімін. Мекке-Мәдинеге тәуап жасау үшін дайындалған кісі едім, – дейді.
Қайықшы қырсықтың бірі еді. «Жаналғыш» пен «жанбергіштің» мына секілді қысылтаяң кезін пайдаланып қалғысы келеді де:
– Бір ширек қоң етіңнен кесіп берсең, пәледен қазір құтқарамын, – деп талап қояды. Қашушы анау жанкештіден аман құтылу үшін «айтқаныңды істеймін» деп келісе салады. Бірақ ол «қайықшы қалжыңдаған болар» деп ойлайды. Қайықшы қайығын асау толқыннан сыпылдатып, ойнақшытып алып өтеді. Арғы бетке шыққанда, бергі бетке жеткен қуғыншы қамшысын білеп:
– Жердің жарығына кіріп кетсең де, түйем секілді бір көзіңді ағызбай қоймаймын, – деп қайықшыны қолын бұлғап шақырып азаптанады. Қайықшы оның сөзін кәріне де алмайды. Ал қуғыншы құрғақ бұталарды байланыстырады да суға күмп береді. Онымен жұмысы шамалы қайықшы қонышынан жалаңдаған қанжарын суырып алады да, қашқынға қарап:
– Кәне, уәде – Құдай аты. Бір ширек қоң етіңнен кесіп алайын, – деп тап береді. Қашқын мына қаныпезердің өзін қуып келе жатқан сұмнан да жауыз екенін біледі де, «тек қашып құтылайын» деген оймен зыта береді. Бұл кезде қуғыншы да үсті-басы малмаңдай болып, бергі жағаға шығып үлгерген еді. Енді екеуі болып қашқынның соңынан өкшелей қуды. Қиқулап, «ұстай бер» деп айқайлайды. Кезек-кезек: «иә, Құдай қолға түсіре гөр!»деп сарнап келеді екі антұрған. Қашқын да: «Иә, Құдай, өзің жар бола гөр! Құдай жолына бара жатқанда масқара ете көрме», – деп зар еңіреп, безіп келеді. Кәрілердің айтуынша, «қашқын да Құдай дейді, қуған да Құдай дейді» деген мәтел осыдан қалса керек. Қашқын көз ұшында көрінген, бір жағы жәпірейіліп, жерге шөгіп жатқан бір тамды көреді де, «тым болмаса қуысына тығылайын» деп жетіп келеді. Жер тамның алдыңғы жағы биіктеу екен. Тамға қарғып шығады. Екі қуғыншы да етектен қармау үшін тамға өрмелей береді. Тамның үстінде ұстаса шәрмендем шығар деп, екінші жағындғы биіктеу тұсынан тәуекел дейді де қарғып кетеді. Ол қарғып түскенде аяқ астынан былқ ете қалған адамның «ап» деген үнін естіп, жалт қараса, сақалы белуарынан түскен, шалқасынан жатқан адамның жантәсілім еткендегі соңғы үні. Бақса өлмелі, кесел әкесінің аузына бір жігіт су тамызып отыр екен.
Жігіт шар етіп, әкесін құшақтай берді де, жаны жаһаннамға кеткенін біліп, секіріп түскен қашқынның алқымынан ала түсті. Алақтаған, зәресі зәр түбіне кеткен қашқын «енді шаруам бітті» деді де, «біреудің қанын жүктеп қашқаным мұсылмандықтан садаға кетсін, маңдайыма жазылғанын көрейін», – деген ниетпен қолға пенде болып түсті. Енді үшеуі үш жағынан төнді. Таяқтады, есінен тандырды. Қызыл ала қан етті. Қашқын есін жиғанда үш «әзірейілдің» өзара дауласып отырғанын көрді. Соңғысы айтады:
– Егер сен көзін шығарсаң, ал сен етін кесіп алсаң, бұл өледі. Сонда мен әкемнің құнын кімнен даулаймын, – деп.
Біріншісі айтады: – Сен қоң етін кесіп алғанда қан көп кетсе, бұл о дүниеге жөнеп кетеді. Сонда менің көзін шығарғаннан келер пайдам бар ма? Ал мен мұны құлақ кесті құлым есебінде түйемді бақтыруым керек емес пе? – деп.
Екіншісі айтады: – Маған қоң етін кесіп берем деген. Мен екі сөйлемеймін. Міне қанжарым. Кесіп аламын да қайығыма кетемін. Бүгінгі табысымнан құр қалдым. Шалтай-балтайыңды білмеймін. Көзін ашқан қашқынның есіне мана зытып, қуғыншы-түйе иесінен басын арашалап бара жатқанда Төле биді көзі шалып қалғаны есіне түсті де, төрелікті өзі айтты:
– Сендер мені боршалап өлтіргеннен пайда жоқ. Бәрің де мақсатыңа жете алмай: бірің әкеңнің құнын, бірің көзімді шығарып, түйе бақтыра алмай қапы қаласың. Ал қоң етімді алған соң мен сендерге жоқпын. Мына қайықшыға көнбеңдер. Үшеулеріңнің де үлесіңді бір өндіріп берсе, Төле би өндіреді. Сол әділ биге бәріміз жүгінейік. Әне, сонда діттеген мақсаттарыңа жетесіңдер, – деп еді, кіл елірген немелер сап басылып, келісе кетті.
Сонымен бұл төртеу Төле би саяттан қайтып үйіне келіп, шайланып отырғанда бірін-бірі сүйрелеп жетті. Төле би манағы қашқан мен қуғанды бір көргенде-ақ таниды. Бұл үшеуінің дауын тыңдамақ болып халық көп жиналды. Би алдында қашқын өзінің Мекке-Мәдинеге барамын, тағы да тәуеп жасап қайтамын ниетте екенін, жолға асығыс қамданып отырғанда, мына қожасы «қашаған түйемді қайтарып әкеліп бер» деп күштеген соң амалсыз айтқанын істеймін деп жүріп, таяғы жазым тиіп, бір көзінің шығып кеткенін, ал бұл ант атқан «түйемнің бір көзін шығардың, сол үшін сенің де бір көзіңді шығарып, құнын өндіремін» деген соң жанталаса қашқанын, сол қашу кезінде мына екі пәлелі іске кездескенін айтып береді. Қалған екеуі өздерінің дауын айтады.
– Әділ би, күнәһардан тиемелдімізді алып бер, – деп өтініш жасайды.
– Ендеше, мен билік жасайын. Бірінші түйенің егесі, сен шыққан көздің орнына мұның көзін шығармақ екенсің. Сен мына көпшілік алдында расында айтшы, бұл үлекке таяғын қанша жерден лақтырып еді? – деді.
– Арқан бойы жерден лақтырды, – деп аңғал қуғыншы шынын айтты.
– Есітіп тұрсыңдар ғой, жамағат? – деп Төле би елге қарады.
– Естіп тұрмыз, – деп шулады көпшілік.
– Ендеше, мен сенің қолыңа сондай таяқ беремін. Қашқын сенен арқан бойы қашық жерде саған қасқайып қарап тұрады. Сен таяғыңды көзін дәлдеп лақтыр да, бір көзін шығар. Көзі шыққанына бұл риза, шығарғаныңа сен риза, – деді Төле би.
