Мақала ХХ ғасырдың басында Сарыарқаның шығыс бөлігін алып жатқан Қарқаралы уезі құрамына кіретін: Сарым, Кәрсөн-Керней, Қояншы-Тағай рулары жайлаған, Нұра, Мойынты, Сарыбұлақ, Ақшатау, Қызылтау деп аталатын болыс тұрғындары басынан кешірген ХХ ғасырдың алғы тарихына арналады.
Алдыңғы ғасырлардан XX–шы ғасырдың тарихын ерекшелендіріп тұратын, өлкелік тарихқа тікелей қатысы бар мынадай заңдылық бар. Тарихи оқиғаның әлемдік, мемлекеттік, аймақтық, өлкелік деңгейі болады. Шеткері аймақтарда болатын оқиғалар мен өзгерістер алдымен орталықта туып, артынан шеткері аймақтарға тарай бастайды. Осы тарихи оқиғалар мен өзгерістердің тарау жылдамдығы өткен ғасырларда өте баяу болып, кейде жетпей де жататындығынан шеткері аймақ халқының өмірі бірқалыпты, өз арнасымен жүріп жатса, енді орталықтағы «жарылыстың» дүмпуі шеткері аймаққа тез жетіп, өлкенің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан үйреншікті бұйығы тірлігінің тыныштығы бұзылып, күн өткен сайын тірлігіне батпандап еніп жатқан жаңалыққа құлағын түріп, заманның терісінен соққан желіне тұмсығын тосқан адамның жүрегіне ертеңгі күніне алаңдаушылық сезімі туындай бастайды.
Тағы бір күрделі өзгеріс - XIX–шы ғасырда Европаны «кезіп жүрген коммунизм елесі» XX-шы ғасырдың басында біздің елге де жетті. Әлемдік тарихты билеп алған бұл РУХтың жойқын екпініне, көлеміне сенген алып империялар да, тамыры тереңге кеткен дәстүрлі елдер де қарсы тұра алмады. Табиғаттың дүлей күші құйынның жер бетіндегі тіршілікті тамырымен жұлып әкетіп, дүниені ұшқан шаң-топырақ пен қиыршық тасқа толтырып, астаң-кестеңін шығаратынындай, халықтың санасын билеп алған «ескілікті жою» рухы өлкенің бұйығы тірлігінің де астаң-кестеңін шығарады. Бұл РУХ тек жойымпаз емес, жаңа өмірді жасауға бекем бел буған рух еді. Бұның жою рухы мен жасау рухы бірімен-бірі тығыз байланысты.
Еліміздің басына ХХ-шы ғасырда түскен ауыртпалықты ой елегінен өткізсек осы жойымпаз рухтың құрбаны болып кеткен ата-бабамыздың білегінің күшімен, найзаның ұшымен, қанын төгіп, қорғап қалған, мұра ғып қалдырған жерінің «қанталапайға» түсуі; маңдай термен жиып, еңбекпен бағып-қаққан өріс толы малының қолдан жасалған саясатпен жойылуы; қанша басының қамын ойлаған бай болса да, зорлықшыл үкіметке жаны қас, жаңашылықты мойындамас «ескішіл» болса да, айналып келгенде қаны бір қазақтың, жаны мен рухы бір елдің, көршілес рудың, ауылдас ағайынның, бауырлас туыстың қара шыбынша қырылуы орны толмас қайғы-қасірет екенін түсінеміз. ХХ-шы ғасырдың тарихы бұл тұрғыдан алғанда өлке үшін ЖОҚТАУ тарихы болды.
ХIХ ғасырдағы елдің жай-күйін тереңнен түйсініп, болашағы не боларын сәуегейлікпен болжай білген, өзін өлеңінде: "Тегімді менің сұрасаң, Қалың найман руынан" деп таныстаратын [1, 38 б.], ауызша мұрадағы зар-заман бағытының өкілі Бабатайұлы Дулат:
".....Әуелі құдай біледі,
Шығыс, батыс кәпірді
Бірігіп атқа мінеді.
Байтақта жатқан қайран ел,
Астын-үстін бүледі.
Ашар шайдай ұйқынды!
Қабағың қарс жабылып,
Қарс ұрып қамығып,
Күле алмассың қамығып,
Бейпіл тыныштық күлкіңді
Жібек жалын жайнатып,
Ортекедей ойнатып,
Қабырғаңды сөгілтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Әлі-ақ жиып алады
Түйең менен жылқыңды, - деп зарласа, бұған құлақ аспаған ендігі қазақ жоғын жоқтайтын заман да келеді [1, 13 б.].
Екінші жағынан, XX-шы ғасырдың тарихы өлке үшін дәстүрлі тіршілігі тамырымен жұлынып тасталған қу тақырда болашақ ұрпақ үшін жоқтан барды жасауға ұмтылған, құйыннан аман қалған, бар зұлмат пен нәубетті көзімен көріп, жүгін мойына арқалаған тірілердің «ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ» кезіндегі жасампаз рух тарихы болады.
ЖОҚТАУ тарихы өткенімізге, ата-бабалар аруағына бағышталса, ТАР ЖОЛ ТАЙҒАҚ КЕШУ тарихы жаңа өмірді жасаушы, бүгінгі күннің бастамасы - жас ұрпақтың жасампаз рухына бағышталады.
