Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ зиялыларының Түркістан өлкесіндегі ғылыми зерттеу жұмыстары тарихынан (1918-1928 жж)

13264
Мақалада автор Түркістан өлкесінде өрістеген ғылыми зерттеу жұмыстары жайлы тың деректерді ғылыми айналымға қосып, жаңа көзқарас тұрғысынан баға береді.

Мақалада автор Түркістан өлкесінде өрістеген ғылыми зерттеу жұмыстары жайлы тың деректерді ғылыми айналымға қосып, жаңа көзқарас тұрғысынан баға береді. Әсіресе, Орта Азия мемлекеттік университетінің ғалымдарының рөлінің арқасында Қазақстандағы алғашқы ғылыми мекемелер, қазақ ағарту институтынының құрылғандығын мұрағат құжаттары негізінде ашып көрсетеді. Сонымен бірге, Т. Рұсқұлов, Х. Досмұханбетов, М. Әуезов, И. Тоқтыбаев т.б қазақ зиялыларының ғылыми зерттеулері басшылыққа алынған. Сондықтан да ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ зиялыларының ғылыми зерттеу саласындағы қызметін ғылыми негізде саралап, ашып көрсету үшін әлі де зерттей түсу қажет деп есептейді.

Түйін сөздер: Орта Азия мемлекеттік университеті, Қазақ ағарту ннституты, Түркістан шығыс институты, Х. Досмұханбетов, М. Әуезов, Ә. Диваев, Бартольд, Түркістан автономиялық кеңестік социалистік республикасы және т.б.

Қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда ғылым мемлекеттік саясаттың обьектісі және қамқорлығында болмады. Ол жартылай ресми, көбінесе қоғамдық негіздегі үйірмелерге, бөлімдерге, комитеттерге немесе қызығушылықтары бойынша қоғамдарға біріккен энтузиастердың шағын топтары қызметінің белсенділігінің негізінде дамыды. Дегенмен уақыт өте келе Түркістан өлкесінің алдыңғы қатарлы көзі ашық зиялы қауым өкілдері ғылым тәжірибелерін пайдалана отырып, қоғамды дамыту және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында, ғылымды кеңінен және жоспарлы дамытуға күш салды. Өйткені, басқа да әлеуметтік-экономикалық міндеттермен қатар өлкенің табиғат байлықтарын ғылыми зерттеу және  оны өндіргіш күштерді дамыту мақсатында кеңінен пайдалану мәселесі алға қойылды. Түркістан өлкесінің бай және әр түрлі табиғаты, тарихы, оны мекендеген халықтардың тұрмысы мен мәдениеті зерттеушілерді ертеден-ақ қызықтырған болатын. Зерттеу жұмыстары Орталық Азия Ресейге қосылғаннан кейін жанданып жүре бастады. Материалдық базаның және ақша қаражаттарының жоқтығына қарамастан көптеген орыс ғалымдары өздерінің қаражаттарына ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, пайдалы қазбаларды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, сондай-ақ Орталық Азия халықтарының тарихы мен этнографиясын зерттеп, Түркістанда ғылымның дамуына зор ықпал жасады [1, с.86].

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын мемлекеттік басқару және ғылыми кадрларды ұйымдастыру ісін Түрревком, кейін ТАКСР Халық ағарту комиссариаты жүзеге асырды. Мәселен, 1919 жылы орыс географиялық қоғамының Ташкент бөлімінде жұмыс тәжірибесін жинақтаған өлкетанушылар тобы Қазақ әскери комиссариаты жанындағы тарих-статистика бөлімі, этнография, жаратылыстану-география секцияларын құрды. Тарих-статистика бөлімі міндетіне өлкені әскери жағынан ғана емес, оны жан-жақты зерттеп, ғылыми жолмен алынған мәліметтерді лекция, мақала түрінде насихаттау кірді. Халық ағарту комиссариатының құрылуы мен ғылым ісімен оның ғылыми комиссиясы айналысты. Орыс географиялық қоғамының Ташкент бөлімі кеңейді. Бұрынғы секцияларға археологиялық секциялар қосылды. Археологиялық секция 150-дей қорған ашты. Этнографиялық секция қазақ ою-өрнектерінің үлгілерін жинаумен айналысты. Көптеген қазақ ертегілерін жазып алды.

Дегенмен республикада ғылымның дамуы белгілі дәрежеде қиындықтарға да тап болды. Ғылыми мекемелердің материалдық-техникалық базасы баяу қалыптасты. Қажетті материалдар мен құрал-жабдықтардың болмауы жинақталған ғылыми мәліметтерді өндеуге қиындық туғызды. Кейде ғылыми кадрлар тиімді пайдаланбады. Түрлі тақырыптарды орындауға санаулы ғана ғалымдар тартылды, соның нәтижесінде жұмыс жоспарлары орындалмады немесе жылдан-жылға шегеріліп отырды. Осындай қиыншылықтарға қарамастан Түркістан үкіметі республикада ғылыми кадрларды сақтап қалуда да жақсы жұмыс атқарды [2, 117 п]. Өлкелік партия комитеті 1919 жылы 23 маусымдағы мәжілісінде Т.Рысқұловтың ұсынысы бойынша қазақ зиялыларын мемлекеттік басқару мен ғылыми жұмыстарға тарту мәселесін қарайды. Осыған байланысты қазақ зиялыларын арнайы қызметке шақыруға және оларды өлкелік Мұсылман Бюросына келіп тіркелуін талап еткен арнайы бұйрық шығаруды Т.Рысқұловқа жүктейді. Ал, 1919 жылы 23 шілдеде Түрікатком төралқасы Т.Рысқұлов дайындаған өзінің №213-ші бұйрығымен республиканың барлық жергілікті кеңес ұйымдарына орталықта да, жергілікті жерлерде де қазақ зиялы өкілдерінен маман қызметкерлер дайындап, оларды партия, кеңес және ғылыми мекемелердегі қызметке жоспарлы түрде қатынастыру үшін олардың тізімін екі аптаның ішінде жасап, тапсыруын міндеттейді [3, 106 п]. Осы міндеттерге сәйкес Түрікатком 1920 жылы ғылыми мақсаттарға 3261336 сом қаражат бөледі [2, 277 п]. Сөйтіп, Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюросы осы бағыттағы барлық жұмыстарды үйлестіруші болып табылады. Түрікатком мен Мұсбюросының атқарған нәтижелі еңбектері өлкедегі жиналған тәжірибе мен ғылыми ізденістерінің кеңеюіне және 1920 жылы құрамында төрт секциясы бар Қазақстанды зерттеу қоғамының құрылуына әкелді. Сол жылы ғылыми-педагогикалық және физика-медициналық қоғамдар өз жұмыстарын бастады. 1921 жылдың күзінде Халық ағарту комиссариатының ғылыми бөлімі Академиялық орталық болып қайта құрылды. Академиялық орталықтың құрамындағы маңыздылары Мемлекеттік ғылыми кеңес (ГУС)  және Мемлекеттік суреткерлік кеңес (ГОХС) еді. Ғылым және оның проблемалары Мемлекеттік ғылыми кеңестің, Көркем мәдениет мәселесі Мемлекеттік суреткерлік кеңестің қарамағында болды. Академиялық орталық ғылыми, оқу, ағарту және көркем қызметтерге жалпы теориялық және бағдарламалық басшылық жасады.

