Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев 2021 жылы 05 қаңтар күні «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» десе, өткен жылы (2024) қаңтардың 3-і күні аталмыш газетке берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», деп айтқан еді.
Осы орайда, Президентіміз айтқандай, Наурыз мейрамы жыл сайын басқаша сипат алып, түрленіп келе жатыр. Биылдың өзінде мейрамды атап өтудің 10 күндік мерекелік жоспары жасалып, ол қоғамға ұсынылды. Атап айтар болсақ, наурыз айының 14-і – көрісу күні, 15 наурыз – қайырымдылық күні, 16 наурыз – шаңырақ күні, 17 наурыз – мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 18 наурыз – ұлттық киім күні, 19 наурыз – жаңару күні, 20 наурыз – ұлттық спорт күні, 21 наурыз – ынтымақ күні, 22 наурыз – жыл басы, 23 наурыз – тазару күні ретінде атап өтілмекші.
Наурыз мейрамы һәм «Ұлыс» атауы
Наурыз мейрамының тарихы терең һәм күрделі. Соңғы ширек ғасырда Наурыз мейрамының тарих мен қоғамдық маңызы туралы көп жазылып жүр. Осылардың ішінде көпшілікке белгілі көне дереккөздеріне тоқталар болсақ, біздің жыл санауымыздан бұрын жазылып, Орталық Азия халықтары арасында кең тараған зороастра діни-ғұрыптық ұстаным кітабы «Авеста» жинағында және ХІ ғасыр туындысы атақты ғалым Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» атты түркі тілдер сөздігінде көне парсы-түркілердің жыл санауы және Наурыз мейрамы хақында мәліметтер кездеседі.
Осы деректерге қарап біз Наурыз мейрамының көнелігін аңдаймыз. Сондай-ақ, ортағасырлық шығыс шайырлары мен оқымыстылары Әбу Райхан әл-Бируни, Ибн Балхи, Омар Хаям, Қожа Хафиз еңбектерінде жазылған мәліметтерге қарағанда, Наурыз мейрамын ежелгі заманда Иран, Ауған, Бұқара, Қапқаз, Тұран ұлысымен шектестіп жатқан Түркістан өлкесі атап өтетіні туралы айтылса, қазақстандық қаламгер наурызтанушы Смағұл Елубай ағамыз «Бұл мейрамды ерте кезде иран-тұран жұртымен бірге христиан дінін толық қабылдағанға дейін славяндар да тойлаған» дейді.
Тіпті қазіргі жыл санаумыз бойынша ХVІІІ ғасырдың басына дейін ағылшындар жылбасы ретінде «26 наурыз» күнін белгілеп келгені туралы дерек бар. Осы орайда, жаратылыстанушы мамандар адамзат қолданып келген шығыстық күнтізбелік деректерге сүйене отырып, Наурыз мейрамының пайда болғанына 5000 жыл деген пайым айтуда.
Келесі кезекте есте болатын дүние – Наурыз мейрамының «Ұлыстың ұлы күні» деп аталатын балама ұғымы бар. «Ұлыс» – дегенміз көне түркі тілінде «мемлекет» деген мәнге ие. Дәл қазір осы ұғым, осы термин моңғол тілінде мағынасын бұзбай сақталған екен. Олар өз елін, яғни республикасын ауызекі және жазба тілде «ұлыс» деп атайды. Яғни, Моңғолия мемлекеттің ресми атауы «Моңғол Ұлыс».
Біздің жоғарыдағы пайымымызға дәлел: 1984 жылы Моңғол Ғылым академиясының тапсырысымен тілші ғалым Базылхан Бұқатұлы дайындап, Бай-өлкеде жарық көрген 50 мыңдық «Моңғол – Қазақ» сөздігінің 508-бетінде: «Улс» (ұлыс) атауын қазақ тіліне «мемлекет» деп аударса, Шәкәрім атамыздың Наурыз мерекесін сипаттау жырында.