Түйенің егесі ойланып қалды. Алыстан лақтырған таяғының көзіне тиюі неғайбыл. «Елге – күлкі, дұшпанға таба» болып, ақымақ, әңгүдік атанғанша, таяқ лақтырудан бас тартайын» деген байламға келеді де:
– Е, мен көзіне дәл тигіземін деп айта алмаймын, биеке, – деп міңгірлейді.
– Олай болса, саған құн жоқ. Есіңде болсын, «жазым» деген болады. Қазақта «жазым болса, балшықтан тіс сынады» деген мәтел босқа айтылған емес. Есіңді жи. Құдайдан қорық. Сен боссың, – дейді де қайықшыға бұрылады:
– Сен қайықпен өткізгенде «бір ширек қоң етіңнен кесіп аламын» деген екенсің. Қолыңа пышақ ал. Егер не артық, не кем болса, басың байлауда, малың айдауда. Күллі халық қатысып өлшейміз. Осыныма келіс те, кәне, іске кіріс, – деп қынынан жарқ еткізіп алмас кездігін шығарып, қайықшының қолына береді.
Қайықшының басы салбырап, тұқырды да қалды. әлден соң барып: – Бір ширек қоң етін дәл мөлшерде кесіп аламын деп айта алмаймын, Төле би, – деп жан-жағындағыларға алаңдайды.
– Сен мұсылман баласысың. Адамдық парыз деген және бар. Сауап жасағаның үшін көрінгеннің қанын ағызсаң, онда күпір болғаның. Сен өз басыңды өзің арашалап тұрсың. Егер қан шығаруға әрекет еткенде халық алдында дарға тартқызар едім. Бар, жөнел! Кәлимаға тіліңді келтір де, дәрет алып, бес уақыт намазыңды оқу парызың екенін ұмытпа! Сен діннен безген кәпір екенсің. Егер бұл қашқын кездеспегенде, сен талайдың обалына қалар едің. Бес парызыңды, онан туындайтын қырық парызыңды орындап жүргейсің. Мұнан былай сені бақылауға аламын. Сен судан қайықпен өткізгенде ақысын сұрама, бар кісі өзі-ақ еңбегіңді ескереді. Ақысын төлейді. Жоққа жүйрік жетпейді. Жоқ-жұтаңның қанына құштарлығыңды тоқтат, – деп айдап салады.
– Сауап үшін істеген едім. Кешіре көріңіздер, – деп қайықшы аузын жыбырлатып, тәубесіне келген кісімсініп тайқи береді.
Төле би әкесі өлген жігітке қарады:
– Бір топ адаммен сенің үйіңе барамыз қазір. Әкең ауырып жатқан жерге мына қашқынды сұлатамыз. Сен тамыңның бергі жайпақ жағынан өрмелей шыққан күйі жүгірген бойда тамның алдыңғы жағынан қарғисың. Мына қашқынның дәл үстіне түсіп өлтіресің. Егер дәл үстіне секіре алмасаң және аяғыңды сындырып па, мертіксең, өз обалың өзіңе. Кәне, жамағат, мұныма не дейсіңдер? – деп халыққа қарады.
– Жөн сөз. Сөйткен жөн, – десті жұрт, – Бұдан артық қандай әділет болмақ.
– Дұрыс, солай етейік, – деген дауыстар әр жерден естіліп жатты.
Әкесі өлген де ақымақтан емес еді. Шынында да қашқын асып-сасып, соңынан өкшелеп келе жатқандардан қайтсем құтыламын деп биік үйден секіріп кетті емес пе? Ол секіріп түсетін жерінде оның әкесінің жатқанын білген де, көрген де жоқ қой.
– Би-еке, енді түсіндім. Әкемнің құнын сұрамай-ақ қойдым, – деді.
– Әкеңнің дәл сол сәтте ажалы жеткен еді. Ажалы жеткен кісіні сандыққа сақтап қойсаң да дүниеден дәл кезінде көшеді. Сасық кеудеден шыбын жаны шырқырап ұшып жөнеледі. Сен де күпірлік жасағансың. «Ажал – Құдайдан, себеп – адамнан» дегенді білмегенің – күнә. Бар, әкеңнің иманы салауат, топырағы торқа болсын! – деді де, отыра қалып, ұзақ Құран оқыды. Елдің бәрі де бидің ыңғайына жығылып, беттерін сипасты.
Әкесі өлген жігіт те Төле бидің әділ үкіміне риза болып, қолын алып, кешірім сұрай-сұрай жөніне кетеді. Ол ұзай бергенде мандан бері жанын шүберекке түйіп, «ажалым үшеуінің қайсысынан келер екен, яки қайсысына құн төлейтін болып өмір бақи борыштар құл есебінде, есігінің алдында өксумен өмірім өтер екен», – деп, қан-сөлсіз, сілейіп тұрған «қашқын» жанының аман қалғанына, борышсыз құтылғанына көзі жеткен соң, Төле бидің алдына етбетінен жығылып, еңіреп жібереді. Төле оны орнынан тұрғызады. Сонда қашқын:
– Мен өлер едім. Меккеге бұдан бұрын да алты рет барғанмын. Соның алтауының да сауабын мен әділ би Төле, сізге бағыштасам, бар малы-жанымды берсем, қарызымды кешіресің бе? – деді еңкілдеп тұрып:
– Ал мен де сауапсыз қалмаспын, тірі жүрсем. Осы жолғы сапарым жетінші. Алла Тағаланың рақымы мол, кенде қалмаспын.
Төле би аң-таң қалды. Көз жасын тыйғызды да, былай деді:
– Қажыеке, мына айтқаның қате сөзің,
Таймаушы ем әділдіктен жастан өзім.
Пәре, дүние, туысқа бұрғаным жоқ,
Төрелік тоғыз жастан айтқан едім.
Келемін нашарларға рақым етіп,
Зорсынғанды жөндеймін – бір мінезім,
Қалмаңыз жолыңыздан, енді ұлықсат,
Бір ауыз бата берген керек сөзің, – дейді.
Қажы:
– Халқыңның ағасы бол,
Еліңнің панасы бол!
Алла, періштелер қолдасын,
Қызыр, бақ болсын жолдасың.
Әруақтар пәле-жаладан
Көзден, тілден қорғасын.
Жолың әманда ақ,
Мінгенің тақ болсын.
Ұрпағың өсіп-өнсін,
Көсегең көгерсін! –
деп батасын беріп, қажылық жолына қарай жүре берген екен.
Ғылыми түсініктеме: Бірнеше мәтіннен құралған бұл аңыздарды ӘӨИ-дің Қолжазба қорына тапсырған – Еркін Құлпейісов. Туындыны 1991 жылы 16 қаңтарда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде К.Мәденұлы мен Х.Амандықов жариялаған.
Томға ұсынылған мәтіндер аталған Қолжазба қорының 1125 бумасының 134-135-дәптерлерінен алынды.