ХХ ғасыр тарихы өлке үшін әлем жаңалықтары мен адам тұрмысын жеңілдететін әлемдік өркениеттің игілікті жетістіктеріне ие болуға жетелейтін тарих. Екінші жағынан, бұл игіліктің нәтижесінде ие болған тұрмыстағы молшылық пен жеңілдік бар тірліктің анасы -табиғаттың есебінен жасалғанын, оның орны толтырылмай, жыл өткен сайын тозып бара жатқанын, жер иесі - өлкеліктердің есіне салатын тарих.
ХХ ғасыр тарихы өлкеліктер үшін айналасындағы халықтардың бірі «басына күн туғызып, етігімен су кешкізсе», бірі пана болып, енші бөліп, қонысына жерін берген, алыс -жақынын ажыратып, шындықтың пердесін ашқан тарих.
Екінші жағынан, ХХ ғасыр тарихы өзге халықтың қазіргі жақыны тағдыры салса, теріс айналатыны; қазіргі алысы, тағдыр тәлкегімен бір қазан-ошаққа түссе, бір от пен бір сорпада қайнағандықтан дәм-тұзы да жарасып кете беретіні ата-бабамызға ежелден белгілі болғандықтан, қанша жауласып, қанша дауласып жатса да кек сақтап, кері салмай, бар мәселесін қыз алысып, қыз берісіп, туыстасып бітіретін даналық жолмен жүргенін қазіргі қазақтың есіне салатын тарих.
ХХ ғасырдың сан тарапты тарих жолы кішкене аудан тарихынан да өзінің өшпес ізін қалдырғаны сөзсіз. Кішкене мөлдір тамшыда бүкіл әлем көрініс тауып, сиып тұратынындай, кішкене аудан тарихында әлемдік тарихтың да сан торабы түйісіп жатады.
Өлке тарихы тек әлемдік тарихтың көрсеткіші ғана емес, өзінің де одан орын алуға ұмтылсы - өмірінің мәні болса керек.
Шет тарихы осындай тарихтың бірі. Шеттің аудан болып қалыптасуы «ұлы» бетбұрыс жылдарымен қабаттас келеді. Бұл өтпелі кезеңнің ең ауыр да, ең жауапты да кезеңі еді. Өйткені ел алдында отарлық әкімшілік жүйеден (губерния, уезд, болыс) кеңестік әкімшілік жүйеге (облыс, аудан, колхоз), мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық түрі мен оны жүргізудегі ұйымдастырудың дәстүрлі жолдарынан (көшпелі шаруашылық түрінен) саяси талап ықпалымен отырықшылыққа көшу; дәстүрлі ұлттық түсінік пен жаңа заман жаршыларының түсінінің арасындағы, бай мен кедей, халыққа жанашыр мен жандайшаптар, отаршыл ниеттегі орыс пен халқын сүйген қазақ арасындағы түсініспеушіліктер ұсақ-түйектен бастап - елдік деңгейдегі маңызды істерді іске асыруда бітіспес қайшылықтар тудырып жатты. Өз ішінен мәмлеге келмеген елге жоғарыдан келетін пәтуасіз шешімнің үстемдігі жүретінін тарих көрсетті. Сол кезде ел басқарған азаматтарға осы қайшылықтардың шешуін дұрыс тауып, таразы басын тең ұстап, іс жүргізудің оңайға түспегені белгілі.
Бұл қиындықтардың тууына, нақтылай келгенде, XX-шы ғасырдың басындағы еліміздегі төмендегідей тарихи оқиғалар себеп болды:
Жер және қоныс аудару мәселесі
Жер мәселесі Ресейдің жүргізген қоныс аудару саясатына байланысты ушықты. Қазақ даласына қоныстанушылардың келе бастауы бірнеше сатыдан тұрады. Алғашында қоныстанушылар өз еріктерімен келе бастаған. Мемлекет тарапынан бұл мәселені қолға алу XVІІІ ғ. басындағы Ресей шекарасын қорғау мақсатында бекіністер мен әскери-казактық шептер сала бастаудан, ХІХ ғ. 30-шы жылдары Мемлекеттік Мүлік Министірлігінің басшысы аз. Киселев қолға алған, аз көлемдегі мемлекеттік крестьяндарды қоныс аудару арқылы іске асқан болатын. Өлкені отарлауға орыстарды жер аудару да қызмет етті.
Бірақ, ХІХ ғасырдың ортасындағы реформадан кейін де стихиялы қоныс аудару, мемлекеттік қоныс аударудың алдында жүрді. Қоныс аудару ісін жоспарлы түрде іске асыруға мемлекет тек 1885 жылы ғана, алғашында әкімшілік тұрғысынан, ал 1889 жылдан бастап заң жағынан да араласа бастайды. 1890-шы жылдың басынан бастап Сібірді (Қазақстанды) қоныстандыру ең алғаш рет мемлекеттік мәнге ие болды. Қоныстандыруды жалпы басқару Патша мұрагерінің төрағалығымен құрылған Сібір темір жолы Ерекше Комитетіне жүктелді [2, 1 б.].