Түтіні шығар бұрқырап – десе және де бір ел аузында сақталған тағы бір жырда:
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өрістен,
Шалдар бата беріскен,
Сақтай көр деп терістен, - деп мейрамның «ұлыс» атауын нақтылай түседі. Яғни, Наурыз мейрамы қазақ танымында «Ұлыстың Ұлы күні» ретінда сақталған. Сонымен қатар тарихымыздағы «Жошы Ұлысы» немесе «Ұлық Ұлыс» деген тарихи тіркестер біз айтып отырған «ұлыс - мемлекет» ұғымымен ұштасып жатыр.
Өткен ғасырлардағы аумалы-төкпелі заманда халқына қорған болған Шақшақ Жәнібек батыр (1693-1752) өлгенде қызының жоқтауында айтылған:
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем,
Тамам сорлы тоймас па ең,
Ұлыс сайын басыңа,
Жұпшырақ жағып қоймас па ем, - деген шумағы бізге жетіпті. Осындағы «ұлыс» сөзінің мағынасы: «жыл сайын», яғни «ұлыстың ұлы күні» болған сайын басына жұп-жұбымен шырақ жағып еске алар» едім деген мәтінде айтылып тұр. Ал «шырақ жағу» ежелгі манжуси (отқа табынушы) қауымнан қалған дәстүр екенін бәріміз білеміз.
Наурыз күнтізбесі һәм айсанау тәсілі
Қазақ халқы қазан төңкерісіне дейін күнтізбелік уақыт санауды ай фазасы арқылы жүргізіп келген. Ал біз сөз етіп отырған «Наурыз мейрамын» қазақ халқы ХХ ғасырдың басына дейін көшпенділер күнтізбесінің «айсанау» тәсілі арқылы анықтап келген. Қазіргі таңда еліміздің кейбір өлкелерінде «14 наурыз – көрісу күні немес жылбасы» есептеліп жүруі ескі айсанау мен қазіргі григориан күнтізбесінің арасындағы айырмашылықтан туған болуы мүмкін. Оны тәпсірлеп түсіндіретін боламыз.
Ал ежелгі көшпенділердің «айсанау» тәсіліне тоқталар болсақ, олар ең алдымен айдың тууын қадағалайтын. Егерде, жаңа туған айдың қос қиығы төмен қарай шаншылып, сауыры төңкеріліп туса «ай төңкерілді» дейді. Төңкерілген ай – малға жайлы, адамға қолайлы болады деп есептеп, алыс сапарға шығу, мал отарлату сияқты маңызды істерді жоспарлайды.
Егер айдың екі ұшы көкке қарай шаншылып шалқалап туса, бұл жамандық белгісі. Ай көп жағдайда жарты шеңберлі пошыммен қабырғалай тууады. Толық қабырғалап тууса жақсы, егер сәл шалқақ болса, бұл айда қолайсыз күндер көп деген сөз. Сәл еңкіш тууса жақсылыққа жориды.
Айдың фазасы мына суретте көріп отырғандарыңыздай, алғаш туған ай көрінбейді. Көрінгеннің өзінде жарты қияқтанып аңғарылмайды. Сол себепті, көшпенділер алғаш туған айды көретін адамды, аңғарымпаз, сұңғылаға жорыған. «Ай көрдім, аман көрдім, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп жасаған.
Халық арасында «Айдың он бесі жарық, он бесі қараңғы» деген қағидат бар. Яғни, жаңа туған айдың орағының ұлғаюын – айдың жаңасы деп атап, ары қарай жарты шеңбер құрғанға дейін, «айдың бір жаңасы, екі жаңасы, үш жаңасы... жеті жаңасы» деп санап, одан кейінгі ай толғанға дейінгі бір апта, жеті күнді «айдың сегізі, тоғызы... он төрті» деп есептейді. Ал он бесі күні ай толады. Халық жырларында «толған айдай толықсып» дейтіні осы.