[«Қарлығаш әулие»]
Ел басына екі талай күн туып, ер сасқан, әйел етегін басқан қысталаң кездерде Ұлы жүзді бастаған Төле би қонысынан аумай елін, жерін бүліншіліктен сақтап қалған, күші басым жауға қарсы шығып, қамсыз отырған халық қанын мағынасыз төкпей айла-тәсіл қолданған. Осы арада Төленің даналығын бейнелейтін бір халық аңызы бар. Жоңғар шапқыншылығынан босып ел қаша көшкенде, Төле үйін жықпай жұртта қалыпты-мыс. Қалмақтың әскер басы бұған таңданып, көшпеген себебін сұрағанда, Төле би:
– Биыл шаңырағыма бір қарлығаш ұя салып еді. Бұл бүкіл дүние жүзін топан суы басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін суға батудан сақтап қалған, жыланға адам баласының жем болу қаупі туғанда, содан қорғаған жануар еді. Мен өз болашағымды қорғап қалған жануардың ұясын бұзып, балапандарын қырып кете алмадым, – дейді.
Мұны естіген қалмақ қонтайшысы «бұл әулие» екен деп, оның өзіне де тимепті-мыс.
Ғылыми түсініктеме: Аңыздар 1992 жылы «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Үш пайғамбар» кітабынан алынды (Алматы, 1992. 28-32б.б.). Кітапты құрастырған – А.Нысаналы.
[Қоңқа қарт пен Төле]
Қоңқа бидің жасынан жауға бірге аттанып жылқы алысқан, дауға бірге түсіп олжа табысқан Жыланкөз деген досы болыпты. Екеуі екі ауылдың адамы болғанына қарамастан, бір анадан туғандай тату өсіпті. Қоңқа қартайып, жетпістен асқан шағында:
– Қой, мен сол досымды бір көріп қайтайын. Жасымда бірге жүрген жолдасым еді ғой, амандық-есендік айтысайын. Досым әлді болса сауын бие, жүк артатын түйе сұрап алайын, – деп жолға шығады. Жол үстінде бір бала кездеседі. Жөн сұраса ол да Жыланкөздің ауылына бара жатыр екен.
Олар жүріп келе жатып сәске түс кезінде көп жылқыны көреді. Жылқының көптігі соншалық, кіші бесінге дейін шетіне шыға алмайды. Сонда жолсерік бала:
– Ата, мынау жылқы қандай байдың жылқысы болды екен? Білесіз бе? – деп сұрайды. Оған Қоңқа би:
– Қарағым, бұл нысапсыз деген байдың жылқысы, – дейді.
– Нысапсыз деген қандай бай?
– Балам, айтайын. Нысапсыз деген осы малды жия берген, өсіре берген, көбейте берген. Бұл нашарға, кедейге қайырымы жоқ, ат майын бермейтін байдың малы.
Екеуі одан әрі жүріп келе жатады. Кенет жалпақ далада жайқалып өсіп тұрған қалың егіннің үстінен түседі.
– Ойпырмай, ата, мынау қандай адамның егіні болды екен? Көз жауын алып жайқалып тұр ғой. Мынау бір байдың егіні-ау! – дейді бала.
– Ә, шырағым, бұл қайырсыз деген байдың егіні.
– Қайырсыз деген бай ма? Қай ел болады, ата?
– О, шырағым, оны айтайын. Бай бір өзі пәлен адам жалдап осынша жерді айдатты. Арзанға жұмыс істетіп, еңбегін бір жеді. Енді егінді біреудің еңбегімен орып, қырманға салады. Бастырып қамбаға құйды. Мұның бәрін өзі істемейді, біреуге істеттірді. Сонан соң елде астық болмай қалған жылы қымбатқа сатады. Өзі жан қинамай үйде май шайнап жатады. Ендігі жылы тағы егеді. Енді екі есе адам жалдайды. Жылдан-жылға осылай кете береді, одан жұртқа пайда жоқ. Ел ашыққанда қымбатқа сатады. Мұның қайырсыз болатын себебі – осы. Түсініп ал, балам.
– Түсіндім, ата!
Екеуі келе жатса бір жерде көп адам жиналып, көр қазып жатыр екен.
– О, балам, – дейді Қоңқа би, – анау жиналған топ адам кімдер? Көзің жетік қой, қарашы? – дейді.
Бала қарайды:
– Ата, өлген адамды қойғалы көр қазып жатқан кісілер көрінеді.
– Ендеше, сен барып біліп қайт. Көметіндері өлген адам ба екен, тірі адам ба екен, соны сұрағын.
Бала шапты да кетті. Барып көр қазып жатқандарға сәлем берді.
– Сіздердің жерлейтіндеріңіз өлген адам ба, тірі адам ба?
Кісі өліп, жаны күйіп тұрғандардың біреуі:
– Не деп былшылдайды мынау? – дейді, екіншісі келіп қамшымен басынан салып жібереді.
– Иттің баласы, не оттап тұрсың?!
Бозбалалардың екі-үшеуі жабыла кетіп еді, бір қариялау кісі:
– Тоқтаңдар! –дейді айқайлап. – Әуелі жөн сұралық. Қайдан келе жатқан бала екен, білейік.
Бала жөн айтады.
– Балам, сен не дедің?
– Мен көміп жатқандарыңыз өлі адам ба, тірі адам ба дедім.
– Қарағым, осы сөзді өзің айтып тұрсың ба, жоқ басқа біреу айтқызды ма саған?
– Қасымда үлкен кісі бар еді. Сол кісінің атқосшысы едім. Мені осылай сұрап кел деп жіберіп еді.
– Апырм-ай, мұны сұраған қария тегін адам емес екен-ау! Қой, баланы ұрмаңдар, жігіттер. Мұнда бір мән бар. Сол қарияны біреудің барып шақырып келіңдер.
Екі жігіт қуып жетіп, сәлем беріп:
– Ақсақал, бір қадірлі адамымыз қайтыс болып, соны қойып жатыр едік. Ілгерінің жолы, өлікке Құран оқып аттаныңыз, – дейді. Қоңқа би:
– Ә, онда болса, жарайды, – деп атының басын бұрып келеді. Өлікті қойып болған соң, көпшілік:
– Ақсақал, алыстан келе жатыр екенсіз. Өзіңіз де бір қадірлі кісі көрінесіз. Бұл кісі де қадірлі адамымыздың бірі еді. Мына баланы бізге жіберген екенсіз. Бала шауып келді де бізден:
– Қойып жатқан өліктеріңіз өлген өлік пе, болмаса тірі өлік пе? – деді. Соны көріп шыдай алмай осында тентек бозбалаларымыз қол көтерді. Баладан мұның қалай деп сұрадық, «өзің бе, жоқ, саған біреу үйретті ме» деп еді, «сол кісі сұра деді» деп шынын айтты.
– Ә, дұрыс.
– Сізден сұрайтынымыз, мұны қалай айттыңыз? Бұл өлі өлік пе, жоқ тірі өлік пе дегеніңізді түсіндіріңіз?
– Ә, оны дұрыс сұрайсыңдар. Тірі өлік пе дегенім, артында өзіндей болатын бала-шағасы бар ма, ас-су беретін мал-жаны бар ма дегенім. Ал өлі өлік пе дегенім, өзіндей боп өсетін артында бала-шағасы жоқ болса, мұның аты шын өлік, шырақтарым. Осының қайсысы екенін білгім келіп еді. Бұл өлік осының қайсысы?
– Уә, ата, артында баласы бар, ас-суына жарайтын мал-жаны бар, дәулетті кісі.
