Ағаш қамыт заманы
29.08.2024 2219

Осынау ұлан байтақ жерімізді ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бізге – ұрпағына мұраға қалдырды. Туған жерін «атамекен», «атақоныс» дейтін әрбір қазақ үшін туған жерінен – кіндік қаны тамған жерден ыстық һәм қымбат ештеңе жоғы анық!


Біз  – қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп

Жеріміздің шетін жау баспасын деп

Жылқы қылын найзасына таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм-тұзды ақтай білген елміз, –  деген Қазыбек би  cөзі қазақ болмысының дәлме дәл анықтамасы іспетті...

Ықылым заманнан  Ұлы Даламызға көз тіккендер аз болмады. Әр түрлі айла-тәсілдерімен, қитұрқы әрекеттерімен бірі – сығырая қарап, бірі – шегір көзімен мөлие қарап, бірі – сәлдесін сәлемінің алдына сала қарап, алты алаш баласының бабасынан қалған атакүлдігінен өздері де енші алмақ ниеттерін ғасырлар бойы жалғастырып келеді. 

Қазіргі күні Орыс (Ресей) патшалығының Қазақ еліне аяқ басуын әркім әрқалай айтып жүр. Ол кешегі кеңес дәуірінен қалған үрдістің жалғасы деп білемін. 1980 жылдары «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанына – 250  жыл!» деп дүркірете  тойланғаны бала болсам да есімде қалыпты...

Егемендікке қол жеткізген бүгінгі күнде, қазақтың өткен тарихы жайлы ой қозғағанда «бодан ел болдық» деген сөз жиі айтылады. Бірақ «бодандық қамыты қазақтың мойнына қалай киілді?» деген сұраққа тұщымды жауап жоқ. Біреулер «орыс патшалығы тарапынан отарлау болды» десе, енді біреулер «басқыншылық болды» дейді. Осы екеуінің ара жігін ажыратып алу үшін, бірнеше түсіндірме  сөздіктерді парақтап шығуыма тура келді. 

Отарлау – «ішкі», өз елінің шет және елсіз аймақтарын игеріп, қоныстану; «сыртқы» өз елінен өзге жерлерде тұрақтар салуы, өзге аумақтарды басып алу (Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007).

Басқыншылық – дербес мемлекеттің егемендігіне, аймақтың  тұтастығына және саяси тәуелсіздігіне қарсы басқа бір мемлекеттің не мемлекетаралық  әскери  одақтастың  қарулы  күш қолдануы, өзге де өктемдік әрекетін жасау (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 3-том. Құраст.: Б.Сүйерқұлова, Т.Жанұзақ, О.Жұбаева және т.б. – Алматы, 2011).

Осы сөздіктердің анықтамаларына сүйене отырып, «Орыс патшалығы тарапынан Қазақ еліне басқыншылық жасалған» деген қорытындыға келдім. Себебі, қарулы күш қолдану жаппай жүргізілмесе де ішінара болғанын тарихи деректерден білеміз. XVIII-XIX ғ.ғ. Орыс патшалығының озбырлығына шыдамаған қазақтар ұлт-азаттық көтерілісіне шықты. Атап айтқанда:

– 1783-1797 жж. Орыс басқыншылығына қарсы Сырым Датұлының ұлт-азаттық көтерілісі;

– 1836-1838 жж. Орыс басқыншылығына қарсы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ұлт-азаттық көтерілісі;

– 1837-1847  жж. Орыс басқыншылығына қарсы Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісі;

– 1856-1857 жж. Орыс басқыншылығына қарсы Жанқожа Нұрмұхамедұлының ұлт-азаттық көтерілісі;

– 1868-1869 жж. Орыс басқыншылығына қарсы Есет Көтібарұлының ұлт-азаттық көтерілісі;

– 1870-1873 жж. Орыс басқыншылығына қарсы Адай көтерілісі.

Бұл тарихи деректер басқыншылық сөзінің  анықтамасындағы «қарулы күш қолдану» екендігіне дәлел болса, «өзге де өктемдік әрекетін жасау» дегенге көптеген мысалдар келтіруге болады. Қазақтың шұрайлы жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударушыларды (переселен – қарашекпенділерді) қазақтарды атамекенінен ығыстыра отырып орналастыру, ислам дініне толықтай кіре қоймаған қазақ ішіне Ресейге бодан болған мұсылман елдеріндегі татар, ноғай, башқұрт молдаларын «указбен» бекітіп жіберу сынды әрекеттер жасаған. Қазақтардың ислам дініне деген ынтасының төмендігін байқаған орыс патшалығы қазақтарды христиан дініне кіргізе отырып бағынышты қылу әрекетінде жасаған. Өйткені Қазақ жерін, Сібірді өздеріне қосып алу орыс патшалығына өте маңызды еді. Өздерінің шығыстағы шекарасын нығайтып Орта Азиядағы шекарасын кеңейту олардың басты мақсаты еді. 