Көне көздердің айтуынша, ай толғанда үш күн (14, 15, 16) жер астындағы сулар көтеріліп, көл толқиды, құдықтардың суы көбейеді. Осы тұста мол суды қажет ететін шаруалар жоспарланып, толған ай жарық болатындықтан адамдар шілденің ми қайнатар ыстық күндері, ай жарық түнгі салқында сапарға шығады. Мұны қазақтар «айдың сүттей жарқырауы» дейді.
Он бесінде толған ай кетіліп кеми бастайды. Адамдар айдың кішірейуін «ескі айдың 16-шы, 17-ші жаңасы...» деп санай береді. Айдың осы бір фазалық өзгерісін күнде көріп көзі қаныққан адам ешқандай қателеспейді. Сондай-ақ, айдың кеш туатын кезін қазақтар «Айдың қорғалауы» дейді. Есте болатын бір дүние – ескі айдың 27-і жаңасынан кейін жаңа ай туғанға дейін 3 күн қараңғылықты «өліара» деп атайды.
Қазіргі дүние жүзі уақыт есептеу жүйесін – күн санау арқылы жүргізеді. Бұл бертінде еуропалық жылнамашылар енгізген тәсіл. Ал ай санаудың ерекшелегі жоғарыда атап өткеніміздей айдың фазасы аса дәлдікпен тұрақты түрде өзгеретіндіктен соған қарап, қарапайым адамның өзі уақыт өлшемін мөлшерлей алады.
Осындағы ай санау жайлы Құранның «Бақара» сүресінің 189-аятында «(Мұхаммед ғ.с) олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды: «Ол адамдар және хажылық үшін уақыт белгілеу де» деп уақыт есептеуді ай өлшемімен жүргізуді үкім етсе, үлкен имам Бұхаридің хадис жинағында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айды 29 немесе 30 күнмен өлшеп есептегені жайлы дерек бар. Осыған қарағанда, ежелгі парсы-арабтар мен ұлы дала тұрғыны қазақтардың уақыт есептеу үлгісі бірдей.
Мына бір суретте көріп отырғандарыңыздай, жаңа туған айдың 1,2 күндері мен соңғы екі күн 27, 28-і күндері аспандағы ай көруге көрінбей қалған 4 күнге, айды күнтізбелік 30 күнге толдыру үшін тағы 1 немесе 2 күн қосып, осы көкейдегі 5-6 күнді «бес қонақ» деп атағаны туралы семейлік өлкетанушы Молдабек Жанболатұлы «Наурызнама» атты кітабында жазса, дәл ай көрінбейтін күндерді кей өлкелерде (Алтай-Қобда) «өліара» деп атаған екен.
Наурыз - көктем мерекесі.
Наурыз мейрамының басты сипаты – көктем мерекесі екендігі. Бұл талас тудырмайтын мәселе. Бірақ бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан дүние – қазақ даласына көктемнің әр мезгілде келуі. Мысалы, оңтүстік өңірлерде көктем – наурыз айында келсе, солтүстік – батыс – шығыс өңірлерде көктем сәуірдің аяғы мен мамырдың басында келеді. Сөйтіп, еліміздің солтүстік өңір тұрғындары Наурыздың жылы жаққа келетін уақытын ұстанып, наурыз мейрамын суықта дірдектеп тойлауға мәжбүр.
Бұрынғылар Наурыз мейрамын өз өлкесіне көктем келуімен атап өтетін. Көктем мезгілін бұрынғы қазақтар «жазғытұрым» деп атаған. Мысалы, Абай Құнанбаев «Жазғытұры» («Көктем») атты өлеңінің алғашқы шумағында:
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі, - деп жазады. Мына бір шумақ жырдан көзі қарақты оқырман көктемді көріп тұрған жоқ па?!
