Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәдени мұра – рухани қазына

13232
Ұлан-байтақ Қазақ елінің бір бөлшегі саналатын Атырау өлкесі өзінің тарихын сонау ерте замандардан бастайды.

Біртұтас халық тарихын игеру ең әуелі туған өлкесін танудан басталады. Киелі Атырау өлкесі айтулы даналардың, қол бастаған батырлардың, дарынды тұлғалардың бесігін тербеген, рухани-мәдени құнары, әлеуметтік қуаты мол аймақ. Ұлан-байтақ Қазақ елінің бір бөлшегі саналатын Атырау өлкесі өзінің тарихын сонау ерте замандардан бастайды. Халық жадының тірегі болып табылатын, көненің көзі, өркениеттің ізі тарихи ескерткіштерге деген көзқарас 80 жылдардың басынан бастап түбегейлі өзгере бастағаны белгілі.

Атырау облысының жері, көнеден келе жатырған алып өркениетті мекендердің бірі болып саналады. Облыс аумағында 250-ге (500 объект) тарта қала құрылысы және сәулет ескерткіштері бар. Олардың негізгі бөлігін ХІХ ғасырдың бас кезінен бастап салынған ғимараттар, тұрғын үйлер және ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы сәулеттік-көркемдік-деңгейі жоғары қорымдар, мазарлар, жерасты мешіттері, сағанатам, қошқартас, құлпытас, сияқты ғұрыптық ескерткіш түрлері құрайды. Бұл ескерткіштердің барлығы пішіндік және көркемдік жағынан әртүрлі болып келеді.

Ескерткіштердің көптеп салынуына басты фактор — ол бұл аймақта өңдеуге, тұрғызуға, безендіруге жарайтын құм тас, ұлу тас, бор тас т.б. құрылыс материалдарының болуында. Ескерткіштердің түрі мен оларды салуға пайдаланған материалдар өлкеміздің батысы мен шығысында, оңтүстігі мен солтүстігінде өзіндік ерекшелікке ие. Жылыой ауданы мен Қызылқоға ауданының шығыс, солтүстік шығыс аумағындағы мазар, мешіт, сағанатам сияқты ескерткіштер салуда әктас, бортас, ұлутас, құмтастар пайдаланылса, Қызылқоғаның оңтүстігі және батысында, Индер, Махамбет, Исатай аудандарының аумақтарында жоғарыда аталған ескерткіштерді негізінен шикі кірпіштен (саман тас) тұрғызған. Ресеймен шектесетін Құрманғазы өңірі мен Исатай ауданының батыс бөлігінде сағанатам мен мазарлар, ағаштан жасалған.

Бүгінгі күні облысымызда 605, яғни, 4 республикалық, 313 жергілікті дәрежедегі, 288 алдын-ала есепке алу тізімінде ескерткіштер бар. 4 тарихи-мәдени ескерткіштері Республикалық дәрежеде қорғалынған. Олар:

1. Атырау қаласындағы «Мұнайшылар тұрғын үй қалашығы»;
2. Жылыой ауданындағы «Жұбан мазары»;
3. Индер ауданындағы «Махамбет Өтемісұлының жерленген жері»;
4. Махамбет ауданындағы «Сарайшық қалашығы».

«Мұнайшылар» тұрғын үй қалашығы 1943–1948 жылдары инженер полковник П. И. Романовский басшылығымен және А. В. Аревьев пен С. И. Васильковскийдің дайындаған жобасымен салынды. Жалпы көлемі 55 га. Осы жобасы үшін олар Сталин сыйлығымен марапатталды. Қалашықта бір және екі қабатты ғимараттар мен тұрғын үйлер бой түзеген. Алғашында 550 орындық клуб-театр, 280 адамға арналған жеті сыныптық мектеп және балабақша, аурухана, монша, наубайхана, жылу қазаны, су айдағыш мұнара, сауда-саттық тұрғын жай, жатақхана секілді мұнайшыладың тұрмыс-тіршілігіне қажетті орын жайлар тұрғызылған болатын. Аталған ғимараттар мен үйлер құрылыс материялдарының мықтысы әрі үнемдісі болып есептелетін гипс плиталарынан қаланды. Мұндай материялдар 1944 жылы Гурьев қаласының маңынан салынған арнайы гипс плиталарын шығаратын заводтан әкелініп отырды. Бүгінгі таңда бұл ғимараттар мен үйлердің көпшілік бөлігі сол қалпында өзгерместен сақталынған. 1983 жылдан бастап қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп отыр. Қазіргі таңда «Мұнайшылар» тұрғын үй қалашығы ХХ ғасырдың үздік сәулеттік құндылығы ретінде республикалық деңгейде мемлекет қорғауына алынған.

