Моңғолия астанасында «Бүркіт тойы – 2025» фестивалі өтті
12.03.2025 533

2025 жылдың наурыз айының 8-9 күндері Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында «Бүркіт тойы – 2025» («Бүргэдийн баяр»)  халықаралық фестивалі өтті, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы montsame.mn порталына сілтеме жасап. 


Ел астанасына жақын орналасқан «Шыңғыс хан ордасы» туристік кешенінде өткен шараға 22 бүркітші қатысты. Халықаралық фестивальге Моңғолияның Баян-Өлгий, Төв, Сэлэнгэ, Архангай аймақтарынан және Қазақстан мен Қырғызстаннан бүркітшілер қатысты. 

«Бүркіт тойы – 2025» фестивалінің ашылу салтанатында Ұлан-Батыр қаласы әкімдігі Әлеуметтік саясат басқармасының басшысы Ш. Анхмаа сөз алып, көшпелілердің бірегей мәдениеті мен дәстүрін болашақ ұрпаққа жеткізуде осы фестивальдің маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар Моңғолия Үкіметінің туризмді дамытуға бағытталған бастамалары мен жаңа жетістіктері де айтылды. «Бүркіт тойының» халықаралық деңгейде танымал бола бастағанын да тілге тиек етті.  

«Көшпелілердің жауынгерлік дәстүрі, салт-санасы, қайталанбас ерекше мәдениеті мен тұрмысын келер ұрпаққа жеткізіп, Моңғолияны әлемге таныту, ұлттық әдет-ғұрып пен мұра арқылы шетелдік және жергілікті туристерді тарту мақсатында «Бүркіт тойы» фестивалін 19-шы рет өткізіп отырмыз.  Моңғолия Үкіметі 2023-2028 жылдарды «Моңғолияға сапарлау жылы» деп жариялап, ауқымды іс-шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асырудың нәтижесінде тарихымызда болмаған жетістікке жетіп, 805 мыңнан астам турист қабылдап, жаңа жылды табысты қарсы алдық. Бұл игі істе Ұлан-Батыр қаласы Әкімдігі, қалалық мекемелер мен туризм саласындағы кәсіби және жеке сектор ұйымдары белсене атсалысып, үлкен үлес қосып жатқанына алғыс білдіремін. Биылғы фестиваль Қазақстан, Қырғызстан, Баян-Өлгий, Төв, Сэлэнгэ аймақтарынан келген бүркітшілер мен мәдени мұра өкілдерінің қатысуымен ерекшеленеді. Алдағы уақытта «Бүркіт тойы» фестивалі Ұлан-Батыр қаласының экономикасына ғана емес, мәдени және арнайы қызығушылыққа негізделген туризмді дамытуға да елеулі үлес қосатынына сенімім зор. Сонымен қатар туристер мен саяхатшылар асыға күтетін көрнекті шараға айналып, Моңғолияның дүние жүзіне танылуына септігін тигізе берсін деп тілеймін», – деді Ш. Анхмаа. 

Бұл іс-шара – қазақтың байырғы құсбегілік өнерін, көшпелілердің жауынгерлік дәстүрін және Моңғолиядағы көпэтносты мәдениетті әлемге паш ететін ерекше мереке саналады. 

«Бүркіт тойы – 2025»

«Бүркіт тойы» – Моңғолиядағы қазақтардың атадан балаға мұра болып келе жатқан аңшылық өнерін, ұлттық ойындары мен тұрмыс-салт дәстүрін дәріптеуді көздейтін ауқымды іс-шара. Бүркітпен аң аулау дәстүрі Орталық Азияның көшпенділер арасында 6000 жылдан бері тамыры үзілмей келе жатқан бекзат өнер. Оны ең жақсы сақтаған халық - Моңғолия қазақтары. Осыны ескере отырып, тарихы тереңге жайылған дәстүрді насихаттап, шетелдік туристерге көрсетіп және сол туристердің сұрауы бойынша Моңғолияда "Бүркіт тойы" жылына екі рет өтетін деңгейге жетті. Өткен жылы қазан айының алғашқы аптасында Баян-Өлгийде өткен ерекше той, енді көктем туа Ұланбатырда жалғасын таппақшы.

Бүркітпен аң аулау дәстүрі 2010 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне ресми түрде енгізілген. Орталық Азия көшпелілерінің ежелгі дәстүрі саналатын бүркітпен аң аулау бүгінгі күнге дейін Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы мен өзге де аймақтарында сақталып отыр.

19-мәрте ұйымдастырылып отырған Бүркіт тойын Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар министрлігі, Ұлан-Батыр қаласының Туризм басқармасы, Моңғолияның Бүркітшілер қауымдастығы, Баян-Өлгий аймағының Мәдениет және өнер басқармасы, сондай-ақ "Шыңғыс хан ордасы" кешені бірлесіп ұйымдастырады. Бүркіт тойы фестивалі бірнеше бағдарламаға бөлінді.

Бүркітпен шеру – ұлттық  киімдегі, бүркіт пен аттың әбзелдері ерекше безендірілген қатысушылар саппен өтіп, ең сәнді бүркітші таңдалды.

«Жасанды жемтікке» түсіру сайысы – бүркітшілер  құстардың шапшаңдығы мен баптау шеберлігін көрсетті.

Көкпар (тулақ тартысы) және жерден тиын іліп алу – қазақтың  ұлттық ат спортына негізделген қызықты бәсекелер өтті.

Қолөнер көрмелері мен сауда жәрмеңкелері – жергілікті қолөнершілердің бұйымдарын сатып алу мүмкіндігі ұсынылды.

Аңшы тайга иттері мен сұңқар, қаршыға құстарының шоуы – Моңғолияның «Құсбегілік қауымдастығы» ұйымдастырған арнайы көрсетілімдер.

Фестивальге келген туристер мен қала қонақтары үшін ұлттық нақышты терең сезінуге арналған қосымша шаралар да қарастырылды. Қазақ киіз үйіне кіріп, ұлттық киім киіп суретке түсу, атпен және түйемен серуендеу, садақ атуға қатысу, алтыбақан тебу, 360° камерада естелік суреттерге түсу деген сияқты. 

Туризмді дамыту және экономикалық әсер

«Бүркіт тойы-2025» Моңғолия туризмін дамытуға айрықша үлес қосып отыр. Фестиваль уақытына қарай елге шетелдік туристер ғана емес, ішкі саяхатшылар да көптеп ағылады. Жергілікті кәсіпкерлерге (қолөнер бұйымдарын жасайтындар, ұлттық тағам және қонақүй бизнесі) табыс көзін арттырады, Мәдениет алмасу арқылы Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия тұрғындарының өзара байланысын күшейтеді, Ұлттық брендті халықаралық аренада танытады.

Ұлан-Батыр қаласы Әкімдігі де мұндай мерекелердің қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және мәдени-рухани бейнесіне оң ықпал ететінін растайды. «Бүркіт тойы-2025» – Моңғолиядағы көшпелілер мәдениетінің жарқын көрінісі әрі туризм мен ұлттық дәстүрдің тиімді ұштасқан үлгісі. Шетелдік және жергілікті қонақтар бұл фестиваль арқылы қазақтың құсбегілік өнерін, ұлттық ойындары мен қолөнерін бір жерден тамашалап, Моңғолияның табиғаты мен көпэтносты мәдениетіне зер салды.

Алдағы жылдары «Бүркіт тойы» өзінің ауқымын одан әрі кеңейтіп, жаңа бағдарламалармен толықтырылмақ. Осылайша Моңғолия көшпелілер өркениетінің бірегей мұрасын әлемдік деңгейде танымал етуді мақсат етеді.