Абай атамыз арықарай: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен десе, Шәкәрім қажының жазбаларында: «...ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, оны ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз. Бұл парсы сөзі. Қазақша «жаңа күн» деген сөз» дейді деп жазып кетіпті. Бұл мәтіннен біз Наурыз мейрамы қазақ даласына жазғытұрым, яғни, қазіргі тілмен айтқанда мамыр айында келетінін аңғарамыз.
Осы орайда, дүлдүл ақын Мұқағали Мақатаев «Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда» деп жырласа, көктем мерекесі туралы атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин былай депті:
Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп,
Өсірер жерден шөпті нұрдың буы.
Жақындар Құдайымның көктен күні,
Тең болар жарлықпенен күн мен түні.
Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,
Жайқалып шыға келер жердің гүлі.
Осы орайда, мына бір деректі айта кетуді жөн көріп отырмыз. Атақты ортағасырлық тарихшы Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты еңбегінде «Дала нояндары көктем шығып, гүл-бәйшешек гүл атқан тұста Қарақорым қаласына жиналып, бір ай бойы сауық құрады. Қала қорғанының батыс жағында орналасқан 12 метр биік бағанаға нысана – жамбы іліп қояды. Күн сайын сайыс өткізіп, жеңімпазды «Басбармағы майыспас» деп мадақтайды» деп жазса, осы жылдары Қарақорымда болған еуропалық саяхатшы Джованни Плано Карпини: «Дала сарбаздары садақ атудан басқа ешнәрсеге маңыз бермейді. Балаларына жасына қарай үлкен-кіші әртүрлі садақ жасап береді. Олар садақ атудан басқа ештеме білмейді», депті. Яғни, бұл дерек Молдабек Жанболатұлының кітабында баяндалғандай түрік патшасы жамбыға оғы дарыған мергенге бір тағын босатып беретіні жайлы жазбаға сай келіп тұр.
Бұның сыртында біз ежелгі көшпенділер көктем мерекесінде (Наурыз болуы әбден мүмкін) әртүрлі сайыстар өткізіп, жеңімпаздарды марапаттайтыны хақында деректі білдік. Демек, биылғы Наурыз мейрамының «20 наурыз – ұлттық спорт күні» болып жариялануының арғы жағында осындай мәнді тарихи сабақтастық жатқаны анық.
Наурыздың рухани өзегі: еңбек, татулық, теңдік, көрісу
Жалпы Наурыз мейрамы жайлы дерек ежелгі қазақ фольклорында көп кездеспейді. 2013 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген жүзтомдық «Бабалар сөзінің» 90-шы томында жарияланған «ғұрыптық фольклордың» 69-шы бетінен «Наурыз тойы» атты шағын жеті шумақ жыр бар. Бұл мәтінің өзін бертінде, 1997 жылы Шымкент тұрғыны Салиха Жантасова деген әйел ұсыныпты. Қолжазба қазір ӘӨИ-ның қорында (920/117) сақтаулы тұр.
Бірақ заман өзгереді, бар жоқ болады, жоқ бар болады. Құндылықтар жойылады, қайта жаңғырады. Осы орайда, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жаңғырған ұлттық мейрамымыздың бірі – Наурыз. Бұл жерде басын ашып айтатын дүние – Наурыз діни мистикалық емес, қарапайым халыққа жақын ғұрыптық мейрам.
Сурет Қазақстан Республикасының кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатынан
Осы орайда, бұл мейрамының ежелден келе жатқан бұлжымас рухан өзегі бар. Соның бірі – теңдік концепсиясы. Яғни, бұл күн Шәкәрім қажының жырлағандай: «Құл құрықтан, Күң сырықтан» құтылатын күн. Өлкетанушы Молдабек Жанболатұлының 2009 жылы жарық Семей қаласында көрген «Наурызнама» атты еңбегінің 16-шы бетінде: «Ертеде Иран патшасы Наурыз күні қол астындағы сүйікті құлының біріне шапанын сыйға тартып, тағына отырғызып, бір күн ел басқартқаны жайлы аңыз бар. Түркі патшасы Ұлыс күні ұйымдастырылған мергендер сайысында жамбыны атып түсірген адамға бір күн ел билеуге ерік берген екен» деп жазады. Бұл тәмсіл біздің халық ауызында сақталған Наурыз күні «Құл құталар құрықтан, күң құтылар сырықтан» деген мәтінімен үндесіп тұр.