20-жылдардың басында Түркістанның жекелеген аудандарында геологиялық зерттеу басталды. Тиісті тапсырмаларға сәйкес Шымкент және Әулиеата уездері зерттелді, Ташкент уезінің зарафшан өзені мен Аштық даласының гидрогеологиялық кескіндемесі жасалды. Ботаниктердің экспедициялары Қызылқұмда, аштық даласында, Түркістан мен Шымкент уездерінде өсімдіктер қабатын зерттеді. Зоологтар Сырдария өзенінің бассейінінде бірқатар аудандардың жануарлар дүниесін зерттеді, сонымен қатар малярияға  қарсы шараларды әзірлеуге белсене араласты. [4, 207 п]. Кешенді және салалық ғылыми экспедициялардң жұмысына ортаазия ғылыми мекемелерінің ғалымдары, оның ішінде алғашқы ұлттық ғылыми интеллигенция өкілдері атсалысты. 1920-1928 жылдары түрлі ғылымдардың даму негіздерін қалауға, ғылыми интеллигенцияның білікті кадрларын дайындауға арналған көптеген ғылыми-зерттеу мекемелері ашылды. Бұл жұмыс ұлттық республикаларды ұлттық-мемлекеттік бөлу жұмыстарынан кейін кеңейтілген түрде жүргізілді. Осы кезеңде Орта Азия республикаларының, оның ішінде Қазақстанның болашақ республикалық ғылым академияларының негізі қаланып, оған сол жердегі ғылыми күштер топтастырылды [5, с.92]. Сонымен қатар, осы жылдар Түркістандағы ғылымның дамуына әсер еткен маңызды кезең болды. Бұл кезеңде республикадағы ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінен Түркістан (Ортаазия) мемлекеттік университеті, Түркістан шығыс институты, Қазақ ағарту институты және кейбір салалық ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі ғалымдардың күшімен жүргізіліп, олардың алдына тарихты, әдебиетті және т.б. зерттеу міндеттері қойылды. Түркістан мемлекеттік университетінің құрылуы Орталық Азия мен Қазақстанның мәдени өмірінде үлкен рөл атқарып, өлкеде ғылыми-зерттеу жұмысының басталуына жол ашты. Жоғары білімді мамандарды даярлаумен бірге, университет жергілікті ауру түрлерін, ауылшаруашылығы мен суландыру жүйелері жөніндегі мәселелерді, күрделі құқықтық және өлкені ғылыми зерттеуге байланысты бірқатар ғылыми және практикалық міндеттерді шешуге тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстарының орталығы болып қалыптасты. Сол жылдары университеттің жанынан ғылыми-медициналық қоғамның үш филиалының үш бөлімшесі құрылды. 1919 жылы Түркістан халық университетінің құрамында құрылған топырақтану және геоботаника ғылыми-зерттеу институты өз жұмысына кірісті  [6, с.182].

1920-1921 жылдары өзге де ғылыми-зерттеу мекемелері – ботаника, зоология, география және химия институттары құрылды. Бұл ғылыми мекемелердің бәрі де тек қана маңызды теориялық қана емес, сонымен қатар халық шарушылығында маңызы бар мәселелерге де басты назар аудара бастады. Осы кезеңде Түркістан мемлекеттік университетінің топырақтану және геоботаника институты үлкен топырақ зерттеу және топырақтану ботаникалық зерттеулерді жүзеге асырды. Тек қана Түркістан АКСР-і егіншілік комиссариатының қоныстандыру Басқармасының тапсырмасы бойынша институт Әулиеата және Шымкент уездерінде бір жарым миллион гектардан астам жерде топырақтану ботаникалық зерттеулерін жүргізді  [6, с.184]. Осы зерттеулердің нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік аудандарында өлкенің топырақ құрамының жағдайы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің орналасуы заңдылықтары жөнінде маңызды мәліметтер алынды.

Түркістан аумағындағы ғылыми қызметтерге басшылық жасайтын орган − ТАКСР Ағарту халық комиссариатының Ғылыми бөлімі болды. 1919 жылы 20 тамызда ТүркОАК «Халық Ағарту комиссариатының Ережесін» бекітті, осыған байланысты оның құрамына Ғылыми бөлім енгізілді. Оның қарауына жоғарғы оқу орындары мен ғылыми мекемелер кірді. Ғылыми бөлімнің жұмысы, ең алдымен, Түркістан университетінің жұмысына  көмек көрсетуден көрінді. Ғылыми бөлімнің және ұлттық комиссияларды ұйымдастырудың қажеттігі күмән келтірмеді. Осы көзқарастың жақтаушысы СНК ғылыми кеңесшісі Н.А.Иомудский еді. 1921 жылы 17 сәуірде үкіметке ұсынылған «Еске алу жазбаларында» Н.А.Иомудский ғылыми комиссиялардың төмендегідей функцияларын атап көрсетеді:

1. Әрбір ұлт үшін ана тілінде оқулықтар мен оқу үшін кітаптар шығару, ұлттық ақындардың, жазушылардың шығармаларын және халық творчествосының үлгілерін жинақтау және жарыққа шығару;

2. Еуропа және әлем мәдениетінің ең жақсы жетістіктерін жергілікті ұлт тілдеріне аударып басу арқылы көпшілікке таныту;

3. Жарыққа шығарылуға дайындалған барлық ғылыми жұмыстарды (университет және шығыстану институтының еңбектерінен басқа) бақылау және рецензиялау [7, 47-52 пп].

ТАКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Атабаевтың нұсқауымен 1921 жылы 24 сәуірде мәдени-ағарту және ғылыми мекемелердің өкілдерінің жиналысы өткізілді, олар Н.А.Иомудскийдің жобасын талқылап, барлығы  мақұлдайды [7, 54 п]. 1921 жылғы 22 мамырда «Түркістанның тұрғылықты халықтарының тұрмысын зерттеу жөніндегі Ғылыми комиссияның Ережесі» бекітілді [8, 157 п]. Бұл комиссия «Түркістанның ұлан-байтақ аумағын қандай халықтар мекендейтінін, олардың қоныстану аудандары қандай екендігін, олардың қалай орналасқандығын анықтауға» тиіс болды [9, 156 п]. 1921 жылы маусымда ресми түрде Ғылыми кеңес ұйымдастырылып, оның негізін Н.А.Иомудский жобасының қағидалары қалайды [10, 36 п]. Ғылыми кеңес 1921 жылдың бас кезінде құрылған үш ұлттық ғылыми комиссиялардың (өзбек, қазақ, түркмен) және үш арнайы ғылыми комиссиялардың (ғылыми-педагогикалық, театр-көркемдік, музыка-этнографиялық) алқаларынан жасақталды. Ғылыми кеңестің функцияларына барлық ғылыми мекемелер мен қоғамдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын біріктіру және реттеу, ғылыми жұмысқа тұрғылықты халықты тарту, ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу және педагогикалық әдебиеттері саласындағы баспа қызметтері жоспарының іске асырылуына бақылау жасау, жоғарғы және орта мектептің теориялық және әдістемелік мәселелерін шешу, өлкетану, этнография, фольклор, тіл, музыкалық өнер, жергілікті тілде оқу әдебиеттерін құрастыру саласында өз бетінше зерттеу жұмыстарын жүргізу және т.б. енгізілді [11, с.15]. Жоғарыда аталған мәселелерді шешуге ТАКСР  Халық Ағарту комиссариаты жанынан 1921 жылы қаңтарда құрылған Қазақ ғылыми комиссиясы да өз үлесін қосып, оның құрамына  жоғары оқу орындарының қызметкерлері де енгізілді. «Қазақ ғылыми комиссиясы басқа ұлттық комиссиялардан интеллектуалдық тұрғыда өте қуатты жеке құрамымен ерекшеленді. Оның мүшелері қазақ фольклорын жинаушы Ә.Диваев, жас ғылыми қызметкер М.Әуезов және тағы басқалары болды. Бұл комиссия Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының оқытушылар ұжымына сүйенді, Орынбордағы Қырғыз АКСР халком кеңесімен байланыс жасап тұрды» деген баға көп жайды аңғартады [12, с.453-454]. Яғни, Қазақ ғылым комиссиясы жүргізген жұмыстың табысты болуы үшін Халық Ағарту комиссариаты мекемінің қызметін Қазақ ағарту институтымен байланыстырады да, оқу орнының бағдарламасына кіргізеді. Оны «Қазақ Халық ағарту институты туралы Ережесінен» көруге болады: «Ғылымның әртүрлі саласы бойынша мамандарды дайындаудан басқа Институт бағдарламасына мынадай міндеттер енгізілді:

а) педагогикалық тәжірибе ұсынған жалпы және арнайы мәселелерді  ғылыми тұрғыда әзірлеу, қазақ мектептерінің типтерін дайындау, бағдарлама әзірлеу және ана тілінде оқулықтар шығару және т.б.;

б) европа ғылымдарын зерттеуді жеделдету үшін қазақ тілін жетілдіру;

в) ғылыми диспуттар үшін терминологияны әзірлеу;

г) қазақ ғылыми және көркем әдебиеттерін жинау және дайындау;

д) қазақ халқының ескі және өнер ескерткіштерін жинау және жүйелеу;

е)  қазақ халқының тарихын зерттеу және құрастыру;

ж) өткен және қазіргі кездегі  шаруашылық-тұрмыстық көріністерін, әдет-ғұрыптарын, өмір сүру ерекшеліктерін  зерттеу;

з) халық арасында жаңа мектеп және жаңа құрылыс идеясын  оқулар мен дәрістер оқу арқылы  насихаттау;

и) халыққа білім беру мәселелері бойынша жинақтар, монографиялар, брошюралар, мерзімді журналдар шығару.

6. Жоғарыда аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін Институттың мынадай мекемелері болады:

а) тәжірибелік: балалар бақшасы, 1-саты мектебі және халық;

б) көмекші: кітапхана, бау-бақша, егін шаруашылығы жұмыстары үшін ауылшаруашылық фермасы, ағаш, темір, слесарлық,  ұстахана шеберханалары, физикалық, химиялық, жаратылыстану-тарихи зертханалар.

7. 6-тарауда көрсетілген міндеттер Халық Ағарту Комиссариатының жанындағы Қазақ Ғылыми Комиссиясының бағдарламасы бойынша әзірленеді және жүзеге асырылады және институттың барлық оқытушылары мен лекторлары оның ғылыми қызметкерлері болып табылады» [13, 20 п]. Қазақ ғылыми комиссиясын алғашқы кезде 1921 жылғы қаңтардан бастап И.Тоқтыбаев басқарады [14, 83 п].