– Ауылға жүріңіздер, мейман болыңыздар, – дейді көпшілік.
– Шырақтарым, маған ауылға қонуға болмайды. Мен түздің адамымын, –дейді Қоңқа қарт. Жолда келе жатып бала:
– Ата, түздің адамымын дегеніңіз қалай? – деп сұрайды.
– Қарағым, өзің аңғарымпаз, адал бала екенсің. Сенің атың кім?
– Атым – Төле, ата!
– Төле, қарағым, түздің адамымын дегенім, көпшіліктің, халықтың адамымын дегенім. Бата берейін, сені түзде кездестіріп, серік болдым. Мен секілді сенің де өмірің түзде өтсін, түздің адамы бол, балам, – деп бетін сипайды қарт.
Төле есейген соң жол үстінде жолыққан Қоңқа қартты үнемі құрметтпен еске алып, өзіне ұстаз тұтқан екен.
Ғылыми түсініктеме: Аңыздар 1992 жылы «Дәуір» баспасынан жарық көрген «Үш пайғамбар» кітабынан алынды (Алматы, 1992. 28-32б.б.). Кітапты құрастырған – А.Нысаналы.
Данагүл
Төле би: «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын. «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» деген. Келінім ақылды болса, балам дана болады. Ердің бақыты – әйел деген. Ел сыйлайтын ерді ақылдылықпен адам етіп тәрбиелейтін – әйел, кең жайылған дастарханымен ердің атын шығаратын да әйел. Малына, байлығына қызығып, ешкімге құда болмаймын. Келінді асықпай ел арасынан өзім іздеймін. Бұйрық болып, кездессе көрермін. Ырыс, бақыт та, қызыр да әйелде. әйел қызырлы болса, үйіңнен жақсы адам кетпейді. Мысалы, берекелі үйге кім келмейді? Жақсы әйелдің арқасында ердің елге даңқы кетеді. «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген. Би түскендей үй болу – әйелден. Ол әйелді халық та жақсы көреді, кембағал, қайыршы да жақсы көреді. Жақсы кісіні жұрт жек көре ме? Әйелі жақсы болмай, ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел.
Осындай ой құшағында жүрген Төле биге түрікмен елінен елші келіп:
– Бір жылдан бері бітпей жатқан дауымыз бар еді, соған билік жасаңыз, – деп өтініш айтыпты. Жер шалғай болса да Төле би түрікмен еліне барып, дауласқан екі жақты татуластырып қайтады.
Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді. Жалғыз көк шолақ атына мініп, байдың қыздарымен тойдан қайтқан беті еді деседі:
– Әй, апайлар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғары жақтан бірқатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтіп кетпейік. Үлкендердің алдынан кесіп өту дұрыс болмайды. Олар – ел қорғайтұғын, жер қорғайтұғын ерлер. Кім біліпті араларында ақылы асқан ақылды, данышпан қариялары бар шығар, ашулы, арынды батырлары бар шығар. «Ер сыйлаған есікте қалмас» деген. Әлі-ақ бәріміз де бір-бір үйдің иесі боламыз. Шарапат, жақсылығы тиер, үлкен кісілердің батасын алып, алғысына бөленейік. Апалар, аттарыңыздың басын тартыңыздар, тосып тұралық. Атты ер кісілер алдымыздан кесіп өтсін! Сонан соң жүрсек те аулымызға жетерміз, – деді Данагүл.
Қызыл-жасыл киінген қыздар жол кеспей, иіріліп тұрып қалды. Топ алдындағы Төле би мұны алыстан көріп, байқап келе жатыр. Қызыл-жасыл киінген қыздардың деңгейіне жетіп, алдарынан өтіп, ат ала кел дерліктей жерге ұзап кеткен соң, қасындағы жолдасының біреуіне:
– Анау алдымызды кеспей кейіндеп қалған балаларды шақырып келші, – деді. Ол шауып барып, қыздарды шақырып келді. Жақындай бергенде Данагүл атынан түсіп, жаяулап:
– Апалар, бәріңізде аттарыңыздан түсіңіздер. Жаяу барып сәлем берейік. Үлкен кісілерге атпен тасыраңдап жетіп барып сәлем бергеніміз ұят. Бұл кісілер ешуақытта да кездеспейтін кісілер. Жолымыз болады екен,– деді.
Барлық қыздар аттан түсті. Жаяу жүріп келіп, бәрі басын иіп сәлем берді. Төле би:
– Балалар, өркендерің өссін, бақытты болыңдар, – деді қуанып, – шырақтарым, қай ауылдың баласысыңдар?
Сыйқым ауылының баласы едік.
Балалар, алыстан бізді көріп, тосып тұрдыңдар. әлдеқашан өтіп кететін уақыттарың болып еді. Не себептен тостыңдар, соны айтыңдар?
Қыздар жауап таба алмай Данагүлге қарады. Ол:
– Аталар, біз сіздерді алыстан көріп, аталарымыз бен ағаларымыз шығар. Араларында ел бастаған батыры бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар. Әкеміздей үлкен, қызырлы адамы бар шығар деп алдарыңыздан өтпей тосып тұрдық. Үлкен кісілердің батасын алалық, жақсыны көрмек үшін, көрмеген аталарымыз, ағаларымыз болса, көрелік. Аты-жөнін білелік деп тосып тұрдық, – деді.
– Қарағым, балам, атың кім? – деді Төле би.
– Атым – Данагүл, ата.
– Әкеңнің аты кім?
– Әкемнің аты – Алакөз.
– Жақсы, шырақтарым, өркендерің өссін, Құдай тілеулеріңді берсін! Жарайды енді, аттарыңа мініңдер, – деп Төле би батасын беріп, жүріп кетті.
– Тарт сыйқымның аулына, – деді былай шыға бере жолдастарына. Сыйқым аулына жақындап келгенде, бір серігін шаптырды.
Бар Алакөзге, ауқатты адам ба, нашар адам ба екен? Қандай адам екен? Хал-жайын біліп, біз жеткенше қайта орал!
Шапқыншы бәрін біліп қайта оралды.
– Ой, биеке, Алакөз деген кедей адам екен. Байдың жылқышысы көрінеді.
– Үйі қайсы?
– Үйі анау шетте тұрған қараша үй.
– Жүр, мені ертіп барғын.
Шапқыншы ертіп барды. Алакөздің үйі – қырық жамау, тесік-тесік, ішінен қараса, сырты көрінетін қараша үй.
– Алакөз қайда?
– Анау құдық басында мал суғарып жүр.
– Шақырып кел!
Орта жастағы әйел шапқыншыға шидің ішінен бір тостаған айран ұсынды. Шөлдеп келген адам айранды тұщына жұтып, басын көтере бергенде, үйге ұзын бойлы отыз бес-қырықтың ар жақ бер жағындағы жігіт ағасы кіріп келді.
– Ассалаумағаликүм!
– Уәликүмсәлам. Иә, Алакөз деген сен боласың ба?
– Мен боламын.
– Сен болсаң, аулыңа мейман келеді. Төле биді білесің бе?
– Ойбай, білмегенде ше? Оныңыз не дегеніңіз? Төкеңді кім білмейді. Ол кісіні бүкіл қазақтүгілі, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікпен түгел біледі емес пе?