Татулық концепсиясы хақында айтар болсақ, бұл мейрамның негізгі өзегі де осында. Татулық дегенміз – қай заманда болмасын қоғамды тұтастандырып тұратын керемет күш. Атам қазақ «татулық бар да, ынтымақ пен бірліктің туы биік» деп бекер айтпаған. Сондай-ақ «ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген екен аталарымыз.
Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша Наурыз күні ренжіскен адамдар бір-бірін кешірісіп, татуласады, жаңа жылға, жаңа күнге өткеннің барлық реніш-өкпесін тастап жаңа леппен, жаңа санамен кіреді. Бір жағынан бұл үрдіс қоғамдық жаңару, жаңғыруды тудыратындықтан «Наурыз – жаңару мейрамы» деген мәнге ие.
«Наурыз күні ауызы дуалы ақсақалдардың алдында түзелмейтін іс, бітіспейтін дау, шешілмейтін шаруа болмайды. Осылайша ел бірлігін сақтау, қауымның берекесін нығайту Наурыз тойының шын арқауы, өзек жарды міндеті» деп жазады семейлік наурызтанушы Молдабек Жанболатұлы «Наурызнама» атты кітабында.
Еңбек концепсиясы туралы айтар болсақ, бұл ұғым Наурыз мейрамның рухани өзегінің негізі ұстыны деуге негіз бар. Яғни, наурыз туғанда жердің тоңы жібиді, қыстай қатып жатқан қары ериді, сай-сала суға, жер беті нуға толады. Бұл уақыт жер емшегін емген бұқара үшін еңбек мейрамы. Яғни, дихандар егіс алаңын түзейді, арықтарға су жібереді, жаңадан жеміс ағаштарын отырғызады дегендей...
Аталарымыздың «Бұлақ көрсең көзін аш», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген тәмсілдері жоғардағы наурыз концепсиясымен үндесіп жатыр.
– Наурыз туғанда, - жазады наурызтанушы Серік Ерғали: «Аталарымыз жаңа жылды жаңа күшпен бастап, ауыл ақсақалдарының үйғарымымен кезектесіп әр ауылға жиналып Наурыз көжес ішіп, ойнап-күліп жүріп-ақ құдық аршу, бұлақ, тұма, бастаудың көзін ашу, атызды тазарту, арық қазу, қора жайды түзеу, жылқы таңбалау, түйе күзеу, қой қырқу, үй тұрғызу, киіз басу, алаша тоқу, арқан есу, қалып құю, там көтеру т.б. бірлі-жарымды адамның қолынан келмейтін шаруаларды көптің көмегімен атқара жүріп тойды жалғастырған» деп жазады.
Көрісу концепсия туралы айтар болсақ, бұл да мейрамның рухани өзегінің бірі. Жалпылама айтқанда Наурыз әуелі ғасырлық салт-сана, дәстүр-ғұрпымызды жаңғырту мейрамы. Соның бірі – көрісу. Қарапайым тілмен айтқанда, алты ай қыста бұйығып жатқан жұрт көктем мерекесі келгенде жадырап, жайнап қыстай хабарласа алмаған ағайын-туғанға барып көріседі, яғни амандық-саулығын біліседі. Абай айтқандай:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып, - ырғап, жырғайды немесе халық аузында сақталған мына бір шумақта:
Ұлыс күнi кәрi-жас,
Құшақтасып көрiскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өрiскен, – деп айтылғандай көрісу концепсиясы айналып келгенде жұрты бірлікке шақыратын, ағайынды қадірлеуге үндейтін өте құнды үрдіс.