XVI  ғасырдың соңына қарай, Орыс патшалығының жер жер көлемі –430 мың шаршы шақырым болса, XVII ғасырдың аяғында – 5,4 миллион шаршы шақырым болып, 12,5 есеге ұлғайған. І Петір патшаның «Үлкен тіптен миллиондарға дейінгі шығындарға қарамастан қайсақ-қазақ ордасын Ресей құрамына кіргізу керек. Олар біз үшін бүкіл азиялық елдерге шығаратын кілт пен қақпа», – деген сөзіне «қанаттанған» орыс басқыншылары қазақ даласына аш қорқаудай ұмтылды. Ештеңеден аянбады. Патшаларының қазақтарды бағындыруға бөлген қыруар қаржысынан жымқырып, 1721 жылы 21 наурызда дарға тартылған Сібір губернаторы М.Гагарин секілділер де аз болмады. Орыс патшасының қазақ даласын өзіне қаратып алғысы келуінің тағы да бір себебі – Ұлы Дала қойнауындағы кенге бай орындардың өте көп болуы. Алғаш 1606 жылдары өзіне бас ие келген қалмақтардан естіген «алтын құмы судай ағып жататын Еркет (Жаркент)» орыс патшасының дегбірін алды.

«Указной» молдалардың қазақтарды мешітке жинап, құдайға құлшылық қылып отыра беретін діншіл қыла алмайтынын байқаған орыс патшалығы ендігі кезекте миссионерлерін қазақ даласына жібере бастайды. Қазақтар отырықшылдық тұрмыс салтына көшкен жерлерде «миссия үйі» дегендерді салуға қаржы аямады. «Киргизская духовная миссия» деп аталған олардың басты міндеттері – қазақтарды шоқындырып, христиан дініне кіргізу еді. Мәселен, мына бір Ефрем Елисеев деген орыс миссионерінің жазғанынан денең түршігеді. Өзін өзгелерден зор санаған «сорлылар» жеті атасын жетік біліп, тектіліктің тамыры түп атасынан тамырланған қазақ ішінен шіріген жұмыртқадай ессіздерді қазақ жерін жадау атпен жайдақ аралап жүріп тауып алып, шоқындырып өз қатарларына қосқаны жайлы  жазған    жазбасын  \Записки миссионера Буконского стана. Спб. 1900\ былай бастапты:  «В 1881 году,  когда еще магометанство,  как черная туча, сплощь покрывало киргизскую степь,  а выходцы из Казани-татары,  бухарские сарты,  персиане и арабы,  как хищные коршуны,  терзали степных киргиз и злопотрбляли их религиозными чувством,  на далекой окраине русского государства,  в соседней с Китаем Семипалатинской области, указом Святейшаго Синода, была открыта противомусульманская Киргизская духовная миссия».  Қазақтың «Өзеуреген өркөкірек, өзінікін өзгелерден жөн көрер» дегені  осы ғой!.. 

1870 жылдан бастап, медреселерде орыс тілін оқыту міндетті болды. Сол арқылы қазақты алдымен ана тілінен айырып, дүбәрә күйге жеткізсе, оларды (қазақтарды) сөйлеу тілі арқылы басқару оңай болатындығын болжай білді. Қазақтардың тұрмыс салтын өзгертіп, олардың негізгі күнкөріс кәсібі малынан айырса, құлдық қамытын киеріне сенімді болды. Бұл туралы Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан өз мақаласында  орыстың атақты агрономы Николай Лукич Скалозубовтың  мына сөздерін келтірген екен: «…Қазақ жайын орыс обществосы білмейді; қазақ ісі, қазақ шаруасы біздің жұртқа басшы саясат жолындағы кісілерімізге қараңғы. Думада жетекшіл көп депутат бәрі қара көңіл жәбіршіл, біле тұра қазаққа жәбір ісін қуаттайды деп залалды іске қол қойып отыр. Сондықтан қазақ тұрмысы, қазақ салты, шаруасы туралы орыс тілінде кітап шығарып, газета, журналдарға жазып орыс жұртының саясаттағы адамдарының көзін ашу зор мақсұт іс дейтін»...