1921 жылы қазанда Қазақ Ғылым комиссиясының төрағасы болып Х.Досмұхамедов, комиссия мүшелігіне Ә.Диваев, У.Танашев және Омаров тағайындалады. Х.Досмұхамедовке зор жауапкершілік артылып, жұмысты жандандырып, жолға қою тапсырылады. Қазақ Ғылым комиссиясы мектеп кітаптарын даярлауға басты назарын аударып, 1921 жылы 30 шілдеде Қазақ ғылыми комиссиясы И.Тоқтыбаевтың «Жағрафия» атты оқулығын қарап, оны баспадан ешқандай кезексіз 50000 мың данамен шығару туралы қаулы қабылдайды [15, 243-244 пп]. Сонымен қатар, Қазақ Ғылым комиссиясының 1921-1922 жылдары атқарған еңбегіне назар аударсақ, онда мектеп кітаптарын дайындаудағы жеткен табыстарын аңғаруға болады: «1921 жылы 50000 данамен «Үлкендерге арналған әліппе», 1920 жылы 10000, 1922 жылы 3500  данамен А.Байтұрсыновтың «Қазақ тілінің граматтикасы», 1922 жылы 50000 данамен М.Дулатовтың «1 сатылы мектепке арналған тапсырмалар», 1922 жылы 40000 данамен «Әліппе» оқу құралы, 1922 жылы 7500 данамен А.Байтұрсыновтың «Маймыл және көзілдірік» атты кітабы, 1922 жылы Диваевтың «7 дастан қолжазбасын (Қобыланды батыр, Жарық ұлы Шор, Бекет батыр, Алпамыс батыр, Қамбар батыр, Шора батыр, Едіге мырза)» шығарып, М.Дулатовтың «Тапсырмалар» атты оқу құралы, Тоқтыбаевтың «Бастауыш жағрафиясы» мен «Түркістанның жағрафиясы», Досмұхамедовтың «Өлі табиғат» атты оқулығы мен «Зоологиясы» жарыққа шығару үшін баспаға жіберіліп, Х.Досмұхамедовтың «Анатомия мен физиологиясы», Диваевтың «Халық ауыз әдебиетінің Хрестоматиясы», Қожановтың «Арифметикасы» баспаға дайындалған. Мұғалімдерге арналып, 1921 жылы 10000 данамен Байтұрсыновтың «Ана тілінен әдістемелік жазба», 1921 жылы 10000 данамен «Тұтас еңбек мектебінің бағдарламасы», Ф.Ғалымжановтың «Қабырға күнтізбесі» жарық көрген» [16, 75-76 пп]. Бұдан басқа,  1920 жылы қазанда РСФСР құрамында Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Республикасы құрылғаннан кейін, 1921 жылы Семейде Мемлекеттік баспа жанынан жаңа оқу құралдарын басып шығару үшін жеке редакциялық алқа құрылды. Оларды жазуға ағарту институтының  М.Жұмабаев (Қазақстан тарихы, Педагогика), Ж.Аймауытов (Дидактика), Б.Омарова (Алгебра) және т.б. оқытушылары тартылды. Осылардың барлығы Қырғыз Ағарту институты кітапхана қорының қазақ тіліндегі қажетті оқу әдебиеттерімен толықтырылуына  мүмкіндік берді. «Қазақ ғалымдары дайындаған оқулықтарының саны өзбектерге қарағанда аздау болғанымен, бірақ сапасы жағынан өте жоғары еді. Өйткені, қазақтардың арасында әдебиет қызметкерлерінің саны көпшілікті құрады. Ал, қазақ тілінде шығатын оқулықтарының аз шығып жатқанының себебі қаражат пен баспахананың жоқтығынан. Егерде осы мәселені шеше алса, онда қазақ тілінде шығатын оқулықтар бәрінен де асып түседі»,-делінді Қазақ ғылым комиссиясының берген есебінде [16, 75-76 пп]. Сонымен қатар, Ғылым комиссиясы мәдени-рухани өмірдегі жаңалықтарды насихаттауға, қазақ әндерін нотаға түсіруге, мектепте оқылатын пәндердің бағдарламаларын, қазақ тіліндегі тұңғыш жағрапиялық карталар, қазақша-орысша сөздіктер жасауға, әр түрлі ғылыми конференциялар ұйымдастыруға бастамашы болды. Мысалы, Қазақ ғылыми комиссиясының жасаған бағдарламасы бойынша Сарыбаевтың төрағалық етуімен студенттердің экскурсиясы ұйымдастырылады. 2,5 айы бойы студенттер Әулие-Ата, Перовск, Шымкент, Түркістан, Қазалы уездерінен әдеби және этнографиялық материалдар жинастырады. [17, 17 п].

Өз халқының фольклорлы-этнографиялық материалдарын жинақтау жұмыстарын жүргізген қазақ комиссиясы  басқа ғылыми комиссиялармен салыстырғанда жақсы жағдайда болды. Оның құрамында атақты этнограф және фольклоршы А.А.Диваев бар еді, одан комиссия 40жыл бойы жинақтаған материалдардың бағалы коллекциясын алды [18, 142-145]. Коллекцияның мазмұнын аңыздар, ертегілер, мақалдар, өлеңдер, сықақтар, үйлену және жерлеу рәсімдері, аурулардың сипаттамалары мен оларды емдеу тәсілдері, дуалау, жұмбақтар және т.б. құрады. 1922-1924 жылдары А.А.Диваевтің жетекшілігімен Қазақ ғылыми комиссиясы жинақталған материалдарды жинастырды, талдады, тізімдеді және жиналған материалдардың тізімдері мен материалдарды жариялап отырды. Бұл комиссияның жұмысына университет студенті – қазақтың болашақ атақты жазушысы М.А.Әуезов тартылды. Ол ақын Абайдың өмірбаяны мен оның жарық көрмеген қолжазбалары үшін материал жинауға Қазақ республикасының Жетісу губерниясына жіберілді [7, с.20-21].

