Бөкей хан
Аты | Бөкей хан |
Олардың қатарында Бөкей Ордасының негізін қалаушы — Бөкей Нұралыұлының (1748/1749 — 1815 жж.) орны ерекше. Ол — Кіші жүз ханы Нұралының төртінші ұлы, Әбілқайыр ханның немересі.
Бөкей Нұралыұлы туралы алғашқы деректер ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысындағы құжаттарда кездеседі. Бұл әрине аталмыш тұлғаның ақсүйектер тұқымынан шығуымен, сондай-ақ хан Нұралы Әбілқайырұлының ұлы болуымен-де байланысты еді. Ал ХҮІІІ ғасырдың 90 жылдарындағы мұрағат құжаттарынан Бөкей сұлтанның тұлға ретінде қалыптаса бастағандығын байқаймыз. Мәселен, 1797 жылы наурыз айындағы мұрағат құжаттарында хан Есім Нұралыұлының өлімінен соң Сырым Датұлын қолға түсіру үшін шыққан полковник Скворкинге Бөкей Нұралыұлы қарамағындағы байбақты, алаша, беріш, тана, шеркеш, ысық және өзге-де рулардан жиналған 800 адамымен ерген делінеді.
1797 жылы қазанда Айшуақ сұлтан хандық таққа отырып, ал Бөкей Нұралыұлы Хан Кеңесі төрағалығына бекітілді. Бұл оның беділінің артуына, қазақ даласындағы саяси тұлғалар қатарына қосылуына әкеліп соқты. Алайда осы кезеңде Нұралы ұрпақтарының барлығы бірдей Бөкей сұлтанды қолдай қоймады. Бұл ел ішіндегі жағдайға және, ақсүйек өкілдерінің жеке бас мүддесімен-де тығыз байланысты еді.
ХІХ ғасыр басында Бөкей сұлтан Еділ-Жайық аралығын иелену мүмкіндігі пайда болғандығын есепке алып, бар күшті патша үкіметімен келісімге жұмсады. І Павелдің 1798 жылғы 23 тамыздағы Нарын құмында көшіп-қону рұқсатын қанағаттандыру туралы жарлығын заңдастыруға, не болғанда да қазақ руларын өзі бастап көшуге әрекет жасады. Осылайша 1801 жылдың 11 наурызында Бөкей сұлтан патша үкіметінің рұқсатына ие болды.
Бөкей сұлтанның көшуі, еліміздің, Ішкі Орда тарихының, Еділ-Жайықты қайтару тарихының бетбұрысты кезеңі деуімізге болады. Бұл мәселе орыс, кеңестік тарихнамада, бүгінгі тәуелсіздік даму барысымызда да жан-жақты талқыға түсіп, түрліше қорытулар жасалды. Қазақтардың Бөкеймен бірге көшуін елдегі алауыздықпен байланыстырған Л.Мейер, М. А. Терентьевтер, патша үкіметінің отарлау саясатын алға тартып, соның жолында жасалған қадам екендігін дәлелдеген В. Ф. Шахматов, С. З. Зиманов, Ж.Қ. Қасымбаевтар, ішкі-сыртқы саяси жағдайды есепке алып, Ресейдің геосаяси қадамдарының жүзеге асырылуымен заң жүзіне асқандығын И. В. Ерофеева сынды ғалымдардың пікірлерімен ерекшеленеді. Сонымен қатар бүгінгі таңда Бөкей Ордасының құрылуын еш дәйексіз Наполеон Бонапарттың саяси жоспарымен байланыстыратын көзқарастар да жоқ емес. Алайда бұл арада Еділ-Жайық аралығының қазақтардың ата-мекені болғандығын, төл халқымыздың атақонысына ұмтылғандығын ескеруіміз керек. Осы орайда «Қазақтар Жайық өзенінен әрі қарайғы жерді өз жері деп есептейді» деген ХІХ ғасырдың белгісіз авторының сөзі сол кезеңдегі Кіші жүз руларының сан ғасырлық күрес себебін дәлелдей түседі. Кейінгі зерттеулер де Ресей империясының осы тарихи фактормен санасуға мәжбүр болғандығын, бірақ қазақтардың ұзақ жылғы қанды күрестерін мойындай отырып, оны өз мүддесіне айналдырған сыңай танытқанын дәлелдей түседі.