Шаруаларды басыбайлы құлдықтан босатқан 1861 жылдан 1885 жылға дейін Оралдың бер жағына (Қазақ даласына қарай) 300 мың қоныс аударушылар келген. Келесі 20 жылда – 1885-1905 жылдары - 1 млн 520 мың 750 қоныс аударушылар келген. Ал соңғы 5 жылдың ішінде – 1906 – 1910 жылдары - қоныс аударушылар саны 2 млн. 516 мың 075 адамға жеткен [2, 2 б.].
Бұның арты қазақтың жерінің тарылуына әкеп соқты. Бұл қиянатшыл саясатқа қалың қазақ бұқарасы қатты наразылық көрсетті. Осындай назарлық Қарқаралы уезінен де бас көтерді. Шет өңірі халқының болашағы үшін зор маңызы бар бұл оқиғаға Шеттің кейін құрамына кірген Мойынты, Сарыбұлақ, Қызылтау, Ақшатау, Нұра болысында тұратын Кәрсөн-Керней, Қояншы-Тағай, Сарым елдерінен шыққан елім деген ер азаматтар: Мойынты болысынан - Жұмабек Құнанов пен Тасыбек Бакин, Сарыбұлақ болысынан - Аралбай Сұлтанов пен Жүсіп Нағипов, Қызылтау болысынан - Тоқпай Тоқсанбаев, Ақшатау болысынан - Жүсіп Бейсенбин мен Жуаспай Тасболатов, Нұра болысынан - Арыстанбек Дәулетов, т.б. 21 болыстан барлығы - 42 адам қол қойған, 1905ж. Ресей IIМ атына жазылған петициясы [3, 17-20, 26 қп.], және Қарқаралы уезінің 12767 азаматы қуаттауымен жазылған екінші петиция [4] соңғы жылдарға шейін Шет халқына да белгісіз боп мұрағаттарда шаң басып жатты.
Сол кездегі Шет өңіріндегі халықтың хал-ахуалы, мұң-мұқтажы, рухани-мәдени тұрмысы жайындағы шындықты ашып жазған бұл петицияның мазмұны біздерді қазір де көп ойландыратын мәселелерді көтерген екен.
Мысалы, Жер мәселесі жөнінде осы петицияның бірінде: "Қазақтар жерін ата-бабасы қанымен қорғап, ұрпағына мұра қылып қалдырған өз меншігі деп түсініп, орыс қарамағына келгенде, жеріне көз алартады-ау, деген ойдан аулақ болған. Ал орыс үкіметі еш дәлелсіз, күшіне сеніп, бар қазақ жері мемлекет меншігі деп заң шығарды. Мұның арты қазақ даласына қоныстанушылар ағылып, ең шұрайлы жерлер оларға беріліп, қазақ құнарсыз жерге кетуге мәжбүр болды. Мұның бәрі халықтың азып-тозуына, мәдени жағынан тығырыққа тірелуіне әкеп соқты" [3, 19 п.], - деп жазса, ел азаматтары қол қойған петицияның 38 талабында: "Соңғы 20 жыл бойы қоныстанушыларға деп қазақтан тартып алынған жерлер өз иелері - қазаққа қайтарылса..." [3, 19 п.] - деген. Ресейлік ғалым Ф.А. Щербина басқарған далалық экспедицияның Қарқаралы өңірін, Шеттің кәзіргі жерін жаппай зерттеуінің де басты көздеген мақсаты қоныстанушылар поселкелеріне ыңғайлы жерді анықтау еді. Бұл жөнінде ғалымдардың бірі уездердің оңтүстігіндегі болыстарды зерттеу қажеттілігінің жоқтығын "далее на юг вряд ли можно было рассчитывать на возможность изъятия земельных излишков под переселенческие поселки" - деп, ниеттерін ашық жазады [5, 3 б.]. Осы тұста ғалымдар жөнінде де айта кеткен жөн. Олардың еңбектерінің ғылыми мәні бір басқа, қорытындыларын әкімшіліктердің түсініп қолдануы бір басқа. Бәрінен де ғалымдардың тұжырымы Шет халқы үшін, басқа болыстар мен уездерге қарағанда өте пайдасы зор болды десе де болғандай. Себебі: ғалымдар мемлекеттің саяси талабы - "артық жерді анықтаумен" шұғылданды. Егер XX ғ. басына дейін қазақ шаруашылығының ерекшелігі мен ішкі зандылығын түсініп жатпай-ақ, көзі қызыққан жерлерді бас салып, ала берсе (мұның арты жер дауы, ашық назарылық, қақтығысқа ұласатыны белгілі), енді қазақтың жанына қатты батырмай, жүйелі түрде зерттеу арқылы алуға болатын артық жерлерді дұрыс анықтау ғалымдардың ар-ожданына тікелей байланысты болды. 1915 жылдарға дейін Қарқаралы уезінде жаппай қоныс аудару байқалмайды [6]. Мұның себебі, жер жағдайын, ел шаруашылығы жайын жақсы түсінген Ф.А.Щербина бастаған ғалымдар таза мал шаруашылығымен айналасатын бұл өңірден алуға болатын артық жер көлемін аз көрсетуге тырысқан болуы керек. Бұған Қарқаралы уезін зерттеудің басшыларының бірі боп қатысқан Әлихан Бөкейхановтың әсер етуі де мүмкін.