Сонымен қатар, Ғылым комиссиясының төрағасы ретінде Х.Досмұхамедов мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалаы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын иесі еді. Ол саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, әдебиетші, табиғаттанушы, тілтанушы ғалым, аудармашы болды. Х.Досмұхамедов қазақ мектептерінде және жоғары оқу орындарында оқытылатын пәндердің бағдарламаларын жасау, оқулықтар, кітаптар, ғылыми терминологияны қалыптастыру, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинау, бастыру жұмыстарын белсенді түрде жүргізе бастайды.  Осы кезде оның ұйымдастырушылық және ғылыми-шығармашылық қабілеті жан-жақты ашылып, жарқырай түскен кез еді. Х.Досмұхамедовтың тікелей атсалысуымен Орта Азиялық мемлекеттік баспаға бірнеше оқулықтар тапсырылады. Олардың ішінде «Как бороться с чумой среди населения Киргизского края», «Табиғаттану», «Жануарлар», «Кенесары-Наурызбай», «Қазақтың халық әдебиеті» «Адамның тән тірлігі», «Қазақ тіліндегі үндестік заңы», «Адам анатомиясы және физиологиясы» және тағы басқа да оқу құралдары мен ғылыми-көпшілік еңбектері Х.Досмұхамедұлының қазақ ғылымындағы орнын айқындай түседі [14, 89-91 пп]. 1922 жылы 31 қазан айында Халел Досмұхамедұлы Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Денсаулық Сақтау Халық Комиссариатының Алқа мүшесі болып тағайындалады [19, 14-15 пп]. Ол жөнінде  1923 жылы 28 шілде айында мамандыққа баға беру комиссиясының сауалнамасында мәлімденді. Бұл Халелге маман дәрігер, білгір қызметкер ретінде көрсетілген үлкен сенім еді. ТАКСР-і Халық Денсаулық Сақтау Комиссариатының 1922 жылғы 12 қарашада өткен Алқа мәжілісінде  Х.Досмұхамедовке  комиссариаттың Емдеу бөлімінің меңгерушісі қызметі жүктелсе, И.Т.Қашқынбаевқа алқа мүшесі ретінде санитарлық-эпидемиялық бөлімді басқару тапсырылады [20, 42 п]. Комиссариаттың кезекті мәжілісінде дәрі-дәрмек сату мәселесі де қаралады, онда дәріхана басқармасының меңгерушісі Гольманның дәріханаларға жіберілетін дәріні пайда түсетін бағамен сату жөніндегі баяндамасы тыңдалып, оның Жаңа Экономикалық Саясатқа көшу кезіндегі халыққа тиімді жағы талқыланады. Сөз алған Х.Досмұхамедұлы Жетісу облысына да дәрі-дәрмек бөлу керек деген ұсыныс көтереді [21, 21-22 пп].

Сол жылдары ТАКСР Денсаулық Сақтау Халық Комиссариатында жұмыс істеген тізімдегі  43 адамның арасында жалғыз қазақ Х..Досмұхамедұлы болған  [22, 47 п]. Х.Досмұхамедұлы жоғарыда тоқталып өткен мемлекеттік және қоғамдық қызметтермен қатар, оба дертіне қарсы күресте Орталық Комиссиясының  төрағасы қызметін қоса атқарады [23, 3 б]. Сонымен қатар, оба дертімен күрес жөнінде бірнеше еңбектерін жазады. 1924 жылы Ташкент қаласында екінші басылымнан жарық көрген «Қырғыз өлкесі халқының арасында обамен қалай күресуге болады» атты еңбегі оба дертімен күресетін дәрігерлерге  үлкен көмегін тигізеді. Сонымен қатар, ТАКСР Денсаулық Сақтау Халық Комиссариатының сауалнамалық қағазын толтырған кезде Х.Досмұхамедұлы соңғы жұмыс орнын және одан босаудың себебін сұрағанда, Ташкент мемлекеттік университетінде ординатор болып істегенін, өкпе ауруына  байланысты жұмысты тастағанын қынжыла баяндайды [24, 40 п]. ТАКСР Халық  Комиссариатында қызмет істей жүріп, Х.Досмұхамедов әр түрлі мемлекеттік деңгейде құрылған комиссиялардың құрамына енгенін мына құжаттардан көреміз.

1922 жылы 6 шілдеде Ғылыми кеңес Мемлекеттік Ғылыми кеңес болып қайта құрылады да, ол республикадағы барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарына басшылық жасауға көшеді. Мемлекеттік Ғылыми Кеңестің төрағалығына Х.Досмұхамедов тағайындалады  [25, 9-10 пп]. Бұрынғы ғылыми қызметкерлерді сақтап қалу және оларды халық шаруашылығының мүдделері үшін пайдалану мақсатында Түркістан республикасының үкіметі 1922 жылы 12 ақпанда «Ғалымдардың тұрмысын жақсарту туралы» шешім қабылдағаннан кейін, осы бағытта бірнеше іс-шаралар қарастырады: тарифті әзірлеу, еркін жұмыс жасау үшін қосымша тұрғын жай беру, жағдайларын жақсарту мақсатында ғалымдардың тұрмысын жан-жақты зерттеу  және т.б.[26, 42 п]. Бұл бастаманы ғалымдардың тұрмысын жақсарту жөніндегі Москва орталық комиссиясы да қызу қолдайды және оларға жіберген арнайы құжатта ғалымдардың тұрмысын жақсарту жөнінде Түркістан комиссиясын құруды ұсынады [27, 130 п].

1922 жылы 5 қарашада Ағарту халық комиссариаты осы комиссияны құру туралы қаулы қабылдап, профессор Н.А.Димоның төрағалық етуімен оның уақытша құрамы бекітіледі [28, 74 п]. Қазақ ғылым комиссиясының төрағасы Х.Досмұхамедовтың Түркістандық Ғалымдардың тұрмысын жақсарту Комиссиясының мүшесі болып тағайындалғанын көреміз. Бұйрықта былай делінген: «Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесі мен Экономикалық Кеңесі істері Басқармасының  1923 жылғы 3 желтоқсандағы №550 бұйрығы …Мемлекеттік Ғылыми Кеңестің төрағасы Х.Досмұхамедов Түркістандық Ғалымдардың тұрмысын жақсарту Комиссиясының мүшесі болып тағайындалады. Ташкент қаласы» [29, 3 п]. Сонымен қатар, Х.Досмұхамедов  ТАКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің жанынан құрылған ерекше комиссияға мүше ретінде кірген: «Жергілікті тұрғындардың ғылыми қызметкерлері ішінен ерекше мамандық иелерін шығару үшін профессор Н.А.Димо, Х.Д.Досмұхамедов және Б.Н.Көшербаевтан  тұратын комиссия құрылсын» делінеді [30, 206-207 пп].

