Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тайлақ батыр

Тайлақ батыр - e-history.kz
Аты Тайлақ батыр
Кіші жүздің Тайлақ батыр мен Әбілқайыр ханның інісі Бұлғайыр сұлтан ұлт азаттық соғысты жүргізген... «Тайлақ батыр кім, қай ұрпақтардан тараған?» деген сұрақтар туады.

10.04.15

Батырдың аты тарлықта емес, жоқтықта, тыныштықта емес қорлықта, саябырлықта емес соғыста шығатыны тарихымыздан белгілі. Халқымыздың ең елеулі тұлғаларының бірі, аты кең даламызға аңыз болып тараған, талай ала қырғын соғыстан абыроймен шыққан, жан қысылып, халқымыз қызыл қанға боялған кезде Кіші жүз сарбаздарының қолбасшысы болған Тайлақ батырдың қазақтың тарихының төрінен ерекше орын алатын реті бар. 

1715 жылдан бастап 1726 жылға дейін созылған жоңғар қонтайшыларының елімізге, халқымызға салған ойран-қырғынының ортасында шыңдалған Тайлақ батыр халқымыздың арқа сүйер арысына айналды. Тайлақ батырдың жас кезінен Әбілқайыр сұлтанмен бірге өскені, бірге шыңдалғаны, дос болғаны, той-думанда да, жорықтарда да қатар жүргені, ерлігі мен адамгершілігі туралы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында кеңінен жазылған. 

Жері мен халқын ардақтай білетін, елі үшін жанын пида ететін жандардың арасынан шыңдалып шыққан Тайлақ, «Ақтабан шұбырынды» аталып кеткен қазақтың басына түскен ауыр заманда құдіреті күшті қолбасшыға айналды. Білегі қару көтеретін жастан бастап, жасы алпыстан асқан ел ағаларына дейін қолдарына семсер мен найзасын ұстап жоңғар қонтайшыларына қарсы шыққанын ел біледі. Бұл қырғын соңғы 300 жылда өткен соғыс өртінің ең алапаты, ең жауызы, ең қиыны еді, қазақ халқы жоқ болып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Тарихшылардың айтуынша, жерде, суда қанға боялып, өлік жатпаған бұта болмаған сияқты. Қанша жігерлі халық болғанмен ұйымдастыратын басшы болмаса, бастайтын қолбасшы болмаса, қалың әскер де қауқарсыз болатыны белгілі. Осындай қысылған заманда Кіші жүзге басшы болып, барлық тайпаны біріктіріп алға жетелеген Әбілқайыр хан десек, осы халықтың әскеріне бас қолбасшылық жасап жеңіске жетуге бар күшін салған, ақыл, айласымен басқарған Тайлақ батыр болды. Талай қазақтың шаңырағы ортасына түсіп, кейбір тұқымдар түп-тамырымен жоқ болып кеткен дәуірді толығынан зерттеп бағасын берген қазақтың маңдай алды тарихшыларының бірі — Мұхамеджан Тынышпаев болатын. Ол өзінің «Ақтабан шұбырынды» кітабында осы қырғынға баға беріп, көп оқиғаларды зерттеп кітапқа енгізген. Шығарманың 139-бетінде қырғынның бір көрінісін былай суреттейді: «... Джомарт батыр, обычно зимовал возле гор Улькен — тура и Кши — тура по р. Боролдаю (по левой стороне; между обоими «тура» в местности Теректы в речку Теректы впадает ручеек, называемый ныне «Садыр калмаган булак», т. е. ручеек, у которого застряли, т. е. окружены и перебиты садыры. В 1723 году здесь как раз и зимовал Джомарт батыр со своими 9 сыновьями... Все откочевали, и один Джомарт с сыновьями не тронулся с места и чуть ли не на другой день подвергся внезапному нападению калмыков. Нападение было, по-видимому, так неожиданно, что не оказалось наготове верховых лошадей (кастрированные могут переносит передвижения лишь дней 5-7) Очевидно, Джомарт со всеми домочадцами бежал вверх по ручейку и остановился у вертикальных стен гигантских скал Улькен-тура, где все и были перебиты. Предание говорит, что молодая женщина, жена одного из сыновей Джомарта, поспешна оставила в юрте двадцатипятидневного сына, закрыла его котлом, а сама спряталась в густых зарослях кустарника и камыша; только они и уцелели и в тот же день были увезены родственником Куат батыром, рискнувшим разведать о судьбе аула Джомарта». 