Жұбан мазары — Атырау облысы аймағындағы көрнекті, сәулетті мұра. Ол, Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан солтүстікке қарай 90 шақырым қашықтықта, Жемнің солтүстігінде, Иманқаратауының оңтүстік-шығысында орналасқан. ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің үздік туындысы ретінде 1982 жылы республикалық дәрежеде қорғауға алынған. Ескерткішті алғашқы рет 1973 жылы В. И. Ленин атындағы ҚазПТИ архитектуралық экспедициясы, 1979 жылы Т. Джанысбеков бастаған экспедиция зерттеулер жүргізді. Мазар — Адай руының Құдайке — Қосай — Тіней аталығынан шыққан Жұбан байдың жайлауынан өз өсиеті бойынша 1980 жылдардың аяғында салына бастады. Жұбан 1894 жылы дүние салған. Бұл сәулетті күмбезді Нұғыман ұста басшылығымен бір топ шеберлер Онғалбай, Мұналбай, Өмірбай, Итбай, Иманбай, Қаражүсіптер тұрғызған. Құрылыс жұмысы 1908 жылы аяқталған. Жұбан мазарының биіктігі 9,95 метр, ішкі кеңдігі 5,8×6,65 метр. Сырты мен іші әшекейленіп, оюланған мазарды салуға пайдаланған әктас-ұлутас Жем өзенінің ор басындағы Қобыланды аталатын жердегі Таскескен карьерінен жеткізілген. Мазардың ішкі қабырғалары түрлі-түсті бояумен өрнектелген. Оның ішінде 5 қабір және Жұбан байдың құлпытасы бар. Сәулетші М. Меңдіқұловтың анықтауынша («Памятники народного зодчества Западного Казахстана», А., 1987) күмбез қабырғаларында бұл ескерткішті салуға 20 мың теңге, ақша, 10 жылқы, 122 қой, 1 пұт шәй, 15 пұт қант жұмсалғандығы жазылған. Халық арасында бұл күмбезді талғамы биік, сергек сезімді онға тарта айтулы Адай (Қараш, Ескелді руларының) сәулетшілері салғандығы айтылады. Жұбан тамы туралы М.Меңдіқұлов еңбегінде, С. Шалабаев, Е. Өмірбаев, Қ. Сыдиықовтардың «Маңғыстау» (А., 1974) кітабында, «Қазақ совет энциклопедиясында» (7-том, 1967) айтылған.

Қазақтың көрнекті, ақыны, Қазақстанның батыс аймағындағы халық көтерілісінің жалынды жыршысы, көтеріліс қолбасшысы Исатай батырдың қандыкөйлек жолдасы болған — Махамбет Өтемісұлының жерленген жері — Атырау облысы, Индер ауданы, Индер поселкесінен оңтүстік- шығысқа қарай 40 шақырым жердегі Қараой деген жерде орналасқан. Алғаш рет ескерткішті 50-жылдары, ақын Берхаир Аманшин, 1980 жылы мәдениет Министрлігінің Орал экспедициясы зерттеді. 1995 жылы (құрылыс жұмыстары 1992 жылы 19-қарашада басталды) Махамбет Өтемісұлының 190 жылдығына арнап, сәулетші Көпбол Демесіннің жобасымен (жобаға 950 000 теңге қаражат жұмсалды), батырдың жерленген жерінде кесене тұрғызылды. Құрылыс материалдары ретінде ұлутас және бетон қолданылды. Он екі қырлы болып келетін мазардың сыртқы бөлігінің диаметрі 7,6 метр, ал ішкі диаметрі 6,2 метр, биіктігі 12,2 (күмбезінің биіктігі 1,8 м., қабырғасының биіктігі 6,4 м.) метр. Ішкі бөлігінің қабырғаларына «теңсіздікке, әділесіздікке қарсы Исатай бастаған халық қозғалысының жаршысы, жалынды жырды ту етіп ұстаған қаһарман, ақын, ардагер азамат Өтемісұлы Махамбетке» деген ұрпақ сөзі және, ақынның 11 шумақ өлеңі тасқа қашалып жазылған. Махамбет Өтемісұлының мазары мемлекет қорғауындағы ескерткіштердің Республикалық дәрежесінде қорғалған.

