Тәттімбет Қазанғапұлы
Аты | Тәттімбет Қазанғапұлы |
Адам баласының тағдыры әрқалай. Табиғат берген өнер бойына қанша күш-қуат құйса да, Сегіз серінің, Құрманғазының, Біржан салдың, Ақан серінің, Жаяу Мұсаның өмірлерінің оншама бақытты болмағанын білеміз. Олар өз ортасына сыймай, азулылармен, қиянатшыл адамдармен алысып өтті. Ал қазақ халқының күй өнерінде айрықша орын алатын Дәулеткерей мен Тәттімбет тағдыры мүлде бөлек. Екеуі де ауқатты отбасында тәрбиеленген, ешкімнен қиянат-зорлық көрмеген. Бірақ жүректі тербейтін, көңілді оятатын саз ешуақытта тоқмейілсуден, жайбарақат жағдайдан тумайды. Өнер адамының ойын шайқайтын, сезімін қозғайтын құбылыстар өмірде көп.
Қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы аймағында туып-өскен Тәттімбеттің айналасы тамаша табиғат — Арқаның мөлдір сулы, шалғынды жайлауы еді. Той жасап, ат шаптырып, балуан күрестіріп, қазы-қартаға, қымызға қарық болып жатқан елде ержетті Тәттімбет.
Құдай берген дарынның арқасында Тәттімбет ауыл ішіндегі күйшілерден тәлім-тәрбие алып, өзі де өрен жүйрікке айналады. Жиын-тойлардың гүлі — әсем жігіт, қыз-қырқындардың ішінде күйшілік өнерін таныта бастайды. Бір домбырашы қызбен жарсқанда 39 күй орындаса да жеңілмеген қызды бір аяғын шешіп тастап, қырқыншы күйді башпайымен тартып сүріндірген екен дейді. Ол кездегі салт бойынша, қыз бала аяқ киімін шешіп, башпайларын көрсете алмай, жеңіледі. Осындай ойын-сауықтарда кездескен қыздардың өнеріне, сұлулығына қызығып, көңілі шалқыған Тәттімбет «Былқылдақ», «Сылқылдақ» деген тамаша күйлер шығарған.
Өнерлі жігітті ел басқарушылар үлкен жиындарға, ас, тойларға ертіп баратын еді. Омбының генерал-губернаторы қатысқан арқадағы үлкен бас қосуда өнерпаз жігіт күй тартып, боз жорға атын билеткен деген аңыз бар. Ол осындай өнерінің арқасында үлкен делегациямен бірге Ресей мемлекетінің астанасы — Cанкт- Петербургке де саяхат шеккен.
Ел ішіндегі жайбарақат күндер артта қалып, аспанды бұлт қаптай бастайды. Ресей отаршылары бірте-бірте ішке кіріп, қазақтың шұрайлы жерлерін, өзен, торғайларын иеленуге кіріседі. Еліміздің ең сұлу өлкелерінің бірі — Қарқаралы маңайына отаршылдар қаптап келе бастайды. Орыстар өзен-бұлақ бойларына үйлерін салып, бекет орнатып, жайлауларға картоп егеді. Осының бәріне, өмір құбылыстарына ойлы көзбен қарайтын, елі мен жерінің келешегін болжағанда жүрегі сыздайтын Тәттімбет «Көкейкесті», «Сарыжайлау» күйлерін шығарған. Мәңгі өлмейтін бұл күйлерде өмірдің өткінші, өкінішті екені айтылады.
Тәттімбет туралы тамаша әңгіме жазған Тәкен Әлімқұлов: «Өмірдің барлық қызығын Сарыжайлау арқылы танып, сол жайлауға шексіз шаттанған, шаттық арқылы жапа шеккен, қуанышы мен өкініші аралас жат лебіз! Шалқыған жаздың, салтанатты жайлаудың дерегін жартастан сұраған ащы әуен! Өмірдің өзі жайлаудай түлеп, алмасып, өзгеріп тұратынын анық пайымдаған түйсікшіл пенденің шын сыры. Сарыжаздың, Сарыжайлаудың шежіресі!» — дейді.
Тәттімбет күйлері қазақ операсының інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібекте», «Абайда», симфониялық шығармаларда, оркестрлердің орындауларында халық жүрегінде мәңғі сақталып келеді.