Жомарт батырдың аулында болған оқиға, қазақтың барлық аулын шарпыды, жоңғарлар жолындағы қазақ елін түгел қырды. Ал Жомарт батырдың аулын мысалға алып отырған себебіміз, бұл Тайлақ батырдың қайын жұрты болатын. Аждаһадай аузын ашқан жау ешкімді аямады, Жетірудың арқа сүйер байы, биі, ақсақалы Тайлақтың әкесінің аулын қырғынға ұшыратып, өзін найзаға шаншып кетті. Бұның бәрін көзімен көрген Тайлақ, қасындағы Әбілқайыр досымен екеуі әкені жерлеп күңіренгеннен басқа ештеңе жасай алмады. Міне, осыдан бастап әр елге жаушы кетті, әр биік төбенің басына от жағылды, әр ру өздерінің батырлары бастаған қолдарын Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қасына топтастырды. Хан сарайының маңында ел болып ақылдасып, бүкіл 29 рулы кіші жүздің атынан бас әскер басы болып Тайлақ батыр сайланды. Тайлақтың аты сол күндердің өзінде қазақ даласына аңыз болып кеткенін Әнуар Әлімжановтың «Жаушы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабынан анық білуге болады. 

Қасірет төнген заманда батырлардың аты билерден жоғары сатыға көтерілгені белгілі, тіпті хандардың өздері атақты батырларға жол берген. Тарихтан белгілі, халық сарбаздары батырлардың жанына топталды, солардан үміт күтті. Табындарды бастаған Бөкенбай батыр, тамаларды бастаған Есет батыр, Жағалбайлыларды бастаған Сәрке батыр, жалпы Жетірудың барлық батырлары Тайлақ батырдың арқа сүйер күші болатын. Батырлығымен қолбасшыға сай ақылы, алғырлығы Тайлақтың басқа ру басшыларының алдында абыройы мықты екенін көрсетті, сендірді. Кіші жүздің әскері жоңғар мен Еділ бойының қалмақтары қосылып кетсе, қазақтың шырылдаған жаны шегіне жететінін білді, тез қимылдап бар күшін алға салып Жем, Елек, Қобда бойын қалмақтардан босатып, Жайықтың екінші бетіне қуып шықты. Әбілқайыр ханның басшылығымен бұл шабуылдарда жүрген қазақ әскерінің қолбасшысы Тайлақ батыр болатын. М. Тынышпаев «Ақтабан шұбырынды» кітабының 144-бетінде былай деп баяндайды: «... Младшая Орда с честью три года воевала с калмыками, пока Тайлак-батыр (из Младшой Орды) с племянником Саурык батыром (Большая Орда, ошакты, род тас-журек) на берегах p. p. Буланты и Буленты (Юго-восточный угол Иргизск. уезда) и в местности Кара-Сиыр нанес калмыкам полное поражение; отсюда и место разгрома калмыков до сих пор известно под именем «Калмак-крылган» — место гибели калмыков. Весть об этой блистательной победе моментально распространилась по степи, подняла упавший национальный дух и вызвала всеобщий энтузиазм и горячее желание отомстить врагу. На горячий взаимный призыв сбросить неверных калмыков, на отчаянную борьбу не на жизнь, а на смерть откликнулись сыны трех Алаша, затренировали лучших скакунов, перетянули султаном их челки, заплели в косички гривы, туго перетянули хвосты и с пиками, с айбалтами, с луками ринулись со всех концов степи, ведя победоносное наступления». 

Қолжазбаларды дәл түсіну үшін сол күйінде беріп отырмын. Тайлақ батырдың үш жүздің жайсаңдарының Ұлы таудың басына жиналмастан бұрын Кіші жүз әскерінің басшысы болғанын, сол жүрген жерде жеңістің туы тігілгенін аңғарып отырмыз. Бұған қосымша Ұлы жүздің атақты батыры, «Аңырақай» соғысында Ұлы жүз әскерінің қолбасшысы болған Саурық батыр мен Тайлақ батыр нағашылы-жиенді екені анықталды. Халық аузында Саурық Тайлаққа жиен екен деген әңгіме бар. Сол дұрыс па деп ойлаймын. Бұл жаудың бетін ойсырата қайтарған шайқас 1724-1726 жылдары болғанын қай тарихты ашсаң да сайрап тұр. Даланы жаңғыртқан шулы хабарды алысымен Ұлы жүзді Саурық батыр барып көтерді, Орта жүзді атағы белгілі қанжығалы Бөгенбай батыр топтастырды, ал Тайлақ батыр кіші жүзден қол жинап дайындыққа кірісті. Қазаққа дабыл қағылып, қару көтеретін ер адамның барлығы Ұлы таудың баурайына жиналды. Жан қиналғанда қазанның пұшпағына таласпай сұлтандар мен билер, тіпті тудың тұтқасын да мен ұстаймын деп дыбыс шығармады. Ұлы жүз қолының бас сардары Саурық батыр, Орта жүз қолының бас сардары қанжығалы Бөгенбай, Кіші жүз қолының бас сардары Тайлақ батыр ортаға шығып: «Ағайынның аманатын жерге қалдырсам, тұқым-теберіммен, әулет-зәузатыммен құрып кетейін. Арым — алашқа, қаным — қазаққа!» — деп ант су ішті, Құран ұстап ант берісті. Барлық қазақ қауымына басшы болып Кіші жүздің ханы Әбілқайыр сайланды. 

