Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жаһанша Досмұхамедов

Жаһанша Досмұхамедов - e-history.kz
Аты Жаһанша Досмұхамедов
Туған күні 1887
Туған жері Батыс Қазақстан облысы Орал уезі, Жымпиты
Қайтыс болған күні 1938
Қайтыс болған жері Мәскеу
Жаһанша Досмұха­медов - Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы, заңгер.

Жаһанша Досмұхамедовтің туғанына биыл 125 жыл толды.

Бүгінге дейін Жаһанша Досмұхамедовтің өмірі мен қызметіне қатысты көптеген ғылыми мақалалар жарияланды, арнайы зерттеулер жүргізілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік мұрағаттың құпия қорларының ашылмауына байланысты оның туған жылына қатысты әртүрлі даталар көрсетіліп келді. Айталық, 2001 жылы шыққан «Қазақстан» Ұлттық Энциклопедиясының 3-томында «Жанша (Жаһанша) 1886, қазіргі Батыс Қазақстан облысы – 1932 – Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер» деп жазылған. Ал, кейінгі зерттеулердің нәтижесінде оның туған, қайтыс болған жылдары (1887-1938) және әртүрлі жазылатын есімі нақтыланды, тарих беттері толықты. 

Сонымен, Жаһанша Досмұха­медов 1887 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысында (Орал уезі, Жымпиты) дүниеге келген, туған күнін оралдық тарихшы Дәметкен Сүлейменова маусымның 28-жұлдызы деп шамалайды және Мәскеуде тұтқындалып, сол жақта атылған Жаһаншаның сүйегін туған жеріне әкелуді армандайды.

Жаһанша алдымен Орал әскери реалдық училищесінде оқыған. Содан Мәскеу университетіне түсіп, 1910 жылы заңгер мамандығын алып шығады. 1914 жылы Том округтік сотында прокурордың орынбасары қызметін атқарған. Оралдық тарихшы әрі заңгер Равиль Мажитовтың зерттеуінде оның есімі 1915 жылғы «Памятная книга Томской губернии» атты кітапқа енгені айтылады.

Жаһанша 1917-1919 жылдар­дағы саяси оқиғалардың бел ор­та­сында жүріп, ерекше көзге түсті. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары, Уақытша үкіметтің Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы туралы заң жобасын дайындайтын Мемлекеттік кеңестің мүшесі болған. Облыстық және жалпы қазақ съездеріне қатысқан. Алашорда үкіметінің құрамына сайланған. 1918 жылдың көктемінде құрылып, күзінде таратылған «Уақытша Ойыл Уәлаятын» және оның орнына құрылған Алаш автономиясының батыс бөлімшесін басқарған. Боль-­ше­виктердің көсемдері В.И.Ленин­мен және И.В.Сталинмен қазақ автономиясы туралы келіссөздер жүргізген. Сондай-ақ, Ресейдің «Қылмыстық кодексін» 1000 данамен таралған «Жауыздық низамнамасы» деп қазақшаға аударған.

Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Ташкент, Қызылорда, Алматы қалаларында әртүрлі қызметтерді атқарған. 1930 жылы Мәскеуге ауысады. Сол жылдан бастап оған әртүрлі саяси айыптар тағылады. 1932 жылы Воронежге 5 жылға жер аударылады, содан соң қайта тұтқындалып, 1938 жылдың 3 тамызында атылған. Тек сталинизм жойылғаннан кейін 1958 жылдың 28 ақпанында ақталады.

Жаһаншаның жеке өміріне келсек, Әлихан, Мұстафамен тағдырлас, әйелі орыс болған. Ольга Константиновна Пушкарева екеуі Том қаласында танысып, мұсылмандық жолымен некелескен. Ольга қазақтың салт-дәстүріне мойынсұнып, Жаһаншаның елінде «Зайра» атаныпты, жұбайының ағайын-туысқандарымен байланысын үзбеген.