Комиссия өз қызметін бастап, ғылыми қызметкерлерді тіркеуге ала бастайды. Комиссияның қабылдаған Ережесі бойынша ғылыми қызметкерлер біліктіліктеріне байланысты мынадай санаттарға бөлінеді: «жас, алғаш бастаған ғалымдар; жеке өз алдына оқытушылар және ғылыми еңбектері бар ғылыми қызметкерлер; ғылыми өтілі бар және көптеген маңызды ғылыми еңбектерін жариялаған ірі ғалымдар; ірі ғылыми бағыттары мен мектептерінің негізін қалаған-атақты ғалымдар мен оның ірі өкілдері; ғылыми жұмыстары әлемге әйгілі және маңызға ие болған ірі ғалымдар» [31, 7-8 пп].

1922 жылдың желтоқсанында Түркістан республикасында 216 ғылыми қызметкер еңбек етті. Бұлар негізінен Түркістан мемлекеттік университетінің оқытушылары болды [32, 103 п]. Интеллигенция қатарын «ұлттық ағартушылық күштерді тарту және қайта тәрбиелеу» есебінен толықтыруға Ғылыми кеңестің төрағасы Х.Досмұхамедов саяси мағына берді. Ол құзыретті органдардың назарын академиялық паек алу құқығы бар ғылыми қызметкерлердің санатына ой еңбегімен айналысатын қызметкерлерді қосу қажеттігіне аударып, соның жолында көптеген істер атқарады [33, 2 п]. 1924 жылы 5 қарашада Х.Досмұхамедұлы: «Ресей Ғылым Академиясы жанындағы Орталық Өлкетану Бюросының Президиумына корреспондент-мүше болып сайланады» [34, 374 б]. Бұл үлкен жетістік еді, Халелді бүкіл Кеңестер Одағының ғалымдары таныды.

1921 жылы 12 тамызда ТүркОАК Түркістандағы революциялық қозғалысты зерттеу үшін комиссия ұйымдастырылып, 1922 жылдың 1 сәуірінен бастап ол Коммунистік партия және революциялық қозғалыс (Партия тарихы) тарихы жөніндегі комиссия болып өзгереді [35, с.22]. 1921 жылдың желтоқсанынан 1922 жылғы қазанға дейін комиссияны республиканың көрнекті мемлекет қайраткері, бірқатар тарихи және публицистикалық мақалалардың авторы, қазақ зиялысы Н.Т.Төреқұлов басқарды. Кейін бұл орынды Түркістандағы революциялық қозғалыс тарихынан бағалы жұмыстардың авторы, ірі қайраткер С.Д.Муравейский (В.Лопухов) алмастырады. 1922 жылы наурызда Партия тарихы Түркістан өлкесіндегі революциялық қозғалыс тарихы жөніндегі материалдардың көрмесін ұйымдастырады, мұнда басты назар «тұрғылықты халық арасындағы революциялық қозғалысқа, оның ішінде 1916 жылғы көтеріліске» аударылады [35, с.64]. Түркістан (кейіннен Орта Азиялық) партия тарихы көптеген бағалы, ерекше құжаттамалық, мемуарлық және басқа да материалдарды жинақтады. 1923 жылы ол өзінің баспа органы «Түркістан қызыл жылнамасының» бірінші нөмірін шығарады. Онда өте бағалы құжаттар және мемуарлармен қатар, кездейсоқ сипаттағы материалдар да жарияланды. 1928-1931 жылдары ол «Орта Азиядағы революция» атты үш жинақ шығарды, ол тарихи және тарихи-революциялық әдебиетте өз орнын алды [36, с. 63-64]. 1920-1928 жылдары Ташкент университетінің тарихшы ғалымдарының ғылыми қызметтері бастау алады. Мұнда атақты тарихшылар мен шығыстанушылар В.В.Бартольд, А.А.Семенов, М.С.Андреев және басқалары жетекші роль атқарды. Бұл кезеңде негізінен тарих ғылымының екі бағыты – феодализм дәуіріндегі Ресей тарихы мен Орта Азия халықтарының тарихы – ғалымдардың назарын аударды. Терең зерттеу базасының көздері болмағандықтан, алғашқы мәселе ірі нәтижелерге жете алмады. Бірақ, кейбір И.И.Крыльцов, П.П.Смирнов және т.б. сияқты жекелеген ғалымдар бірқатар қызықты жұмыстарды жүзеге асырады. Ғалымдардың Орта Азия халықтарының тарихын зерттеудегі жұмыстары біршама табысты және маңызды болды. Мұндағы көрнекті орын ірі орыс шығыстанушысы В.В.Бартольдке тиесілі, өйткені Орта Азияның көптеген тарихшылары оның тікелей ықпалымен жұмыс істеді. Оның тарихи-филологиялық факультетінде Түркістан тарихынан оқыған дәрістерінің конспектілері Ташкентте 1922 жылы басылып шықты және «Университет еңбектері» басылымының негізін қалады. Сол себептен Орта Азия этнографиясын жоспарлы ғылыми зерттеуді ұйымдастырудағы В.В.Бартольдің еңбегі айрықша. Академик С.Ф.Ольденбург 1922 жылы 18 тамызда Түркістан республикасының Халық комиссарлар кеңесіне жазған хатында былай деп көрсетеді: «Академик Бартольд Ресей Ғылым Академиясының жанындағы Ресей және оған шектес елдер халқының рулық құрамын зерттеу жөніндегі комиссияға Түркістандағы Ғылыми комиссияның этнографиялық картаны құрастыру бойынша жүргізіп жатқан баға жетпес жұмыстары туралы хабарлады. Осы комиссияның жасап жатқан жұмыстарының маңыздылығын ескере отырып, аталған комиссияға материалдық көмек көрсету туралы өтініш жасаймыз» [37, 3 п].1923 жылдың күзінен оның жанынан үлкен кітапханасы мен көрнекі құралдары бар Түркістандағы революциялық козғалыс тарихы жөніндегі тұрақты кабинет жұмыс істей бастады. 1924 жылы Институт «Түркістанның қызыл жазуы» үшін бірқатар құжаттар, естеліктер, қызықты тарихи мақалалар мен материалдар әзірледі, Партия тарихымен байланыс орнатты, бұл оның жұмысының мазмұнын байыта түсті [38, 2 п]. Партия тарихы тек зерттеу жұмыстарымен айналысып қана қоймай, жергілікті тұрғындар арасында тарихи білімдерді насихаттады, көпшіліктің саяси сауаттылығының арттырылуына ықпал жасады. Революциялық қозғалыс тарихы жөніндегі алғашқы материалдарды осы оқиғалардың қатысушылары мен саяси қайраткерлер жазды. Бұл жұмыстар С.Д.Муравейскийдің, В.Бауманның, Д.И.Манжардың, М.В.Фрунзенің, И.Сольцтің, Н.А.Паскуцскийдің және т.б. еңбектері болды. Қарастырылып отырған кезеңде жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан С.Айни [39], Т.Рыскулов [40], Н.Төреқұлов [41], Ф.Ходжаев және тағы басқа да Түркістанның көрнекті қоғам қайраткерлерінің де қызықты материалдары жарық көрген. Бұл жарияланымдардың барлығы да көпшілік сипатта болды. Бұлардың барлығы да өздерінің ғылыми дәрежелері жағынан бір типті болмады. Фактілік материалдардың көптігіне қарамастан, бұл мақалалар бір жақты болды, тарихи шындықты өз дәрежесінде көрсете алмады. Бірақ та олар қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың естеліктері мен куәліктері ретінде өте бағалы болып есептеледі. Т.Рысқұлов Қазақстанды зерттеу қоғамына қатысты мәселелерге аса зер салып отырып, қоғамға қаржы бөлінуді қадағалап, оның еңбектерінің баспадан дер кезінде жарық көруіне септігін тигізді. Оның бастамасымен Түркістандағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өзгерістер жүзеге асырылды. 1922 жылы Ташкентте ғылыми шығыстық комиссия - Жалпыресейлік шығыстану ассоциациясының Түркістан филиалы және шетел және ішкі істер Халық комисариаттары өкілдіктерінің ведомствоаралық органы өз жұмысын бастайды. Бұл ғылыми комиссияның негізгі міндеттері Орталық Азия республикаларының тарихын зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және олардың өзара саяси және экономикалық ара қатынастарын жарыққа шығару жұмыстары болып табылды [25, 156 п].

