Көшелер тарихы: Ахмет Байтұрсынұлы көшесі
Қазақ жері қазақтан кетпес еді – қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсақ. Бұл – Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жүрек сөзі. Іс қылу – мемлекет ісіне ұқыпты болу, ел мен жерді, жер иесі халықты сыйлап, қызмет ету деген сөз. «Көшелер тарихы» жобасының бүгінгі шығарылымы Астанадағы А.Байтұрсынұлы көшесіне арналады. Ахмет Байтұрсынұлы көшесі – Елорданың оңтүстік-шығысында, «Алматы» ауданында орналасқан. Бұрынғы атауы – № 23-21 көше. Ол Рахымжан Қошқарбаев даңғылынан басталып, «Нұрлы жол» теміржол вокзалымен аяқталады. Тәуелсіздік даңғылын, Қасым Аманжолов және Сарыкөл көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 7 200 метр. Байтұрсынұлы көшесі бұрынырақта Астананың оң жағалауында болатын. Ол қазіргі Күләш Байсейітова көшесі. Алайда Ахаңдай ұлт ұстазына жаңа астананың жарқыраған жаңа көшесін беру күн тәртібінде тұрды. Ұлтқа тұтқа болған Ахмет Байтұрсынұлы есімі сол жағалаудағы маңызды көшеге берілуінде осындай мән бар.