Орал қаласындағы «Жайық» баспасөз орталығында ұйым­дастырылған іс-шараға қатыс­қан Жаһаншаның бел немересі Бейсенғали Құлиясұлы Қуанышаев­тың айтуынша, әжесі Ольга өмірі­нің ақырына дейін Мәскеу қала­сында тұрған. Жаһаншаның арғы атасы Сұлтаннан Досмұхамед және Ізмұхамед, Досмұхамедтен Жаһанша, Ізмұхамедтен Хадис (1912 ж.т.) пен Құлияс (1914 ж.т.) тарайды екен. Жаһанша мен Ольгадан ұрпақ болмаған, олар кішкентайынан ағасының баласы Хадисті бауырына басқан. Ол анасымен бірге 1971 жылға дейін Мәскеу қаласында өмір сүрген. Ал, Ольга Константиновна 1986 жылы дүниеден озған.

Бұл мақалада Жаһаншаның Алаш қозғалысындағы күрескерлік қызметінің бір белесіне, яғни, 1918 жылғы «Уақытша Ойыл Уәлаяты» үкіметінің құрылуы мен Алаш автономиясының батыс бөлімшесін басқару кезеңіндегі қызметіне тоқталмақпыз.

Оралдық тарихшы Р.Мажитов Жаһанша Досмұхамедовтың қоғамдық-саяси қызметін шартты түрде 4 кезеңге бөліп қарастырады: 1) 1910-1914 жылдары – оқу-білім алған немесе дүниетанымының қалыптасу кезеңі; 2) 1917-1918 жылдары – Бүкілресейлік мұсыл­мандар қозғалысындағы қызметі; 3) 1918-1920 жылдары – Алашорда, Алаш автономиясының батыс бөлімшесіндегі қызметі; Кеңес үкіметімен келіссөздер жүргізген кезеңі; 4) 1920-1937 жылдар – Ташкенттегі оқу-ағартушылық қызметінен басталып, саяси қуғын-сүргін кезеңімен аяқталады.

Алаш тарихында 1917 жылғы жалпы қазақ съездерінен бөлек, 70-ке жуық облыстық, уездік және болыстық қазақ съездері шақырылғаны белгілі. Солардың қатарында Жымпиты, Қаратөбе, Ойыл, Оралда 6 рет облыстық қазақ съездері шақырылған.

«Біздің пікірімізше, – деп жазды белгілі алаштанушы Кеңес Нұрпейісов, Орал облыс­тық съезінің күн тәртібі басқалардыкінен айтарлықтай ерекшеленіп тұр. Онда көлем-деңгейі де, маңызы да әртүрлі, бір-бірімен тығыз байланысты үш мәселе жалпы мемлекеттік, ұлттық және аймақтық (жалпыресейлік, қазақстандық және оралдық) мәселе жеке-жеке жүйеленген. Мұның үстіне съезде талқыланған мәселелер оған қатысушыларға сол кезеңнің сан қилы оқиғаларын бағалауға ғана мүмкіндік беріп қоймаған, сонымен қатар келе­шекті болжауға да түрткі болған. Съезде қаралған мәселелер саны 23-ке жетіп, басқа съездердің күн тәртібінен әлдеқайда асып жығылды».

Бақытжан Қаратаевтың де­рек­терінде Жымпитыда өткен төртінші облыстық қазақ съе­зінде (18-21 мамыр, 1918 жыл) Ж.Досмұхамедов пен Х.Дос­мұхамедов большевиктердің саясатын қаралағаны, өйткені, Кеңес өкіметі дінге қарсы, қо­ғам­дық меншікті жақтайды, жекеменшікке қарсы, тонау мен талауға жол береді …мұның бәрі қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне қауіп төндіретінін негіздеп, съездің атына мынадай ұсыныстар жасағандары айтылады:

1) 1918 жылғы ақпан айында болған облыстық земуправаның жиылысында жасалған Орал каза­чествосымен одақтасу жөніндегі (Кеңес өкіметіне қарсы) келісім­шартты қағаз жүзінде, яғни, заңдық негізде дайындау;