– Ал енді сол Төкең мына түрікмен жақтан келе жатыр еді. Бүгін сенің үйіңе қонақ болады. Қонақты қарсы алуға жағдайыңбар ма, батыр?
– Ойбай, бар жағдайым. Ол кісіні Құдай айдап біздікіне келсе, одан артық бақыт бар ма? Байларға бармай, біздікіне келгеніне мың мәрте шүкіршілік етеміз.Ал,қатын, қамдан. Байдан бір мал сұрап әкелейін.
Шапқыншы қайта шауып кетті. Алакөз де атына мінді. Келіп сәлем беріп, Төле биді серіктерімен үйіне әкеп түсірді. Алаша, киіз жетпеген жерге қамыс төседі. Үй кісіге толды. Жалғыз сиырының айранына суды қосып жіберіп шалап жасап, бір-бір тостағаннан сусын ұсынды. Біреулерді жүгіртіп, байлардыңүйінен самауыр, қарызға нан алдырды. Ауылхабарланып, жиналып қалды.
– Ой, Алакөздіңүйіне Төле би келіп түсіпті. Қасында бір топ жолдасы бар, – деген хабар байға да жетті. Домаланыпол да келді. Келіп«о, Төке» деп сәлем беріп, шұрылдасып жатыр.
– Төке, біздіңүйге неге түспедіңіз? Мынау балаңызды ұялтқаныңызқалай?
– Халкым үшін мен Төле би болып тұрып байға ғана, барға ғана түсіп, кедейлерді есіме алмасам, онда әділет бола ма? Байға жақ боп кедейдің ақысын жіберсем, онда мені жұрт әділетті деп айтар ма еді? Мейірімім түсіп мына Алакөздіңүйінеқонақ болғым келді. Ал енді бәрің бірдей ағайынсыңдар ғой, құрметтерің болса істей беріңдер.
Лездің ішінде-ақ киіз де келіп қалды, текемет те, жастықта келіп қалды. Алакөздің үйінде жоқ болғанымен елде бар. Мал сойылып, ауыл адамдарының бірсыпырасы жиналып, әңгіме тыңдап, Төкеңмен бірге отырды.
Бір кезде Төле би сыртта жүрген Алакөзді шақырып алды.
– Алакөзім, балаң бар ма? Қанша балаңбар?
– Уа, би аға, менің балам емес, Құдайдың баласы деп айтайын, бір қыз балам бар.
– Осы үйде жүрген келіннен бе?
– Иә, осы келініңізден.
– Мм... Жақсы екен. Келін қай елдің баласы еді?
– О, би аға, келініңіз мынау қожа атамның тұқымы еді. Тектұрмас деген әулиенің әулетінен.
– Ә, жақсы екен. Жарайды, келінім. Балам, әлгі қызыңды, Данагүлді шақырып кел! Үлкен кісілердің әңгімесін есітіп отырсын. Бала ғой...
Данагүл көрші ауылда қыздармен отыр еді. «Әкең шақырып жатыр» деп бір келіншек барып, шақырып келді.
– Атаңменен амандас, – деді оған шешесі ақыл айтып.
– Ол кісілерді мен көргенмін. Бағана күндіз сәлем бергенмін. Мені таниды, – деді Данагүл. Бір кезде тамақ пісті. Төле бидің алдына бата сұрап бас келді.
Әлгі Данагүл баламды шақыршы?
Табаққа бата беріп болғаннан кейінгі жерде Төле би басты қасқалап пышақпен кесті де, бір ұртын алып өзі аузына салды. Бір құлағы мен таңдайын алып;
– Қарағым, Данагүл, келші, өз қолымнан ұсынайын. Құлақ бергенім, екімнің бірі бол! Таңдай бергенім, айттырмай біліп, құпия, жұмбақ сырымды шешіп, өсиетімді жұртқа жайып жүретін балам бол, міне, – деп ұсынды.
Данагүл келіп еңкейіп, қолына алып:
– Рахмет, ата.Айтқаныңыз қабыл болсын,– деді басын иіп.
Жолаушылар қонақ болып жатты. Таң атты. Шай ішіп отырғанда, жұртқа Төле би:
– Оу, жігіттер, мына Алакөз мырзамен құда болғым келіп отыр. Данагүл балама мейірімім түсті. Бұйрық болса, бала етіп алсам деп отырмын. Мен де кедей адаммын, Алакөз де кедей адам. Қоралап айдап беретін малым жоқ. Сондықтан мұныкі – менікі, менікі – мұныкі. Екеуімізге екі бала ортақ. Ниетім қалыс. Қабыл көрсең, Алакөз қарағым, тапқанымыз екі баланыкі, – деді. Алакөз әйелі екеуі орнынан ұшып түрегеп, жылап қоя берді.
– Би аға, біз бүйтіп дүниеге келіп, бізге бала бітіп, ол баламызға сіз секілді адамнын мейірі түсіп, үйімізге келіп құда болады, қызырға ие боламыз деген жоқ едік. Би аға, өле-өлгенше баламыз сіздікі. Ерлі-байлы екеуміздің мал-жанымыз да осы баланың жолында. Сіздің бізді елегеніңізге, осынша мейірбаншылықпен бізге мейіріңіздің түскеніне ризамыз. «Рас па, өтірік пе» деп келініңіз екеуміз қуаныштан жарылып кете жаздап тұрмыз.
– Ал, ендеше, олай болса, мінеки, бабам Бәйдібектің батасы болсын. Әумин, қолыңды жай. Ақылды, абыройлы, мейірлі, рақымды, кішіпейіл, киелі, айтқаны әділ, тілегі қабыл, өмір жасы ұзақ, халқына қадірлі, жұртына сүйкімді, әке-шеше, туыс-туғанына жағымды, арты үбір-шүбірлі, алды қоқырлы, нәсіпті болсын! Аллау әкпар! – деп бата берді.
Арада ай өтпей Төле би Данагүлді ауылына келін етіп түсірді. Келіні өзінің ойынан шығып, күткендегідей болды.
– Балам, Данагүлім, өзімнің ұлым қандай болса, сондай болып жүре бер! Атаға көрінбей қашып кетуді қой. Ол – ескірген әдет.
Мен болсам, халық үшін жүрген адаммын. Көбінесе түзде жүремін. Үйдің, ауыл-абаннын, бәрінің ақылшысы өзің бол, шырағым. Шаруаны да өзің басқар. Тізгін-шылбырды қолыңа ал! – деп келінін баласындай көріп, титтей нәрсе болса, ақылдасып отыратын болды. Бір жақтан жолаушылап келсе, үлкен кісідей келініне көрген-білгенін айтып, сұрақ қоя сынап, ауылдағы шаруаның жайын әнгімелетіп, үнсіз тыңдап отырады екен.
Көп ұзамай-ақ келіні ел аузына ілікті.
– О, Төкең әруақты, тегін кісі емес қой. Келінді тауып алды. Шүкірлік, келіні ауыл-аймақ, ағайын-аба, туғанға түгел ақыл беруге жарайды, – десті жұрт.
Төкең сыртта алты алашқа билік айтса, қара домалақ келіні ауылдағы ағайын-туғанға билік етті.