Кіші жүз ханы Әбілқайыр орыс патшасының елшісі шығуына байланысты өз ордасын Ырғыз өзенінің маңындағы Майтөбе деген жерге орналастырды, Жетірудың мықтыларын қасына топтастырды. Ал жоңғарлар өз жөніне кете қоймады, басқалары тарқағанмен Кіші жүздің Тайлақ батыр мен Әбілқайыр ханның інісі Бұлғайыр сұлтан бастаған 70 000 қолы ұлт азаттық соғысты әрі жалғастырды. «Тайлақ батыр кім, қай ұрпақтардан тараған?» деген сұрақтар туады. 

Қазағымыздың түп қабырғасы, шежіреге үңілейік. Жетіру шежіресінде былай көрсетілген: «Тайлақ — аты алты алашқа белгілі, Кіші жүздің төбе биі Шеген бидің төртінші ұрпағы. Аты аңызға айналып, бүкіл Жалпақ Жағалбайлы еліне ұран болған Малатау батырдың немересі — Тайлақ батыр». Мырзабай Жақсылықовтың «Жағалбайлы шежіресі» кітабының 57-бетінде Тайлақ батырдың әкесінің азан шақырып қойған аты Мамыр деп көрсетілген. Сонда Тайлақ Мамырұлы болып шығады. Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 8-томының 177-бетінде Тайлақ Мәтіұлы деп жазылған. Мамыр бабамыз Шеген би сияқты қазақтың атақты сұңқарының шөбересі екенін ескерсек, жастайынан тәрбие алып, білімнің ордасында өскен Мамыр бабамыздың билік құрып, Мәті би атануына шек келтіруге болмайды. Батырдың өмірден өткен жылы туралы дәл дерек жоқ. Ұрпақтары құлпытасын тауып, зерттеуге беріп жатыр. 

Тайлақ батырдың жоңғарлармен соғыстан кейінгі өмірі туралы да толық мәлімет жоқ. Халық аузынан бізге жеткен аңыз әңгімелердің шындыққа ұласатын бір нұсқасы мынау: «Жауды өкшелеп қуған Тайлақ батыр жоңғарлардың әбден тықырына жеткен болу керек, жекпе-жекте жеңе алмай, талай батырларынан айырылған жоңғар қонтайшылары Тайлақ батырдың басына бәс тігіп, аңдығанға ұқсайды. 

Бір ыңғайы келгенде аз әскермен қалған Тайлақ батырды көп адаммен қоршаған жоңғарлар батырдың көзін жоюдың амалын жасап бағады. Бұл амалдары толық іске аспағанмен, жараланған батырды қазақ сарбаздары кейін алып шығып, еліне жеткізген екен». Міне, осыдан болу керек, Әбілқайыр хан орыс патшасымен бірнеше рет шартқа отырғанда бірде-бір құжатта ханның ең жақын досы, елдің маңдайына біткен атақты батыры Тайлақ жоқ. Одан соң болған қалмақтармен, орыс-казактармен және басқаларымен соғыстарда да Тайлақтың болмауы айтылған аңыз әңгіменің дұрыстығын дәлелдейтін сияқты. 

Еліміздің іргесі сөгілмеуіне бар өмірін қиған, аяғынан тұрғаннан, көзін жұмғанша халқымыздың бостандығы үшін, қазақтың жоқ болып кетпеуі үшін соғыс өртінің ортасында жүрген Тайлақ бабамыз Батыс Қазақстан облысының, Сырым ауданына қарасты Жамбыл аулының жанында ескі қорымда бір төбешік болып жатыр. Қасында сынып жатқан құлпытасына қарап, асыл ұрпақтарына: «Мен мұнда жатып сендердің тілегіңді тілеймін, ендігісін өздерің біліңдер» деп жатыр-ау деген ойға кетесің.

Баянғали Құлтаев — өлкетанушы, тарихшы, мемлекет қайраткері, Ақтөбе облысы бойынша Жағалбайлы шежіреші

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?