2) Орал казачествосына заттай және қаржылай көмек беру. Әсіресе, оның әскерін ат-көлікпен, жылқымен қамтамасыз ету;

3) Қазақ офицерлерінің басшы­лығымен Уфадағы әскери үкіметке «Қырғыз (қазақ) милициясының» атын «Қазақ халық армиясы» деп өзгерту мақсатында жіберілетін адамдарды белгілеу;

4) Жымпитыдан 6 айлық юнкерлік қысқа курс ашу. Төменгі команданың құрамын даярлау үшін сауатты қазақ жастарын (2 кластық білімі бар гимназистер мен реалистер, мектеп мұғалімдері) және оларды әскер ісіне үйретуге Орал казачествосынан әскери мамандарды шақыру;

5) Орал облысындағы қазақ­тарды «Ойыл Уалаяты» деген атпен ерекше облысқа бөлу …оның құрамына 5 уезд – бұрынғы Орал уезінің орнына Шыңғырлау уезі, Лбішін орнына – Жымпиты уезі, Гурьевтің орнына – Сағыз уезі, Темір және Ойыл уездерін кіргізу;

6) Қазақ халық милициясын қару-жарақпен Орал (казачествосы) әскери үкіметі қамтамасыз етсін».

Халел мен Жаhанша Досмұ­хамедовтер айқындаған бұл бағыт­ты съезд делегаттары толығымен қолдаған. Съезде енді ғана құрылған «Ойыл Уалаяты» үкіметінің ұсынысымен Х.Досмұхамедов телеграф арқылы сол күндері өтіп жатқан Орал әскери үкіметі мен казачествосының съезіне облыстық қазақ съезінің шешімдеріндегі «Қазақ казак-орыстар қазірден бастап Кеңес өкіметіне қарсы күш біріктіріп, соңғы адамы қалғанша күресетінін» жеткізеді.

Батыс алашордашылар казак-орыстармен одақты сақтап қалу­дың бір жолы әскери ке­лісімшарттар жасау деген тоқтамға келді. «Орал облысынан алынған соңғы хабарларға қарағанда Жаhанша hәм Халел Досмұхамедовтер Кіндік Совет хүкіметімен сөйлескен кезде, облыстағы көршілес атты казактардың большевиктерге қарсылығы, облыстық қазақ съезіндегі жұрттың беті Советке бағынбауға ауған тұста, олар іс бағытын басқа жаққа бұрды. Орал, Ілбішін, Гурьев – үш уезден Ойыл хүкіметін жасаған… Земство бұрынғы қалпынша өз қызметінде, оның ісіне үкімет қол сұқпайды. Ойыл үкіметінен Орынбор атты казак үкіметіне елші болған облыстық земство мүшесі А.Несіпбаев 17 шілдеде Орынборға келіп, мұнда Орынбор атты казактарымен саяси байланыс жағын кеңесуден тыс ғаскер үшін қару – құрал табу жайын да кеңеспек» еді. Осы ретте Ресейдегі 11 атты казак әскерінің төртеуі қазақ жерінде болғаны, оның екеуі (Орынбор, Орал) еліміздің батыс аймағында топтастырылғанын айта кеткен жөн.

Енді осындай жағдайдағы өңірде 1917 жылы жойылған Уақытша үкіметтің облыстық және уездік комиссарларының орнына «Уақытша Ойыл Уалаяты» үкіметінің билігі жүретін болды.

Земствоға байланысты Ә.Бөкей­ханов тарапынан берілген сауал­ға Ж.Досмұхамедов «Ойыл Уалая­тындағы земстволық мекемелердің қызметі Уақытша үкіметтің 1917 жылғы Сібір мен Далалық облыстарда земстволық өзін-өзі басқару туралы заңның негізінде жүргізіліп отырғандығын айта келіп, «Ойыл Уалаяты» үкіметінің әскер жасақтау және басқа да жұмыстарды ұйымдастыру туралы шешімін земствоға тапсыруы – үкіметтің земство істеріне араласуына жатпайтындығын» алға тартады. Бұдан шығатын қорытынды – «Уақытша Ойыл Уалаяты» үкіметінің облыстық земство істеріне араласпай, жалпымемлекеттік, аймақтық және ұлттық мәселелерді өздері дербес шешуге тырысқан, ешкімге тәуелсіз әрекеттер жасап, ұлттық мүддеге сәйкес оң шешімдерге қол жеткізген.