Бұлай топшылауымызға ғалымдардың өз жазбалары дәлел. Соның артық жерді анықтау мәселесін қортындылаған жерінде: "Сонымен, қыстау маңындағы жер нормасын ортақ жайылымға қолданғанда, біздің нормалық табыннан, шындығындағы қазақ малы көп болуы керек екенін еске алсақ: себебі, біріншіден, уезд бойынша табынның орташа нормасы біздің нормадан едәуір артық, ал, екіншіден, бар қазақтар көше бермейді және көшпейтіндерде көшетіндерге қарағанда мал аз, сонда, ортақ жайылымдық жерге шаруашылық санын емес, онда, шындығында, жайылатын мал басын қолданғанда (шаруашылықты көрсетсе, көшпейтіндер жайылымға шықпайтын болғандықтан олардікі есепке алынбайды да, көшетіндердің малы көп болғанымен, шаруашылық саны аз болады да, жер аз тиеді. Ал мал басын көрсетсе, мал көп болған соң, жер де көп қалады - автор) біз, бұл арқылы белгілі уақытта мал басына қажетті десятина бірлігінің нормасынан төмен жерлер санын ұлғайтар едік". Осылай етсек, "біз қазақ мүддесіне қандай жағдай да болсын, зиян келтірмейміз" - деп жазады [5, 63 б.]. Бұл жерден ғалымдардың қазақ жерінен алатын жер көлемін аз да болса азайтып, қалатын жерді көбейтуге тырысқанын көреміз. Бірақ, аз деген алатын жердің өзі төмендегідей болып шығады: "Есептей келе, біз анықтаған нормамен, Қарқаралы уезіндегі қазақтарға қажетті жайылым саны қыстау маңындағы 4865536 десятина жердің аз дегенде 2776195 десятинасы, яғни, бәр қыстау маңындағы жердің 57 %-і, ортақ қолданатын жайылымнан 12524466 десятина жер, яғни, оның 61% - қалу керек деп ойлаймыз. Ал артық жер қыстау маңындағы жайылымнан 2089341 десятина және жазғы ортақ жайылымнан 781284 десятина, екеуін қосқанда уездің бәр жерінің 41 %-і болады" - деп қортындылайды. Осынша жердің артық болып шығуына, біріншіден, 1897-98 жылдың қысындағы жұттан қазақ малының зор шығынға ұшырауы [5, 34 б.]; екіншіден, байлардың салықты аз төлеуге тырысып, мал басын аз көрсетуі [5, 64 б.]. қосымша себеп болды. Әрі қарай, шөп шабындығы мәселесін талдай келе: "Мынадай жағдай, кәзіргі жиналатын шөп нормасынан Қарқаралы уезіндегілерге үш есе артық норманы тағайындағанда, біз қазақтардың пайдалануындағы жерді қоныс аудару поселкелеріне алу мүмкіндігіне тосқауыл жасап отырғандаймыз. Бұны тәжірибеде қолданатындар бұған ренжімеу керек. Себебі: біріншіден, суарусыз-ақ егіншілік жүргізуге болатын аудандарда шабындыққа жер жетуі керек, ондай жерден учаске ашуға жоғарыдағы тағайындалған норманы ұстану қажеттілігі ерекше кедергі жасамайды. Ал, суаратын және шалғындығы аз жерде (Шет өңірі осындай №IV ауданға жатады - автор) учаскелерді, жоқ дегенде, жақын арада аша қоймас [5, 628,629 б.]. Ал екіншіден, қазақтар шаруашылығы мүддесі үшін шабындық жерлерді олардың пайдалануына қалдырудың маңызы өте зор. Қазақ шаруашылығының дұрыс бағытта дамуына, яғни, экстенсивті түрден интенсивті түрге көшу жолына кедергі жасаудың, әрине, қажеті жоқ" - деп, қалай да алынатын жерлерді әртүрлі дәлелдермен қалдыруға, немесе оны алуға кедергі жасауға болатын жағдай жасауға, тіпті болмаса - белгісіз болашаққа ығыстыра түруға тырысқан [5, 77 б.]
Бірақ бұған қанағаттанбаған үкімет осы аймақты 1910-1911 жылдары қайта зерттеуге экспедициялар жіберген. Оның қорытындылары кейінгі 1912-1915 жылдары жарияланды.[7; 8; 9].