Арбаның дөңгелегіндей өтіп жатқан уақыт қой. Бірде Төле би алыстағы жекжатына барып, атқосшысы екеуі ғана қайтады.
– Қайсы жолмен жүрсек екен? Бір жол бар ел жағалап жүреді. Бір жол бар шөл жағалап кетеді. Ол – төте жол. Қызылқұмды кесіп, ел жағалап он күн жүргенше, шөлмен кетсек ауылға төрт-бес күнде барамыз. Осының қайсысымен жүреміз? – деді жолдасы.
– О, батырым, қарын ашпай, тамақ тәтті болмайды. Жолаушы жүрмей, ер қадірлі болмайды. Қиыншылық көріп, қарның ашпай, ас қадірін білмейсің. Жаяушылық көрмесең, ат қадірін білмейсің. Ел жағалап жүріп жүрміз ғой. Салт аттылымыз, сабау қамшылымыз. Төтелеп тартып, шөлмен жүріп көрелік. Азар болса, үш-төрт күн далаға түнерміз немесе малшыға түнерміз. Малшы кезікпесе, аңшыға түнерміз. Тәуекел, Қызыр ғалайссалам шөлде жүреді деген. Олардан әулиеміз бе, біз де көрелік сол қиыншылықты. Шөлмен төте тарталық.
Екеуі шөлмен тартты. Елден шығып, екі қонып, үш қонып келе жатты. Бұлар келе жатқан шөлді қырық қарақшының жайлап жүрген кезі еді. Олар – кезіккенді тонап, елден мал ұрлап, ешкімге теңдік бермей жүрген қарақшылар.
Үшінші күні Төле би жолдасы екеуі қырық қарақшыға тап болды. Бас салып, сөз сөйлеуге де мұрша бермей, қолға түсірді. Ақсақалды қарттың Төле би екенін олар білген жоқ. Атын тартып алып, киімін тонап, екеуін шөлге тастайтын болды.
Төкең өзінің кім екенін айтпады.
– Әй, батырлар, сендер бәрің де батырсыңдар. Сендерге мал керек пе, жан керек пе? Жан керек болса бір шал мен бір жігітті өлтіріңдер де ат-тонын алыңдар. Ал енді мал керек болатынболса, мен саған бір қора мал берейін. Екеумізді босатыңдар.
Қырық қарақшынын бастығы:
– Бізге, әрине, мал керек. Біз осы шөлдене үшін жүрміз? Мал үшін жүрміз. Қара басыңқалқиып малды қайтып бересің? – деді.
– Меніңмалым көп, мен бір бай адаммын. Жүз түйем бар, жүз жылқым, қатын, бала-шағам бар. Жасым алпыстан асты. Маған жанымнан мал артық па? Өлсем, артымда қалмай ма? Ауылға барып мал әкеліп беремін дегенге сенбессіңдер. Оның ебін өзім айтайын. Ақылыңа сыйса, тыңда!Мен ауылыма хат жазайын. Кенже ұлыма құда түсіп біреудін қызын әпермек болдым. Соған қырыққұнан, атан, жиырма буыршын, сегіз ақбас атаным бар еді. Соны берсін. Он босағамда көмген алтыным, сол босағамда күмісім бар еді. Өзімненбасқа адам білмеуші еді,–деп Төле би қарақшының бастығына қарады.
– Алтын қадірлі ме, күміс қадірлі ме?
– Ой, алтын қадірлі. Алтыныңыз болса, алтыныңызды жіберсін деңіз, – деді қарақшыныңбастығы.
– Онда оң босағамдағы алтынымды тұтас берсін. Дүниені жиғанда қайтемін, жанымнан – садаға. Біз екеумізді де жібермей ұстап отырыңдар. Біреуін менің атыма мініңдер. Аттың тілі жоқ қой. Атыма мініп, хатымды алып барсаңдар, осы малды айдатып жібереді, – деп, хат жазып, атын, шапанын беріп, екі қарақшыны жұмсап, өздері құдықтың басындағы қарақшылардың шайласында қалды.
Екі қарақшы Төле бидің ауылына келді.
– Тосқауыл деген кісі осы қағазды беріп жіберді. Кенже ұлына қыз айттырған екен, мына малды берсін дейді.
Қағазды оқып ауыл-абасы болып ақылдасты.
– Бұл қалай? Төкең өз қолымен жазыпты және атын мінгізіп, шапанын кигізіп жіберіпті. Төкеңде мұндай мал жоғын кім білмейді. Бұл не? – деп таң қалысты жұрт. Біреуі оны айтты, біреуі мұны айтты.
– Құда болған шығар. Осы малды тауып берер деп елге сенген болар, – десті. Ойласып келіп мал жинамақ болып, жұртқа салық салмақ болды. Сонда Данагүл:
– Сіздер түсінбей отырсыздар. Атам қырық қарақшының қолына тұтқын болып түскен екен. Қырық құнан атан берсін дегені – қырық мықты жауынгер жігіт берсін дегені. Жиырма буыршын берсін дегені – жиырма палуан берсін дегені. Сегіз ақбас атан берсін дегені – сегіз ақсақал берсін дегені. Он босағадағы алтыны мен едім, сол босағадағы күмісі баласы еді. Атам мені артық көруші еді. Жұмбағымды шешер деп ойлаған екен. Алтынымды түгел берсін дегені – мені алып келсін дегені, – деді ой толғап.
Отырғандардың бәрі Данагүлдің даналығына таң қалысты.
– Жарайды, мал береміз, – деп екі қарақшыны бір-екі күн қонақ етті. Үшінші күні малды жинап, екеуінің көзіне көрсетіп, жолға шықты. Екі қарақшы жол бастап келеді.
Бірнеше күн жол жүріп кұмның шетіне іліккен соң Данагүл:
– Ал, енді жақындап қалдық қой. Сіздер алдымен барып, хабарын айта беріңіздер, – деді.
Алпыс жігіт, сегіз ақсақал соңдарынан жасырын ілесіп келе жатқан еді. Ойларында дәнеңе жоқ екі қарақшы оза шауып, шайлаға барды:
– Біз бардық, айтқаны рас екен. Малды берді. Бай шал екен. Екі-үш малшысы малды айдап келеді. Біз хабар айтқалы бұрын жеттік.
Қарақшылар қуанып, жаймашуақболып, аттарын қоя беріп, жайғаса жатты. Бәрінің басында «мал келе жатыр, олжаға қарқ болдық» деген ой.
Күн батысымен қалыңқол сау етіп,құдықтың басында қаннен қаперсіз жатқан қарақшыларды тырп еткізбей қоршап алды. Қырқын да матап байлады. Ауылына әкелгенсоң Төле би бәріне арнайы сөз сөйледі.
– «Ғұмыр –біреу, кезек – екеу» деген. Сендерге өлім керек пе, өмір керек пе? Кешегі күні тұтқынға мен түсіп едім, бүгін сендер түстіңдер. Дүние кезек деген осы болады. Маған сендердің аттарыңның керегі жоқ. Бес-алты күн сендермен жолдас болып қалып едім. Тілімді алсаңдар әлі де болса, ақылымды айтып,ара түсейін. Бәріңнің елге пайдаларың жоқ, жарлыныңжалғызын тартып ап жылатасыңдар. Шөлдеп, шөліркеп келе жатқандарды өлтіресіңдер. Айдалада не қатының жоқ, не балаң жоқ, қаңғып өмір сүресіңдер. «Зорлық, зорлық түбі – қорлық» деген. Жетім мен жесірге, жалғыз-жарымға жасаған зорлықтарың бүгін мойындарыңа түсіп отыр. Жазықсыз өлген жандардың қаны үшін сендерді қырып жіберсек, шамамыз жетеді. Оны біліп тұрсыңдар.
Менің атым – Төле би. Адамның баласына әділдік айтып, таласқан, тартысқанын, жауласып айтысқанын анықтап, өмірімше істеп келе жатқан кәсібім – жұртқа жақсылық жасау, болысу. Біреуге біреу зорлық істесе, біреуге біреу қиянат жасаса, оған әділ жаза кесемін, әділ үкім айтамын. Жәбір шеккен жанға болысып, оны ажалдан, азаптан құтқаруға асығамын. Сендердін қарақшылық кәсіпке ден қойғандарыңа қанша уақыт болды? Содан бері не малды, не жанды болған жоқсыңдар. Бұларыңнан не пайда?
Әлде болса мен сендерге болысайын. Тілімді алсаңдар,өлтіртпейін. Сендер бұл кәсіпті қойыңдар. Тәубаға келіңдер. Мына менімен бірге жүріңдер. Қатының жоғыңа қатын, малың жоғыңа мал, үйің жоғыңа үй алып беремін. Халықпен бірге өмір сүріп, адал кәсіп істеңдер. «Салмай жортқан ерден салмай құлындаған бие артық табады» деген. Таза, адал еңбек істесеңдер қарның тояды, біреуді жылатып, тартып алғаннын берекесі болмайды. Менің айтар ақылым осы. Осы екі жолдың қайсысын таңдайсыңдар?
Қарақшының бастығы:
– Айналайын, ататай, айтқаныңыздын бәрі рас. Онан қашқан, мұнан қашқан қырық руданбыз. Қанша уақыт болды ел тонап, малды алдық. Керуенді де тонадық. Ішкен тамағымыз болмаса, ешқайсысы жұққан жоқ. Жырымыз жырланды. Төке, енді жырымызды айталық, – деді, – біз де адамның баласымыз. Өзіңіз секілді әкеден тудық. Бірақ жаман жолға түсіп, дүние қудық. Бұл әдетіміз мынадан болды. Осы тұрған алдыңыздағы қырық жігіттің қырық түрлі сыры бар.
Біздің әкеміз қарақшы болған жоқ, шешеміз зұлым болған жоқ. Әрқайсымыз әр елден келген адамбыз. Біреу істеп қойған күнәсін би кешірмей, басына өлім жазасын тудырған соң, қашып шықты. Біреу мал жоқ болған сон, байдың малын ұрлады. Сол ұрлаған бай малын қалыңға жұмсап, тұрмыс құрмақ болды. Бай өлім жазасын берген соң, қашып шығып, қарақшылық жолға түсті. Енді біреу әкемізді құл, шешемізді күң етіп ұстаған соң, сол қорлыққа шыдамады. Біздің де адамшылык, жігіттік арымыз бар. Әділетін айтатұғын жан болмады. Қолынан келген би мен мықтылар байдың сөзін сөйлеп, бізге жаза берді. Сонан соң туған елді, жанды тастап, қарақшыларға қосылдық. Қырқымыздың қырық түрлі сырымыз – осы. «Мың күнгі жаманшылықтан бір күнгі тірлік артық» деген. Біз арымызды арлаймыз, кегімізді жоқтаймыз деп жүріп, қарақшы болдық. Сөйтіп жүргенде сізге жолықтық. Біздің де көретін жақсылығымыз бар екен. Біз де адам болады екенбіз. Тіршілік етіп, өмір сүретін болдық. Даңқыңызды естігенмен, қасыңызға бара алмаушы едік. Сізді Құдай айдап кез қылды. Мұң-мұқтажымызды көзіңізбен көрдіңіз.
Біз секілді қарақшыны кім ұнатсын. Құдықтың сасық суын ішіп, құм даланы кезіп жүруші едік. Біз сіздей ақылды, қамқоршыны қайдан табамыз? Айтқан сөзіңізге мың бір рет құлдық. Айтқаныңызды істелік. Бір туысыңыздай болалық, биеке. Сыртыңыздан естуші едік, Біздің де адам болатын күніміз бар екен. Көрген пенде шошушы еді. Ешкімге жолай алмаушы едік.
Біздің әкеміз де, бабамыз да сіз екенсіз, айтқанынызды істелік.
Бастықтарының сөзін қоштап бәрі шу ете қалды. Төле би толқи сөйледі:
– Балаларым, мен құда-жекжатыма барып, қайтып келе жатыр едім. Он күндік жолмен жүргенше, бес күндік шөлмен жүрейік деп сендерге кездестім.
Халық үшін туған адам едім, менің де сендерге
шарапатым тиді. Мен бір жетім емес, қырық жетімді ажалдан құтқарып, адам қатарына
қосып отырмын. Осы әділетшілігіме ризамын.
Төле би қырқын да ауылына алып келді. Біреуі қой бақты, біреуі түйе бақты. Әркім қолдан келген ісін істеді. Бәріне әйел алып берді, ешкімге тигізген жоқ.
Қырқы да өсіп-өнді. Жұрт оларға «қырық ағайынды» деген ат қойды. Бастарына мал да бітті, жан да бітті.
Ғылыми түсініктеме: Ел арасына кеңінен тараған бұл аңыз көптеген басылымдарда жарияланған. Томға енген мәтін 1991 жылы жарық көрген «Төле би» атты кітаптан алынды. Кітапты араб әрпінен көшіріп, құрастырған, алғы сөзін жазған – филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбі Дәуітов.
Төле бидің туы
Бүкіл исі қазаққа кемеңгерлігімен үлгі-өнеге болған Төле би тоқсан үш жасында дүниеден өтті. Төленің өз өсиеті бойынша көп жыл билік құрған Ташкент қаласына, әйгілі Бабырдың нағашы атасы Жүніс ханның жанына апарып жерлемекке халық жинала бастады.
Төле би мекен еткен қасиетті Қазығұрт топырағынан Ташкентке дейін қаншама қашық жер екені белгілі. Мәйітті жеткізудің өзі оңай соқпайды. Көпшілік сол қиындықты ойға да алар емес. Қазақтың дана ұлын қолдан түсірмей жеткізбек. Биді соңғы сапарға шығаруға дайындық жасалып жатқан кез. Жұрт абыр-сабырмен жүрген сәтте Төленің қырғыз әйелі жоқтау айтылып жатқан қаралы үйден сытылып, сыртқа шықты. Ері көз жұмғалы жылаудан көз ашпаған оның көзі қызарып, қабағы ісіп, жағы суалып кетіпті.
