Елорда төрінде Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекеленуде
01.05.2016 2072
Қала тұрғындары мен қонақтары күні бойы Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм тата алады, сондай-ақ дәстүрлі спорт түрлері бойынша сайысқа түседі

Елордада бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтуде. Басты халықтық серуен «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары достық дастарқанынан дәм татып, 500-ге жуық әртістің өнерін тамашалады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, қолданбалы өнер көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Мереке осындай форматта алғаш рет өткізіліп отыр. 

– Біз, Астана қаласындағы қазақстандық дүнген қоғамы, баршаңызды бірлік күнімен құттықтаймыз! Барлық ұлттар өздерінің бірдей екендігін сезінетіндіктен елімізде бейбітшілік пен келісім орнаған, -– дейді Зүлфия Муханзаева. 

Астаналық шығармашылық ұжымдар да жиналған қауымға керемет көңіл күй сыйлады. Елордалық өзбек этномәдени орталығының «Пойтахт» вокалдық ұжымы әр түрлі тілдерде әндер орындады. 

– Біздің топ «Пойтахт» деп аталады, ол Қазақстанның елордасы – Астана деп аударылады. Астанада шығармашылықпен айналысып жүргенімізге сегіз жыл болды. Түрлі іс-шараларға қатысамыз. Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз, бақыт, денсаулық тілейміз, – деді Ойбек Палванов. 

Айта кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өту үшін елордаға өзге мемлекеттерден де қонақтар келген екен. 

– Мен Армениядан 1 мамыр мерекесіне арнайы келіп отырмын. Өте қуаныштымын, мұнда қонақтарды осылай қарсы алады деп ойламағам, бәрі қызық. Қазақстанды құттықтаймын, бейбітшілік тілеймін, – деді Анна Саркисян. 

Қала тұрғындары мен қонақтары күні бойы Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм тата алады, сондай-ақ дәстүрлі спорт түрлері бойынша сайысқа түседі.