Жымпитыда болған облыстық қазақ сьезінде құрылған «Уақытша Ойыл Уалаяты хүкіметінің» құрамында Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, Құрманғалиев, Жанқожа Мергенов, Садық Ома­ров, Сейдолла Ишан, Иса Көпжасаров, Е.Балтановтар бол­ды. «Хүкімет жәмиғаты базарда тұрады. Инструкторлар шығаратын школы, жігіт үйрететін офицерлері бар. Осы күні бірсыпыра жігіт атты милиция ойынын үйренуге талпынған».

Жаһаншаның Алаш әскерін ұйымдастырудағы рөлі туралы мынадай мәліметтер бар: «…Халел мен Жаhанша Досмұхамедовтер мен олардың әскери мамандары соғыс жағдайында өздерінің әскери юнкерлік школдарын ұйымдастырды. Юнкерлерді Кеңес өкіметіне қарсы бағытта тәрбиелеу ісін ахун Нұрпейісов жүргізсе, әскери өнер ісіне капитан Кренков басшылық жасады. Жиналыста Халел Досмұхамедов Жаhаншаны «Ойыл Уалаятының ханы» етіп сайлады. Еуропаша айтқанда, Премьер-министр және Әскери министр қызметіне сайланды. Осы жиналыста ол Діни басқарма құрып, оның басына Хаирша Ахметжановты қойды. Діни адамдардың ықпалымен оның мемлекеттік жалауындағы Мұхамед пайғамбардың жасыл түсті, жарты аймен безендірілген белгісі – көп нәрседен хабар береді. Онда діни символ ретінде жазылған «Құдай біреу, Мұхаммед – оның өкілі» деген жазу бар. Бұл жалау Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің архивінде сақталған. Осылайша Ойылда діни, ұлттық әрі хандық идеологияны білдіретін ерекше мемлекеттік бірлестік пайда болған.

Төртінші Орал облыстық қазақ съезінің қаулыларының 4-тармағында: «Орал облысы Орал ұлысы аталсын. 7 кісіден хүкімет құрып, әзірге штат болсын. Орал ұлысы «Алашорданың» уақытша бір бөлімі болып, Алаш автономиясы жарияланып, билік түрін белгілеп, аяқ басқан соң, бар хәкімшілікті «Алашордаға» тапсырсын» деп жазылған. Қаулының соңында басқармадан: «Орал облысындағы бауырларымыздың саяси басшы­лыққа жетіп, ат төбеліндей жерде хүкіметті ел болғандарына қуаныштымыз. Алашорданың үстіндегі ауыр жүктен бөлісіп алғаны жақсы ғой. Бірақ, жалпы Руссия Құрылтайын сылтау қылған ауруға шалдығып (Орал хүкіметі балығы болмаса, бақасынан деп) ала қойды бөле қырқып жүрмесе жарар еді» деген ескертпесі бар. Орталық Алашорданың мұндай ескертпесі заңды болатын. Себебі, дәл осындай тарихи кезеңде ел ішінен бөлініп жеке үкімет құрудан гөрі мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мен ынтымағы жарасқан мықты үкімет керек еді.

Құрамында 7 адамы бар Ж.Дос­мұхамедов бастаған «Уақытша Ойыл Уалаяты» үкіметін 1918 жылдың 22 мамырында өткен Орал казачествосының төтенше әскери съезі қуанышпен қарсы алды. Әсіресе, олардың большевиктермен ашық күресу керек деген шешімі қолдау тапты. Тіпті, «Ойыл Уалаятына» арнайы өкілдер жіберілген. Алайда, съезд Алашорда үкіметінің көр­шілес казактардың жергілікті халыққа қарсы бағытталған зор­лық-зомбылықтарын тоқтату туралы өтінішіне «жағдайға қарай көреміз» деген екіұшты жауап болғаны тағы бар.

