Қоныстандыру саясатының көлеңке жақтары
22.11.2016 3898
Әскери-әкімшілік отарлау саясаты Ресейден шаруалардың қазақ жеріне ағылып келуіне жол ашты. Бұл Ресейдің қазақ жеріне толық үстемдік жүргізіп, өлкені отарлауға кең мүмкіндік берді

Ресей империясы бюрократтарының арасында қаншалықты сойқын саясат жүргізіп, ырықсыз реформаларды еріксіз енгізгенімен, оның ертеңі неге апарып соғатынын білетін, мәселелерді толық шешпеседе, мәселеге тереңінен үңіліп алға тартатын тұлғалар болды, солардың бірі де бірегейі егін шаруашылығы министрі А.С. Ермолов болды, ол жаппай қоныстандыру саясатының арты абыройға апармайтынын алдын алда білді және жоғарғы жаққа жеткізді, дегенмен жоғарғы жақтың өз жоспары мен түйгені болды. Бір өкініштісі, біздің бюрократтардың арасынан осындай жанашырларды көрмедік.

Сонау 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясына дейін Ресей империясының алдындағы маңызды мәселелердің бірі империяның Еуропа жақ бөлігіндегі халықтың аса тығыз орналасуы еді. Аталған мәселе туралы алғаш дабыл қаққан ІІМ Орталық статистикалық комитетінің арнайы комиссиясы. Сол кездегі есеп бойынша еңбекке жарамды ауыл тұрғындарының саны 22 млн адам болды.

Сұрақ: «Мәселені қалай шешу керек?» қоғам талқысына түскен шешімін табу керек іс болды (цензура, бюрократиялық озбырлыққа қарамастан Ресей империясында сол кезеңде қоғамдық талқылау мүмкін болды).

Талқылауға қатысушылар шешуі мүмкін деген үш жобаны ұсынды:

1. Шаруаларға мемлекеттегі артық жерлерді, одан қалды помещиктердің жерлерін және императорлық тек беру арқылы (жерді сатып алуға бола ма, болмай ма? Бұл талқыға түскен екінші мәселе болды).

2. Еңбекке жарамды шаруаларды Оралдың арғы бетіне қоныстандыру, оның ішінде қазақ жері де бар.

3. Ауылшаруашылығы өнімінің қарқынын арттырып осы тұрғыдан шаруалардан түсетін табыс көлемін еселеу, нәтижесінде әлеуметтік шиеленістерді төмендету.

Және тағы бір мүмкін шешім болды – қалаландыру, қалалық өмірдің сапасын арттыру, бірақ бұл шешім соншалықты қолдау тауып талқылауға түспеді.

Жобалардың жүзеге асуына келсек, есептеу нәтижесі көрсеткендей, мәселе шешімін таба алмады. Себебі, ауыл шаруашылығына жарамды мемлекет, помещик, император жерлері олқылықты жою үшін аздық етті. Сол себепті Петр Столыпин Министерлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындала отырып, өз таңдауында қалды, яғни, Ресейдің ішкі шаруаларын сыртқа қоныстандыру және ауыл шаруашылығын жедел қарқындату.

Ауыл шаруашылығы өнімін арттыру міндетінің шешімі жайында бірер сөз. Шаруаларға қауымнан өзіндік жер алып бөлек шығуға еркін түрде рұқсат берілді. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынын арттыру жолы қарастырылып, жасалған жоқ.

Дегенмен егіс көлемінің табысы жақсы болды, әсіресе ХІХ ғасырдың соңғы онжылында егіс көлемі мәз болмағанын есепке алғанда, оның үстіне әлемдік нарықтағы астық өнімінің бағасы жоғары болуы сәтті жүргізілген реформа деген шешімге әкелді.

Ескертпе

ХІХ ғасырдың соңғы бес жылы (1896-1900 жж.) астық өнімділігі орташа есеппен алғанда (ц/га): 6,5; 5,4; 6,3; 7,1; 6,6 құрады. І дүниежүзілік соғыс алдындағы соңғы бесжылдықта (1909-1913 жж.) орташа есеппен астық өнімділігі (ц/га): 8,3; 7,6; 5,8; 7,8; 8,7 құрады.

1898-1902 жылдары Одессада қарабидайдың бір тоннасы орташа есеппен алғанда 95,4, ал 1909-1913 жж. – 116 неміс маркасын құрады.

Соған қарамастан қоныстандыру саясаты күткен нәтиже бермеді, біріншіден, Ресейдің Еуропа жақ бөлігіндегі халықтың аса тығыздығын азайту мәселесі толық шешімін таппады. Сібір мен Қазақстанға 1906 жылдан 1914 жылдар аралығында 3 772 мың адам қоныстанды. Ал, дәл сол кезеңде еңбекке жарамды 22 мың адам барын есепке алсақ, нәтижесі айтпай-ақ түсінікті. Екіншіден, 1 026,6 мың қоныстанушылар отанына қайтып оралды. Бұл адамдар көшер кезінде барлық жер үлестері мен үй-шаруашылық жайларын сатып кеткен, ал қайтып келгенде бос жерге келді, осыдан келіп шаруалардың әлеуметтік жағдайы қиындап, нәтижесінде билік саясатына сын басталды. Қоныстанушылар шүйгін жерлерден дәмелі болды, олардың күтуі бойынша әр шаруаға 15 десятинадан жер бөлініп, шаруасын дөңгелетіп алып кетеміз деп ойлады. Ал шындығына келгенде берілген жерлер жарамсыз болып шықты, оны қайта өңдеп суландыру, шаруашылыққа икемдеу мүмкін емес ірі көлемдегі күш-қажырды, еңбекті талап етті.

Соңында, қазақ жерін тартып алып өзге ұлтқа тегін тарату екіжақты келіспеушілікке әкеліп, арты кикілжіңге ұласты, Санкт-Петербургтің жоғары дәрежелі бюрократтары түсіне алмаған мәселенің мәнін Калужская губерниясының қарабайыр шаруасы, Семей облысына қоныстанушы ретінде келген М. Сумкин былай деп баяндайды: Қоныстанушыларға қырғыздардың артық деген жерлері алынып берілді. Шын мәнінде қырғыздардың бұл жерлері артық па? Бұл сұрақ талас тудыратын келелі мәселе. Ал қырғыздар өз жерінде ісін дөңгелету үшін қоныс аударушы шаруаларға бөлініп берілген жерлерді жалға алып немесе орыс шаруаларына жалдамалы жұмысшы ретінде жалданып егістік егіп күн көруге тура келді. Осы себепті қоныстанушылар мен қырғыз халықтары арасында қырғи-қабақ оқиғалар мен қантөгістер жиі орын алып тұрды.

Қоныстандыру саясатын қолдаушылар арасында қоныс аударушы орыс шаруалары қарапайым қазақ шаруаларына қысым көрсетпейді, олардың ісі тек жері көп бай шаруалармен болады деген пікір қалыптасты. Шындығына келгенде бұл жағдай керісінше жүзеге асты, қоныстанушылар тарапынан қысыммен қатар өз жерінен айырылған қарапайым қазақ шаруалары болды. Ал бай-қуаттылар жерлерін аман алып қана қоймай, жерсіз қалған орыс қоныстанушы шаруаларға жалға беріп, оларды батырақ ретіндегі қызметін пайдаланды.

Қоныстандыру саясаты – шаруаларды пайдаға қарық қылмады, ең басты ауыртпалықты қазақ халқы көрді, қазақ шаруалары өз жерлерінен көз алдында айырылып қалды, осыдан кейін күнделікті тұрмысының өзі қиындап кетті.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)