Қазақ зиялларыНаурыз мейрамы хақында
Өткен ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары «Наурыз мейрамы жайлы қандай бағыт ұстанды?». Осы сұрақ төңірегінде зерттеу жасаған Абай Мырза бауырымыздың тұжырымына сүйенсек: «Өткен ғасырдың басында қазақ ағартушылары Наурыз мейрамы жайлы өздерінің пайымын жазып қалдырған һәм бұл мейрамның тарихи маңызы мен ғұрыптық ерекшелігіне де тоқталған. Жазбалардың құндылығы осында» дейді.
Сурет Қазақстан Республикасының кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатынан
Атап айтар болсақ, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыз (март) күнгі 5-ші санына Ахмет Байтұрсыновтың «Наурыз» атты бас мақаласы жариялапты. Онда: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан ауылға, үйден үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді...
Орыстың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді. Біздің жаңа жылымыз – наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын – әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен «Жаңа жыл» деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденетін кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп дем алып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз – наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді» делінген екен.
****
Сондай-ақ, «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 9 март күнгі №17 санында: Уәлихан Ғұмарұлының «Наурыз» атты жазбасы жарияланса, аталмыш газетінің 1917 жылғы 9 март күнгі №221 санында:«Барша Алаш азаматтарын жаңа жылы – Наурыз һәм бостандықпен құттықтаймыз. Алла Тағала киіз турлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туғызып, ырыс-дәулет, бақ-береке нәсіп етсін!» деген құттықтау беріліп, газеттің екінші бетінде «Мадияр» деген бүркеншік атпен Алаш қайраткерлерінің бірі Міржақып Дулатовтың «Жаңа тілек» атты жыры жарияланыпты:
Жаңа жылда жаңа тілек тілелік,
Ескі жылды ескерерде жүрелік,
Кеп жүрмесін қайта айналып түнеріп,
Көзің жасты, көңілің қаяу Алашым!
Жұрт болудың ойланарлық амалын,
Қамсыз жатар емес енді заманың;
Надандықтың қираталық қамалын,
Мақсатыңа ұмтыл таяу Алашым!
Жаумен жұттан енді құдай сақтасын!
Қасекені – қас масқара таптасын!
Кәрі, жасың енді ғафыл жатпасын!
Аш көзіңді, болма баяу Алашым!
Өз қамыңды ойлан өзің ел болсаң,
Ел боламын, тең боламын дер болсаң;
Көктен теңдік келмес өзің кем болсаң,
Мең-зең болмай талпын ояу Алашым!
Ұшқын құстай, суда жүзген балықтай,
Табиғатты қолданушы халықтай
Сен енді сергісейші жалықпай,
Жүргеніңше мәңгі жаяу Алашым!
Бүгін хақтың қуанышты кең күні,
Күн менен түн – таразының тең күні,
«Құт-береке болмаса екен кем күні»
Деп тілек, қолың жай-ау Алашым!
****
«Қазақ газетінің» 1914 жылғы 9 наурыз күнгі санында Әлихан Бөкейханов: «Біздің қазақ жылының басы наурыз болғаны адасқандық емес. Жаңа жыл наурызда болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стилде бұл күн 9-шы март болады» десе, газетінің 1915 жылғы 9 март күнгі №110 санының алғашқы парағына «Жаңа жыл құтты болсын!» деген тақырыпта ақын Сәбит Дөнентаевтың төрт шумақ жыры жарияланыпты:
Жаңа жыл құтты болсын Алашым!
Мал мен басың өссін – өнсін тарасын!
Жаңа талап, жаңа дәулет, жаңа бақ
Беріп жұрттың толықтырсын шаласын.
Тоқшылықпен, тұнықтықпен, саулықпен
Шаттандырсын үлкен бала шағасын.