Сарайшық қалашығы — қазіргі Атырау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 50 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан.

Әбілғазы Бахадұр-ханның (ХVІІғ.) Сарайшықтағы негізін Батухан (Билік құрған уақыты 1221–1256 ж.ж.) салған деген тарихи пікірмен келісуге болады. Көптеген көпестер мен саяхатшылардың осынау жолдардың бағыт бағдарлары туралы, тауарлардың сипаты мен бағасы және қатынас тәсілі туралы жазбалары мен хикаялары бізге дейін жетіп жатыр. Сарайдан Сарайшыққа, одан әрі Үргеншікке дейінгі сауда жолының соқпақтарында құдықтар болды және керуен-сарайлар қызмет етті. ХІІ-ХІV ғ.ғ. осы жол Шығысты Батыспен негізгі жалғастырушы болды.

Сарайшықта салтанатты сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Оларды атақты сәулет өнері мектептерінен өткен дарынды шеберлер тұрғызған қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу-де кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалды. Керуен саудасынан келетін түсім, әскери олжа, жергілікті халық төлейтін салық және аса мол арзан еңбек күшінің есебінен Сарайшық қаласы тез өсті.

Сарайшықтың ұлылығы онда тек мұсылман діндарларының жерленгендігінде ғана емес, ең алдымен оның Алтын Орда хандарының қасиетті зиратханасына айналғанында. ХІV ғ. басында мемлекетте мықты өрлеу басталды, әсіресе Тоқта патшалық құрған соңғы жылдар Алтын Орданың әскери және экономикалық құдіретінің дамуындағы алғашқы кезең болды. Сарайшықта кейін жерленгендер Алтын Орда билеушілері Жәнібек пен Бердібек. Жәнібек билік құрған кезінде (1342 ж.) Орта Азиядан астана Сарайшыққа келген тақ мұрагері, өзінің ағасы Тыныбекті өлтірді. Жәнібек әуелі Әзербайжанды Алтын Ордаға қосып алғаны да белгілі. Ол билік құрған кезде мемлекетте өзі тежей алмаған құлдыраудың алғашқы нышандары көрінді. Оның өлімі 1357ж. өз ұлы Бердібектің төңірегіндегі билікті көксеуші қаскүнемдер тарапынан болды. Әкесінің өлімінен соң Бердібекте өз бауыры Құлнаның қастандығынан қаза тауып, Сарайшықтағы өз әкесінің моласының жанынан орын алды. Әміре Едіге (1365–1419) жайындағы бір дастандағы болжамда айтуынша, 1406 ж. қазіргі Түмен қаласының жанында қаза тапқан, кейбір деректерде айтылғандай «Алтын Орданың ең соңғы және ұлы тұлғасы» Тоқтамыс ханның басы да Сарайшықта жерленген екен. Сондай-ақ, осындай, ноғай бекзадалары мен мырзалары, Ер Тарғын мен Қамбар сынды эпикалық батырлар және өз халқының қамын ойлаған қазақтың ханы Қасымхан да жерленген.

Қала орнына алғашқы ғылыми қазба жұмысын 1937 жылы Н. Арзютов, 1950 жылы Ә. Марғұлан жүргізген болатын. Бүгінгі таңда Мәдени мұра бағдарламасына орай жыл сайын З. Самашевтың жетекшілігімен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын атқаруда. Сарайшық — Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес күтіп сақтауды, зерттеуді және туризм инфрақұрылымына енгізуді талап ететін объектілердің бірі.

Ескерткіштер өткеннен мұра ретінде ғасырдан-ғасырға ұласып, салт-дәстүрлерді тірілтіп, бейнелейтін көне шежіре. Оларды бүлдіруге, жоюға ешкімнің қақысы жоқ. Олай болса бұл тарихи мұраларды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру-парыз.

Жандарбекқызы Г.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті