2013
жылғы 14 қарашада ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтында «Елбасы және Қазақстан
Республикасының Қарулы күштері» тақырыбындағы дөңгелек үстел қабырғасында өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертайұлы Ертаев және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор Абай Бөлекбайұлы Тасболатов және Мемлекет тарихы институтының ғалымдары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мұғалімдері қатысты.
Генерал–лейтенант Б.Е. Ертаев өз сөзінде атап көрсеткендей 1992 жылдың 7 мамырында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. «Біз бәрін «ақ парақтан» бастауға тура келді. Қолымызда тозған техникаға толы қоймалар, тәжірибелі ұшқыштар мен жанар-жағармайдың жоқтығынан ұшпайтын ұшақтар, басқарусыз әуе қорғаныс жүйесі қалды. 1992–1998 жылдар аралығында Қарулы Күштерімізді қайта құрып, 1999 жылдан бастап, оны түбегейлі реформалауға көштік. Нәтижесінде бүгін біздің Қарулы Күштеріміз жүргіш техниканы, қару-жарақты, игеру арманға айналды. Сондағы жауынгерлердің тұрақты жауынгерлік дайындығы мен біліктілігі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайтуға қосылған нақты үлес болып табылады. Міне сондықтан да, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызмет атқару әр азаматтың міндеті» – деді Б.Е. Ертаев.
Б.Е. Ертаев айтқандай, өткен жылдарда біздің мемлекетіміз басты мәселені – қазіргі кезде бүкіл әлем мойындаған тәуелсіз, дербес мемлекет құру міндетін шешті. Оның қауіпсіздігінің кепілі – Қарулы Күштер болып табылады. Тәуелсіздігіміздің іргесі мықты болуына бірден-бір себепкер – Қазақстанның Қарулы Күштерінің мықты болуы.
Бақытжан Ертайұлының ойын әрі қарай толықтырумен сөзін бастаған генерал-лейтенант Абай Бөлекбайұлы Тасболатов патриоттық тәрбие жайлы айтып өтті. Жазылған кітаптарды насихаттауымыз, үгіттеуіміз керек. Мектептерде Президентіміз жайлы жазылған кітаптарды, газет беттеріне шыққан мақалаларды балаларға оқып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Біздің батырларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен емес, ақылмен де, парасаттылықпен де, даналықпен де жеңген. Сондықтан патриоттық сезіммен қатар парасаттылық қатар жүреді.
Біздің еліміз Халықаралық аренада өзіндік орны бар, беделді, бедерлі мемлекет. Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, ББҰ жәнеЕуразиялық Экономикалық Қауымдастық құрамында болу, осының барлығы асыра сілтеп айтқан емес, біздер мен сіздер оны күнделікті көріп, естіп жүрміз, ол – біздің Елбасымыз арқасы.
Қатысушылар дөңгелек үстелде Ел басының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін көтеру жолында жасаған еңбектері туралы пікір алмасты. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Қарулы Күштерін жетік менгерген. Барлық жиындарды, өзгерістерді, аудармаларды, техникаларды бес саусағындай көріп, қадағалап отырады. Сонау ықылым заманнан бері-ақ ата-бабаларымыз қасиетті жерімізді кие тұтып, дархан далаға дұшпан табанын дарытпай, қорғап келді. Осы дархан даламызды қорғау тек Елбасының, Қарулы Күштердің ғана емес, барлығымыздың міндетіміз.
Дөңгелек үстел жұмысына қатысып отырған Институт қызметкерлері, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушылары, мектеп мұғалімдері аса қызығушылықпен тыңдап, Қазақстан Қарулы Күштеріне байланысты ауқымды сұрақтар қойып, түйінді жауаптар алды.
Мемлекетке қатысты мәселелер зерттеліп жазылып жатыр, соның ішінде патриоттық тәрбиеге көбірек мән беруіміз қажет. Әскери тақырыпта жазылатын тұстарын кеңейтсек. Осындай мәселелерді талқылап, саралау үшін сіздерді бізбен бірігіп жұмыс жасауға шақырамыз деп, - дөңгелек үстел жұмысының модераторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған қорытындылады.
Біздің туған еліміз, кең байтақ жеріміз, қазақтың жанымен, қанымен, ержүрек батырларының ерлігімен сақталған, қорғалған. Біздің атамекеніміз, қасиетті қазақ даласы - бабаларымыздың ұрпағына қалдырып кеткен асыл мұрасы, осының барлығы Елбасының көп жылғы қажырлы еңбегінің, алып қуатының, қажымас қайратының, сарқылмас күшінің көрінісі деп білеміз.
Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.