Сонымен Бөкей сұлтан Кіші жүз ханы Айшуақтың Хан кеңесі төрағасы бола жүріп, елімен, мал-жанымен Жайықтың арғы-бетіне көшеді. Бірнеше айға созылған тыңғылықты дайындығынан соң сұлтан 1801 жылы 20 желтоқсанда негізінен өз туысқандарынан тұратын 183 шаңырақты ішкі тарапқа бастап өтеді. Зерттеуші И. А. Бирюковтың келтірген мәліметі бойынша осы көште 740 адам, 1366 ірі қара, 24-түйе, 3300 жылқы, 1250 қой есепке алынған. Демек, әр шаңыраққа 82, әр жан басына 8 бас малдан келген. Ізінше Кіші жүз қазақтарының өзге-де шаңырақтары Қосөзен аралығына ат басын бұрған. Бөкей сұлтанды ашық қолдаған алғашқы көшіп келушілер арасында бұрынғы Кіші жүз ханы Есім Нұралыұлының Сары, Ниетәлі, Айдыңғали атты ұлдары, сұлтан Шығай Нұралыұлы секілді беделді тұлғалар кездеседі. Олардың барлығы да өз жанұяларымен, дүние-мүліктерімен көшіп келген. Ал 1802 жылы шеркеш руының старшыны Бекмұхаммед Тұрмамбетов өзіне қарасты шаңырақтарды Жайық өзенінің оң жақ бетіне өткізген. Аталмыш старшынмен бірге туған інілері Жақып пен Бекболат та өз жанұяларымен ішкі бетке тұрақтаған. 1801–1803 жылдары Самар даласында қоныстанғандар арасынан беріш руының старшыны Жүзбатыр, ноғай руының старшындары Мәмбетқазы мен Кенжәлі Құрманқожаевтарды кездестіреміз.
Тағы бір айта кететін жайт, орыс зерттеушісі И. А. Бирюков белгілі батыр Сырым Датұлының ішкі тарапқа көшу үрдісіне ат салысқанын нақтылап өтті. Автор өз еңбегінде Астрахань казак әскерінің басшысы П. С. Поповтың 1801 жылы 5 қыркүйекте Сырымға бірінші хатын жолдағандығы жөнінде мәлімет келтіреді. П. С. Попов батырға дұрыс қабылдаған шешімі үшін алғысын білдіріп, ішкі тарапқа асығуын өтінген және осы ұсынысын былайша жеткізген: «Өзіңізді сыйлағандықтан, әрі жақын серігім санағандықтан сізге Жайықтың оң жақ бетіне бірінші болып қадам жасауға, өзгелерге үлгі көрсетуге кеңес беремін. Ең болмаса басқалардан бір күн бұрын өз ұлысыңызбен, жанұяңызбен ішкі бетке көш түзеңіз. Осы ерлігіңізден соң мен сіздің Орданың алғашқы дворяны атануыңызға міндетті түрде жағдай жасаймын және қызметіңізге сай қажетті шенді иеленуіңізге мүмкіндік туғызамын». Одан әрі қарай И. А. Бирюковтың мәліметтеріне сүйенсек, 1801 жылдың 28 қыркүйегінде жолдаған екінші хатында П. С. Попов Сырымның жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде еткен. Ақыр соңында зерттеуші Сырым Датұлы Бөкеймен бірге өтті деген анық қорытындыға келеді. Ал орыс шенеунігі А.Евреинов Бөкей ұсынысының жүзеге асуына Сырым батыр көмекке келді, «батырдың тілегі мен сөздері қазақтарға күшті әсер етті» деп толықтыра түседі.