1922 жылы Т.Рысқұлов басқарған Түркістан үкіметі өзінің қаулысымен шығыс комиссиясының құрылуын заңдастырады және оның алдына «Түркістанмен шекаралас Орта Азия елдерін, яғни, Бұхараны, Хиуаны, Парсыны, Батыс Қытайды, Ауғанстанды, Үндістанды және олардың біріккен саяси және экономикалық жағдайларын анықтайтын әлеуметтік, шаруашылық, мәдени-тұрмыстық, ұлттық салалары бойынша зерттеу» міндетін қояды [42, 11 п].

Қазақстан ғылымының 20-жылдардағы дамуының мәнді сипаты өлкетанушылық  және гуманитарлық зерттеулердің басым болуы деп есептеу керек. Өйткені, біріншіден, барлық ғылыми ошақтардың ішінде белсенді де жемісті жұмыс істегені Қазақстанды зерттеу қоғамы болса, екіншіден, тарих, әдебиет, тіл, өнер саласы бойынша іргелі еңбектер жарық көрді. Ал техника-жаратылыстану ғылымдары бойынша мұндай көрсеткіштер жоқ еді. Тек қана 1920-1924 жылдары Қазақстанды зерттеу қоғамы еңбектердің жеті басылымын шығарды, қоғам мүшелерінің саны 38-ден 80 адамға өсті. Осы қызметінің арқасында М.Дулатовтың, А.Ф.Рязановтың, М.Тынышпаевтың, А.П.Чулошниковтың әлі күнге дейін өзектілігі мен маңыздылығын жоғалтпаған ғылыми еңбектері жарияланды. 1925 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамының белсенді араласуымен А.В.Затаевичтың «Қазақ халқының 1000 әні» атты кітабы халықаралық деңгейде марапатталды.

Қазақ ғылым комиссиясының атқарған жұмыстарын 1923 жылдың үш айға берілген есебінен көруге болады. Онда былай делінеді: «1923 жылы Қазақ ғылым комиссиясы 20 кітапты редакциядан өткізіп, қазақ кітапханасын ашты және ғылым мен мәдени-ағарту саласы бойынша бірлесіп қызмет атқару мақсатында Қазақ Автономиялық Республикасымен байланыс орнатылды. Комиссия 1924 жылға мына іс-шараларды орындауды жоспарлаған: 1. Арифметика 1-2 бөлімі, Арифметиканың әдістемесі (жауаптылар Дәулетбеков, Баймаханов), 2. Бастауыш жағрафиясы, КСРО жағрафиясы, Еуропа жағрафиясы, Еуропа емес елдердің жағрафиясы (Байтасов), 3. Бастауыш ботаника (Исхаков), 4. Еңбек мектебінің бағдарламасы (Сәрсенов), 5. Мұғалімдерге арналған бағдарлама, орыстарға арналған қазақ тілі, орфографияның әдістемесі (Сарыбаев), 6. Сингормонизм заңы (Досмұхамедов).

Осы кітаптардың баспаға берілгені:

1. КСРО жағрафиясы

2. Еуропа жағрафиясы

3. Арифметика 1-2 бөлімі, 

4. Арифметика бағдарламасы

1924 жылы наурыз айында дайын болатын оқулықтар:

1. Бастауыш жағрафиясы

2. Арифметиканың әдістемесі

3. Табиғаттану

4. Арифметикалық тапсырмалардың жинағы

5. Еуропа емес елдердің жағрафиясы.

Комиссия мүшелерінің қаламақылары өте төмен және уақытында төленбейді. Сондықтан олар басқа жақтан жалақы алуға мәжбүр [43, 162-163 пп]. Сонымен қатар, Қазақ ғылым комиссиясының күш салуымен 1924 жылы Москвада А.Затаевичтың «Қазақ халқының 1000 әні» атты кітабы шығады. Оған алғысөзді А.Н.Бөкейханов пен профессор А.Д.Костельский жазады. Бұл еңбекке қазақтардың 1500-ге жуық әні сұрыпталып алынып,оны жинауға Ж.Б.Аймауытов, И.Алдоңғаров, А.Байтұрсынов, М.Жылқыайдаров, А.Қостанов, Г.Медетов, М.Саматов, С.Сейфуллин, А.Оразбаева және тағы басқа да 300 адам қатысқан. Жинаққа әндермен қатар домбыра және қобызға арналған күйлер: «Ақсақ құлан», «Жошы хан», «Бөгде», «Көне күй», «Абылай ханның сапары», «Аңшылық», Соқыр Есжан», «Қос алқа» және т.б. өнер туындылары қосылған [44, 14 п].