Осы кестелерден Ф.А. Щербина зерттеуінде кездеспейтін крестьян болыстары мен ерікті селениелердің (Хорошевская, Комиссаровская, Коробовская, Пригородное, Заводское, Казанское, Белогрудово) пайда болғанын көреміз [8, 140-143 б.]. Бұлардың халқының жалпы саны 3621. Ал 1903 жылы Қарқаралы уезіндегі бәр проваславиеліктердің саны 1257 ғана болатын [10]. Жергілікті халық осы 10 жылдың көлемінде 10%-ке ғана (162586-дан 178985) өссе, орыстардың саны 197%-ке, үш еседей өскен (1257-ден 3621-ге). Орыстың осы өңірге тек екінші зерттеудің қортындыларынан кейін ғана қоныс аудырушыларды жібере бастағанына Шет ауданының белгілі ақсақалы, зерттеуші ғалымдармен көп істес болған Егінбай Смаилов ақсақалдың естелігі жанама дәлел болғандай. Үнтаспаға жазылған әңгімесінде ол: "1906 жылғы Столыпин реакциясына байланысты көптеген орыс семьялары Қазақстанға ағылып жатты. Соның ішінде Сафоновтар семьясы бар. Оларды 1909 жылы Көкшетау облысына әкелген. Онда олардың мәселесі қиын болып, жаңа үй салып, орын тебуге мүмкіндік болмаған соң, 1915 жылы Ресей үкіметі переселендердің мекенін кеңейтуді ұйғарды. Сонда басқа переселендермен бірге Сафонов та осы жаққа, Арқаға, Ақбауырға келеді. Ол кезде ол 21 жастағы жігіт еді - дейді, оның әңгімесін есіне алып [11], - "1915 жылдың сентябрь айының ішінде Қарқаралыдан әйгілі ғалым Потанин бірнеше түйелі керуенімен, қызметшілерімен Ақбауырға келеді. Келген себебі: қазақ даласының түпкір-түпкірін тереңдей зерттеу. Ақбауыр бұрын европалықтар көрмеген жер еді. Табиғаттың тұнып тұрғанына, жерінің әдемілігіне таң қалып, кейін өзінің жазбаларында бұл жерлер туралы тамсана жазды» - дейді [11].
Жоғарыдағы ғалымдардың пікірінің ықпалынан болар, орыстар уезге келіп орналасып жатқанымен, нақты Шет жеріне қоныстанушылардың көп келмегенін 1926 жылғы Бүкілодақтық санақ дерегінен көреміз [12, 406-411 б]. Егер Қарқаралы уезіндегі 187847 халқының 184918 қазақ, 2929 орыс, украин, белорус болса, Шет ауданында кірген үш болыстың ішінде Қызылтау болысында - 5768 халықтың 5722-сі қазақ, 46-сы орыс; Кедей болысында 20384 халықтың 20244-і қазақ, 140-ы орыс, украин. Ал Шет болысында 13772 халықтың бәрі қазақ. Процентке шақса, орыстар уезде бәр халықтың 1,5%, Қызылтауда-0.8% Кедей болысында-0.7%, Шет болысында -0%. Бірақ, Шет жерінің Патша ала алмай кеткен есесін большевиктік әдіспен Кеңес үкіметі еселеп қайтарып, малымен қоса, жанының да қырылуына жағдай жасап, даланың көп елді мекенін ессіз қалдырғаны белгілі. Бұл, үлкен дауыл алдындағы ес андырған тыныштық іспетті.
Дін және мектеп
Қазақтың өзіндік Рухын басып, санасын торлап, тілін байлау үшін жүйелі түрде жүргізілген орыстандыру саясаты рухани дағдарысқа ұшырау қаупін тудырды.
Елдің басқа Ресей халықтарымен бірге бой көтеріп, ес жиып, ертеңін ойлауға Рухын тәрбиелейтін - дін, көп түйінді мәселеге көзін ашатын - білім мәселесі патша үкіметі тарапынан қатты қыспаққа түскендіктен, жоғарыда аталған петицияның бірінде: "Орыстандыру саясатының әсерінен соңғы кезде рухани-діни мәселелері жөнінде қазақтар әкімшіліктің рұқсатынсыз қадам баса алмайды. Мешіт салу, мұсылмандық мектеп ашу, қажылыққа Меккеге бару - бәрі заңмен әкімшіліктің қарамағына берілген. Іс жүзінде олардың рұқсатын алу қаншама әуре-сарсаңға салады, көпшілігінде жауапсыз қалдырады. Қазақ даласын Ресей күшпен жаулап алмағанын, әкімшілік естен шығарып отыр. Қазақтар орыс құрамына кірсе, ішкі істеріне араласады-ау деген ойдан аулақ, тек сыртқы қорғаныс мақсатын көздеген.
Мемлекеттің күшпен ішкі дін мәселесіне араласуын қазақ сенімін аяқ асты ету деп түсініп, үкіметтің қандай болмасын ісіне сенімсіздікпен қарауға мәжбүр" деген [4]. Талаптарының бірінде: "Қазақ халқына мешіт, медресе ашуға, діни рәсімін еркін атқаруға, медреседе араб, парсы, түрік тілдерін оқытуға және газет, кітап шығаруға рұқсат етісін" деген [3, 17 п.]. Бұл талаптардың Шет өңірі халқы үшін маңызды өте зор. Өйткені, бұл жерде, жоғарыда баяндалғандай, негізінен қазақтар тұрады. Ал, петицияның мазмұнына қарасақ, дінді де, білімді де, әкімшіліктегі іс қағазын да, әділ сотты да орыс тілінде ғана сөйлеп, орыс тілінде жазатын орыстар басқарды. Олар жергілікті халықтың тілін түсінбейді. Тіпті түсінгісі де келмейді. Діні де, білімі де, ісі де, соты да жергілікті халықтың мүддесіне емес, патша үкіметіне бағынышты, жалтақ, жарымжан болғаны тиімдірек [4; 3, 17-26 п].