Қаралы топқа қызмет көрсеткен ауыл адамдары әрі-бері жүгіріп жүр. Қолдарына таяқ ұстап «ой, бауырымдап» жылап, Өтебай мен Әлібайдан тараған ағайындар арасында Төленің өз ұлдары да тұр. Солардың арасындағы өз ұлы Қожамжарға көз тоқтатып қараған еді, бірақ ол анасын байқаған жоқ. өзіне шақырып алудың сәті түсер емес, жанына өте берген балаң жігітке ұлының өзіне жолығып кетуін тапсырды. «Анаң шақырады» деген сөзді есіткен соң Қожамжар да шетке шыға бергенде, анасы «бері жүр» дегенді ыммен ұқтырып, бұрыла берді. Ұлы жайымен соңынан ілесіп келеді.
Шеткері шыққан соң ұлы «не айтасыз, апа?» деген сауалды жүзбен анасына қарады.
– Балам, атадан ағалы-інілі туысың көп болғанымен, анадан жалғызсың. Қазақтың «күндестің күлі де күндес» деген сөз бар. Әкең барда ол білінбейтін. Енді су бетіне қалқып шыққандай, сүйелдей көрінетін боладың. Сондай сәттерде әйелдер ғана емес, балалар арасында да кикілжің болуы мүмкін. Сол кезде жалғызсырайсың-ау, балам, – деп ауыр күрсінді.
– Ой, апа-ай! Сіз де қайдағыны айтады екенсіз! – деді Қожамжар.
Ұлынан мұндай сөз есіткен ана оған жанарын қадай қарады да:
– Әкең болса, дүниеден өтті. Туыстарың әлі-ақ түрткілейді. Оны аман болсақ, көре жатармыз. Қазіргі айтарым мынау: жылқыдан ту бие алдыртып, тез арада сойдыр, мен дастархан қамын жасайын. Қос түйеге екі киіз үйді арттыр! Отын, су мен қазан-ошақты өзім қамдаймын. Әкеңді жер қойнына тапсырған соң сүйекшілер қайтар жолда біз қос киіз үйді тігіп, күтіп тұрайық. Жол ұзақ шаршайтындар бар, сусайтындар бар. Үйімізден бірінші болып дәм татырайық, – деді.
Сүйекшілер халықтың бір асыл ұлын жер құшағына тапсырып, қайтып келеді. Ыстық күн таңдайын құрғатып, қабырғасы қайғыдан жаншылған көп халық ауылға қайтып келе жатты. Ұзақ жол жүріп, шұбырған аттылы-жаяу адамдардың еріндері де шөлден кезеріп кетті. Аз ғана аялдағылары келгенмен, олай етуге болмайды. Көпшілік қарсы алдында тігілген қос үйді, будақтаған түтінді көздері шалады. Осы сәтте топ ортасынан Төленің ұлы Қожамжар суырылып шығып, алда келе жатқан Қазығұрт өңірінің пірі болған ишанның атының шылауына келіп жармасты.
– Ата, ататай! Қай бала әкесінің жамбасы жерге тигеніне күйзелмейді. Алланың әміріне қалай қарсы боламыз. Тағдыр ісі, тумақ бар да өлмек бар. Көнбеске лажымыз жоқ. Әкеме көрсетер құрметімнің бірі болсын. Мынау тігулі тұрған қос киіз үй менің шаңырағым. Аттан түсіп, Құран оқып, дәм-тұз татып кетіңіздер, – деп қиыла сұрады.
Өксігін баса алмай тұрған жігітке бір сәт үнсіз қарап қалған ишан атының басын үйге қарай бұра берді. Қаралы киім киген Төленің қырғыздан алған әйелі дауыс сала жылап, сүйекшілермен көрісуге шықты. Қаралы топ осылай еріксіз кідірді. Ақсақалдар киіз үйге жайғасып, жастар жағы сыртқа төселген көрпеге отырды. Құран оқылып болған соң дастарқан жайылып, ас пен сусын әкелінді.
Сол кезде Төленің көзі тірісінде ұстаған ілмек белгісі бар, желегін қара қыжыммен көмкерген туы оң босағаға қойылған еді. Қожамжардың анасы сол туды алды да, әбдіреге салып қойды. Құран оқылып, бата қайырылып, жұрт орнынан тұра бастады. Қожабек пен Жолан туды алайын десе, орнында жоқ. Жұрт сасқалақтап, басқа балалары түс көргендей таңдана қарап қалды.
– Ту қайда? Ту қайда?
Осы кезде Қожамжардың шешесі:
– Неге айқайлайсыңдар! Мен де әкелерің Төленің етегі тиген некелі әйелімін, балаларым. Мен сендердің аналарың болсам, осы үйде Төленің өз шаңырағы. Ту осында бүгін тігілді, қашан жылы берілгенше осы шаңырақта сақталатын болады, – деді.
«Тудан айырылу – биліктен айрылу деген сөз. Бұл қалай болғаны? Қолмен ұстап келіп, айырылғанымыз ба, жоқ, олай етуге болмайды. Алда күтіп отырған ел бар. Туды алып кетіп, үлкен үйге тігуіміз керек», – деп ойлаған өзге балалары дау айта бастады. Тіпті айқай шығып, дау туды. Өйткені бұл үй де Төленің бір үйі, Қожамжар да Төленің өз ұлы, анасы некелі әйелі екені де рас, жаназаға жиналған халық та осы үйде алғаш Құран оқып, дәм татып отыр. Негізінен Қожамжардың анасынікі де дұрыс. Бірақ бәйбішенің үйі сүйекшілерді күтіп, қам жасап отырғанын да жұртшылық біледі. Қай жағына шығу керек? «Әрі тартсаң, арба сынады, бері тарса өгіз өледі» дегеннің кері осы. Көпшілік ел жақсыларының шешімін күткен.
– Уа, жамағат! Әділдікке жүгініп, адалдықты мойындасаңдар, билікті мен айтайын, – деді ишан.
– Айтыңыз, айтыңыз! – деп көпшілік шу етіп қалды.
– Олай болса, ту қайда тігілсе, сонда қалуы тиіс. Енді жанжалдасудың жөні жоқ, – деп бата беріп, орнынан тұра берді. Бұл шешімді көпшілік те мақұлдап, орнынан тұрды.
Осылайша Төле бидің туы Қожамжар балаларының еншісіне тиген екен.
Асыра сілтеу кезеңінде Төле би тұтынған заттар мен ат-әбзелдері шолақ белсенділердің қолында кететін болған соң, оны сақтап қалу мақсатында жер қазып, жасырып көмген екен. Сол осы заттарды тығып қойған қарттардың өзі де о дүниелік болып кетті.
Ғылыми түсініктеме: Кеңсе қағазынына кирилл әрпімен жазылған аңызды 1994 жылы ұйымдастырылған «Түркістан қазақтарының ауыз әдебиетін жинау экспедициясы» материалдарынан алынған. Экспедиция жетекшісі және материалдарды ӘӨИ-дің Қолжазба қорына тапсырған – белгілі халық әдебиеті үлгілерін жинаушы, профессор Қ.Саттаров. Қорға 1994 жылы түскен.
Аңызды жинаушы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қазығұрт совхозы, Қызылқанат ауылының тұрғыны – Тұрсынов Сәбит. Мәтінді Түркістандағы Қ.А.Иассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетінің І курс студенті Тұрсынова Әсия жазып алған.
Томға ұсынылған аңыз түпнұсқадан (ӘӨИ:ҚҚ.Ш.920/94) өзгертусіз алынды.