Қазақстан халқы ассамблеясының XXIV сессиясы жұмысын бастады
26.04.2016 1535
Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл біздің Тәуелсіздігіміздің жемісі.

Бүгін елорда төріндегі Бейбітшілік пен келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» күн тәртібімен Қазақстан халқы ассамблеясының XXIV сессиясы өз жұмысын бастады. 

Салтанатты шараға 1500-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында ҚХА мүшелері, әр облыстардан келген ассамблея мүшелері мен ардагерлері, Парламент депутаттары, республикалық, аймақтық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, мүшелері, ЖОО ректорлары мен ұстаздары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, ғылыми, шығармашылық және интеллигенция өкілдері қатысып жатыр. 

Қазақстан халқы ассамблеясының XXIV сессиясында сөз сөйлеген  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстан халқы ассамблеясы – біздің Тәуелсіздігіміздің ең асыл құндылықтарының бірі. Осы жаңа қоғамдық институтты бекітуді 1992 жылдың желтоқсан айында, Тәуелсіздігіміздің бір жылдығы қарсаңында ұсыныс жасағанымның өзіндік мәні бар. Қазір көпшілік сол кезеңнің қаншалықты күрделі болғанын біле бермейді. Ал сол тұста дүниеге келгендер қазір 25 жасқа толып, ересек адам болды. Олар біздің басымыздан өткергеніміздің көбін білмейді», – деді. 

Сондай-ақ Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Совет Одағы ыдырағаннан кейін бірқатар елдерде қантөгістер орын алғанын еске салып, олардың кейбірінде қақтығыстар әлі де жалғасып тұратынын, Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл біздің Тәуелсіздігіміздің жарқын жемісі екенін атап өтті.

«Әрине, қатерлер зор болды. Дегенмен, бізге қатысты айтылған ең сорақы болжамдардың барлығы Қазақстанды айналып өтті. Бұл кездейсоқтық емес, біздің мемлекетіміздің нысаналы жұмыстарының нәтижесі болатын. Біз достықты сақтап қалдық. Халықтың ерік-жігері арқасында біз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барлық этностардың тең құқылығы, бірлігі мен келісім жолын таңдадық. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл біздің Тәуелсіздігіміздің жемісі. Ол кез келген қатерлерден жоғары тұрды», – деді Н. Назарбаев.

А. ҚҰМЫРЗАҚ