Ж.Досмұхамедов 1918 жылғы 22 шілдеде Комучке жолдаған хабарламасында батыс өңірінің тыныштығын сақтау үшін құрыл­ған «Уақытша Ойыл Уалаяты» үкіметінің билігін Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін тәуелсіз» деп жариялайды. Алайда, Орал әскери үкіметі, Уақытша Сібір үкіметі, Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінен, тіпті, Орталық Алашордадан да қолдау таппаған «Уақытша Ойыл Уалаяты» үкіметі Уфа Мемлекеттік Кеңесі кезінде (1918 ж. қыркүйек) Ә.Бөкейхановтың басшылығымен өткен Алашорданың төтенше мәжілісінде (1918 ж. 11 қыркүйек) өз жұмысын тоқтатты.

Осы мәжілісте Алаш аумағын­дағы жергілікті басқару органда­ры туралы мәселе арнайы талқы­ланады. Оған Алашорданың мүшелері Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, А.Бірімжанов, А.Ермеков, У.Танашев, М.Тыныш­баев қатысты. Нәтижесінде, Алашорда үкіметі Алаш аумағындағы бірден-бір басқару органы деп жарияланды. Жергілікті өзін-өзі басқару Уақытша үкіметтің 1917 жылғы заңы мен Алашорда комиссарларының шешімі негізінде земстволық және қалалық өзін-өзі басқару органдары арқылы құрылатын болды. Мәжілісте Алаш автономиясының батыс аймағындағы «соғыс жағдайы мен қатынас жолдарының нашарлығы» ескеріліп, заңға сәйкес Бөкей Ордасын, Ойыл Уалаятын, Закаспий облысына қарасты Маңғышлақ уезін және Торғай облысындағы Ақтөбе мен Ырғыз уездерін бас­қару үшін Алашорданың батыс бөлімі құрылады. Оның құрамына Бөкей Ордасы, Орал және Торғай облыстарынан сайланған Құрылтай жиналысының 4 мүшесі, атап айтқанда, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, Б.Құлманов және И.Тұрмұхамедов енді.

Бұл үкіметті басқару ісі Жаhанша Досмұхамедовке тапсырылады. «Уақытша Ойыл Уалаяты» үкіметінен Алашорданың батыс бөлімінің ерекшелігі – оның Алашорда үкіметінің шешімі негізінде құрылып, өзінің дербес билігін ұланғайыр аумаққа жүргізуі еді. Мұның өзі – екінші жалпы қазақ съезінің ұлттық-территориялық автономия құру туралы шешімінің Батыс Қазақстан облысында іске асуының нақты айғағы болды.

Тұжырымдай келгенде, 1918 жылдың мамыр-қыркүйек айларында өмір сүрген «Уақытша Ойыл Уалаяты» үкіметінің орнына Әлихан Бөкейхановтың бастамасымен 1918 жылдың 11 қыркүйегінде Алаш автономиясының батыс бөлімшесі құрылды. Оны Жаһанша Досмұхамедов басқарды. Оралдық тарихшы Р.Мажитовтың айтуынша, бұл мемлекеттік құрылымның мөрі сақталған. Дөңгелек пішіндес мөрдің ортасында АЛАШОРДА, оны айнала қоршаған тұсында Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару бөлімшесі (орыс тіліндегі түпнұсқада «отделение по управлению западной частью автономии Алаш») деп жазылған. Сондай-ақ, Алашорданың жалауындағы төте жазумен берілген «Жасасын, Алаш автономиясы» деген жазулар – 1917 жылдың 13 желтоқсанында жарияланған Алаш автономиясын басқаратын Алашорда үкіметінің біртұтастығын айғақтайтын мемлекеттік нышандар деуге негіз болады.

Күлпаш ІЛИЯСОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

29 қараша 2012 Астана ақшамы

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?