«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі
04.05.2016 2012
Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз

Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс! Жер өркениеті, ғалымдардың есебі бойынша, 15 мыңнан астам соғысты, яғни әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткерген. Оларда жүздеген миллион адам қаза тауып, Жер бетінен қалалар мен елдер жоғалған, мәдениеттер мен өркениеттер жойылған. 

ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңқалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буын технологияларын жасап жатыр. Адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамырына балта шабылуда. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр. 

Соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға кесел жұқтыруға дайын тұр. Милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы әбден мүмкін. Осындай өліммен аяқталатын қатердің белгілері анық байқалады. Халықаралық қатынастарда жанжалдастық тәуекелдері күшейе түсіп отыр. Әскери қақтығыстардың географиясы өткен екі әлемдік соғыстың – Еуропаның шығысындағы, Африканың солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыстың іс-қимылдарының тарихи шегін қамтуда. 

Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе. 

Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр. 

Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады. Дүние әзірше өткен төрт онжылдықтың оң инерциясының арқасында сақталып тұр. 

ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдары айтарлықтай қысқарған болатын. Бес ядролық держава атом қаруын сынау мораторийін жариялады және оны ұстанып келеді. Планетаны жойып жіберу қатері едәуір азайды. Қауіпсіздіктің өңірлік жүйесін құру үдерісі жеделдеді. 

Өзара сенім қағидаттарына сәйкес еуразиялық-атлантикалық мега-құрылым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрылды. Державалардың бейбітшілікті сақтау жөніндегі үйлесімді іс-қимылдары мен БҰҰ-ның көпқырлы операцияларының нәтижесінде тұтастай бір жанжалдар мен соғыстар мәселесі ретке келтірілді. Міне, енді біз осы барлық жетістіктердің эрозиясын көріп отырмыз. 

Сондықтан миллиондаған адамды барған сайын мынадай сұрақтар толғандырады. Әлемдегі жағдай қай бағытта өрістейтін болады? Жетекші державалар арасындағы қарама-қайшылықтар олардың арасындағы ұзақ мерзімді жаңа текетіреске ұласып кетпей ме? Қай елдер жаһандық және өңірлік державалар жүргізіп отырған «прокси-соғыстардың» келесі құрбандығына айналуы мүмкін? Әзірше гүлденіп тұрған қай елдің жерін танктердің шынжыр табаны таптап, снарядтардың жарылысы талқан етпек? Қай қалаларда балалар зымырандар отынан өлім құша бастауы мүмкін? Жанжалдан қашқан босқындардың жаңа ағыны қайдан және қайда лап қояды? 

Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын көрнекті ғалымдар Альберт Энштейн мен Бертран Рассел «қатал, қатерлі және қашып құтыла алмайтын сұрақ: біз адам баласын жоюға тиіспіз бе, әлде адамзат соғыстан бас тарта ма?» деген манифест жариялаған болатын. 

Адамзаттың ХХ ғасырдағы озық ойлы өкілдері жұртқа болашақтағы әлемдік соғыста планетадағы тірі жанның бәрін жоятын ядролық қару міндетті түрде қолданылатын болады деп көріпкелдікпен ескертпе жасаған еді. 

Олардың мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстар соғыс арқылы шешілмейді және шешілмеуге тиіс деген ескертулері ХХІ ғасырда да аса өзекті күйде қалып отыр. Соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті. Бірақ мұның қандайда бір ақылға қонымды басқа баламасы жоқ. Бұл міндетті әлемдік көшбасшылар жаһандық күн тәртібіндегі өзге проблемалардың аясында абсолютті басымдық ретінде қарастыруға тиіс. 

ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Бізде мұндай мүмкіндік енді болмайды. Бұлай болмаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың тіршілік белгісі байқалмайтын орасан зор үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз бірегей, бізде мұнан басқа планета жоқ және болмайды да. 

Сондықтан адамзатқа «ХХІ ҒАСЫР: СОҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» атты кең ауқымды бағдарлама қажет. 

Бұл жаһандық стратегия ұлттың соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттерін айқындауға тиіс. Бұл құжатта үш басты қағидатты нақты мазмұндау керек. 

Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. 

Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс. 

Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек. Әлемдік қоғамдастық іс-қимылының тұтастық алгоритмдерін мына бағыттар бойынша осы кешенді негізде түзу керек. 

БІРІНШІ. Ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу. Бұл бағыттағы маңызды қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Қазақстан 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жапты. Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға. Жас мемлекет содан соң КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі төртінші әлеуетіне және оны жеткізу құралдарына иелік етуден өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жетекші ядролық державаларды ядролық сынаққа мораторий жариялауға қозғау салды. 20 жыл бұрын БҰҰ аясында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды және қол қою үшін ашық деп жарияланды, бірақ ол осы күнге дейін күшіне енбей келеді. Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. 

Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттердің маңызы аса жоғары. 

Енді өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал. 

ЕКІНШІ. ХХІ ғасырда өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру қажет. Әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар Антарктиданы, Латын Америкасын, Африканы, Австралия мен Океанияны қоса алғанда, іс жүзінде бүкіл Оңтүстік жарты шарды қамтиды. Олардың ішіндегі ең «жасы» 10 жыл бұрын Семейде өңірдің бес мемлекеті құрған Орталықазиялық ядросыз аймақ болып табылады. Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру жөніндегі халықаралық күш-жігерді белсендірек ете түсу керек. 1992 жылы Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға бастамашы болды. 

Аталған форум құрлықтың 27 мемлекетінің, БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен жаңа ғасырда табысты түрде институттандырылды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы көпқырлы ынтымақтастық зор маңызға ие. Оңтүстік Америкадағы, Оңтүстік Атлантикадағы, Үнді мұхитындағы Бейбітшілік аймағы айтарлықтай әлеуетті иеленіп отыр. Жинақталған барлық тәжірибені арнайы халықаралық құқық негізінде кең ауқымды Бейбітшілік Ареалдарын құру үшін қолдану қажет. Оларда, әрине, соғыстар мен жанжалдарға орын болмауы керек. Бейбітшілік Ареалдарындағы қауіпсіздік пен даму мәселелеріне БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер, сондай-ақ, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі кепілдік бере алады. 

ҮШІНШІ. ХХІ ғасырда милитаризмнің жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп, кең ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін әскери блоктар секілді рудиментін еңсеру керек. Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок бар болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық. Күш қарсы күшті тудырады. Әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздікке өзінің жауапкершілігін әркез сезіне бермейтін түрлі мемлекеттер де еніп отыр. Оның үстіне, әскери блок зонттарын, өздерінің тікелей көршілерін қоса алғанда, үшінші елдермен өзара қарым-қатынасында басымдық алу үшін пайдалануға әрекеттенушілік те жоқ емес. Осылайша қарсы тұру ахуалы жекелеген өңірлерде, сондай-ақ, бүкіл жаһандық кеңістікте шексіз жалғаса беруі ықтимал. Бұған қоса, өткен соғыстар мен жанжалдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өзіңнің қауіпсіздігіңді өзге мемлекеттердің қауіпсіздігіне қысым жасау есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан әскери блоктарға БҰҰ туы астында Мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолындағы үшін жаһандық коалициясын қарсы қою қажет. Таяудағы онжылдықтың жалпыға ортақ міндеті Ауғанстандағы, Ирактағы, Йемендегі, Ливия мен Сириядағы, Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палестина-Израиль текетіресін тоқтату болуға тиіс. Корей түбегі, Оңтүстік-Қытай теңізі акваториясы және Арктикадағы ахуалдың қаупінің әлеуетін азайту міндеті тұр. 

ТӨРТІНШІ. Халықаралық қарусыздану үдерістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу маңызды. Зымыранға қарсы жүйелер мен кәдімгі қару-жарақ жөніндегі бұрынғы уағдаластықтар кезіндегі алысты болжай алмаушылық Еуразия кеңістігін саяси милитарландыруға алып келді. Бұл, тіпті, қорғанысты басқарудың электрондық жүйесінің ықтимал ақауына байланысты жаһандық соғыстың басталу қаупін күшейте түседі. БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің жаңа стратегиясы қажет. Алдымызда мүлде жаңа қатер – терроршылардың қолындағы аса қауіпті қаруға айналуы мүмкін киберқылмысты жоюмен айналысу міндеті тұр. 

БЕСІНШІ. Соғыссыз әлем – бұл, бірінші кезекте, халықаралық қаржы, сауда-саттық және даму саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмасы. БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстан Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045 Жоспарын жасау бастамасын ілгерілетті. Бұл Жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюды көздейді. Барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға теңдей және әділетті қолжетімділігі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызды. Оны БҰҰ-ның 100 жылдығы мерейтойына қарай жүзеге асыру ұсынылып отыр. Қазақстан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады. Оның барысында ХХІ ғасырда қиратып-бүлдіруге әкеліп соқтыратын соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында халықаралық құқықтың қағидаттарын қуаттаған жөн. Ақыл мен үнқатысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақыру әректі жаһандық әлем қарсыластарының ақпараттық шабуылдарының құрбандықтарына айналмауға тиіс. 

ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек! 

Бұл – шетін мәселе! 

Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар. 

Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесім ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Біздер, мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершілік арқалап отырмыз. Көптеген тар жол, тайғақ кешуден өткен адам, саясаткер ретінде, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды талаппен қайрылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ. 

akorda.kz