Үшқоңыр ғасырлар қойнауында
01.12.2016 3061
Патшалықтың жергілікті канцеляриясы шамалғандықтарды Любовинскі казактарының заңсыз иеленген жерлерін қайтарып, казактар қаласа ондағы үйлерін қалдыру керек, қаламаса бұзып алсын деп жарғы шығарған

Жібек жолы, тайпалардың қоғамдық, саяси, экономикалық дамуына зор әсер етті. Жібек жолының бір тармағы Шамалған жері арқылы Тараз – Баласағұннан Алма тауға дейін (көне Алматы), Екі Өгізден өтіп қазіргі Шеңгелді ауылынан Қойлық, Алмалық және Жоңғар қақпасынан Қытайға дейін созылды. Ұлы Жібек жолымен тек бұйымдар ғана емес халықтардың мәдени жетістіктері де таралды. Діни сенімдер  де жайылды. Сондықтан бұл дәуірде ғылым мен ілімнің әр бағытта дамығанын байқауға болады. Осы тұрғыда Үшқоңыр жері тоғыз жолдың торабы болған сауда, экономика, мәдениет пен саясаттың қазаны қайнаған ортаның бірі болды.

Тартқан азап, көрген құқай

Ал ХІХ ғасырда патша отарлауы белең алып тұрған шақта жағдай басқаша өрбіді. Кейбір деректер бойынша 1898 жылы патша әкімшілігі Қаскелең қазақтары мен Шамалған болысының қазақтары арасындағы дау-дамайды қарады. Қазақтар генерал-губернаторға қазақтардың өз беттерімен Шамалған өзенінің бойынан 70 десятина жерді иемденіп алғаны туралы шағымданады. 

Патша шенеуніктері қазақ даласында арсыздықпен халықты тонау нәтижесінде қазақтарды шет аймақтарға, шөлейт жерлерге ығыстырып жатқанын мойындады. Қазақтардың хал жағдайы мүшкіл хәлде болды. Еңбек құралдарының нашарлығынан өнім өндіру дәрежесі төмен болды. Негізгі тұрғындардың көпшілігі артта қалған көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданды. Патша өкіметінің қоныс аудару саясатының нәтижесінде шұрайлы жайылым жерінен айырылған қазақтардың тұрмыс жағдайы құлдырады. Орыстың қоныс аударған шаруаларының тіршілігінен тағылым алып, қазақтар отырықшылықпен айналыса басталды.

Осыларды есепке ала отырып, патшалықтың жергілікті канцеляриясы шамалғандықтарды Любовинскі казактарының жазықсыз иеленген жерлерін қайтарып, Любовинскі казактары қаласа онда тұрғызылған үйді қалдыру керек, егер бергісі келмесе үйлерін бұзып алсын деп жарғы шығарған. Құжатта көңіл аударатын мәлімет бар. Тұрғындардың кірістерін есептеу бойынша «...Шамалған болысының ерте пайдалануында болған №3, 6, 9 ауылдарының жинақталған қордан басқа бос қоғамдық жерлерді жалға беруден түскен түсімінің есептері айқын көрініп тұрды». Бұл жерде Шамалған, Қаскелең, Ақсай өзендерінің төменгі ағысындағы жерлер туралы айтылады.

Ресей патшалығының басқыншы казактардың қолымен қазақ жерін отарлауы күшейе түсті. Бұл жерлер негізі қазақтарға тиісті жерлер еді, тиісті болғанда олардың атам заманынан бері мұраға қалдырып келе жатқан ең басты қазынасы еді, алайда оларды қазақтарға жалға берілген жер ретінде көрсетілген фактілер де жиі кездеседі.

Басқыншыларға берілген артықшылық

Сенат тексеруін өткізген соң граф Палана 1908 жылы Шамалған ауданының қазақтары туралы былай деген: «...Қазақ (қырғыздардың) отырықшылыққа көшуі жылма-жыл өсіп келе жатыр, белгілі ауылдардан басқа көптеген Верный уезіндегі қырғыз хуторлары мен аумақтары құрылған... Шамалған, Қаскелең, Ақсай, Кіші және Үлкен Алматы өзендері бойындағы хутор тұрғындарының жер өңдеудегі пайдаланып жатқан еңбек құралдары төмен дәрежеде. Мойынқұм болысында 758 шаруашылықта 5 тесе ағаш және 1 ағаш тарма болғанын мәлімдеді».

Жетісу қоныстанушылар партиясының іс-әрекеті нәтижесінде аудан қазақтарының жағдайы нашарлай түсті. 1907 жылы аудан территориясында қоныстанушылардан Сомсоновка елді мекені құрылды. Нәтижесінде 4557 деситяна жер бөлінді, соңынан тағы да 757,5 десятина кесіліп алынып Шамалған ауылын тонау тікелей Ресей патшасымен жоғарғы өкіметтің шешімімен жүзеге асты.

Бұл мәселе жоғары деңгейде – ІІІ Мемлекеттік думада талқыланды. Дума депутаттары Шамалған аумағынан 656 қазақтың шаруашылығын жойып, босаған жерлерге қоныстанушыларды орналастыру керек деп шешті.

Наразылық соңы – көтеріліс

П. Румянцевтің экспедиясы қазақтың бос жатқан артық жерлерін тартып алу әлі де аяқталмағанын айта келіп, 1912 жылы Верный уезінде қоныс аударушылардың 11 811 жанға бөлінген учаскесі игерілмей бос жатқанын анықтады. Олар Ақсай, Қаскелең, Шамалған өзендерінің бойынан берілген жерлер еді. Қоныстанушылардан қазақтар бұрынғы өз жерлерін арендаға алды. Жалға алған жерде жайылған әр тұяқ үшін мысалы, 1 қойға 5 тиын, бір ірі қара малға 10 тиыннан салық төледі. Егістік жерлерді казактардан жалға алды. Осылайша бабадан қалған жерлер үшін ақы төлеп, анық кіріптарлық жағдай қазақтың басына түсті.

1910 жылы қоныс аударушы бөлімінің артық жерлерді басып алу шешімі наразылықты күшейітті. Жетісу әскери губернаторы Гольбаум Верный уезі, Қыстақ аймағы, Жайылмас,Үлкен және Кіші Алматы, Шапырашты, Талғар Түрген, Бақас, Ұзынағаш, Қарғалы, Қордай, Тайторы, Шамалған қазақтарының жерлерін тартып алу жөнінде жарлығы шыққаннан кейін бұл жерде наразылықтар күшейе түсті. Бұдан біз отарлаудың шарықтау шегін көреміз. Бұл отарлау саясаты халық арасында үлкен толқуларды тудырмауы мүмкін емес еді.

Заңғар КӘРІМХАН

Астана-Алматы-Қаскелең-Үшқоңыр-Астана

Мақаланы жазуға көмек көрсеткені үшін Қарасай ауданының Үшқоңыр ауылындағы Қарасай батыр атындағы орта мектептің «Шапағат» өлкетану-тарихи музейі ұжымына алғысымызды білдіреміз.  

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)