Ұлтты сағыну
03.09.2024 3182

Амангелді Шәкеновті «екі мәдениеттің суретшісі» деп атау оның шығармашылығында қазақ және орыс мәдениеттерінің үйлесімділігімен байланысты. Ол Омбы қаласында дүниеге келген және сол жерде білім алып, өнер әлеміне еніп, өз туындыларында қазақ және орыс мәдениеттерінің элементтерін шебер біріктірді. 


Шәкеновтің шығармашылық жолы Омбы қаласында басталды, бұл қала сол кездегі Сібірдегі мәдени орталықтардың бірі болды. Ол жерде қазақ мәдениеті мен орыс мәдениеті қатар дамып, араласқан. Осылайша, суретші екі мәдениеттің де әсерін өз шығармашылығына енгізді.

Амангелді Шәкенов (1943-2018) – қазіргі заманның танымал суретшілерінің бірі. Ол кісі шығармаларында қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін бейнелейді. Оның өнері ұлттық нақыштармен және тарихи сюжеттермен ерекшеленеді. Шәкеновтың жұмыстары көркемдік тұрғыдан бай, ол түрлі техникалар мен стильдерді қолдана отырып, дәстүрлі және заманауи элементтерді шебер үйлестіреді. Оның шығармалары көптеген көрмелерде ұсынылып, жоғары бағаланған.

Суретші Амангелді Шәкеновтің суреткерлік шеберлігі оның қазақ халқының ұлттық болмысын, мәдениеті мен тарихын терең түсініп, оны заманауи бейнелеу өнерінде көркем жеткізе білуінде жатыр. 

Бейнелеу өнерінің шебері түрлі техникаларды меңгерген. Ол акварель, майлы бояу, графика сияқты әртүрлі материалдарды қолдана отырып, әрбір туындысында өзіндік ерекшелік береді. Оның стильдік әдіс-тәсілдері классикалық және заманауи элементтерді үйлестіре отырып, композициялық күрделілігімен ерекшеленеді. Суретшінің «Атбегі» (1988) және «Жайлаудағы кеш» (1989) жанрлық картиналарында балалық шақ естеліктері мен бейнелері бейнеленген.

Қазақ ойындарына арналған парақтар сериясы («Айтыс» және «Бәйге» атты екі парақ көрмеге қойылған) өзі үшін жаңалық болған монотиптік әдісті қолданып жазған. Шығармашылық ағымға қатысушылардың есеп беру көрмесінде «Айтыс» парағын «Туған елде» республикалық көрмесіне комиссия таңдап алды.

Амангелді Шәкеновтің суреткерлік шеберлігі оның шығармаларының тереңдігі мен ұлттық нақыштардың байлығында көрініс табады, бұл оны қазіргі қазақ өнерінің көрнекті өкілі етеді.

Өнер шебері түрлі тақарыптарға бай картиналарды әкелді. Тарихи мәдени тақырыптар, салт-дәстүрлер, табиғат пен пейзаждар, қазіргі қоғам мен әлеуметтік тақырыптар, философиялық және метафоралық тақырыптар авторды түрлі ойларға жетеледі. 

Сонымен қатар Амангелді Шәкенов түстерді үйлестіруде ерекше талғамға ие. Оның жұмыстары бай әрі мәнерлі палитрасымен көз тартады. Композицияны құруда ол кеңістікті тиімді пайдалана отырып, әрбір детальді ерекше мәнге ие етіп көрсетеді.

Суретші қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрлерін бейнелейтін картиналарымен танымал. Ол ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар, тұрмыстық заттар сияқты элементтерді өнер туындыларына қосып, қазақ халқының дәстүрлерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады. Оның өн бойынан туған халқына деген сағыныш, аңсау есіп тұратындай көрінеді. Ол өзінің байырғы ата-бабаларын іздегені сияқты туған ұлтын іздеумен шығармашылық кредосын анықтағаны аңғарылады. 

Қазақ даласының кеңдігі, табиғаты мен көркем пейзаждары да Шәкеновтің шығармашылығында маңызды орын алады. Ол табиғатты бейнелеу арқылы қазақ жерінің сұлулығын, оның табиғи байлығын көрсетеді.

Шәкеновтің туындыларында қазіргі қоғамдағы мәселелер, адам өміріндегі әлеуметтік тақырыптар да көрініс табады. Бұл туындыларда суретші заманауи қоғамның даму бағыттарын, әлеуметтік жағдайларды және адамның ішкі әлемін зерттейді. Сонымен бірге қылқалам шебері кейбір жұмыстарында суретші өмірдің философиялық аспектілерін, адамның рухани ізденістерін, өмірдің мәні мен мақсатын метафоралар арқылы бейнелейді.

Амангелді Шәкеновтің шығармашылығындағы тақырыптар қазақ халқының рухани және тарихи байлығын, табиғатын, мәдениетін және қазіргі заманғы мәселелерді терең зерттеуге бағытталған.

Портреттер жанры да суретші шығармашылық ғұмырында аса маңызды қадамдардың қатарынан саналады. Ұлттық дәстүр бойынша отбасы, туған-туыстар ұлттық өмір салтының маңызды құрамдас бөлігі болғандықтан, суретші отбасылық портретші қызметінде де жақсы табыстарға жеткен.  

Суретшінің асыл жары Қайыргелдіге арнаған көптеген суреттері қарапайым портрет ретінде қабылданғанымен, картиналарда автордың көзге көрінбесе де қатысатыны сезіледі (2004). Суреті түсінің қанықтығы сондай, бояудың иісі мен дәмі әлі кеппегендей әсер қалдырады. Суретші көптеген автопортреттер жасаған. Олардың ішінде бейнені терең психологиялық сипаттауға бағытталған шағын жұмыс (2011) ерекшеленеді. 

Амангелді Шәкеновтің ең соңғы картинасы символдық сипатқа ие десек болады, онда суретші өзін бейнелей отырып, қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің алдында малдас құрып, қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрпы бойынша өмірге батасын береді. Шығарма сол себепті «Бата» деп аталған (2018). Бұл картина маған да қатты әсер етті, адам туған елінің құндылықтарын сіңіруге, әсіресе шығармашылық тұлға елінің дәстүрлерін жалықпай насихаттауды жаны қалайды. Бұл тұрғыдан келгенде марқұм Амангелді Шәкенов өзін-өзі іздеген, туған елінің мәдениетін, дәстүрін дәріптеген асыл мінезді, абзал жүректі жан болды деп білеміз.