Патша жарлығында Бөкей қарамағы болып Еділ-Жайық арасындағы дала, яғни солтүстікте Қара, Сары өзендерден, оңтүстікте Каспий жағалауына дейінгі жайлау көрсетілді. Ішкі бетке өткен қазақтарға Еділ-Жайық аралығындағы жайылым жақсы таныс болатын. 1801 жылға дейін талас-тартыспен оны тек қана қыс мезгілінде ғана пайдаланса, енді жылдың төрт мезгілі жайлайтын болды. Ал Жайықтың дала бетіндегі қазақтар Нарын құмын қыс мезгілінде пайдалануын жалғастыра берді. Оларды реттеу Хан кеңесі төрағасы Бөкейге жүктелді.
Сөйтіп Кіші жүз қазақтары ата қонысқа ие болғанымен, екіге бөлінді. Олардың ортасына Жайық казак-орыстары мен орыс ауылдары, шекаралық әскерлер қалды. Біздіңше, патша үкіметі қазақтарды көшіруді жүзеге асыра отырып, бұл қадамды отарлаудың бірден-бір тиімді жолы ретінде пайдаланды. Ішкі бетке көшумен Кіші жүз қазақтарының тұрмыс-тіршілігінің барлық мәселесі шешіле қалды деу қиын. Өйткені патша үкіметінің бір атадан тараған, ағайындыларды араздастыруы салдарынан елде халық толқуы орын алды. Мәселен, 1804 жылы 22 наурызда Орынбор генерал-губернаторыГ. С. Волконский Сыртқы істер министрі А. А. Чарторыйскийге жолдаған хатында Ішкі Ордадағы кейбір қазақ руларының Кіші жүзге қарай орын ауыстырып жатқанын хабарлады. Солардың ішінде старшындар беріш руынан Жүз, шеркеш руынан Мәмбет жанұялары және малдарын түгел Жайықтың Бұқар бетіне бағыттағаны айтылады. Г. С. Волконский қазақтардың көбейіп, қыстауға Ішкі Ордаға келген Пірәлі хан қазақтарымен араласып, өтіп кетуге даялануда деген қорытындыға келді. Ал 1804 жылы 2 мамырдағы Грузия, Астрахань және Кавказ губернияларының басшысы П. Д. Цициановтың хабарына сенсек, Пірәлі хан мен оның адамдары Бөкейге үлкен ықпал жасайды екен. Сондықтан Ішкі Орданы тәртіпке келтірмейінше, Санкт-Петебургке дайындалып жатқан Бөкей сұлтанды әзірше ешқайда жібермеуді ұсынды.
Айта кететін жайт, бұл кезеңде Нұралы ұрпақтары арасындағы келіспеушіліктер ашық күреске ұласпаған. Қайта керісінше Пірәлі, Бөкей, Қаратай, Орман сұлтандар бір-біріне өзара қолдау көрсеткен. Дегенмен жоғарыда көрсетіліп кеткендей, осы тұста мұрағат қорларынан бір сұлтанның қарамағындағы қазақтардың екіншілерінен мал қуып алулары туралы деректер кездеседі. Бірақ оларды сол қалпында қабылдау арқылы мәселенің ақиқатын ашу мүмкін емес. Өйткені хаттарды жазған татар молдалары болса, оны Орынборда орыс тіліне аударған тілмәштар екендігі белгілі. Олар негізінен қазақтар емес еді.
ХІХ ғасырдың басында Кіші жүз халқы алдында Нұралыұлдары Бөкей мен Қаратай, Айшуақұлы Жантөре сұлтандардың арасынан лайықты хан сайлау тәртібі күн тәртібіне енеді. Басы ашық нәрсе Ресей үкіметі ұзақ ойланбастан, Жантөре сұлтанды хан тағына бекітуге шешім қабылдайды. Бөкей сұлтан Еділ-Жайық аралығындағы Ішкі Ордада деген сылтаумен, ал Қаратай «саяси сенімсіз» тұлға ретінде хан тағына отыру мүмкіндігінен қағылады. Біздіңше, бұл арада тағы да орыс үкіметі өзінің отарлау саясатын шебер жүргізе білгендігі басы ашық дүние.