Өрттен, жұттан аман сақтап шаруасын,
Төрт түлік пен бытырлатсын даласын.
Жақын, малын аямайтын ұлты үшін,
Айтып берсін мұнда туған баласын.
Ақ көңілдік, ақ пейілдік нәсіп қып,
Жұрттың жойсын жүректегі қарасын.
Тілек бір, ниет де бір, іс те бір,
Тістейтіндер жаңа жылдың қалашын.
Біреу аяқ, біреу ауыз, біреу қол,
Болып әркім қызметіне тарасын!...
Одан кейін газеттің ішкі бетіне «Орынбор, 9-шы март» деген тақырыппен мына жазба жарық көріпті. Онда былай делінген екен: «Бүгін жыл басы Наурыз. Міне, «Барыс» кетіп «Қоян» келіп тұр. «Қоян» халыққа жайсыз жылдың бірі. Осымен төрт қоянды көрейін деп тұрмын. Бұл төртеуі де халыққа жайлы болған жоқ. «Қоян» жылы не малға, не жанға ауырмалдық түсірмей өткен емес. 1880 жылы «Қоян жұт» болып, қазақ малы қатты қырылды. Қар кеткенде жер жүзі өлексеге толып кетіп, ана жер, мына жерде көздерін қарға шұқып үңірейткен өлекселерді көріп, бала кезімде шошынғаным бар. Ол «қоянда» қатты ашаршылық болды. Пәлен жерде аққұлақтың басын үгіп, көже қылып ішіпті деп, үлкендердің аңыз ғып айтып отырғандары есімде бар. Қазақтан басқа жерге ол «қоян» қандай болғанын білмеймін...
Құдай жұтқа ұшыратпасын. Жұтаса қазақ бұрынғыдай тез оңала қоймас. Өткен жаздың шаруаға жәйлі болғандығынан жұртта пішен мол, шаруаның іші жәрбелі. Жаз өте жайсыз болмаса, «қоянның» қаупі мал жағынан онша зор бола қоймас еді деп, алдағы жаздан үміткерміз. Наурызбен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз».
****
1918 жылы «Қазақ» газеті шығып тұрған Орынбор большевиктердің қолына өткендіктен басылымға тұсау салынды да, шығуын тоқтатты. Одан кейін қазақ зиялары Наурыз мейрамы жайлы ой-пікірлер «Сары Арқа» газетіне жариялап тұрды. Аталмыш газеттің 1919 жылғы 74-ші санына «Наурыз» атты мақала жарияланып, бұқараға бұл мейрамды «22 наурыз» күні атап өту туралы айтыпты.
Осы орайда, алаш қайраткерлері «9 наурыз» деп белгілеген мейрам не себепті «22 наурыз»-ға ауысты деген заңды сұрақ туары хақ. Айталық, Кеңес үкіметі орнағанға дейін патшалық Ресей ежелгі Мысыр астрономиясына сүйеніп құрастырған Рим империясының күнтізбесі бойынша өмір сүрді. Ал Еуропа болса XVI ғасырда құрастырылған Григориан күнтізбесін пайдаланды. Екі күнтізбе арасында 13 күн айырмашылық бар еді. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі жұмыстарды жүргізуге кері әсерін тигізді. Сөйтіп, 1918 жылы 14 ақпанда большевиктер мемлекеттік күнтізбені Григориан есебіне ауыстырды.
Ескі есеп бойынша 1917 жылдың 25 қазан күні жеңіске жеткен «Қазан төңкерісі» жаңа жыл санау бойынша 7 қарашаға ауысқаны сияқты, 9 наурызда атап өтіліп келген «Наурыз мейрамы» (9+13=22) 1918 жылдан бастап «22 наурызға» ауысты. Қазіргі таңда біз Наурыз мейрамын соңғы дата бойынша атап өтуді әдетке айналдырдық.