Басқыншылықтың анықтамада көрсетілген белгілерінің бірі «өзге де өктемдік әрекетін жасау» екендігі жоғарыда жазылды. Осы өктемдік әрекеттер қатарында  қазақтарды шұрайлы жайылымдық, шабындық, егістік жерлерінен айырып, ол жерлерге орыс патшалығының иелігіне өткен ұлт өкілдерін «қоныс ауыстыру» (переселение) деген желеумен әкеліп, орналастыра бастауы болды. Бұл қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс салтының өзгеруіне өз әсерін тигізбей қоймады. Жайлау тарылды, күзеу болмады, қыстаудағы тебіндік жерлерге «переселендер» қаптады. Соның салдарынан мал басы азайып, қолдағы малдың күйі қашты. Мұның соңы 1841-1849 жылдардағы Көкпекті, Аягөз, Зайсан өңірлерінде болған үлкен жұтқа ұрындырды. Жұттың болу себептері жайлы зерттеуші Н.Коншин: «Заметка об одном киргизском жуте» мақаласында былай жазады: «Қазақ болыстарын «құру кезiнде» рулық принцип негiзге алынбай, ендi аумақтық принцип негiзге алынды. Өйткенi патша үкiметi рулық ерекшелiктердi еске алуды саяси тұрғыдан алғанда зиянды деп тапты. Қазақтардың ежелден көшiп-қонып жүрген байырғы атамекен жерлерi ендi «мемлекет меншiгi» саналды. Ол жерлер қазақтардың «мерзiмсiз әрi қоғамдық негiзде пайдалануына» берiлетiн болды», – дейді. 

Ру болып қауымдаса ғұмыр кешкен қазақ үшін өзге рудың қарамағына кіру, сол ру басыларына (болыс,старшина/ ауылнайларына) бағынышты болу – ұлттық болмысқа жат еді. Мұның соңы алауыздық пен қазақтардың өзара қақтығыстарына алып келді. Ол өз кезегінде шаруашылықтың әлсіреуіне, жұрттың кедейшілікке ұшырауына зор ықпал етті. Оның арты үлкен жұтқа ұласты. Бұл жұт орыс патшалығын әбден тығырыққа тіреген жұт болып, оларға қазақтың тұрмыс салтын, әдет-ғұрпын зерттеу керектігінің маңыздылығы жөнінде ой салды. Осы мақсатта құрылған Щербина экспедициясы 1896 жылы Қазақ жерінің әр аймағында жұмысына кірісті. Экспедицияның мақсаты – аумақтарды табиғи, тарихи жағынан зерттеу, осы мәселедегі ауылдар мен болыстардың маңызын, шаруашылық жүргізу, жер пайдалану тәсілдерін анықтау және көшпелі, жартылай көшпелі шаруашылықтарға қажетті жер көлемін белгілеу, оның мемлекеттің (орыс патшалығының) қорына алынатын көлемін анықтау болды. Осы экспедиция құрамында жұмыс атқарған Әлихан Бөкейхан экспедиция жұмысының қорытындысы бойынша орыс патшалығы қазақ даласын түбегейлі жаулап алатынын түсініп, ұлт азаттығы жолындағы күресін бастайды.

Қазақтардың тұрмыс салтымен қатар, олардың дәстүрі, әдет-ғұрпы, фольклоры мен әні, күйі, шежіресі зерттеле бастады. Олардың арасындағы А.Левшин, И.Крафт, А.Э.Брем, А.К.Гейнс, Г.Броневский, фон Герн, В.Маевский, И.Пахомов, т.б. еңбектері көпшілікке қолжетімсіз болуда. А.Васильевтің 1889 жылы жазылған «Татарлар мен қырғыздардың (қазақтардың) өзара қатынасы туралы» жазбасындағы: «Қырғыздардың (қазақтардың) ерекше қабілетке ие екендігінде еш күмән жоқ. Бұл халық бүгінгі күні өзінің бірегейлігін сақтап қалған. Халық шығармашылығының үлгілері: мақал-мәтелдер, ән-күй, ертегілер, жұмбақтар, тарихи әңгімелер т.б. туындылар халықтың бай тарихының бар екенін айғақтап, болашақ дамуының кепілі болып табылады. Бостандыққа, еркіндікке ұмтылу, кішіпейілділік, білімге құмарлық – қырғыздарға (қазақтарға) тән қасиеттер...» деген сөздері жастарды рухтандырып, олардың туған жер тарихына құштарлығын арттырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім, ырым-тыйым, т.б. ұлттық құндылықтарымызды сақтап жүруге жетелемей ме?! 

Серікбек Болатбекұлы, өлкетанушы