Осылайша, 1805 жылы 1 қыркүйекте Кіші жүз хандығына Айшуақ ханның үлкен ұлы Жантөре сұлтан тағайындалды. Жаңа хан сайланған соң Бөкей сұлтан Хан Кеңесі төрағалығы қызметінен босайды. Өйткені сұлтанның тұрақты қонысы өзгеріп, оның алдында басқа маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу міндеті тұрды. Енді Хандық кеңеске Бөкейдің орнына 1806 жылы Орман Нұралыұлы келеді.
Алайда елде қалыптасқан ахуалға Бөкей сұлтан бейжай қарамады. Мәселен, 1807 жылы 2 шілдеде Орловск және Зеленовск форпостары аралығында өткен басқосуға ол арнайы барады. Орман Нұралұлы және Жантөре ханның қатысуымен өткен кеңес тиянақты нәтиже бермеді. Мұрағат деректерінен анықталғандай, кеңесте қазақтар арасындағы ішкі мәселелерді шешудің екі түрлі жолы анықталады. Біріншісі — патша үкіметі ұсынған бағыт. Бұл тұста шекаралық әскерлер дәстүрге айналдырған қазақтарға әскери күш көрсету арқылы нәтиже шығару. Мұны қолдаған Жантөре хан «әскер мен 10 зеңбірек» қажет, соны жоғарыда аталған сұлтандармен бірлесіп сұрауды жақтайды. Ал екінші бағыт, ішкі мәселеге ешкімді араластырмай, өзара келісімге келудің жолдарын іздестіруді Бөкей, Орман сұлтандар көтереді. Бұл арада Бөкей Нұралыұлының көреген саясаткер екендігін байқай түсеміз.
Уақыт өте келе, яғни 1808–1811 жылдары Ішкі Орда әлеуметтік-экономикалық жағынан күшейіп, түрлі арандатушылыққа қарамастан Бөкейдің өз бауырларымен байланысы да түпкілікті қалыпты жолға қойылды. Кейінгі Ішкі Орда, Кіші жүздегі оқиғалар орыс шенеуніктері көрсетіп жүргендей Бөкей және Қаратай арасындағы шиеленісті мүлдем жоққа шығарады. Керісінше олар үнемі бір-бірімен араласып, Орман сұлтан және Есімұлдары Қара, Шожық ұрпақтарын, олардың бауырларын жинақтап, қорғауға алды. Есімнің Дерден атты әйелінен туған Сары, Айдыңғали, Ниетәлілер Бөкей сұлтан қамқорлығында болды. 1812 жылғы 22 маусымдағы есепте олардың алдында 1000 түтін болған.
1811 жылы күзде хандық билікті күштеп жоя алмаған орыс саясаткерлері Ішкі Ордаға және Кіші жүзге бөлек-бөлек хан сайлап тынды. Ол жөнінде 1811 жылы 17 қазанда Г. С. Волконский І Александр патшаға хабарлады. Губернатор Бөкейді қолдаушылар деп Астрахань аймағы мен бауырлары, немере, ағалары Жайықтың екі бетінен-де, сонымен қатар Қаратай сұлтанды да көрсетеді. Г. С. Волконский: «Бөкей сұлтан өзге сұлтандар ішіндегі ең үлкені, ақылдысы, тәжірибелісі және патшаға адал адам, оған қолдап дауыс бергендер аталмыш сұлтанға үлкен үміт артады», — деп сенім білдірген.
Губернатор берген мәліметтерді тексерер болсақ Бөкей сұлтанды хандыққа көтергендер қатарында Сары, Ниязғали Есімұлдары, барлық Нұралыұлдары, Кіші жүздегі Батыр хан ұрпақтары — Есенгелді, Сирек, Жарық Қарабайұлдары, Орта жүзден Қайып хан ұрпақтары — Жантөре Жиһангерұлы (Бөкейдің күйеу баласы), Нұрмұхамбет Жиһангерұлы болған. Тарихшы Ұ.Ахметова Бөкей сұлтанды қолдаушылар қатарына Қайып хан ұрпақтары ішінен Шерғазы Қайыпов пен Арынғазы Әбілғазиевті ерекше бөліп көрсетеді. Мұның өзі бұрын байқала қоймаған үлкен сенім еді. Заманында Әбілқайыр өліміне Батыр сұлтанды кінәлаушылар болған-ды. Жаңа жағдайда екі үлкен күш бірігіп, өзара бірлікті көрсетті. Осылайша, Бөкей осы кезеңде өз айналасына түгел әкесі Нұралы ханнан тараған ұрпақтардың, Батыр хан ұрпақтарын жинақтап, олардың қолдауына арқа сүйеді. Сондықтан да Қаратай, Шерғазы Қайыпұлы, Арынғазы Әбілғазыұлдарымен үнемі байланыста болды. Мәселен, Шерғазы Қайыпұлын өзіне алдыртып, 1812 жылдың қаңтар-ақпанында оған Сарайшық қорғанында талас мәселелерді шешуді тапсырды. Бөкей хан осы тұста ішкі бетке Орман сұлтан жанұясы мен төлеңгіттерін, малымен қоса барлығы 10 түтінді көшіріп алды. Енді тағы да 50 түтіннен тұратын Орман бауырлары Елтай, Бөлекейді өзіне көшіруді жоспарлады.
1812–1815 жылдары Бөкей хан өзінің басқару мүмкіндігін кеңейтіп, айналасына беделді сұлтандарды, старшындарды жинады. Олардың қатарында белгілі рубасы сұлтандар Шығай, Шоқы, Бегәлі, Артығали Нұралыұлдары, Баба-Әли Жаналыұлы, қожалар Төке Тілеуқожаұлы, Қарауыл Бабажанұлы, старшындар Бармақ Мұратов, Өтеміс Құлманиязов, Жабал Бегалиев, Айтбай Мәмбетқазиев, Сегізбай Медетов, Тулан Ерназаров және тағы басқалары болды. 1836–1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі И.Тайманов та заманында Бөкей ханның сенімді адамы болған-ды. Орда билеушісінің 1812 жылы Исатайға арнайы грамота беру арқылы тұрақты қонысын анықтауы, ел мәселесін шешуде батырға үнемі арқа сүйеуі тарихи, ақиқат еді.
Осы кезеңде Бөкей ханның алдында жайылым мәселесі, Астрахань, Орал казактарымен қатынас мәселесі, Шерғазы ханмен байланыс, оның қарамағындағы қазақ руларымен, өз алдындағы рулардың өмірлік мәселелерін шешу, Ішкі Ордадағы қоғамдық-саяси қатынасты реттеу т.б. тұрды. Мәселенің түйіні патша алдында шешілетінін, ол үшін арнайы Санкт-Петербургке делегация жіберу қажеттігін түсінді. Сондықтан Астрахань казак полкінің командирі, генерал-майорП. С. Поповпен келісе отырып, 1814 жылы шілде айында Санкт-Петербургке майор Артығали Нұралыұлын, старшын Тулан Ерназаровты, Бармақ Мұратовты жібереді. Міне осы елшілікте Артығали сұлтан бас қолбасшы С. К. Вязмитиновке шығып, түрмедегі бауырларын (Жантөре хан өліміне кінәлі деп табылғандар) бостауды сұраған. Елшілік оралған соң Бөкей хан 20 қарашада Ішкі Орданың белгілі сұлтандарын, би-батырларын, старшындарын жинап, кеңес өткізген. П. С. Поповтың соғыс министріне жолдаған хабарында «Бөкей хан аурулығына қарамастан» елді жинап, Ресейдің француз әскерін жеңіп, Парижді алғандығын халыққа жеткізгендігі сөз болады.
Жоғарыда аталған мәселелердің ішінен экономика саласындағы проблемалар ерекше рөлге ие болды. Бөкей сұлтан Ішкі Орда шекарасын нақтылауға ұмтылып, 1803, 1806–1808 жылдары Орал әскери кеңсесінен бастап, Орынбор генерал-губернаторы және І Александр патшаға өтініш жолдады. Алғашында Еділ-Жайық аралығын қазақтар емін-еркін жайлағанымен, біртіндеп олардың қонысы Орал казак әскерлері, князь Н. Б. Юсупов, граф И.Безбородко секілді отарлаушы патша үкіметі қолшоқпарларының тарапынан шектеле бастайды. Мұрағат құжаттарынан жайылым үшін таластың ашық тонауға ұласып отырғандығын, ал бұл мәселелерді шешуде Бөкей ханға негізгі күш түскендігін байқаймыз. Мысалы, хан 1814 жылы 21, ақпан күні Астрахань губернаторына жолдаған хатында князь Н. Б. Юсуповтың қарамағындағы казак-орыстардың қазақ ауылдарынан көптеген жылқыларды қуып алып кеткендігін көрсеткен және осы жылқыларды қайтаруды талап еткен.
Бөкей сұлтан тұсында бөкейлік қазақтар көршілес халықтармен сауда жүргізген. Мәселен, 1803 жылы 23 желтоқсанда Краснояр төменгі сотының Астрахан азаматтық губернаторы князь Д. В. Тенишевке жолдаған баянхатынан бөкей қазақтары мен қондырау татарлары арасындағы сауда-саттықтың едәуір дамып үлгергендігін байқаймыз. Осы жылдың 28 қарашасында ауылдық заседатель Машин Матиевке Хомутов және Сейітов ауылдарында ұйымдастырылған жәрмеңкелерді қадағалау, Бөкей сұлтанның қарамағындағы қазақтардың қондырау татарларымен арадағы сауда мәселесін реттеу тапсырылған. Қарастырылып отырған кезеңде қазақтардың кейбірі аталған ауылдарда болып, сауда-саттықты берілген мерзімнің аяқталғанына қарамастан жалғастыра берген. Бұл іске Бөкей сұлтан да мүдделі болды. Айырбас сауда жасау туралы рұқсат қағаздарын бере отырып ол қазақтардың күнделікті тіршілігіне қажетті азық-түлік пен тұрмыстық бұйымдарды еркін сатып алуына жағдай туғызуды көздеді.
Бөкей сұлтан астық пен өзге-де қажет өнім түрлерін Астрахан қаласынан сатып алып отырған. 1813 жылы 13 маусымда Бөкей ханның Астрахан губернаторы С. С. Андреевскийге бөкейлік қазақтар үшін ұн және басқа да тауарларды сатып алу ісіне қолдау көрсету туралы жазған өтінішінде былай делінеді: «Мен өз төлеңгітім старшын Бармақ Мұратовты, онымен бірге, ағасы Тұяқты бірнеше мың сом, ақша беріп Астрахан қаласына мың бума бидай ұнын, бес жүз бума қара бидай ұнын, басқа да тауарларды сатып алуға жібердім және оның бәрін біздің қазақ халқының қыстақтарына жеткізіп, оларға сатуды тапсырдым. Осы жағдайда, Сізден, менің жіберген шаруаларым — старшын Бармақ Мұратов пен, ағасы Тұяққа жоғарыда айтылған ұн мен тауарларды Бакиев кордоны тұсындағы біздің қыстаққа алып келуге рұқсат беруіңізді сұраймын».
Мұрағат құжатынан Бөкей сұлтанның өз қоластындағы қазақтарға қажетті тауарларды сатып алуына қолайлы жағдай жасауға тырысқандығы байқалады. Әсіресе астық және өзге-де тауаларлар түрлерін өз старшыны арқылы Астраханнан алдырып, қыстақтарға жеткізіп отырған. Бұл түйткілді мәселені шешуде Ішкі Орда билеушісі губерния басшылығының саяси ықпалын пайдаланған.
Бар ғұмырын өз хандығының жерін қорғауға, халқына қызмет етуге арнаған Бөкей хан 1815 жылы 21 мамырда кешкі сағат 21.00 шамасында шемен (денеге сарысу пайда болудан болатын ауру) ауруының дендеуіне байланысты көз жұмады. Ол өмірінің соңына дейін Орал казак-орыстармен, Еділ қалмақтарымен, қондырау татарларымен, орыс помещиктерімен тілімдей жер үшін күрес жүргізді.
