Тәуелсіздік және тарихи тұлғалар
26.12.2016 6932
Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік озбыр саясат халық жадынан өткен тарихымыз бен сол тарихты жасаған қайраткерлерімізді танытуға жол ашпады. Есімін айтуға да мүмкіндік бермеді

Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің заманымыз – өткен дәуірдің перзенті, келер заманның атасы», деген екен. Қазақ тәуелсіздігі жолында күресіп өткен тарихи тұлғаларымыз біздің ұлы бабаларымыз. Қазақ нағыз жуынгер, ержүрек, данышпан халық дейтін болсақ. Осы игі қасиеттердің бүгінгі ұрпағына айтылуы өткен тарихында із қалдырған тұлғаларына қатысты болар еді. Ешбір халық өткен тарихы мен бүгінінен сабақ алмай келешегін кемелдей алмас.

Тәуелсіздік - халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашып, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, серпін ала келді. Сол тәуелсіздікдіктің жаңа лебімен қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар мен ұлт интелегенцияларының есімі де жаңғырды.

Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік озбыр саясат халық жадынан өткен тарихымыз бен сол тарихты жасаған қайраткерлерімізді танытуға жол ашпады. Есімін айтуға да мүмкіндік бермеді. Осы тұрғыдан келгенде біз ұлы тұлғаларымыз бен тарихымызды 70 жыл сана сүзгісінен өткізе алмай, ұмытудың аз-ақ алдына шықтық. Бірақ бізді бұл жолдан құтқарып, өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілткен - Тәуелсіздік. Сонымен қатар бұл орынға қазақ баспасөзінде жатқызуымызға болар еді. 

Егемендіктің туы желбіреп, тәуелсіздік алған тұста ұлттық баспасөз ұлттық тарихты танытуға, елдіктің берік іргесін нығайтуға үлкен еңбек атқарды. Қазақ баспасөзі мен ұлттық тарих мәселесі де қатар оянып, кешегі кеңестік саясаттың кесірінен ұмыт болған тарихи тұлғаларымыз танылды. Бұл жолда ең бірінші үлес қосқан қазақ публицистері болатын. Тәуелсіздік дәуірінің публицистикасында ұлттық тарих, мемлекеттік тіл, оралмандар мәселесі,  демография, ұлттық рух мәселелері айрықша орын алды.

Тарихи тұлғалар - ұрпақ жадында

Мәселен, арғы тарихымыздан Күлтегін, Тоныкөк, Шыңғысхан, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, қазақ хандығы дәуіріндегі Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Хақназар хан, Тәуке хан,  Абылай хан, Кенесары хан есімдері жаңғырды. Бұлардың қатарында батырларымыз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Ер Жәнібек, Махамбет Өтемісұлы, Сырым Датұлы тағы басқа біртуар халық жадынан өшіп бара жатқан тұлғалар туралы тарихи-танымдық очерктер жарияланды.

Тәуелсіздік алған жылдары ұлттық баспасөз көтерген тарихи кезеңдер арасында XX ғасырдың зұлматты кезеңі толықтай айтылып жазыла бастады. Қазақ тарихындағы Алаш қозғалысы, ашаршылық және репрессия зобалаңы, Голощекиннің «Кіші қазан» саясаты, тың игерукезеңдері.

Алаш тақырыбы ұлттық баспасөздің жүгін арқалап, ұлт тарихындағы алаш зиялыларының еңбегін ақтап алуда, есімін халыққа танытуда ерекше қызмет атқарды. Мәселен, Мұхтар Құл-Мұхамедтің «Жақып Ақбаев – Алаштың бас прокуроры», «Профессор Ермеков – Алашорданың вице-премьері», Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш Орда», тағы басқа көлемді тарихи-танымдық мақалалары  соның дәлелі. Осы жылдарда Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Смағұл Садуақасов, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Қошмұхамед Кемеңгеров, Шаймерден Қосшығұлов, Науан Хазірет тағы басқа алаш ардақтыларының есімі ұлықталды. XX ғасыр басындағы Алаш қозғалысының оның зиялыларының идеялық қуатты, ойлы, ұлттық тәуелсіздікке бағышталған шығармалары баспасөз бетінде қайта көшіріліп басыла бастады. Сөйтіп ұлттық рух жаңғырды, ұлттық сана оянды. Қазақ публицистикасының даму жолында тәуелсіздік талаптарынан туған ұлттық саяси бағыт бірінші кезекке шықты.

Қазақ баспасөзі және тарих

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың «Өмірден өрбіген ойлар» атты проблемалық мақаласында  ұлттық тарих мәселесі терең зерттеліп жазылды. Автор 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басында Қожа Ахмет Иассауи мен Арыстанбаб бейітін қалпына келтіргенде, «Түркістанда хан сарайын қалпына келтіріп жатыр, Шәуілдірде мешіт тұрғызды деп байбалам салғысы келгендер болғандығын, ескі әуез аспаптары музейін ұйымдастырғанда «қазақта домбыра мен қобыздан басқа аспап жоқ, қалғандары бос сандырақ» /ЕҚ. 1992, 9 қаңтар/ деп қасаң пікірлер айтылғанын, сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсын, Мағжан Жұмабаевтарды ақтау істерін  жүргізгенде, «бұлар алашордашыларды да ақтап жатыр» деп айдар таққысы келгендігін, Наурыз мейрамын қайта өрбітуге күш салуда деген қызғаныштарын білдіргенін өкінішпен еске алады. Автор мақаласында тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, халық жадында қайта жаңғырту мәселесін қояды. «Жақында ғана біздің Қазақстан Абылай аспаған асудан асып, өз тәуелсіздігін жария етті. Іргелі ел болып, жан-жақты даму жолына түсуге мүмкіндік алды. Мұның өзі елім деп еңіреген Абылай секілді ерлердің арманы жүзеге аса бастады деген сөз» /ЕҚ. 1992, 9 қаңтар/, – қаламгер өз ойын осылайша түйіндейді. Бұл мақаладан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ рухы толық көрініс тапқан. Көтерілген мәселелердің бәрі де нағыз ұлт жанашырының жүрегінен төгілген ақиқаттан  туған.

Жоғарыдағы мысалға келтірген Егемен Қазақстанның кезекті санында «Жырақтағы жәдігерлер Атажұртпен қашан қауышады?» атты Қали Сәрсенбайдың проблемалық-аналитикалық мақаласындағы ойлар бүгінгі таңда да өз мәнін жойған жоқ.  «Түркістан» газетіндегі М.Мағауиннің «Қазақ ордасының құрылуы» /Түрк. 1995, 11 қазан/  туралы тарихи мақала, А.Сейдімбектің «Ұлттың ұлы мұраттары» /Түрк. 1996, 24 сәуір/  атты проблемалық мақалалары өзіндік қолданысын жоғалтпай, ұрпақтар тәрбиесіне ықпалы зор.

Журналист Ақпанбет Әліштің «Тәуелсіздік талаптары» айдарымен берілген мақаласында «Ескерткіштер – ел еңсесі» екенін мойындар болсақ, күні біткен пролетариат көсемдерінің орнына қазақтың қамын жеген ұлдарының мүсіндерін, еліміздің елдігін танытатын ғажайып туындыларды орнататын мезгіл жетті», – деп пісіп-жетілген ұлттық мәселені ақпарат айдынына алып шығады. «Бізге қарағанда бұл мәселеде Манас пен манасшылардың алып монументін жасаған қырғыз бауырларымыз көш ілгері» /ЕҚ. 1992, 14, 16 мамыр/, – дей келіп, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бабаларымыздың мүсінін қояр күннің туғанына ел назарын аударады.

Ұлттық тарих мәселесін зерделеуде «Қазақ әдебиеті» де айрықша қызмет атқарды.  Газеттің бас мақаласында: «Ақ түйенің қарны жарылған күн!» деген мақала жазылды. Онда: «260 жылдан кейінгі азаттық. Басымызға ноқта киіп, аяғымызға арқан байланғалы 260 жыл болған екен. Бодандықтың бұйдасын о баста өзіміз тілеп алғанымызбен, «өз еркімен қосылған елдің» еңірегенде етегін жасқа толтырып, «тілеп алған аурудың емі жоқ» дегендей, елімізден де, жерімізден де айырылып қала жаздадық», деп мақала авторы ащы ақиқаты зәрлі сөзбен жазған.

Әрине, тәуелсіздік алған жылдардағы ұлттық баспасөздің айдыны ерекше болғанын жоғарыда бірнеше мысал келтірген мақалалардың төңірегінен байқауға ғана болмайды. Бұл мәселелер ұлттық баспасөздің әрқашан жазуға жауыр болмайтын тақырыбы.

Қорыта айтар болсақ, қазақ тарихындағы ұлы бабаларымызды даңқты ерлігі, олар жасаған ұлы тарих кезеңі әр қазақ баласының өз еліне, оның ұлы тарихына, оны жасаған ұлы тұлғаларына деген мақтаныш сезімін ұялатады. Сөз соңын Елбасының мына бір салихалы сөзімен аяқтасақ: «Біздің бабаларымыз қазіргі Қазақстанның ұлан байтақ даласын қорғап, төл мәдениетін сақтап, өмірді түйсіну мен танудың ерекше түрін бізге мұра етіп қалдырды. Бұл дала халқының бостандық сүйе білуі мен айбындылығы тарихтың қатал кезеңдерінде де жоғалтылмай, ата-бабаларымыз біз үшін сақтай алды».

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)