Бірақ, бұл қыспаққа қарамай революцияға дейін Шет өңірінде көптеген мешіттердің болғаны туралы деректерді жергілікті өлкетанушы, жазушылар одағының мүшесі Кәмел Жүністегі жариялап жүрген мақалаларынан, Ақадыр жеріндегі мешіттер жөнінде Төрехан Майбас деген талантты өлкентанушы, шежіреші жазған мақалаларынан кездестіруге болады. Солардың бірінде Кәмел Жүністегі: "Әлтекеде Жидебай мешіті, Керней ішінде Айтбайлар ұстаған мешіт орыс ұлығының бар қысымына шыдап жұмыс істеп тұрған" - дейді [13, 6 б.].
"Бұдан басқа атақты Жанғұтты мешіті Қойкөл өзенінің орта ағысында,Тағылы тауының ішінде Жәнібектің, Ақбас Қалпенің мешіті" [13, 6 б.]. Төрехан Майбас: "Бұл ел діндар болмаса да дін оқуынан шет қалмаған. Қарасуда Айтпай мешіті, Нілдіде Күмісбек молла мешіті істеп тұрды. Бұл елден қажылыққа адамдар аз бармаған. Олардың арасында Үсен қажының, Қаман қажының, Тикен қажының, Тәти қажының есімдерін, атаса да болар" - дейді [14, 6 б.]. Сонымен бірге кейінгі жылдардың (1939 ж.) мұрағаттық құжатының бірінде облыстық атқару комитетінің ауданнан "Мешіт, шіркеу бар ма? Болса қандай орында пайдаланып отыр?" - деген сауалына Шет ауданыдық атқару комитеті: "Бұл ауданда қазіргі атақты орын алып келген мешіт, шіркеу, сонымен қатар бұрын болған бірлі жарым мешіт, шіркеулердің төбесін алып, колхоздарда жаңадан салынған мектепке пайдаланылған" - деп жауап бергеніне қарағанда, Патша қыспағынан аман қалған мешіттер, кеңес үкіметінің тырнағынан құтыла алмағанын көреміз [15, 15 п.].
Мектептер жайына келетін болсақ жоғарыда аталған петицияда: "Мектеп ашу үшін Далалық генерал-губернатордың рұқсаты керек. Шындығына келгенде мектеп ашып, мешіт салмақ түгіл әкімшілік олардың барлығын (Семей, Көкшетау) жауып тастады" - деп жазады [4].
1880 жылдары Далалық өлкенің қалаларында қазақ балалары үшін ашылған интернаттар жөнінде Абай:
"Балам закон білді - деп,
Қуанар ата-анасы.
Ойында жоқ олардың,
Шариғатқа шаласы.
Прощение жазуға,
Тырысар келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек,
Істің ақ пен қарасы.
Нан таппаймыз демейді
Бүлінсе елдің арасы", [16, 99 б.] -деуі, мұндағы оқытудың мақсаты тек орыс үкіметіне қызыметшілікке жарау екенін меңзейді... "1890 жылы Омск гимназиясының жанындағы 25 қазақ баласы оқыған пансион жабылғаннан кейін қазақ балаларының әрі қарай білімін жетілдіруге жол жабылып қалды. Әкімшіліктің қолындағы қазақ стипендияларын қазаққа емес, басқаларға бөлді. Ал, қазақтар жағынан білімге деген құштарлық мол. Бұған дәлел: қалалық училищелерге өз қаражатына оқып жатыр" - дейді петиция жазушылар [4].
Ел азаматтары баяндап отырған сол кездегі Шет өңірінің көзі ашық жастарының білімге деген құштарлығын Зәбира Изатбекұлының әкесі Изатбек жайындағы естелігі қуаттағандай. Ол: "Бізге Қарқалыда мұғалімдік оқуды бітіріп шығу оңайға түскен жоқ. Қалтамызда қаражат аз. Елден әкелген азын-аулақ ақшаны үнемдеп жұмсаймыз. Екеуіміздің де үйіміз кәзіргі Ағадыр ауданының "Ағадыр" совхозы орналасқан жерде. Жердің шалғайлығына байланысты елге біз де бара алмаймыз, елден де жақын адамдар келе алмайды. Тек жазда демалысқа шыққанда жаяу-жалпылап барып қайтамыз. Оқу оқыған жылдары барды қанағат тұтып жүре беретінбіз. Біз жылына бір-ақ рет тойып тамақ ішетінбіз. Ол-Құрбан айты болған күн. Айт күні ауқатты қазақ, ноғай үйлеріне барып аруақтарға бағыштап дұға жасайтын едік. Барған үй қашықтан оқуға келгенімізді біліп, пісірілген тітті нан, тағамдарын көптеп беретін. Әр үйден алған тағамдарды дорбаға салып үйге әкеліп бірнеше күн азық жасайтынбыз дейтін еді әкей" - дейді [17, 3 б.].
Қарқаралының басынан бөлек, жер-жерлерде де өз мектептері болғанын ауылдың беделді ақсақалы Сәулебек Сыздықовтың: "Әлі есімде 11-12 жылдар болатын. Сол кезде "сулы жазит" әрпімен оқып, хат таныдық... Өспен заводында оқып жүрген кездерім болатын" деген естелігінен [18, 4 б.], Ақшатау совхозында ғасырдың басында, сегіз бөлмелі мектеп үйін салып, өзі сонда тұрып бала оқытқан атақты Дия қажының мектебі болғанын Төрехан Майбас әңгімесінен естиміз [19]. Ол мектептен кейін елдің зиялы қауымының сапын түзеп, ел басқарған азаматтар оқығанын еміс-еміс естиміз.
Төрехан: "Алғашқы қазақ оқығандары арасында Ғайса Тоқтарбек баласының есімін құрметпен атауға болады. Ол Өпенің (Уфа) «Ғалия» медрессін ым-дәріс дәрежесімен бітірген. Ол кісі әліппеден кейін оқылатын «Ұлағат» деген қиғарат кітап жазған"- дейді [14, 6 б.].
Ауданның басы Бозшакөлде де кезінде Халық ақыны Маясар Жапақовтың мектеп ашуға үлес қосқанын Жүніс ақсақал да атап өтеді [20, 3 б.].
Саяси оқиғалар жаңғырығы
1916 жылдары халықтан алдымен мал, киіз үй жинаудан бастап, артынан адамын да тізе бастаған. Ежелден жауынгер халықты әскери ұра қазуға еркінен тыс жазып, намысына тию ұлт-азаттық көтерілістің тууына себеп болды.
Деректерге қарағанда Қарқаралы өңірінде халқы қатты наразылық көрсеткенімен, қарулы көтеріліске қатысқаны туралы дерек кездестірмедік. Бірақ, патша өкіметімен күресудің қарулы жолы емес, конституциялы жолымен, заңды түрде саяси саналы күрестің жоғары дәрежеде жетілгенін 1905 жылғы Шет өңірінің азаматтары да қатысып жазған петицияларының ең басты талабының бірінен көреміз. Мысалы, соның 36-шы талабында: "Мемлекеттік кеңесте қазақтар мәселесі көтерілгенде қазақ депутаттары қатысып отырса" -деген ұсынысы қандай болмасын қазақ елі келіспейтін мәселелердің алдын, шешім қабылданбай тұрып, заңды түрде тосқауыл қоюға мүмкіндік берер еді [3, 19 п.]. Қарқаралы уезіндегі зиялы топтар (А.Бөкейханов, т.б.) қарулы күрес елді қанға бояп, шаруашылықты күйзелтеді деп, күрестің саяси-конституциялы жолымен жүру керектігін ел басқарған азаматтарға түсіндіріп, сол арқылы бұл көтеріліске қарумен кірісуден ұстап қалуы да мүмкін.
Ақпан, Қазан төңкерісі кезіндегі бітіспес күрес Азамат соғысын тудырды. Осы кездегі "әскери коммунизм" саясатының салдарынан халық аштыққа ұшырап, Қазақстанның бар жерлерінде назарлық көтерілістері туып жатты. В.И.Ленин елдің әр өлкелеріндегі азық-түлік жағдайы жөніндегі жазбасында Қазақстанға келген жерінде: "Хлеб собирался под метлу. Ничего не осталось" - деп, тұсына сұрақ белгісін қойған - дейді Абылхожин Ж.Б [21, 10 б.].
1914-1922-ші жылдар аралығында іріқара мал - 2.1 млн-ға , жылқы - 2 млн-ға, ұсақ мал - 6.5 млн-ға, түйе - 300 мыңға, жалпы бар малдың саны 10.5 млн-ға кеміп кеткен [21, 10-б.].
Сол жылдары газет беттерінде каннибализм, аштықтан есінен айрылған адамның өлекселерді жеу, балаларды ұрлау, т.б. жан түршіктірер сұмдықтардың етек алғаны жөніндегі хабарлар кездеседі [21, 10-б.]. Осы сұмдықтарға қарсы антибольшевиктік көтеріліс 1920-шы жылдың жазында Қарқаралы уезінің болыстары құрамына кіретін Семей облысында болып, ол сол кездегі 10 мыңдық "Халықтық көтеріліс әскерінің" бақылау аймағында болды [22, 57-70 б.].
"Азық-түлік майданын" ашып, оған қаруланған "Азық Армиясын" жұмсаған Кеңес үкіметі халықпен "Кіші азамат соғысын" да жүргізіп отырды. [21, 12].
Бұл оқиғаларға Шет адамдарының қатысы жөнінде бір естелікте: "1916 жылы және одан кейінгі дүрбелеңдерде аталған аталардан (Қояншытағай, Кәрсөн, Керней) Боранқұл, Серік сынды жақсылардың атағы шықты. Олар ағымен де қызылымен де соғыс салды. Қарапайым халық оларды "Батыр" - деп ту қылып көтерді, өкімет орындары оларды "ұры, қарақшы" - деп қудалады" [14, 6] десе, екіншісінде: "Ауданымыздың тумасы, белгілі азамат Әйеш Иманбаев Орталық Қазақстанда Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысқан. Орынбек Беков 1919-1922 жылдары Спасск ревкомы мен Советтің мүшесі, жалшылардың еңбегін қорғады" -дейді [23, 3 б].Үшінші естелік: "Қазан революциясының дүмпуін әуелі Қарқаралыдан, сонан соң, Қызылеспе, Нілді, Сарысу, Спасск жұыскерлерінен естідік. Әсіресе, Қарқаралыдағы ақтардың қанды қырғынынан қашып құтылған Ахметтің айтуы талай нәрсеге көз жеткізген. Сол жылдары елге Ахмет, Айса мұғалімдердің аты жайылды. Сонаң соң біздің көзімізді ашқан 1916 жылы Сібірге жұмысқа алынып кеткен Көпжан Байменов еді. Ол кісі сол жатқан революцияны жақтаушы болып оралған" - деп баяндайды [20, 3 б.].