Әр түрлі келеңсіз оқиғаларға қарамастан Бөкей хан тұсында Ішкі Орда қазақтарының әлеуметтік жағдайы жақсарып, көшпелі халықтың мерейі артты. Жылдар бойы тусырап жатқан шұрайлы далада мал көбейіп, сауда өсіп, дәулет артты. 1802 жылы хандықтағы халық саны 6300 шаңырақты құраса, 1814 жылы 8500 шаңыраққа ұлғайды. Ал төрт түлік саны 3 миллионнан асып жығылды.
Замандастары Бөкей ханның ел арасында аса сыйлы болғандығын атап өткен. Оның онша байлығы болмағандығы жөнінде-де, аңыз-әңгімелер бар. Тіпті хан қайтыс болған кезде Жәңгір сұлтан Астраханьға губернаторға бару үшін атақты бай татар Дауыттың баласының сыртқы киімін алған делінеді. Бөкей татарша сауаттылығымен, ақылдылығымен, батылдығымен көзге түскен. Оның бірінші әйелінен — Тәуке, Әділ, екінші әйелі Атаннан — Жәңгір, үшінші әйелі шеркеш Жұмадан — Меңдігерей туған.
Елді сауаттандыру, мәдениетке көп көңіл бөлген Бөкей хан заманының заңғар ұлы бола білді. Прогрессивті, әрі өміршең саясат ұстанған Бөкей саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуда үлкен жетістіктерге жете білді. Ол халықтың әл-ауқатын арттыру үшін сауда ісін жаңғыртуға да жан-жақты жағдай жасады. Билеушісіне, көсеміне риза болған халық «хан Бөкейдің тұсында секер шайнап, бал жұттық" деп текке айтпаса керек. Сонымен қатар Жанұзақ жыраудың:
Байларға құба жайлатқан,
Жарлыға мыңдап жылқы айдатқан,
Алтынды тақтың үстінде
Рақыметті Бөкей хан өткен, — деп жырлауында тарихи шындық жатыр. Одан әрі жыраудың:
Ежелгі Бөкей барында
Толықсып жайлап еді біздің ел, — деп жалғастыруы сол заманның тынысын айқын бейнелейді.
Ал азат рухтың күрескері, жалынды жыршы М.Өтемісұлының заманның қиын уақыты, яғни ХІХ ғасырдың 30-40-шы жылдарында елден жырақта жүргенде:
Еділ мен Жайық жер еді-ау,
Мекен еткен шаруаға,
Жағасы қорған жай еді-ау, — деп өлеңдетуінен Бөкей мен Жәңгір заманының ара-жігі айқындала түседі.
Атақонысқа оралған көшпелілердің тұрмыс-деңгейін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын ХІХ ғасырдағы қазақ зиялыларының бірі М.Бекмұхамедов те «Қазақтардың тұрмысы мен мұқтаждары» атты мақаласында сипаттады. Бұл жайында автор: «Жайықтың арғы бетінен қысымшылықтан күйзеліп келген қазақтар тез ес жиып, аз ғана уақытта өздерінің байлығымен көзге түсе бастаған еді», — деп жазды.
Жалпы Бөкей Нұралыұлы халық мүддесін, ұлт болашағын бірінші орынға қойды. Мұрағат қорларында сақталған орыс шенеуніктерінің Ішкі Орда ханына қатысты көзқарасы бұл пікірімізді дәлелдей түседі: «Отарлаушылардың сенімін Бөкей, ақтамады. Сондықтан Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті, Орынбор әскери генерал-губернаторы, Орынбор шекаралық комиссиясы және Астрахань генерал-губернаторы, Орал қазақ, қалмақ кордон басшылары тарапынан Бөкей қызметіне қатаң бақылау жасалды». Отарлаушы патша үкіметінің бұл бағасы Бөкей Нұралыұлының өз халқы үшін қалтқысыз еңбек еткендігін дәлелдей түседі.