****
Көп кешікпей болшевиктер тарапынан «Сары Арқа» газеті де жабылғандықтан, қазақ зиялылары Наурыз туралы пайымдарын жаңа заман үн-парағы «Еңбекші қазақ» газетіне жазыпты. Газеттің 1923 жылғы 22 наурыз күнгі №75 санында алаш арысы Міржақып Дулатов «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақ мейрам етуі артықша сиымды, артықша дәледі. Неге десееңіз марттың ескіше тоғызында жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі. Қыс өтіп жаз жетіп шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебін жамылып, төсегінде жатқан табиғаттың жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын, ел жоқ деуге сияды» деп жазады.
****
Жазушы Бейімбет Майлин 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 22 март (наурыз) күнгі санына: «Бидай көже буланып, Бір жая піскен күйінде, Құтты болсын наурызың, Жаңа тілек, жаңа жыр, Самархан тасы еріген, Наурыздың той бұл» деп жырмен шашу жолдаған екен.
Сол сияқты, алаш қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 22 наурыз күнгі санына «Наурыз туралы» деген тақырыпта шағын мақала жариялап, онда: «22 март – Наурыз мейрамы. Бұны күншығыс халқы тегіс мейрам қылып өткізу салты болған. Коммунист жолдастар «дін мейрамы» деп сопысынып жақтырмайды. Олай емес. Наурыз – мұсылманшылықтан бұрын шыққан. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам» деп жазады.
****
Осы орайда, атап өтетін дүние даңғыл жазушы Мұхтар Әуезовтың 1985 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген 20 томдық шығармалар жинағының 16-шы томында 39-40-шы бетінде: «Наурыз күн шығыс халқының көбінің мейрамы болған. Солардың ішінде, әсіресе, кшөпелі түріктердің арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған. Наурыз – бақташылық кәсібіне салынған елдің кәсіп мейрамы... Қыс кетіп, күн шырайы түзелген кезде тәңірі ел тіршілігіне кеңшілік әкеледі деп есептеледі. Сондықтан жазғытұрым наурыздың кірген күні – жаңалық күні. Есік ауыртпалықтың бәрі қыспен бірге кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тіршілік есігі ашылған күн. Алты ай қыс қабағын түйіп, әлденеге соғары белгісіз болып келген тәңірідей иесінің иген күнінде елде ағытқан қойдай жамырасып, көрден шыққандай жылап көрісіп, қуанышты келешекке үміт артып бас қосатын. Сондықтан қазақ елі ұлыстың ұлы күнін көтерілген қуанышпен қарсы алатын. Өзге мейрамдардың ішіде жалпақ елдің өмірімен нық байланысы бар мейрам осы болатын» деген екен.
Біз бұл жазбадан біз қазақ халқының өмір салтында наурыз мейрамының қаншалықты маңызы бар аңғарамыз. Десек те, аталмыш мейрамның ұлы даламызға жаппай тән болған десек, қателік болады. Өйткені, бұл көктем мерекесі болғандықтан, бұл мезгілдің келуі әр өңірде әрқилы. Десек де, өткен ғасырдың басында ұлтшыл тұлғалар бұл мерекені жаппай халықтық етуге ұмытылған сыңайлы.
Бұл жазбалардан біз қазақ оқығандары наурыз мейрамын жалпы халықтық мереке етуге ұмытылғанына аңғарамыз. Бірақ 1926 жылы бұл мейрамға коммунистік көзқарас тарапынан «ескінің сарқыншағы» деген үкім айтылып, тойлау тыйылған болатын.
****
Сөз соңында айтарымыз Наурыз мейрамы халқымыздың ғұрыптық дәстүрлерін жаңғыртумен қатар, қоғамды тұтастандыуға, татулыққа үндейтін негізі ұстын екенін ұмытпауымыз керек. Мақаламызды марқұм ақын Несіпбек Айтұлының Наурызға арнап жазған батасымен аяқтағанды жөн көрдік: