Келер жылы туғанына 300 жыл толатын Абылай ханның мерейтойы тәуелсіздіктің 20 жылдығы шеңберінде мемлекеттік деңгейде атап өтілуі тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Тоқтарбай Қадамбаев осы мәселені көтерді.
«Алаш баласына Абылай ханның кім екенін айтып жатудың өзі артық. Ұлы Абай оны: «Қазақ халқының қаһарманы» десе, Мағжан ақын : «Алаштың арыстаны - Абылай ер», деп жырға қосқан. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бурабайда Абылай ханға арнап ескерткіш орнату барысында Елбасы Н. Назарбаев оның ұлт тарихындағы орны туралы: «Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей, ел жадында сақталған тарихи тұлғалар болады. Қазақ халқының тарихындағы сондай киелі тұлғаларының біреуі ғана емес бірегейі - Абылай хан. Абылай есімі қазақ тарихында ең көп аталып, ардақталған тұлға», деген сөздері халық жадында. Абылай шын мәнінде көзі тірісінде аты аңызға айналып, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін 40 жыл бойы аттан түспей күрескен ұлы тұлға. Оның қайталанбас асыл бейнесі ел басына күн туған, жоңғар шапқыншылығы өршіген, қазақ халқының тағдыры қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрған қиын-қыстау кезеңде жарқырай көрінді», деді депаутат.
Сонымен бірге, Т. Қадамбаев «Абылайдың қазақ бостандығы мен болашағына жол салған» қайраткерлігіне тоқтала келе, ел тарихындағы оның ішкі және сыртқы саясатты дербес жүргізе білген дара басшылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, депутат алдағы жылы Абылай ханның туғанына 300 жыл толатынын айтып, ондай ұлы тұлғаның мерейтойына тәуелсіздіктің 20 жылдығы тұспа-тұс келетінін жеткізді.
«Бұндай мерейтой тәуелсіздік шеңберінде мемлекеттік деңгейде атап өтілсе нұр үстіне нұр болар еді. Елдің тұтастығын, ұлан-ғайыр жерімізді сақтап қалу үшін жаны мен арын аямаған Абылайдай асыл ердің сіңірген еңбегі мен ерлігі болашақ ұрпақ үшін мәңгілік мақтанышқа айналуы тиіс», деді депутат.