Міне, осы үлкен тарихтан үзік-үзік сыр шертетін, толық емес фактілердің өзінен Шеттің ірге тасын 1922-ші жылдардан бастап қалай бастаған азаматтарддың алдыңғы тарихтан қандай мұра үлесіне тигенін болжауға болады.
Өрістің тарылуы - мал-жанның күйнің кетуіне, дінге құрық салу - имандылық пен сенімнің тозуына, білімге өріс бермеу - қараңғылыққа, саяси аласапыран - қоғамның ғасырлар бойы қалыптасқан реттеуші тетіктерінің тамырымен қопарылып түсуіне себеп болды. Әрі қарай ел ХХ ғасырдың ең зор зобалаңы мен қасіреттерін басынан кешіре берді.
Мақалада қарастырылған мәселелер өлке өміріндегі ХХ ғасырдың алғы тарихына тек кіріспе ғана бола алады. Оларды қазіргі заманның тарих ғылымының жетілген әдіс-тәсілдерімен тереңдей зерттеу, адами тұрғыдан түсінуге талпыну алдағы зерттеулердің үлесінде.
ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕК КӨЗДЕРІНІҢ ТІЗІМІ
1. Бабатайұлы Дулат. Қазаққа / Мына кітапта: Зар заман: Жыр-толғаулар. / Құраст.: С.Дәуітов. - Алматы: Жалын, 1993. - 176 б.
2. Переселение и землеустройствуо за Уралом в 1906-1910 гг. и Отчет по переселению и землеустройству за 1910 год / Переселенческое управление Главного управления землеустройства и земледелия. - Санкт-Петербург: Типография Ю. Н. Эрлих, 1911.-501 с.
3. Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық мұрағаты. Қор-64. Тізім-1. Іс-5658.
4. Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Русского географического общества. Семипалатинск. 1907. Вып. III. №497.
5. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию Степных областей / М. З. и Г. И. Департамент Гос. Земельных Имуществ. - Воронеж: типо-лит. В. И. Исаева, 1905. - Т. VI: Семипалатинская обл. Каркаралинский уезд. —Т. VI.— Семипалатинская область . — Каркаралинский уезд .—СПб ., 1905.-90+IV+827+134 с.;
6. Список переселенческих участков, образованных и принятых временными комиссиями в 1905, 1906, 1910, 1911, 1912, 1913, 1914 гг.
7. Обзор Семипалатинской области за 1914 год.
8. Обзор Семипалатинской области за 1915 год.
9. Материалы по повторному обследованию в 1910—1911 гг. хозяйства и землепользования киргиз Семипалатинской области. - Т. 1.- Павлодарский уезд.- Семипалатинск, 1912.-VI + 753 с.; -Т. II.- Усть -Каменогорский уезд.- СПб., 1913.- V+788 с.;-Т. III.-Зайсанский уезд ,-СПб ., 1913.-589 с.
10. Ведомость о числе населения Семипалатинской области по вероисповеданиям за 1903 год.
11. Смаилов Егінбай. Естелік әңгіме. / Этнографиялық экспедиция. 1998 жыл. Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу Аюлы селосы. Үнтаспа №1.
12. Ежегодник Семипалатинской Губернии. Обзор за 1925-1926 гг. Семипалатинск, 1927.
13. Жүнісов Кәмел. Жақсы Жанқұтты. // Орталық Қазақстан. 06 желтоқсан 1996 жыл.
14. Майбас Төрехан. Ақадырға тіл бітсе айтар сыры аз емес. // Орталық Қазақстан. 17 ақпан 1998 жыл.
15. Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағаты. Қор-18. Тізім-1. Іс-166.
16. Құнанбаев Абай. Шығармалардың Iтомдық жинағы. Алматы, 1961.
17. Изатбекұлы Забира. Сол бір нәубат пен ақтаңдақ жылдарында // Заман. 01 сәуір 1992 жыл.
18. Сыздықов Сәулебек. Октябрь нұрынан туындаған // Ильич туы. 11 тамыз 1977 жыл.
19. Төрехан Майбас. Естелік әңгіме. / Этнографиялық экспедиция. 1998 жыл. Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақшатау совхозы. Үнтаспа №2,3.
20. Ыбышев Жүніс. Өткен күнде белгі бар // Заман. 14 наурыз 1998 жыл.
21. Абылхожин Ж.Б. очерки социально-экономической истории Казахстана. ХХ век. Алматы: Университет "Туран", 1997. - 360 с.
22. Григорьев В.К. Разгром мелкобуржуазных контрреволюционеров в Казахстане. Алма-Ата: Казахстан, 1984.-176 с.
23. Жұқанұлы Шәукей. Ел тарихы жадымызда. // Заман. 11 сәуір 1998 жыл.
Жакин М.С.
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қарағанды қ., Қазақстан