Жоғарыда көрсетілген жұмыстардан басқа Қазақ ғылым комиссиясы Қазақ ағарту институтымен бірлесе отырып, 1923 жылы шілдеде Қазақ ағарту институтының студенттер тобын Москва қаласында өткізілген Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қазақтардың тұрмысы мен этнографиясының жәдігерлерін таныстыруға жібереді. Олардың арасында әнші ретінде институт тыңдаушысы Құрманбек Жандарбеков пен оқытушы Мағжан Жұмабаев болды.  Көрмеге Қазақ ағарту институты мен Қазақ ғылыми комиссиясы  әр түрлі құжаттар, кітаптар, материалдар жинағын секілді барлығы 100-дей жәдігер апарады. Оның ішінде Темірдің Түркістан Әзірет Яссауи мешітіне берген грамотасы, Иса Тоқтыбаевтың «Түркістанның географиялық очеркі», Т.Рысқұловтың «Жетісу мәселелері» кітаптары және т.б. болды [45, 79-107 пп].

  Республикада ғылымның дамуы белгілі дәрежеде қиындықтарға да тап болды. Ғылыми мекемелердің материалдық-техникалық базасы баяу қалыптасты. Қажетті материалдар мен құрал-жабдықтардың болмауы жинақталған ғылыми мәліметтерді өңдеуге қиындық туғызды. Кейде ғылыми кадрлар тиімді пайдаланбады. Түрлі тақырыптарды орындауға санаулы ғана ғалымдар тартылды, соның нәтижесінде жұмыс жоспарлары орындалмады, жылдан-жылға шегеріліп отырды. 30-жылдарда Ж.Аймауытов, С.Асфендияров, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Н.Самойлович және басқалар сталиндік репрессияның құрбаны болды.

Сонымен қатар, комиссия республикада ғылыми кадрларды сақтап қалуда да жақсы жұмыс атқарды [46, 117 п]. Осы міндеттерге сәйкес 1920 жылы ғылыми мақсаттарға 3261336 сом қаражат бөлінді [46, 277 п].

 Жалпы алғанда қазақ зиялылары Түркістандағы ғылымды дамытуда ерекше рөл атқарды және алғаш рет қазақ ғылымының негізін қалады.

Бауыржан Бердіқожаұлы Енсепов. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Асылбеков М.Х. Галиев А.Б. Социально-демографические процессы в Казахстане (1917-1980 гг.). – Алматы: Наука, 1991. - 185 с.

  2 168 ӨРОММ. 25-қ., 1-т., 1850-іс.

  3 ӨРОММ. 17-қ., 1-т., 244-іс.

  4 ӨРОММ. 1630-қ., 1-т., 6-іс.

  5 Валиев Е.К. Формирование и развитие советской национальной интелегенции в Средней Азии. –Ташкент: Фан, 1966. -165 с.

  6 Кары-Ниязов П.К. Очерки истории культуры Советского Узбекстана (1917-1953). – Ташкен: Фан, 1967. – 558 с.

  7 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 1188-іс.

  8 ӨРОММ. 25-қ., 1-т., 331-іс.

  9 ӨРОММ. 1021-қ., 1-т., 489-іс.

  10 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 1219-іс.

  11 Положение о Научном совете, утвержденное в ноябре 1921 г. // Просвещение, 1922. №1 (7). С.14-18.

  12 Бендриков К.Е. Очерки по истории народного образования в Туркестане (1865-1917 годы). – Москва: Изд. Академии педагогических наук РСФСР, 1962. – 602 с.

  13 ӨРОММ. 372-қ., 1-т., 20-іс.

  14 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 118-іс.

  15 ӨРОММ. 2748-қ., 1-т., 2581-іс.

  16 ӨРОММ. 39-қ., 1-т., 407-іс.

  17 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 1322-іс.

  18 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 1337-іс.

  19 ӨРОММ. 25-қ., 1-т., 621-іс.

  20 ӨРОММ. 25-қ., 1-т., 981-іс.

  21 ӨРОММ. 25-қ., 1-т., 986-іс.

  22 ӨРОММ. 40-қ., 1-т., 290-іс.

  23 Мектеп А. Мәдениет сарқасқасы // Қазақ елі, 1996. 15 наурыз.

  24 ӨРОММ. 40-қ., 1-т., 466-іс.

  25 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 2103-іс.

  26 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 130-іс.

  27 ӨРОММ. 368-қ., 1-т., 130-іс.

  28 ӨРОММ. 2027-қ., 1-т., 3-іс.

  29 ӨРОММ. 86-қ., 1-т., 621-іс.

  30 ӨРОММ. 25-қ., 1-т., 47-іс.

  31 ӨРОММ. 25-қ., 1-т., 792-іс.

  32 ӨРОММ. 95-қ., 1-т., 1025-іс.

  33 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 1586-іс.

34 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. (Избранное).-Алматы: Ана тілі, 1998.  - 384 б.

  35 ӨРОММ. 25-қ., 1-т., 331-іс.

  36 Ланда Л.М. О роли Истпарта в собирании и изучении материалов по истории Октябрьской революции в Средней Азии // Общественные науки в Узбекстане, 1967. №10. С.58-70.

  37 ӨР ОММ. 25-қ., 1-т., 1024-іс. 

  38 ӨРОММ. 94-қ., 1-т., 219-іс.

  39 Айни С. История династии мангытов в Бухаре. Ташкент, 1923

  40 Рыскулов Т. Новый Туркестан. Ташкент, 1923

  41 Тюрякулов Н. Ферганская проблема. – Ташкент, 1921. – 155 с

  42 ӨРОММ. 368-қ., 1-т., 41-іс.

  43 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 2129-іс.

  44 ӨРОММ. 25-қ., 2-т., 1848-іс.

  45 ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 1594-іс.

  46 ӨР ОММ. 25-қ., 1-т., 1850-іс.